Жексенбі күні жұрт демалып жатқанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министі Руслан Жақсылықовты аяқ астынан қызметтен босатып, орнына оның орынбасары болған Дәурен Қосановты тағайындады. Бір қызығы көпшіліктің назары жаңадан тағайындалған министрге емес, экс-министрге ауды. Руслан Жақсылықовтың аяқ астынан жексенбі күні қызметінен алынуының астарында не жатыр және ол қандай іс-әрекетімен есте қалды? Мәжіліс депутаттары өз ойын ортаға салды.
«ТӨТЕНШЕ ҚЫЗМЕТТЕН АЛУ»
Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов экс-министрді жексенбі күні қызметтен алғаны ыңғайсыз болғанын айтады. Сондай-ақ ол «Руслан Жақсылықов ұсталыпты» деген қауесетке пікір білдірді. «Бірақ демалыс күні мемлекеттік жоғарғы органдар» яғни президент әкімшілігі жұмыс істеп отыр. Олар демалыс күні жайдан-жай қызметтен алып тастамай, оның алдында дайындық мәселелері болған шығар. Негізі төтенше қызметтен алу деп есептеуге болады. Ал ұсталды деген әңгімеге келсек, бізде жалған ақпараттар көп. Бірақ Қорғаныс министрлігінде мүмкін тексерістер жүргізілген шығар. Осыған байланысты жайдан жай әңгімелер шықпаған шығар. Тексеру жұмыстары басталды, содан кейін министрді жұмыстан шығарған болар», - дейді депутат. Ол Руслан Жақсылықов министрлік қызметімен айрықша көзге түспеді деп санайды. «Өз басым Қорғаныс министрлігінің жұмысына сараптама жасаған жоқпын. Сол себепті жақсы немесе жаман деп айта алмаймын. Мықты жұмыс жасаған болса, көрінуші еді. Қазір әлемде қорғаныс саласына ерекше назар аударып отыр. Осыған байланысты бізде өз әскерімізді мықты етіп жасақтауымыз керек», - дейді Нұрлан Әшімбетов.
«МӘЖІЛІСКЕ ҚҰЛАҚ АСПАЙТЫН МИНИСТР»
Мәжілістің тағы бір депутаты Бақытжан Базарбек қорғаныс саласында өзекті мәселелер өте көп екенін айтады. «Армияға жастардың бармауы, ал барған азаматтардың қаза болуы секілді мәселелер баршылық. Бұдан бөлек қорғаныс саласындағы жемқорлықтың өршіп тұрғанын ешкімнен жасыра алмаймыз. Сол себепті менің Қорғаныс министрілігінің жұмысына көңілім толады деп айта алмаймын. Мәселен, біз аталған министрлікке байланысты қаншама мәселені көтеріп жатырмыз. Бірақ бірде-бір рет Қорғаныс министрі депутаттардың сөзіне құлақ асқанын өз басым байқаған жоқпын», - дейді ол. Мәжіліске бұрын да депутат болған қазіргі депутат Мұрат Әбеновтың айтуынша, қай кезде де әскерге баруға қызығушылық аса белсенді болған жоқ. «Бірақ жастарды көшеден ұстап, күштеп алып кету дұрыс емес. Әскерге шақыру тәрбиемен, насихатпен жүру керек. Мәселен, бізді студент кезімізде әскерге аларда бір тәртіп бар еді. Алдын ала 3 ай немесе 6 ай бұрын шақырады, егер уақытылы келмесең талап қойып, жауапқа тартады. Осылайша азаматты тәрбиеге үйретеді. Ең соңында әскерге шақыру келгенде сапқа тұратын едің. Қорғаныс министрлігі мұндай іс-шараларды жасаған жоқ. Жастар қай жерде тіркеуде тұрғанын және уақытылы барып есепке тұру керек екенін білмейді. Жүріп-жүріп келіп, ең аяғында жоспарды орындау үшін көшеден ұстап алып кеткен деген, әрине, армияның дәрежесін көтермейді»,- дейді депутат.
«ТҮСІНСЕҢ, ТҮСІНДІҢ – ТҮСІНБЕСЕҢ, ТҮСІНБЕДІҢ...»
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Руслан Жақсылықовты жақсы өзгеріс жасады деп ауыз толтырып айту қиын екенін айтты. Сондай-ақ ол экс-министрдің коммуникациясы нашар болғанын еске салды. «Қазақта «Басы қатты болса аяғы тәтті болады» деп өзін жұбатып айтатын мәтел бар. Бірақ экс-министрдің әрекетінің басы да, аяғы да қатты болды. Себебі «Әп, бәрекелді» деп айтатын жақсы жетістіктерді көре алмадық. Өздеріңізге белгілі қызметке келген кезде коммуникация мәселесіне мән бермейтіні байқалды. Нақтырақ айтсам, оның «Өкпелесең көшіп кет» деген сөзі «Түсінсең, түсіндің, түсінбесең түсінбедің. Менің онда шатағым жоқ. Өз қызметімді жасаймын. Сіздерге тәуелді емеспін және қолдауларыңыз керек емес» дегенге саяды, - дейді депутат. Айтуынша, Жақсылықовтың осындай ұстаныммен бүкіл қызметі өтті. «Мүмкін жақсы бастамалары болған шығар, бірақ оны қоғам білген жоқ. Әр түрлі кризистік жағдайлар болды. Мәселен солдаттар қаза тапқан кезде азаматтардың көңілінен шығатындай жұбатып, қайтыс болған ата-аналардан кешірім сұрап, тәртіп орынатуға ұмтылғанын байқай алмадық, - дейді Мұрат Әбенов.
