Сағатбек Медеубекұлы: Күй тыңдай алмайтын қазақ көп…

3522
Adyrna.kz Telegram

- Қазақ халқы домбыра мен қобыз аспаптарына, күйге ерекше мән берген. Осының сыры неде?
- Кезінде Потанин: «Қазақ даласы маған түгел ән салып тұрғандай көрінеді» деген екен. Маған да қазақтың кең байтақ даласы күй тартып, домбыраның қоңыр үнімен күмбірлеп тұрғандай көрінеді. Осындай даланың перзенті күй құдіретін түсіне алмауы мүмкін емес. Қазір өкінішке қарай, күй тыңдай алмайтын қазақ көп. Күйді тыңдай алмаса, түсінбесе, ол — қазақ емес. Қазақтар «домбырада кие бар» деп түсінген. Оны төріне қойып, дауысына, дыбысына құлақ түріп, күйшілерді ерекше құрметтеген. Өйткені күй құдіретті, қадірлі. Сол себепті күйді кез келген адам тарта бермейді. Алла Тағала күйшіге ерекше қабілет пен дарын берген. Күй күмбірі ғасырдан ғасырға жетіп, қазақпен бірге жасап келеді. Оның бұл күнге жетуінің өзі күйді құрметтеуші, тыңдаушы халықтың арқасы. Тыңдаушы ортаның сынынан өтіп, сан ғасырды артта қалдырып бізге жеткен күйдің құдіретін осыдан-ақ көруге болады. Сыншысы, тыңдаушысы мықты болғандықтан да, күйшілер күйді талғампаз тыңдарманның талабына сай, ерекше жауапкершілікпен тартқан.

- Күйге қаншалықты жақындығыңыз бар?
- Негізі, күйді бала кезімнен тыңдап өскенмін. Менің атам да, әкем де күй тартқан кісілер. Бала күнімде әкем радиодан беріліп жатқан күйдің дауысын көтеріп, мені алдына алып, тыңдайтын да отыратын. Атам мен әкем тартқан күйлер менің құлағымда қалып қойған. Әкем өнерді жоғары бағалайтын. Ауылға бір артистер келсе, үйге әкеліп қондырып, өнерлерін тамашалайтын. Тіпті көрші елдердің өнерпаздары да келетін. Біздің ауыл Қырғызстанға жақын болғандықтан қырғыздар жиі келіп тұратын. Бір күні балалар композиторы Ибрагим Нүсіпбаев бір топ шәкіртімен біздің ауылға келіп концерт қойды. Сол кезде «Ауылдың алты ауызын» айттым. Бұдан соң Ибрагим Нүсіпбаев мені өзімен бірге алып, өнер жолына баулағысы келді. Бірақ оған әкем жібермеді.
- Домбырамен бала кезден таныс екенсіз…
- Домбыраның үні мен үшін ерекше ыстық. Домбыраның тарихы, құрылымы қатты қызықтырып, оның құдіретті үнінің қалай және қайдан шығатынын білгім келді. Содан құрылымын, этимологиясын, қандай құрал-саймандардан тұратынын зерттеп, «Домбыра» атты кітап шығардым. Өз қолымнан домбыра да жасадым.
- Қазіргі таңда «домбыра бұрынғы қоңыр үнінен айырылып барады» деушілер бар. Домбыраны жасаудың бұрынғы тәсілі мен қазіргі тәсілінің арасында қандай айырмашылық бар? 
- Негізінен, домбыра аймағына, ондағы өсетін ағашына байланысты әртүрлі жасалады. Бірақ домбыра қақпағы міндетті түрде қарағайдан жасалуы тиіс. Өйткені қарағайдың дыбыс өткізгіштік қабілеті жоғары. Әсіресе, Тянь-Шань қарағайы мықты. 300 жыл кепкен ағаштың дыбыс өткізгіштігі өте жоғары болады. Шеберлер домбыраны жасамас бұрын ағашты жұқалап қиып, кептіріп қояды. Ол көп уақыт кептірілгендіктен бойындағы сағыз, шайырлары кетіп, дыбыс өткізгіштік қасиеті арта түседі. Оның үстіне домбыраға кез келген ағаш қолданыла бермейді. Қарағайдың да ішінен бұтақтары жоқ, сақиналары біркелкі түзу келген ағашты таңдайды.
Домбыраны жасауда әр шебердің өз құпиясы болады. Сонымен бірге қазақ даласының әр өңірінде өскен ағаштан жасалған домбыралардың үні бірдей шыға бермейді. Ән домбырасы адам дауысының қабілетіне қарай жасалады. Онда домбыраның мүмкіндігіне емес, әннің шырқалуына мән беріледі. Сондықтан домбыра ән сүйемелдеуші ретінде қалып қояды. Ал күйшілер ортасында домбыраға көп мән беріледі. Сол аймақта домбыраның пішіні әртүрлі. Мысалы, батыста төкпе күйдің ағыны мен ауқымы зор болғандықтан, домбыраны күйдің ыңғайына қарай мойнын ұзындау, перне санын көп етіп жасаған. Күйшілер де домбыраны өзінің ыңғайына қарай жасайды. Академик Ахмет Жұбановтың ұйымдастыруымен Құрманғазы оркестрі құрылған соң, оркестрге лайық домбыралар қажет болды. Сонда Қамар Қасымов, Эмануэль Романенко, Оразғазы Бейсенбаев секілді шеберлердің көмегімен домбыралар жасалып, олар жаппай таралып кетті. Жаппай шығарылатындықтан, ондағы домбыралардың сапасы төмендеп кетті.
Ахмет Жұбановтың арқасында қазақтың домбырасы әлемге танылды. Ол өзінің мүмкіндігі жеткенше қазақ өнерінің өзегін іздеп, музыкасының тарихын зерттеп, үлкен еңбектер жазып кетті.
- Бірақ батыстың күйшілік өнері терең зерттелген де, Жетісу күйшілік өнері назардан тыс қалып қойған сияқты.
- Расында, бұрын «күй өнері Батыста, Арқада, Қаратауда ғана дамыған, ал Жетісуда ақындық қана бар» деген қате пікір қалыптасқан болатын. Мысалы, менің атам күй тартатын. Бірақ ол күйді Құрманғазыдан, Дәулеткерейден немесе Сүгірден үйренген жоқ. Осы аймақтың күйшілерінен үйреніп, осы өңірдің күйін тартты. Жетісу өңірінде Қожеке Назаұлы деген мықты күйші болған. Ол 300-ден астам күй қалдырған. Оның 100-ге жуық ең таңдаулы күйлерін Жетісудың күйлері кітабына енгіздік.

