Үндістандағы әуе апатынан аман қалған жалғыз жолаушы оқиғаны баяндады

578
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/image-57-960x500.jpg?token=325471fa98c0f489bd3190a08883ec39

Үндістанның Ахмедабад қаласындағы әуе апатынан аман қалған жалғыз жолаушы басынан өткенін баяндады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Hindustan Times басылымына сілтеме жасап.

Air India әуе компаниясының Ахмедабад–Лондон бағыты бойынша ұшып шыққан ұшағы апатқа ұшырап, борттағы 242 адамның барлығы дерлік қаза тапқан еді. Тек Ұлыбритания азаматы Вишваш Кумар Рамеш аман қалған.

Жергілікті полиция мәліметінше, Рамеш ұшақтағы 11A орнында отырған. Ол апаттан кейін отбасына хабарласып, тірі екенін растаған.

«Ұшақ көтеріле бастағанда алғашқы 5-10 секунд ішінде әуеде қатып қалғандай сезілді. Кенет шамдар жыпылықтап, ұшақ бір ғимаратқа соғылды. Мен әлі күнге дейін тірі қалғаныма сене алмаймын. Бір сәтке мен де өлемін деп ойладым. Қалай аман қалғанымды білмеймін. Көз алдымда адамдар көз жұмып жатты. Қатты қорықтым, орнымнан тұрып, жүгіре жөнелдім. Айналамда ұшақтың сынықтары жатты. Біреу мені ұстап алып, жедел жәрдем көлігіне отырғызып, ауруханаға жеткізді», - деді Рамеш.

Әлеуметтік желілерде тараған фотосуреттерден қанға боялған, бірақ тірі қалған ер адамның қалың түтін арасынан жедел жәрдем көлігіне қарай өзі келе жатқанын көруге болады.

Медиа мәліметінше, Вишваш Кумар Үндістанда туғанымен, ұзақ жылдардан бері Ұлыбританияда тұрады, үйленген, баласы бар. Апаттан кейін ол ең алдымен әйелі мен баласына хабарласқан.

Алайда Рамештің отбасы әлі де алаңдаулы. Оның ағасы Аджаи де осы рейсте болған, бірақ оның тағдыры әлі белгісіз. Туыстары іздеуін жалғастырып жатыр.

Комментарии