Айтыскер ақындардың аға сұлтаны Орынбай ақынның 200 жылдығы тойланбай ма?

4718
Adyrna.kz Telegram

Ертеден келе жатқан айтыс өнері қазақтың қанында бар қасиетті де киелі өнер екені анық. Суырып салып, бірден тауып айтқан ақындар кезінде бірін-бірі іздеп, алыстан ат арылтып айтыс жасағаны туралы там-тұм деректер бар. Бірақ саусақпен санарлық. Әсіресе, 19 ғасырдағы патша заманында өмір сүрген сал-серілеріміздің өмір жолы бүгінгі ұрпаққа беймәлім дүние. Бұл орайда қазақ елінің әр түкпіріндегі елге белгілі айтыскер ақындар мен сал-сері тұлғалар туралы тұшымды ой айта алатын адамдар да қасқалдақтың қанынан қат болуы да мәселені күрделендіре түседі. Барлары о дүниеге де аттанып кеткен. Арқаның ән бесігі туралы әңгіме қозғасақ есімізге ең алдымен сал Біржан мен Ақан сері түсетіні сөзсіз. Ал, арқа жерінде айтыс өнерінің негізін қалап, барлық ақындар мен жыршылардың ұстазы Орынбай ақын туралы жұрттың көбі хабарсыз. Біз осы Орынбай ақын туралы талмай зерттеп, оның айтыс өнеріндегі алған белестері туралы тың деректерді өмірге әкелген қарт журналист, жыршы, қазақ ән-жырының тарихын зерттеуші Жұмабай Есекеевпен кездесіп біршама қызықты мәліметтерге қаныққан едік.

Орынбай ақын сол кездері атақтары дүркіреп тұрған Шөже, Балта, Кемпірбай, Жанақ ақындармен айтысып жеңгені де ұрпақ үшін құны мол мұра екені даусыз.

Орынбай ақын кезінде ең көп Шөже ақынмен айтысыпты. Атақты Абылай ханның ұрпағы болған Шөже ақынды бірде ол бірде бұл жеңген екен, — дейді Жұмабай ақын.

Екі көзі туа сала соқыр болса да ақындар арасында жауырыны жер иіскеп көрмеген Шөже Қаржаубайұлы кезінде Абылайханмен бірге Көкше жеріне келіп, Қырғыз елінен шықса да Көкше ақыны болып танылған. Екеуін кездестірген кезде өрілген сөз бен айтылған жырдың құнары да өзгеше болатын. Бірақ сол Шөжені де сөзден тосылдырған Орынбай болыпты Арқа ақындарымен қоса талай ақын-жыршыларды тізе бүктірген Орынбай ақынға сол кездегі аға сұлтандар «Арқаның айтыскер ақындарының аға сұлтаны» деген атақ берген екен. Өйткені, Орынбай ақын сол шақта сол дуандағы барлық ақындардың бірін қалдырмай жеңіп, тіпті Семей, Қараөткел, Түмен, Қорған, Омбы өңірлерінің ақындарымен сөз таластырып, он төрт бірдей ақынды жеңіп шығыпты.

Бірақ жер жаннаты Айыртау өңірінде 1814 жылы туып аузымен құс тістеген айтыскер ақын бүгінде атаусыз қалған сияқты. Өйткені, кезінде арқа өңірінде сал-серілердің атасы болған ақын туған Айыртау ауданы бұрынғы Көкшетау облысының құрамынан шығып, Солтүстік Қазақстан облысына қарап кеткеннен кейін ол туралы ұмытыла бастады, — дейді Жұмабай Есекеев. Содан ақын мен оның еңбегі еленбей, одан қалған ауыздан-ауызға айтылып келген сөздері ұмытылып, тіпті Орынбай ақынның кім екені де ұмытылып барады. Сондықтан биылғы 200 жылдық мерейтойы да атаусыз қалатын сияқты. Мен мұны біреулерге айтып та ескертіп те жүрмін. Бірақ ешкім қозғалар емес. Соны Сіздер арқылы құлаққағыс қылып отырмын, — деп қынжылады Жұмабай ақсақал.

Орынбайды сол кездегі жұрт айтыскер ақындардың атасы деп те атаған деседі. Өйткені ол ақындардың бәрінен жасы үлкен. Ақан серіден отыз жас Біржан салдан жиырма жас, Үкілі Ыбырайдан қырық сегіз жас үлкендігі расында да бұл сөздің нақты дәлелі бола алады.. Бұл туралы Көкше өңірінен шыққан белгілі ақын Кәкімбек Салықов толығырақ жазып қалдырған.

Орынбай ақынның Ақан сері мен айтысы туралы да ешкім біле бермейтіні ақиқат. Сырымбет ауылы маңында екеуі бір-бірімен қағысқан көрінеді. Ақан сері де былай қарағанда әншілік және композиторлық өнерімен танылса да, айтыс ақыны ретінде ешкім біле бермейтіні белгілі. Бірақ Ақан сері айтыс саласында да ешкімге дес бермеген көрінеді.

Шашасына шаң жұқпаған Орынбай ақынды сүріндірген адам да Ақан сері екенін де көпшілік біле бермейді.

-Орынбай елуден асып алпысты алқымдап қалған кезі екен. Ақан сері жиырма жастағы жап-жас жігіт болыпты. Екі арыстанды бір-бірімен кездестірмек болып, екеуін сөзбен қағыстыруды аға сұлтандар бастаса керек, — деген Жұмабай ақсақал тамағын кенеп жіберіп, бұрын ешкім айтып көрмеген Орынбай мен Ақан серінің айтысын домбырамен айтып берді. Қоңыр домбыраның үнімен қатар естіліп, төгіліп түскен әуезді ән былай айтылыпты:

Ассалаумағалейкум Орекем-ай,

Бір өзі мың кісілік берекем ай.

Кешегі тәні шығыс заманыныңда

сайран құрып жүретін мерекем ай.

Шақырып Сізге билер келсін дейді

Қызығын той тамаша көрсін дейді

Көпті көрген Ореке адам едің

Баяғы шабысымен желсін дейді. Деп кіре сала Орынбай ақынды сөзбен қағытыпты.

Ақанның киген киімі аздап олпы-солпы салбыраған көнетоз шекпен болған екен.

Сонда Орынбай ақын тұрып:

Оу-Ақанжан, үстіңде шекпенің бар қолбыраған

Әкеңнің киіміндей салбыраған.

Әр заманның киімі басқа-басқа,

Бұл киім ұнамайды інім саған-оу деп, киген киіміне тиіссе,

Ақан тұрып:

Ақан да сөз табады ағасына

Қарайды ағасының бағасына

Баяғы ата-бабам киген киім

Мирас болып қалмай ма екен баласына деп, бірден жауап берген кезде сөзден біржола тосылған Орынбай ақын жеңіліп қалғанын мойындайды.

Міне, тауып айтқан тақпыр сөзге тоқтап жеңілгенін де мойындаған Орынбай ақынды жұрты да сүйген деседі. Шынымен де, өзіміздің рухани мұрамыздың қазанын ортайтып алмас үшін кезінде айтыскерлігі мен қатар елдің де мұң-мұқтажын бір кісідей көтеріп, ақындығымен елді аузына қаратқан Орынбай ақынды қайта тірілтіп ұрпақ санасына енгізу бүгінгі Сіз бен біздің ортақ міндетіміз екенін айтқымыз келеді.


 Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Пікірлер