Қожеке Назаұлы XІX ғасырда патшалық Ресейдің отарлау саясатына наразы болып, патша әскерінің озбырлығына қарсы бірнеше рет бас көтерген. Осыдан соң, оның артына түскен приставтар мен тілмаштар тыныштық бермейді. Ақыры, Жетісу тауларын сая, жазығынан пана таба алмай, 25 шаңырақты алып, Қытай өтіп кетеді. Онда барғанда да, жұртына жайлы қоныс таба алмай, Алтай өлкесіне, одан байыз таппай, Үрімжі аймағына, болмаған соң Текес өзенінің бойына тұрақтайды. Ол күйшілігімен қатар қол бастаған батыр болған. Ол кездегі азаматтарымыздың ұлттық рухы әлдеқайда биік болған. Бұл жерден шындық таппай, арғы бетке шындық іздеп кеткен Қожеке онда да тыныштық көрмейді. 1865-1866 жылдары бұрқ ете қалған шаруалар көтерілісінен кейін жаппай қуғын-сүргін басталғанда, түрмеге қамалады. Оны 1881 жылы жотасын көмір шоғымен қақтап, азаптап өлтіреді.

Жетісу өңірі одан басқа Ясын Мәмедінұлы, Мергенбай Ерденұлы, Сауқынбек Шаханұлы сияқты көптеген күйшілерді дүниеге әкелген.
- Бұл кісілер неге тарих көлеңкесінде қалып қойған?
- Патшалық Ресей талай боздақтарымызды жер бетінен жоқ қылды ғой. 1916 жылғы қанды қырғынға ұласқан Ұлт-азаттық көтерілісте атылғандардың, шабылғандардың ішінде небір талантты, дарынды тұлғалар бар еді, олармен бірге киелі өнер бұтағы кеткені де сөзсіз. 1917 жылы патша құлады, «елге теңдік келді» дегенді естіген ел қайтадан атамекеніне шұбырды. «Енді теңдік аламыз» деп еңсесін көтере бастаған жұртты екі жікке бөлген, кедейлер табын ғана жақтаған Кеңес Өкіметі халықтың жол бастар серкелеріне бүйідей тиді. Ірі дәулеттілерді тәркілеу басталғанда, асыра сілтеуге жол берген кеңесшілер тегіне парасат, пайымына, беделі мен өнеріне қарамай, бай ауылының адамдарын да қуғынға түсірді, барын берсе қолынан, бермесе жолынан тартып алды. Ел ішіне іріткі түсті. Тағы да босқындық басталды. Жұрттың жандысы мен малдысы, әлдісі мен сәндісі амалсыз тағы да шетел ауып кете барды. Тағы да олармен бірге ақындық, күйшілік, әншілік, жыршылық өнердің негізгі діңгегі ілесе кетті. Оларға «қашқын» деген ат тағылды. Сенімсіздік насихаты таратылды.
1932 жылғы аштық, 1937 жылғы сталиндік-голощекиндік репрессия, 1941-45 жылғы соғыс елдің өнерпаздарын жалмап қойды. 1956 жылы Қытай мен арадағы шекара ашылып, кезінде ауып кеткен қазақтар атамекеніне орала бастады. Оларға «артта қалғандар», «сырттан келгендер» деп бөліп қарады. Сол «артта қалғандар» көнеден келе жатқан күйшілік, әншілік, жыршылық өнер теңізінің алып толқынын ала келген болатын. Кеңес Өкіметі оларды көре тұра көрмегенсіді, біле тұра білмегенсіді. Небір дарындылар өнері еленбеген соң домбыра орнына таяқ ұстап, қой соңына түсті. Сөйтіп, бұл өңірде түншығып жатқан өнер салалары жинаусыз, жариялаусыз, зерттеусіз қалып келді. Тек 1980 жылдардан бастап қана зерттеле бастады.
