Амангелді Кеңшілікұлы. СЕГІЗІНШІ АСПАНДАҒЫ ӨМІР

2279
Adyrna.kz Telegram

Ақын Әмірхан Балқыбектің дүниеден өткеніне де күн артынан күн өтіп барады. Қыршын кеткен арғымағым 2014 жылдың 18 мамырында 45 жасқа ғана толар еді. Осыдан жиырма жылға таяу уақыт  бұрын аяулы досымның «Метаморфоза» атты тырнақалды жыр жинағы жарық көргенде поэзиямызға талантты ақынның келгеніне шын қуанып, халықтан сүйінші сұрап, ілтипатымды білдіріп, мақала жазған едім.  Жазған мақалам «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көргенде Әмірханның  есі шыға жаздап қуанып, көңілі тасып, үйге еркелеп келіп, қалай  жуғанымыз — күні кеше ғана көрген түстей көз алдымнан кетпейді. Енді сол дүниемді кейбір стильдік «әттегенайларына» ғана қол тигізіп, оқырман назарына қайта ұсынғанды жөн санадым.

Жас ақын..  Санамызға әбден сіңіп, көңілімізге беріштей бекіп қалған осы сөз тіркесі тіл ұшына оралып, сезімімізді ұршықтай үйірген сайын «поэзия – жастықтың жалыны емес пе?» деген сыңайдағы ой ұшқыны түйсігіміздің бір түкпірінен қылаңдай бастайды.Ұлы мәртебелі поэзиядағы ең қуатты жарылыстардың,  дүмпулер мен ұлы сілкіністердің әдебиет майданына «әр күннің қанатында жүйіткіген» асау  жүрек, жас толқынның араласуымен болатыны дау туғызбайтын ақиқат екені әлімсақтан белгілі.  Сөз өнеріміздің табиғатын  басқалармен салыстырып, орыс әдебиетіндегі қаптаған мысалдарға назар аударсақ, құдіретті поэзияның әр он жыл сайын жаңарып, түлеп отыруы табиғи заңдылыққа айналыпты. Айталық, жиырмасыншы ғасырдың басындағы орыс әдебиетіндегі сапалық бетбұрыстар Сергей Есенин, Александр Блок, Владимир Маяковский, Велиамир Хлебников, Николай Гумилев, Михаил Кузмин, Игорь Северянин, Андрей Белый, Георгий Иванов, Владислав Ходосевич, Константин Бальмонт.., отыз бен елуінші жылдар аралығында поэзия биігіне көтерілген Павел Василев, Дмитрий Кедрин, Марина Цветаева, Анна Ахматова, Николай Заболоцкий, Борис Пастернак, Александр Твардовскийлердің легі, алпысыншы жылдары таза орыс ұлттық поэзиясының бояуын қайта тірілткен Николай Рубцов пен Алексей Прасолов, өлең әлеміне эстрадалық дауылдың екпінін алып келіп, жұрттың аузын ашқызып, көзін жұмғызған Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский, Белла Ахмадуллина, Роберт Рождественский, жетпісінші жылдары ақын болып қалыптасып бар мүмкіндіктері жарқырай ашылған Василий Феодоров, Николай Тряпкин, Анатолий Передреевтер, сексенінші жылдары ақындық қолтаңбасын танытқан Юрий Кузнецов, Феодор Сухов, Егор Исаев, Владимир Фирсов, Валентина Сорокина,   Владимир Цыбиндердің шоғыры орыс поэзиясын бір үлкен белеске көтеріп тастағанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Ғасыр басынан бергі қазақ поэзиясының да дәл осыған ұқсас құбылысты басынан кешіріп, ақындар гвардиясының әр он жыл сайын әдебиеттегі жаңа, соны ізденістердің майданына аттанғаны күні кеше ғана көз алдымыздан өткен өмір шындығы.

Алайда, халқымыздың поэтикалық потенциалы ешбір елдікінен кем болмағанымен, ақындарымыздың мойындалып, оқырманға танылуы өзге жұртпен салыстырғанда өте баяу жылжып келеді.

