Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс. Қазақстан аспанын жапты

1160
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/img_3419.jpeg
Ислам революциясының Сақшылар корпусы Израильге қарсы «Шынайы уәде-3» деп аталатын әскери операциясын бастады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы РИА-ға сілтеп. Иран тарапы бұл әрекетті Израильдің агрессиясына жауап ретінде жасағанын мәлімдеді.
«Иран халқының қорғаныс күші ретінде, Алланың құдіретіне және Жоғарғы Бас Қолбасшының дана басшылығына сүйеніп, «Шынайы уәде-3» операциясы басталды», – делінген хабарламада.
Операция барысында Иран Израильге қарай 300-ге жуық баллистикалық зымыран атқылаған. Олардың тоғызы Израиль аумағына құлаған. Ирандық зымырандардың екеуі Израиль Қорғаныс министрлігінің ғимаратына тікелей тиген. Сонымен қатар, Иран армиясы Израильдің екі F-16 ұшағы мен бірнеше ұшқышсыз аппаратын жойғанын растады. Tasnim агенттігінің хабарлауынша, Иран әскері Израильдің құлаған ұшағының әйел ұшқышын тұтқынға алған. Иранның шабуылы салдарынан кемінде 40 адам зардап шеккен. Оның ішінде екеуі ауыр жараланған. Желіде Тель-Авивтегі ғимаратқа зымыран тиген сәттің видеосы тарады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иран халқына үндеу жасап, оларды ресми Тегеран билігіне қарсы шығуға шақырды.
«Дәл қазір – әрекет ететін уақыт», – деді ол.
Израиль министрлер кабинеті Иранға қарсы жауап шараларын қарастырып жатыр. Ал БҰҰ жанындағы Ресейдің тұрақты өкілі Василий Небензя Израильдің шабуылын қатаң айыптап, оны «ядролық апатқа итермелейтін әрекет» деп атады. Түрік заңгері Сердар Тоқдемир жағдайды үшінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен теңестірді. «Израильдің бұл операциясы – аймақты толық қамтитын, жүйелі әрі жоспарлы шабуыл», – деді ол. Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Амир Саид Иравани Израильдің әрекетін «соғыс жариялаумен тең, халықаралық құқықты өрескел бұзу» деп бағалады. Оның айтуынша, шабуыл салдарынан Иранда 78 адам қаза тауып, 320-дан астам адам жарақат алған. Оқиғаларға байланысты Қазақстан Таяу Шығыстағы әуе кеңістігінен барлық рейстерді шектеді. Азаматтық авиация комитеті қазақстандық әуе компанияларына Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Ливан және Иордания арқылы ұшуға тыйым салды.
«Бұл шешім аймақтағы жағдайдың күрт нашарлауына байланысты қабылданды. Тіпті әскери аймақтың маңына жақындауға да болмайды. Тыйым дереу күшіне енеді», – делінген хабарламада.
Комментарии