- Өзіңіз білесіз, бір жылдары Сүгірдің күйлерін Төлеген Момбеков иемденіп кетті деген әңгіме болды. Жетісудың күйшілері мүлдем зерттеусіз қалғандықтан, олардың ескерусіз қалып қойған күйлерін орта жолдан иемденушілер болмады ма? 
- Күйлерді шыққан сәтінде нотаға түсірмегендіктен, ауыз әдебиеті секілді бастапқыда шығарған адам ұмытылып кетуі ғажап емес. Мысалы, Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» деген әнін біздің ауылдың апалары «Ораздың әні» дейтін. Бұл Ораз Жандосовтың жақсы көретін әні болған екен. Біздің ауылдағылар Сәкенді көрген жоқ, ылғи Ораздың аузынан естігендіктен Ораздың әні деп кеткен. Жақында Мұхтар Мағауин бұл ән — Мағжандікі дегенді айтты. Сүгірдің күйлерін дәл қасында отырып, ешкім нотаға түсірген жоқ. Бірақ Төлегеннің Сүгір күйлерін жетілдіруші ретіндегі, жеткізуші ретіндегі үлкен еңбегін елемей кетуге болмайды. Қазақтың қаншама әні мен күйлері осылайша халыққа жетіп жатыр. Оларды жеткізуші де өнер иелері, орындаушылар. Олар өз орындауындағы дүниелерге қолтаңбасын міндетті түрде қалдырады. Ал жаңағы «иемденушіге» нақты дәлел жоқ болғандықтан, бұл дауды қою керек. Сүгір де — тұлға, Төлеген де — тұлға. Қайсысының атымен кетсе де, күй бәрібір халықтікі, бір қазақтікі емес пе?! Екеуі де өмірде жоқ адамдар. Бос таластан не ұтамыз? Таластықтың кейінгі ұрпаққа берер өнегесі жоқ.
- Әр өңірдің күйшілік өнерінің арасында өзіндік ерекшеліктері қандай?
- Әр аймақтың өз дәстүрі болады. Сол ортаға сай күй мен ән туады. Музыка болғандықтан күй әнге әсер етпей қоймайды деп ойлаймын. Батыс өңірінің күйі мен әні екпінді келеді. Ал Қаратаудың күйі мен әні мүлдем өзгеше. Жетісудың терме орындау үлгісі мен Сыр өңірінің терме орындау үлгісі екі бөлек. Әр өңірдің күйшілік, әншілік өнерінің өзіндік мектебі бар.
- Қандай аспаптың үнін ұнатасыз?
- Қобыздың өз үні бар, домбыраның өз үні бар. Олардың бірін ұнатып, бірін ұнатпау мүмкін емес шығар. Егер күй жасанды емес, табиғи болса, қазақтың әр аспабында орындалған дүние әрқашан әсем болатыны даусыз.


Сұхбаттасқан
Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ, «Айқын».

Пікірлер