Мен Сейіт Кенжеахметовтың үйінде неге тұрамын?

3046
Adyrna.kz Telegram

Өзімді шексіз бақытты сезінемін. Журналист ретінде қолыма қалам алған 30 жылдан астам уақыттың ішінде қазақтың небір марқасқа, ұлтын сүйетін азаматтарымен араластым. Сырластым. Өмірлерінен тағылым алдым.
Солардың бірқатары бақилық болып кетті. Кейбіреулері әлі де арамызда жүр. Осы жүрегіме жақын, қимас кісілердің арасында ұлтымыздың біртуар перзенті, бүкіл ғұмырын қазақ әдебиеті мен мәдениетіне арнаған асыл ағамыз Сейіт Кенжеахметов те бар.

Жастайымыздан ол кісінің түрлі тақырыптарға жазған көркем шығармаларын жастана оқыдық. Сатиралық туындыларын республикалық «Тамаша» ойын-сауық отауынан әртістердің, яғни Қазақстанның халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаев және басқа да өнер саңлақтарының орындауында көріп, қаншама рухани ләззатқа бөлендік.
Кейін қазақ журналистикасы ақсақалдарының бірі Темірбек Қожакеевтің шекпенінен шығып, Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газетінде қызмет атқаруға тура келді. Мұнда да Сейіт ағамның ізі қалған басылымда жұмыс істеу бақытына ие болдым.
Сондай бір күндердің кезінде ол осы газет редакциясына келіп, қаламгерлермен жүздесті. Сол уақытта көптен бір көруге таңсық болып жүрген ағамызбен арнайы кездесіп, хал-жағдайын сұрастым. Ол кісі де мені сырттай біледі екен. Шамасы, еліміздің беделді басылымдарында жарық көріп жататын азды-көпті дүниелерімді оқып жүрсе керек.
Сондай бір әдемі жарасымды әңгімеміз өрілген сәтте мен оған жан сырымды ақтарып салдым. Өзім оның Қостанайдағы бұрын біраз жыл ғұмыр кешкен Пушкин көшесі, 92 үйдің №71-ші пәтерде тұратынымды айтып қалдым.
Осы кезде оның жүзіне жылы шырай жүгіріп: «Қарағым, мен ол шаңырақты өте құтты деп есептеймін. Өйткені біраз шығармаларым   сол үйде дүниеге келді. Кезінде орталықтан  мұндай пәтер алу да оңайға соқпайтын. Қыста жылы, жазда балкон мен терезеден күннің шуағы төгіліп тұрады. Автобуста тығылысып  жатпайсың. Базар да, жоғары оқу орындары да, мектептер де таяқ тастам жерде. Бұл бір жағы ұлдарыңа да, келінге де өте ыңғайлы емес пе? Редакция да 10-15 минуттік жол. Қай жағынан да ыңғайлы, қалтаға да тиімді», – деді.
Сол арада «пәтерімдегі телефон сол баяғы өзіміз қолданған 54-тен басталатын нөмір ме, әлде өзгерттіңдер ме?» деп сұрады. Мен әлгі нөмір сол күйінде қалғандығын, бір-екі рет өзгертуге біреулер әрекет еткенде жол бермегенімді айттым.
Ол да бұл сөзіме өте риза болып қалды. Осы сәтте дидарына жарасымды күлкі ойнап: «Жарайсың, бауырым! Лажы болса, ол үйден басқа жаққа қоныс аударма. Өте құтты, келін екеуіңнің өмірлеріңе жетеді. Әлі ұлдарыңды үйлендіріп, немере-шөберелеріңді сүйетін боласың», – деп арқамнан қақты.
Содан бері де біршама уақыт өтті. Өзім Сейіт ағам тұрған үйді ырым қылып, қазақтың көрнекті қаламгері, этнографы, сатиригі, елжанды азамат ретінде өте сыйладым. Одан кейін де талай рет жүздесіп, ағалы-інілідей пікір алыстық.
Шамасы, елімізге есімі белгілі азамат Өмірзақ Шөкеевтің тікелей мұрындық болуымен дүниеге келген меценаттар клубының сыйлығын алу қарсаңында болуы керек. Онымен облыстық білім  басқармасының ғимаратында күтпеген жерден кездесіп қалдым.
Өмірде де әділеттік бола бермейді ғой. Әлгі өңірдің мәдениеті мен әдебиетін, жалпы руханиятын өркендетуге үлес қосып келе жатқан қайраткерлерге берілетін мәртебелі «Қазына» сыйлығы ол кісіге үш-төрт жылдан кейін ғана беріліпті.


