Бұрмаланған «Балқадишаның» шындығы қандай?

3695
Adyrna.kz Telegram

«Күйеуің сексен бесте, о шіркін, шал, Қадиша».

Бұл жолдарды Алашқа аты мәшһүр Ақан сері бабамыздың «Балқади­ша­сының» эстрадалық әншілердің орындауындағы ел ішіне кең тараған нұсқасынан талай естіген боларсыз. Ақиқат таразысы қашанда әділ. Жоқтан бар жасап, барды күл-талқан еткен кеңестік жойқын машинадан халық композиторларының шығармашылығы да аман құтылмағаны бүгін айқындалып жатыр. Осындай мәтіні өзгеріске ұшыраған әндердің бірі – «Балқадиша».

Елдегі танымал топ – «Жігіттердің» репер­туарын­дағы аңызға айналған ән көпшілікке бейнебаян үлгісінде де жол тартты. Ұлттық әуен­дерімізден іргесі сөгіле бастаған жастардың халық композиторының әнін, әйтеуір, таныса беруінің өзі олжа дегенімізбен, идеологиялық қате түсінік тудыратын сөз мәтіні «әй, қап» деп сан соқтырады. Ғажайып әннің тууына себепші болған Балқа­дишаның сексен бестегі селкілдеген қартқа емес, өз теңіне ұзатылғанынан беймағлұм эстрадалық орындаушылар өз кемшіліктерін түсініп, орын­далып жүрген ән мәтініне түзету енгізуі қажет-ақ. Ең құрығанда, көпшілік алдында өз кінәларын мойындауы тиіс. Өз тамырынан нәр алмаған көптеген эстрадалық әншілеріміздің ән мен әуенді бұзып, кеңестік жүйе бұғауының шеңберінде, батыстық экспансия шеңгелінде жүргені қын­жылтады. Әнші деген дардай атты алып жүру үшін де қазақ әнінің тарихынан хабары болуы керек шығар.

Қазақ халқының ең басты қуаты мен артық­­шылығы салт-дәстүрінде екенін білген ақ патша өз ұлтымызды ділінен, ауызбіршілігінен жоюды мақсат тұтты. Кейін Кеңес өкіметі бұл сая­сатты мықтап қолға алып, қазақты қызын малға сататын, тіпті қаусаған шалға да бере бе­ретін етіп көрсетіп, «әйелдер теңдігінің» жақ­таушысы болып шыға келді. Сайын даламызда мұндай жағдайлар бірен-саран болған да шығар, бірақ бүкіл елді қызын кәріге қиятын дүниеқоңыз ету әділеттілік пе? Әрі-беріден соң, қалың мал­дың өзі қыз жасауымен еселеп қайта­тынын, яғни оның екі жастың аяқтан тұрып кетуіне арналған материалдық көмек екенін қалайша ескермеуге болады?

Сонымен, «Балқадиша» әні қалай туды? Көк­ше жерінде Шәкейдің Ыбырайы деген аса зиялы кісі болыпты. Өзі орташа ғана дәу­летті болса да, үйіне игі жақсылар, әнші-күйшілер, ақын-жыраулар жиі түскен, көп үйірсектеген. Аузы дуалы, әділетшіл Ыбы­кеңнің көркіне мінезі сай қызы Балқадиша шешендігімен, әншілі­гімен ел назарына ілігеді. Ақан сері мен Балқадиша Ыбыраймен ауылдас Монтай­дың Мұсасының үйіндегі шілдеханада жүздесіпті. Шілдеханада таң атқанша шабыттана ән шырқаған Ақан сері ақыры «Балқадиша» әнін өмірге әкелген екен. Ән қыз баланың өнерге құш­тар­лығына Ақан­ның әбден разы болуынан шыққан деседі жұрт. Не керек, Балқадиша өзі қатарлас теңіне, аталары найзагер батырлығымен аты шыққан Масабайдың Сүлейменіне ұза­тылады. Екеуінен тараған ұрпақтары осы күні өсіп-өркендеп отыр.

