Қымыранның қадіріне жете алмай жүрміз

3186
Adyrna.kz Telegram

Өтеміс МАХАНОВ, «Дәулет» шаруа қожалығының директоры:

Қазақтың қымызы мен қымыранына, қазы-қартасы мен жал-жаясына жетер дәм бар ма, шіркін?! Өткен жексенбі күні «Саржайлау» қымыз орталығының директоры, ұлттық өнер жанашыры Ахметбек Нұрсила бастап, өнер зерттеушісі, әнші Ерлан Төлеутай, жас тарихшы, журналист Ардақ Беркімбайлар қостап, Алматы облысына қарасты Ақши ауылына сапар шеккен едік. Ақшиде «Дәулет» шаруа қожалығын құрып, 150 түйе, 150 жылқы асырап, шағын кәсіппен айналысып отырған Өтеміс қарияның төрінде, ұлттық тағамдар қойылған ақ дастарқан үстінде әңгіменің де, әннің де дәмдісі айтылды. Соңыра көкірегі шежіреге толы қария Өтеміс Махановпен түйе малы мен қымыран турасында аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.

– Бұрын түйе малын бағып көр­меген­ге ұқсайсыз. Түйе асырауыңызға не себеп болды?

– Расында, мен ертеректе түйемен ай­на­лыс­паған едім. Жылқы малын көптен өсір­генім рас. Қыр-сырын да жақсы біле­мін. Түйе бағуды қолға алуыма Ақшиде тұра­тын Абай есімді азамат түрткі болды. Абай­дың үйіне барып, қымыран ішіп тұра­тын едім. Ол бір сөзінде «бір түйеден ай сайын 60 мың теңге табамын» деп қалды. Қазір бір жігіттің жалақысы 60 мың теңге бола ма, болмай ма? Алматыға барып жұ­мыс істеген адамның жатын орны, ішіп-жемі, киім-кешегімен-ақ айлығының там­ты­ғы да қалмайды. Осы шаруадан ауылда оты­рып-ақ, табысқа белшеден батуға бола­тынын түйсініп, түйе іздей бастадым. 2007 жылдан бері осынау іспен шұғылданып ке­лемін. 150 бас түйем бар. Былтыр 30 түйе сау­­ған едім, биыл сауылатын бастың саны 40 түйеге жетіп қалды. Бүгінде қол астымда 10 шақ­ты адам жұмыс істейді. Олардың тұрақ­ты жалақы­сынан бөлек, жатын орнын, ішіп-жемін толық­тай мойныма алып отырмын.

– Шұбат құрамында адам ағза­сы­на өте пайдалы дәрумендер көп деп жатады…

– Жылқы, сиыр малындай емес, түйе­нің жейтін шөбі басқа. Сондықтан оның сүті де ерекше болып келеді. Түйе жиде, жыңғылдың гүлдерін, қараталдың басын, тікен, жантақ шөптерін азық етеді. Шұбатты ішкен адамның қарны да ашпайды. Ол – әрі сусын, әрі тамақ. Қымыранның маңыз­ды­лығы, майлылығы жоғары. Іш құрылыс­тары ауыратын адамдарға бұл – мың да бір ем. Әсіресе асқазан жарасына шипалы. Осы дертпен ауырған талай адамның шұ­бат­тан жазылып кеткенін өз көзіммен көр­генім бар. Сосын тағы адамның иммуни­те­тін көтереді. Өз басым күніне бір ли­тр­дей қымыран ішіп аламын. Сосын тоқ болып жүремін. Түйені бағу да жеңіл. Та­биғатынан шыдамды жануар. Аяғы да ұзын. Өріске тез барып, тез тойынады. 15-20 шақырым жерге жайылып барып қайту түйеге бұйым емес. Суыққа да, шөлге де төзімді. Пайдасы да мол. Түйенің жүнін де өт­кіземіз. 1 келісін мың теңгеден сата­мыз.

– Түйелер де өз ішінде түр-түрге бөлінеді емес пе?! Олардың өзара айырмашылықтарын айтып берсеңіз.