Әдебиетіміздегі адамдарды жасына қарап жіліктейтін жаман әдеттің қанымызға сіңіп кеткені соншама, «жас ақын» атауын шені өспейтін ефрейторға айналдырып жіберген сыңайымыз бар.Жоғарыда әңгіме қылған орыс ақындарының барлығы да төл топырағында отыз жасқа дейін-ақ танылып, поэтикалық кемелдіктің тұғырына тым ерте көтерілді. Ал бізде жас таланттарды мойындаудан гөрі олардың бойындағы жаңашылдыққа үрке қарап, тәуелді-тәуелсіз басылымдарда оларды жаппай сынап, «ақын өлтіру ойыны» тым қатты қарқын алып бара жатқан жоқ па осы, қалай? Жақсылықты көре алмайтын, таланттарға тасадан тас ататын сорлылығымызды қашан арыламыз.Ең сорақысы буын алмасу үрдісінің тым ұзаққа созылып кеткені соншама ақын шығармашылығын елуге толғанда ғана елеп, пікір айту үйреншікті әдетке айналғаны қа-ша-н. Жасы сексен-тоқсанға келіп, том-том кітап жазғанымен әдебиеттегі қолтаңбасын таныта алмаған кейбір ақындарды өтірік мақтай бергеннен гөрі, өнерге деген жүрегін кірлетпеген жастардың ізденісіне назар аудару керек шығар, мүмкін, келешекте. Әдебиетіміздің мәртебесін өсіру үшін. Біз шығармашылығын сөз еткелі отырған, әдебиетке барынша адал қызмет етуге серт берген  Әмірхан сараң жазатын ақындардың санатынан. Әрине, көп жазатындарды да, қолына қаламын сирек алатындарды да жазғыруға ешкімнің қақысы жоқ. Оны әр ақынның жүрек қалауы шешеді. Ойдың дауылы сенің шабытыңды алсұртып жатса неге кеңінен көсілмеске?  Көңілің қаламаса қолға қалам алудың қаншалықты қажеті бар?Көп жазу немесе аз жазу ақын шығармашылығы үшін міндет емес.   Міндет қалай жазсаң да, өзіңе ғана тән қолтаңбаңды танытып, оқырман жүрегіне жол таба білу.   Ол үшін ақынға талант пен шалқар шабыттан бөлек –мінез керек.               Өнердің міні –мінезсіздік. Әр ақынның да поэзия әлеміндегі табиғаты өлең өлкесіндегі өзіне ғана тән мінезі арқылы ашылады. Мінез талантқа берген Тәңірдің сыйы болғандықтан, оның кемелденуі жаспен өлшенбейді. Жастығына қарамастан дананың сөзін сөйлеген Лермонтов пен Есенинді, Сұлтанмахмұт пен Төлегенді есіңізге түсіріп көріңіз. Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болғысы келгенде Сұлтанмахмұт жиырмадан жаңа ғана асқан еді ғой..Міне сондықтан «поэзияның  –ұлы жұмбақ» (Достоевский) болып  қала беретін сырын ешбір ғұлама түсіндіріп бере алмайтын шығар.Поэзияның басты мақсаты сөзбен сурет салу немесе данышпансып ақыл айту да емес, адам жанының тылсым табиғатын зерттеу. Әрі-беріден соң «Құдайым кешіре гөр, Поэзия ақымақтау болуға тиіс». Міне сондықтан да «Я последний поэт деревни» деп жырлаған Есенинге де, «Имя мне Кузнецов. Я один. Остальные обман и подделка» деп босқа даурыққан Юрий Кузнецовқа да орыс әдебиетшілері кешіріммен қарады.  Себебі, поэзияда «ә» дегеннен, салғаннан өлеңдегі мінезін, өзіне ғана тән қолтаңбасын танытып келген ақындар ғана келешегінен мол үміт күткізеді.«Жас ақын» жайлы ойымызға қайта оралсақ, мәселенің тағы бір өткірлеу қыры осы бір сөз тіркесінің кез келген дарын иесін бүгіннен емес, тек таусылмайтын келешектен ғана көзді алдаған сағымдай үміттендіріп қоятындығында. Міне соның кесірінен «жас ақын» — тарлан ақын, ақиық ақын т.с.с ұқсас ұлы мемлекеттерге тәуелді ел сияқты болып кеткендей көрінеді, маған. Ақсақалымыз Әбділдә Тәжібаев «Жұмекен көп ойлап, көп ізденетін жас»  деп жазғанда Нәжімеденов қырықтың қырқасынан асқан тұлғалы ақын болатын. Мысалымызды көбейте бермей-ақ Әмірхан Балқыбектің поэзиясына қатысты өз сөзімді «жас ақын» демей-ақ, ақын деп бастауға тәуекел етіп отырмын.Әмірхан жырларының көбісі далаға қатысты іңкәр махаббат пен шексіз сағыныштан тұрады. Ақын өлеңдерінде асқақ рухпен бірге адамның көңілін баурап алатын мызғымас бір адал сезім бар. Сондықтан Әмірханның келешекте әлі талай кемелденетін жырларына дәл бүгін «алтын шыққан жерді белден қаз» деген принциппен тым қатал қарауға болмайды.             Оның өлеңдерінің мені қатты қызықтыратын үлкен себебі, — ақынның поэзияда өзіндік жол таңдауға талпынысы, тыңнан соқпақ салуға ұмтылысы. Әрине, қазақ әдебиетінің кексе гвардиясының беделді өкілдерінен тіл ұстартуды үйреніп, ізденіс соқпағын таба алмаған ақын да «жылтырауық қоңыздай» әдемі өлеңдер жаза алуы мүмкін. Бірақ әдемі өлең жазушылардың қатары көбейіп, қарасы молайып толыққан сайын оқушы көңілі басқаға ауып,   жырдан қадыр-қасиет қашып, сөздің құны арзандай түседі емес пе?Оқушы өз кезегінде ақыннан өмір шындығы жайлы өзгеше толғанатын, бұрын-соңды қалам тербеген жыр сүлейінің өлеңдерінде кездеспейтін тереңдік пен жаңа соқпақтардың ізін күтуге қақылы.