Сол уақытта ардақты тұлға іштегі өкпе-ренішін аз да болса білдіріп: «Бауырым, халтура билеген заман болды ғой. Нағыз таланттарға атақ-дәреже деген қашан да кеш келетіні бар емес пе? Өйткені ондайлардың пысықайлар жолын кесіп, алдын орағытып кетеді. Сондықтан мен оған пәлендей қайғыра қоймаймын. Тума таланттар марапатты күтпейді. Атақ-дәреже өздерін іздеп табады», – деді.
Сейіт ағаның бұл өмірден түйіп айтқандары айна-қатесіз шындық екеніне жылдар өте көзім тағы да жете түсті. Осы азамат қандай марапатқа болса да әбден лайықты еді. Себебі оның көз майын тауыса талай жазып, шетелдерге жәдігер ретінде сыйлыққа берілетін туындылары аз емес-ті.
Заңғар тұлға көптеген ғұлама ғалымдардың жазғандарын бір өзі дүниеге әкелді. Олардың қатарында барша зиялы қауым әбден мойындап, үйлеріндегі кітап сөрелерінен берік орын алған «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті» және басқа да танымдық-тағылымдық жағы мол, аса құнды кітаптармен есімі мәңгілік қалды.
Ол ұзақ жылдар бойы Торғай өңіріндегі Арқалық қаласында ғұмыр кешті. Сондағы талай дарынды қыз-жігіттерді білім нәрімен сусындатып жатқан мемлекеттік педагогикалық институтта жастарды оқытты. Кейін елордамыз Астанада орналасқан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Отырар» кітапханасы орталығында жауапты қызметте болды.
Ғұмырының соңғы жылдарында туған өңірі, қаламгер, азамат болып қалыптасқан думанды жері – Арқалық шаһарына қайта оралды. Өзі ұзақ уақыт бойы бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешкен аяулы жары Тұрсын апамыз дүниеден өткен кезде ағамыз қатты қайғырды. Себебі тіршіліктің барлық ащысы мен тұщысын бірге бастан кешкен бәйбішесінен айырылып қалу оңай ма?
Бірақ өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі кісінің тіршілігі жалғасады. Содан өзі біраз жылдардан бері білетін руханият саласында қатар жүріп қызмет атқарған ұлтымыздың инабатты қызы Банумен көңіл жарастырып, аз да болса, мағыналы өмір сүрді.
Асыл ағамыз дүниеден өтіп, күллі қазақ халқы асқар тауынан айырылғандай күй кешіп, қайғы жамылғанда жоғарыда аталған шаһарға барып, қазақтың белгілі қаламгерлері Оңғар Өмірбек, Жақсылық Жүнісовтермен бірге жарына көңіл айттық.
Шіркін, сол жан дүниесі кемел, сөйлессең үлкен ақыл-парасатқа кенелетін, ұлағатты сөзін таңнан таңға дейін тыңдаудан жалықпайтын, өз ортасының көркі мен данасына айналған Сейіт ағамыздың мәңгілік сапарға аттанғанына да біраз уақыт болып қалды.
Бірақ ол кісінің екінші өмірі енді басталғандай. Оның рухани мұрасы да мәңгілік. Өлмейді. Көпшілік қауым оны қазақтың аса талантты сатириктерінің бірегейі болғандығын  жиі айтады. Себебі осы уақытқа дейін қайталанбас тұлғаның бірде-бір кітабының сөрелерде шаң басып жатқанын көрмеппін.
Енді осы елім, жерім деп адал еңбек еткен ірі талант иесінің есімін мәңгілік қалдыру үшін ол кісіге қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Мәселен, өзі ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында бір дәрісхананы ол кісінің есімімен атаса артық болмайды.
Сондай-ақ кейінгі өсіп келе жатқан жастар оның атын ардақтап жүру үшін сол қалада бір мектепке немесе басты көшелердің біріне есімін берсе, әбден жарасар еді.
Мақаланың басында оның облыстық «Қостанай таңы» газетінде қызмет атқарғанын айтқанмын. Ол кезінде осы басылымда жұмыс істегеп, қаламы жүйрік журна­лис­тердің бірі болды. Өңірдің бай шежіресін жазуға қомақты үлес қосты. Кейінгі ізін басып келе жатқан жастарға тәлімгерлік етіп, жазу-сызудың қыры мен сырын жалықпай үйретті.
Сол өзі кезінде ғұмыр кешіп, бірқатар шығарма­ларын жазған Пушкин көшесін­дегі 92-ші үйдің қабыр­ғасына: «Бұл үйде кезінде қазақтың көрнекті жазушысы, этнографы Сейіт Кенжеахмето­в тұрды» деген мемориалды тақта орнатса да, артық болмас еді. Бұл орайда осы шаһар басшылары ойланса екен. Азаматтық танытып, күллі ел қадірлеген қаламгердің есімін мәңгілік қалдыруға үлестерін қосса, көрнекті мәдениет қайраткеріне деген нағыз құрметтің жарқын көрінісі сол болар еді.


Оразалы Жақсанов,
Қостанай облысы, «Жас қазақ».

Пікірлер