«МИНИСТР БОЛУЫНА ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ СЕБЕП БОЛДЫ»
Мәжілістің тағы бір депутаты Айдос Сарым DW – «Неміс даусы» радиосына берген сұхбатында «Жақсылықов Қаңтар оқиғасы кезінде министр болып тағайындалды. Бұл армия мен арнайы қызметтердің әлсіреген, сенімсіздік жайлаған кезі болатын. Президент Тоқаев сол кезде батыл шешім қабылдап, тәжірибесі мол, әскери ортада беделі бар генералды таңдады. Бұл – сол кездегі жағдайға сай дұрыс шешім болды», - деген. Сарым Жақсылықовтың министр ретіндегі қызметіне оң баға береді. Оның айтуынша, генерал-полковник Қарулы Күштерді дамытуға бағытталған маңызды заң жобаларын жүзеге асырып, әскери инфрақұрылымды күшейтуде үлкен үлес қосты. «Егер бір күні Қарулы Күштердің тарихы жазылатын болса, Жақсылықов – сол тарихта қалатын министр. Ол — институционалдық реформаларды жүзеге асырған, армияның болашағына негіз қалаған тұлға. Қазіргі парламент шақырылымы кезінде әскер мен әскери қызметке қатысты бес маңызды заң қабылданды», - дейді депутат Айдос Сарым.
«ӨКПЕЛЕСЕҢ, КӨШКЕ БЕРГЕН ТАЙЛАҒЫҢДЫ ҚАЙТЫП АЛ...»
Қаңтар дүрбелеңінен кейін қызметке келген Руслан Фатихұлының өзін ұстауы жұртшылықты таңғалдырған. Себебі 3 жарым жылға жуық Қорғаныс министрлігін басқарған азаматтың сөзі мәтелге айналып шыға келді. «Қазақ тілінде неге сөйлемейсіз?» деген сұраққа ол «Мен бәрін түсінемін. Қазақпын ғой» деп жауап берді. «Ал енді неге қазақ тілінде сөйлемейсіз?» деген сұраққа «Біздің бірінші президентіміз – Елбасы «Егер 100 қазақ отырып, олардың араларында қазақ тілін білмейтін адам отырса, орыс тілінде сөйлейміз. Себебі біз біреуді ренжітіп алуымыз мүмкін» деген болатын. Сізбен жеке бетпе-бет отырғанда қазақша сөйлеймін. Жарай ма?» деп айды аспанға шығарды. Экс-министрдің осы сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, сын садағына іліккен болатын. «Өткенде журналистке берген сұхбатыңызды көрдім. Сіздің тілге қатысты сөзіңізді әлеуметтік желіде сынап жатыр. Жеке кездескенде қазақша айта аласыз ғой» деп сұрақ қойғанда ол «Айта аламын. Журналистер өкпеледі ме?» деп сұрайды. Әріптесіміз журналистер емес, халық сынап жатқанын айтқанда «Қазақтарда бір мақал бар. Өкпелесең көшіп кет» деп жауап береді. Экс-министрдің «Өкпелесең көшіп кет» деген сөзі жұрт арасында мәтелге айналып кетті. Шын мәнінде ол «Өкпелесең, көшке берген тайлағыңды қайтып ал» деген сөзді айтқысы келген тәрізді. Әскердегі ахуал сыналып жатқанда министрдің осындай басқа да одағай сөздер айқан кезі көп. 8 маусымда ол қызметтен алынған соң, көп ұзамай Жақсылықовтың ұсталғаны жайында сөз тараған. «10 маусымда Руслан Жақсылықов тергеуге алынып, Астана қаласының уақытша изоляторына қамалған», - делінген бейресми хабарлама тараған. Кейінірек экс-министр Tengrinews.kz бас редакторымен телефон арқылы сөйлесіп, бұл ақпаратты жоққа шығарды. «Бұл – бос сөз. Біріншіден, ресми ақпарат көздеріне сену керек. Мен демалыстамын. Маған демалуға мүмкіндік берді. Үш жарым жылдан бері демалысқа шыққан жоқпын. Білесіз бе, қызмет осыны талап етеді», - деген ол. Руслан Жақсылықов – әскердегі адам өліміне байланысты жиі қоғам сынына ұшыраған және соған тұщымды жауап бере алмаған министр. Оның мемлекетттік тілге шорқақтығы да талай сыналған. Соңғы кездері адамдарды әскерге күштеп әкету оқиғалары да жиілеген. Одан бөлек, Руслан Жақсылықов осыдан бір ай бұрын Жеңістің 80 жылдығында Мәскеуге жасаған сапары барысында Ресеймен қарым-қатынас жайында "Біз қонақ емеспіз. Біз – достармыз, одақтаспыз және қарулас бауырлармыз"- деп атап өтіп, елімізде өткен парадты "Отан қорғаушылар күніне орай емес, Жеңіс күніне арнайы өткізілгенін" айтқан еді... Мұның сыртында біраз бұрын жұбайы және 3 баласымен әскери киім киіп, медальдармен жасаған фотосессиясы халық арасында кеңінен талқыланған еді. 56 жастағы Руслан Жақсылықов Қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылғы 19 қаңтардан бастап Қорғаныс министрі болып тағайындалған болатын. Кейін қайтара тағайындалған кездері болды. Алматы түбіндегі Қаскелеңде туып өскен Жақсылықов Қазақстанда және Ресейде жоғары білім алған.
Серік Жолдасбай
«Адырна»