Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2030 жылға дейінгі ұлттық даму бағдарламасын бекітті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ферғанаға сілтеп.
Бұл стратегиялық құжат елдің орта мерзімді кезеңдегі даму басымдықтары мен мақсаттарын айқындап, Қырғыз Республикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мемлекет басшысының баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, бағдарлама халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, адами капиталды дамытуға және қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайтуға басымдық береді.
Бағдарламада ел дамуының төрт негізгі бағыты көрсетілген. Біріншісі – индустрияландыру. Бұл бағыт заманауи, әртараптандырылған өндірістік база қалыптастыруды, кластерлік тәсілді қолдануды және жоғары қосымша құны бар өнім экспортын ұлғайтуды көздейді.
Екінші бағыт – Қырғызстанды өңірлік хабқа айналдыру. Елдің Қытаймен, Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерімен, Орталық және Оңтүстік Азия елдерімен шекаралас орналасуы транзиттік және логистикалық әлеуетті дамытуға мүмкіндік береді.
Үшінші бағыт – ауыл шаруашылығы мен туризм. Қырғызстан экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге және оны терең өңдеуге қабілетті. Табиғи ландшафт пен мәдени мұра негізінде агротуризм

Төртінші бағыт – жасыл энергетика. Елдің гидроэнергетикалық әлеуеті мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы энергетикалық қауіпсіздік қамтамасыз етіліп, Қырғызстан «жасыл» инвестициялар үшін тартымды алаңға айналуы тиіс.
Бағдарлама аясында 2030 жылға дейінгі негізгі мақсаттар да көрсетілген. Атап айтқанда, жалпы ішкі өнім көлемін 30 миллиард долларға дейін жеткізу, жан басына шаққандағы ЖІӨ-ні 4500 долларға дейін арттыру, экономиканың жылдық нақты өсімін кемінде 8 пайыз деңгейінде сақтау, тұрақты даму мақсаттары бойынша үздік 30 ел қатарына ену және адам дамуы индексіндегі көрсеткішті кемінде 10 позицияға жақсарту жоспарланған.
Президент Жапаров бағдарламаның нәтижесі есептерде емес, халықтың күнделікті өмірінде — сапалы жолдар, заманауи мектептер мен ауруханалар, жақсы жалақылы жұмыс орындары, таза қоршаған орта мен тиімді мемлекеттік қызметтер арқылы көрінуі тиіс екенін атап өтті.
Ол елдің болашағы әр азаматтың белсенді қатысуына байланысты екенін айтып, бағдарламаның табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.