Жұмабай ЕСЕКЕЕВ, өнертанушы, жыршы-жырау:

– Ақан серінің қыздың өнерді сыйлап, құрметтеп, таң атқанша отырғаны­на риза болып шығарған әні ғой. Олар­дың арасында махаббат болды деген де – жалған нәрсе. Немересіндей қызға қай­тіп ғашық болады? Әміре Қашау­баев 1925 жылы Парижге барып, қазақ ән­дерімен дүниені дүр сілкіндіргенде Біржан салдың «Айтбайын», Ақан сері­нің «Балқадишасын», Берікболдың «Ағ­аш аяғын» шырқады. Ол Ақанның әніне сонда тұңғыш рет «күйеуің сексен бесте» деген сөзді қосыпты. Әншінің заңғар өнерпазды­ғында шүбә жоқ. Сосын бүгінгі әншілер «Есілді өрлей біткен тал Қадиша» деген жолдарды «желкілдеп көлге біткен тал Қадиша» деп өз­гертіп жүр. Мен ертеректегі шалдардан естіген нұсқада солай еді. Сонымен қа­тар кейбір орындаушылар «құшақтап құз-жартасты жылағаным» деп жатады. Адам құз-жартасты құшақтаушы ма еді? Логика қайда? Дұрысы «құшақтап құс жастықты жылағаным» емес пе?

«Балқадиша» әнінің ең соңғы шума­ғы қазір мүлде ұмытылып барады. Ән былай аяқталады:

Тау болсаң, Жыландыдай биік тау бол,

Шапанға ширатпалы жібек бау бол.

Атадан артық туған Балқадиша,

Көргенше енді қайтіп, есен-сау бол.

Балқадиша Сүлеймен деген текті ата­ның ұлына тұрмысқа шығып, екі ұл, үш қыз сүйеді. Ән кейіпкері 1953 жылы қайтыс болды. Саясаттың үгіт-насиха­тымен әйел теңдігі жөнінде шығарма­лар­дың көбейгенін тілге тиек етіп, Те­мір­ғали Нұртазин есімді ұстазымыз «ен­ді шалға тимейміз» деп басталатын ән шығыпты» деп бізді күлдіріп отыратын.

Бағлан ӘБДІРАЙЫМОВ, «Жігіттер» тобының мүшесі:

– Біз ешнәрсе ойдан шығарып айт­қанымыз жоқ. Бізге дейінгі әншілер де әлгіндей «күйеуің сексен бесте» деп орын­дап жүрді. Неге бұл мәселе «Бал­қа­дишаны» «Жігіттер» сахнаға алып шыққан кезде көтерілуі тиіс. Кезінде қазақ қыздары шалға ұзатыл­ғаны шын ғой. Әннің үш нұсқасы бар екен. Соның кең тараған түрін біз орындап жүрміз. Жуық арада әнге түзету енгізіп, қайта жазып шығамыз деп айта алмаймыз.

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, өнертанушы, әнші:

–«Жігіттер» квартеті «Балқадиша» әуенінің ішкі сезімін дұрыс жеткізе алмайды. Эстрадамен бұл тіпті мүмкін де емес шамасы. Оның үстіне бір адам айтуы тиіс ән үш адаммен орындалған соң да жүрекке жетпей жатады. Дегенмен, «Жігіттердің» ізденісін құптауымыз керек. Әннің насихатын жақсы жасады. Қайрат Байбосынов бір сұхбатында «Жігіттер» квартеті «Балғадиша» әнін жап-жақсы бастап, аяғында ұлып кетті» деп тауып айтыпты. Ал ән сөзіндегі қателік әйгілі Әміренің орындауынан басталады. Ол кезде көптеген әндердің сөздері саясаттың ықпалына қарай қайта жазылды. Үкілі Ыбырайдың «Толқыны», Әсеттің «Сметі» сондай өзгерістерге ұшыраған еді. Ахмет Жұбанов музыкалық тілі өткір әрі қызықты тарихы болғаннан кейін Ақан серінің «Балғадишасы» халыққа ең кең тараған әндерінің бірі деп бағалаған болатын.


Арман ӘУБӘКІР

Пікірлер