– Аруананың сүті мол болса, айыр тү­йе­нің сүті аздау болады. Бірақ айыр түйе­нің сүті құнарлырақ. Аруана негізінен 7-8 литр, ал кейбіреулері тіпті 10 литрге дейін сүт береді. Бір түйе күніне 2 мың теңге табыс әкеледі екен. Түйе ұстаймын дейтін жұрт болса, қуанамын. Қолымнан келген ақыл-кеңесімді аямаймын. Кейін олар түйе бағуда бір жаңалық ашатын шығар. Сол жа­ңалықтың пайдасын мен де көремін ғой. Бізге қызғаныштың қажеті жоқ. Жастар мал бағудың жаңа тәсілін тапса, оны мен де игеріп, ортақ игілікке жұмсармыз деп ой­­лай­мын.

– Айыр түйе кезінде көбіне көші-қонға пайдаланылған көрінеді…

– Айыр түйе – таза қазақтың малы. Көші-қон кезінде үйір-үйір жылқысы бар байлардың өзі үйінде түйе ұстайтындарға күні қараған көрінеді. Жалғыз түйені көшіп алуға пайдалану үшін жалға алу құны ретінде бір жылқы беріп, қажетіне жара­тады екен. Ауыр жүк тасымалына ыңғайлы түйе сол уақытта бүгінгі жүк көліктеріне теңестірілген тәрізді.

Біздің бағып жатқан түйелеріміздің түп-төркіні – Түркіменстан. Кеңес үкіметі тұсында «Меркур» деген фирма осы түйелердің тұқымын Алматы маңына алдырыпты. Кейін әжептәуір көбейгенге ұқсайды. Артықшылығы: өте сүтті.

Түйе сүтінің негізгі атауы – қымыран, қыс­тыгүні шұбатылып тұратын кезін ғана шұ­бат дейді емес пе?! Осы қымыранның қа­діріне жетпей жүрген жайымыз бар. Насихаты төмен.

– Мал бағудың да машақаты шаш етектен. Төрт түлік, оның ішінде түйе малының дұрыс күтімді, бағып-қағуды қажет етері бесенеден белгілі. Бұл жұ­мыс­тың өзіндік құпиялары да бар шы­ғар?..

– Пайдасын көріп отырғаннан ке­йін машақатынан несіне қашайық?! Бір­ақ адам өз шамасын білуі керек. Мың­нан астам түйе бағамын деп, мал­дың обалына қалып жатқандарды да бі­леміз. Есепті күтімі жоқ, күн санап қы­рылып жатқан түйеге қарап, ішім аши­ды. Малға жем-шөбін тауып беріп, ба­ғып-қақпасаң, жағдайын жасамасаң, дұрыс өнім береді деп айта алмаймын. Бес жылдың ішінде түйе бағудың жай-жапсарын игеріп қалдым. Қазір білге­німді өзгелерге үйретіп жүрмін.

– Жылқы баққаннан түйе өсір­ген тиімдірек деп қалдыңыз бір сөзіңізде. Осы пікіріңізді тарқата түс­сеңіз…

– Өзім талай жылқы жоғалтқан адам­­мын. Былтырдың өзінде 21 қыл­құйрығым­ды айдап кетті. 1991 жылы 49 бас жыл­қым­ды ұрлатып алған кезім болған. Қазір 150-дей жылқы ұстай­м­ын. Қыстай соның артынан жүремін. Түйе түн­де жайылымға шықпайды. Жылқы күн­діз-түні жайылады. Оны түнде қораға қа­мап қойсаң, құлынын тастап қояды. Түйе бір сиырдан артық шөп же­мейді. Өте то­йым­ды жануар. Денесі үл­кен болғанымен, жыл­қыдан екі есе аз қо­рек­тенеді. Тез тойы­на­ды да, үйренген қо­ра­сына қайтып келе­ді.

– Ұлдарыңыз әке жолын жалғас­ты­рып жатыр ма?

– Үлкен ұлым Қайратқа Ұзынағаш жақ­тан қымызхана ашып бергенмін. Сонда өзі сауылатын 15 бие ұстайды. Келесі ұлым Талғат та менің қолымда жылқы шаруашы­лығын кәсіп еткен. Базарға барған қымыз бұзылады. Оған әбден көзіміз жетті. Сол се­бепті қымызды базарға жеткізбей өт­кізуге тырысамыз. Өйткені таяқтың бір ұшы бізге тиеді. Өткізетін адамдарымызға үнемі еш ­нәрсе қоспауын өтінеміз.


Арман ӘУБӘКІР

Пікірлер