Поэзияда да, проза жанрында да бәрінен де қиыны — тыңнан түрен салу.

Алайда жаңаша жазу дегеніміз шығарманың көркемдік деңгейін төмендетпей, әдебиетте өзгеше жазу үлгісінің табиғатын қалыптастырудағы, тіпті, кейбір заңдылығы да бар –ақынның немесе жазушының шығармашылық лабороториясынан шыққан ізденісінің нәтижесі болса керек.Әдебиет – метафизикалық құбылыс, таным үшін тартысатын мәңгіліктің майданы. Тыныш өмір сүргісі келгендердің ол әлемнен алыс жүргені абзал. «Әдебиеттің басына бейбітшілік бұлты үйірілген шақта – ол мәңгүрттене бастайды» (Мандельштам).Әдебиеттегі тұлғалар да оның тұтқасын мәңгі ұстап тұра бермейді.  Әрдайым өнер аспанын сілкіндіріп, дауылдатып-жауындатып өкше басар буын, жас ұрпақ  келген сайын көркем поэзияның жаңа бір тынысы ашылғандай болады. Алпысыншы жылдар феномені де, ғасырлар бойғы қалыптасқан жыраулық дәстүрдің ережесін бұзып өлеңдегі өзгеше әлемін жасаған Абай поэзиясы да осындай құбылыс еді десек шындықтың ауылынан тым алыстап кетпейтін шығармыз.  (Ұлы Абайдың өз заманының ірі ақындары Шортанбай, Дулат пен Бұхарды сынауы оларды жоққа шығару емес, эстетикалық тұрғыдағы терістеу ғана. Өнерге жаңа формадағы өлеңнің келгенін байқатуы үшін айтылған сын еді. Жаңаның ескіні ығыстыра бастағанының көрінісі болатын).Сондықтан Әмірханның:Нағыз ақын туылмайды оқыста,Бар олардың өмірде өз орыныЖер бетіне келеді олар соғысқаТоғысқан шақ жұлдыздардың шоғыры,-деп өнерде жаңа майдан ашуға тырысқан ұмтылысын заңдылық ретінде қабылдауға тиіспіз.Ақынның кейбір балғын жырларында кеміс-кетік, «әттегенайлары» да бар болғанымен, балауса үнінде, өлеңінің табиғатында «тасқа тұнған теңіздің тамшысындай» бір әдемі тазалық бар.Тфә, тфә. Тіліміз тасқа. Әмірханның дүниедегі құбылысты терең тануға талпынысы, лириканың сұлу сөздердің жиынтығы емес екенін түсінген зеректігі поэзиядағы тағы бір кеңістіктің алтын есігін ашуға мүмкіндіктердің бар екенін айқын аңғартады.Ақын өлеңдерінде жалаңаш шындықтан, өтірік ойшылдықтан қашып, табиғат пен адам арасындағы гармониялық үндестікті сабақтастыра, салғастыра қарауға тырысады. Ең алдымен ол көрудің ақыны:***Кірпігіңе келіп тұр сүйенгім-ақЖанарыңа келіп тұр дамылдағым.***Жанарыңнан ақпасам тамшы болып,Кірпігіңнен ұшпасам жапырақ боп.***Жанар менен кірпіктің арасындаӨмір дейтін байқасаң аралық бар.(Дәл осылай 30 бет)Ақын өлеңдеріндегі қадап айтатын басты ерекшеліктердің бірі, оның көшпелі халқымыздың тыныс-тіршілігіне терең үңілуі дер едік. Ол бабалар ырымының астарынан да далалықтар үшін маңызы зор сенімді сезеді.Жұтаңдаумын демен бірақ жарлымын,Баба ырымы, әлегі емес жарғының.Қызыл тілді сөзге иілту үшін де,Итаяқтан суды да ішкен бар күнім.Бабалар ырымы бойынша тілі кешеуілдеп шыға бастаған бейкүнә сәбиге итаяқтан су ішкізеді екен. Сондай жағдай ақынның да басынан өтіпті. Бірақ Әмірханға тіл қадіріне, сөз киесіне дәл көшпелі түркілердей жауапкершілікпен қараған халық жоқтай көрінеді.