Қазақстандағы екінші атом электр станциясын салу жөніндегі консорциумды Қытай ұлттық ядролық корпорациясы (CNNC) басқаратын болды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің мәлімдеуінше, алдын ала іріктеуге қатысқан барлық шетелдік компаниялар өздеріне тән бірегей технологияларды ұсынған. Алайда ең тиімді ұсыныстар Қытай мен Ресей тарапынан келіп түскен.
“Қытаймен ядролық саладағы ынтымақтастық туралы жеке келісімге қол қою жоспарланып отыр. Біз елімізде тағы бір АЭС салу үшін Қытайдың заманауи технологияларын пайдаланғымыз келеді. Қытай – ядролық отын циклін толық меңгерген,
қажетті өнеркәсіптік базасы бар санаулы елдердің бірі”, – деді Сәтқалиев.
Оның айтуынша, Қытайдың АЭС салу бойынша ұсынысы Ресейге қарағанда екі есе арзан болған.
Сонымен қатар, Сәтқалиев келіссөздердің жоғары деңгейде өткенін және Қытайдың құрылысты тез әрі сапалы жүргізе алатын тәжірибесі бар екенін атап өтті.
“Біз бұл бағытта жұмысты бастап кеттік. Агенттік те тиімді консорциумдар құруы керек”, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы бірінші АЭС құрылысын ресейлік “Росатом” жүзеге асыратыны белгілі болған еді.
Новости по теме