Төртемдер мен үшемдер

3105
Adyrna.kz Telegram

Елімізде жыл сайын үшемдер қатары артып келеді. Ара-тұра төртемдердің өмір есігін ашқанын да құлағымыз шалып қалады. Үш жыл бұрын бірден төрт баланың ата-анасы атанған алматылық Есентай мен Назымгүлдің де шаңырағы ерекше қуанышқа бөленген-тұғын.

Алматы қаласының тарихында тұңғыш рет дүниеге келген төртемдердің есімдері де ерекше: Бекайша, Нұрайша, Гүлайша және Жанайша. Өкінішке қарай, елімізде егіздерді былай қойғанда, тіпті төртемдер мен үшемдердің де әлеуметтік жағдайын жасау мәселесі қарастырылмаған. Бұл отбасыда төртемнен кейін тағы бір кенже бөбек өмір есігін ашқан болатын. Алматыдай қымбат шаһарда бес бірдей баланың балабақшасын төлеу ата-анаға батпан салмақ екені айтпаса да түсінікті. Төртемнің анасы Назымгүл Қуанған жоғары жаққа хат жазып, төртемнің балабақша ақысын 50 пайызға жеңілдетуге әрең қол жеткізіпті. Алайда «бұл бір жылға ғана жасалған уақытша жеңілдік емес пе?» – деп күдіктенеді ол. Бірақ қазақтың «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген сөзі бекер болмаса керек. Әкімқаралардың назарына ілігіп, баспаналы болған бұл отбасыға үйсіз-күйсіз жүрген көп қазақтың қызыға қарайтыны рас. Керекулік Батырхан мен Ольганың шаңырағында өмірге келген маңдайы торсықтай үш ұл қазір өздігінен отыратын дәрежеге жетіп қалды. «Алғаш рет ауруханаға қабылдауға келіп, дәрігердің «Сізде үшем болады» деген сөзін естігенде, әрине, біраз қобалжыдым. Құдайдың жазғаны ғой. Қуанышымда шек болмады», – деп алғашқы әсерімен бөлісті анасы. Бір ана құрсағынан туған үш ұлғаАңсар, Әнуар және Арлан деген есімдер берілген. Ольга мен Батырханның шаңырағын­дағы үшемнің үш жасар ағасы Санжар болса, ол да анасына – қолқанат, бауырларын ойнатуға жарап қалған.


Төрт баланың анасы болу бақытына ие болған 23 жастағы Ольга тағы да құрсақ көтеріп, қазақтың санын көбейтуге әзір екенін жасырмайды. «Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен ана атты құрметті атқа ие болып отырғаныма қуаныштымын. Мен үшін ана болудан артық бақыт жоқ. Болашақта, тағы қыз сүйсем деген арманым бар», – дейді О.Нұрғазина. Қазіргі кезде Батырхан мен Ольга екі бөлмелі пәтерді жалдап тұрып жатыр. «Көп тілегі – көл» деген емес пе? Осыған орай, еліміздің демографиялық ахуалына үлес қосушы Нұрғазиндер отбасы баспаналы болса деген тілегіміз де жоқ емес.

Дүниеге сәби әкелу – бақыт. Егіз сәби әкелу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Ал үшем, төртем табиғаттың өте сирек кездесетін сыйы болып саналады. Елімізде үшемдердің туылуы жылдан-жылға өсіп келеді.

Үшемді дүниеге әкелген кейбір отбасыларға сол өңір басшыларының қамқорлығымен, ауқатты азаматтар есебінен пәтер беріліп, жергілікті әкімдіктер тарапынан отын-су, азық-түлікпен қарайласу сияқты бір реттік жәрдем беру дерегі кездеседі. Алайда халқымыздың санын көбейтуде елеулі үлес қосып отырған, дүниеге үшем әкелу бақытын иеленген ата-аналардың барлығына бірдей мұндай қамқорлық жасалып, баспана беріліп жатқан жоқ. Өйткені, дүниеге үшем әкеліп отырған отбасыларға мемлекет тарапынан жөргекпұл мен бір жасқа толғанға дейінгі берілетін жәрдемақылардан басқа көмек қарастырылмаған.
Үшемдер мен төртемдерді 18 жасқа толғанға дейiн мемлекет қамқорлығына алу, баспанамен қамтамасыз ету, балаларды күтуге арнайы медбике тағайындау сияқты мәселелер шешiлгенi жөн. Қытай фабрикасында жұмыс iстейтiн бiр әйелдiң өмірге төртем әкелгені есіңізде болар. Қытайда бала тууға шек қойылатындығына қарамастан, жаңағы 4  нәресте 18 жасқа дейiн үкімет қамқорлығына алынған еді. Алматылық Бауыржан мен Жанат Әбиғалиевтер шаңырағында туылған Томирис, Зарина, Әмина есімді үшемдер қазір бір жастан асып қалған. Ата-аналары да балабақша ақысын төлеу қиынға соғатынын тілге тиек етуде. Ал сәбилер жаңадан туылған кезде анасы үшеуіне бірдей қарап үлгере алмай, қиналғанын айтады. «Бұл уақытта арнайы мемлекеттік күтушінің көмегі сөзсіз қажет. Үшемдер өте нәзік келеді» дейді, – Жанат.

Ұрпақ – өмірдің мәні. Бала – ғұмырдың жалғасы. Елдің болашағы да – осы бүгінгі нәрестелер. Ендеше, егіздерді, үшемдер мен төртемдерді айрықша қамқорлыққа алатын арнайы мемлекеттік заң қажет-ақ. Мұндай заң қабылданар сәттің ауылы алыс емес деп үміттенейік.


 Арман СЕРІКҰЛЫ

Пікірлер