Итаяқтан суды да ішкен бар шағым.Кезі еместі ол көңіл күпті, арса мұң.Сен шаршадың сәнді қуып, мен байғұс,Баба ырымға баға таппай шаршадым.Әсіресе өлеңнің түйіні, кульминациясы әсерлі шыққан.Осы болды-ау замананың өлеңі,Көп болған соң көр сезімі, көбеңі.Исі тілге илікпеген тілдерге,Итаяқпен тамақ бергім келеді.Далаға деген сағыныш пен махаббат ақынға ерекше шабыт береді. Әмірханның өлеңдерін оқи отырып, дала табиғаты арқылы көшпелі түркілердің болмысын танығандай боласың.  Даланың самал желіндей әдемі жырлар рухыңа қанат бітіреді. Тыңдап көріңізші:Жанды тербеп мәңгіліктің ағыны,Тән арыды. Арман бірге арыды!Жанарымды қытықтайды нұрымен,Мың жыл бұрын сөнген жұлдыз жарығы.Жаным жұлдыз жылдамдығын қосқанда,Сәлем айтып кейін қалған достарға.Бұл қаладан кетем түбі көкке мен.Кетемін мен Сегізінші аспанға.Сегізінші аспан. Бұл бұрынғы ақындардың ешқайсысы да ашпаған жұмбақ әлем.  Әмірханның — әлемі!  Ол аспанда тек ақын Әмірхан Балқыбек қана білетін ғажайып өмір бар. Оқып көріңізші:Осы бір түс сағым ба, әлде бағым ба?Жан талықсып мызғып кеткен шағымда.Көрем ылғи әуен ойнап көңілді,Сол әуенге тербетілген өңірді.Бір кездері сезім кешіп жайдарман,Жүрген жай ма Адам Ата, Хауа Ана?Бұл өлкенің ауасы әнге айналған.Не әуені айналғандай ауаға.Сол әуенді бұлақ елтіп тыңдайды,Қайырмасын көтермелеп құс біткен.Бұрын-соңды көріп пе едім мұндайды.Мұндай сазды бұрын-соңды естіп пе ем?Өлеңдегі қолтаңбасы енді айқындалып келе жатқан ақынның «Метаморфоза» жыр жинағындағы шығармашылық ізденістер өнердің сол биік аспанда әлі талай тамаша  жырлардың жасындай жарқырайтына деген үлкен сенім ұялатады көңілімізге. Мен ақын жүрегінен:Жанарда жарқ етсе бір ұшқын,Сезім ғой, қалайша сөнеді?Бір өлең жазуға тиіспін,Өмірдің өзіндей әдемі.Дүниені шомдырып арайға,Тірлікті күзетер көз ілмей.Жазуға тиіспін қалайда,Бір өлең өмірдің өзіндей-         деген сыңайдағы әлі талай жауһар жырларды тудыратынына шын сенемін.Әмірханның бойындағы  ізденіс пен соған лайықты қуат сол сенімімнің ақталатына иландырады. Өйткені онда қарапайым өмірден жұрт байқамағанды көре білетін зеректік бар, тағдырлы туындыларында жүрегіңді елжірететін жылылық мол.Құр ауаға қалды асылып қанша әнім,Жер бетінде сенделем бе әлі көп.Мен жарықты күте-күте шаршадым,Ендігі өмір түс сияқты мәні жоқ.Уақытымды күте-күте бітті әлім,Маңай тұман, жұлдыз біткен адасты.Кім біледі, кімдер не істеп жатқанын,Кімдер қалай жұбатарын алашты?Қасіретімді түсін мейлі, түсінбе,Өз талайын әркім өзі тапқандай.Жонарқамда, жұлынымның ішінде,Жауынқұрты қабір қазып жатқандай.Әдебиет –ардың ісі, сонсоң — адам жанының тазалығының барометрі. Мақаламыздың тұсаукесерінде біз Әмірханның өлеңдерінде «тасқа тұнған теңіздің тамшысында бір әдемі тазалық бар» дегенбіз, жаңылспасақ. Ендеше Әмірханның сол тазалығын ақын өлеңдерінің айнасы десек әбден жарасады. Жұлдызды сәттері, тұлғалану, өріс ашу кезеңі әлі алда деп үміттенеміз.


1997 жыл 10 қыркүйекAbai.kz

Пікірлер