Ұстаның ұлы аманаты

3987
Adyrna.kz Telegram

Дәркембай дегенді естісе дүйім қазақ дүлдүл ұста-зергерді есіне алып, елең етеді. «Жасындай от шашатын төсті құрып, жасымнан ұсталықты кәсіп еттім» деген шебер «балғаның төске тиген шыңылымен шынығып өскен» еді. Жұртының көне жәдігерлерін жинап, оны көзінің қарашығындай сақтап, бүгінге жеткізіп, қазақтың ұлттық қолөнерін қайта тірілткен Дәркембай Шоқпарұлы елінің құрметіне бөленген жан болды. «Бала кезден бұл өнерге бой ұрып» өскен балаға «ақ әжелер талай бұйым соқтырып, таңғалып, таңдайларын қағады екен».

«Шебердің қолы ортақ». Қазірге дейін қазақтың қара шаңырақтарында шебердің қолынан шыққан бұйымдар қастерлі саналып, төрге қойылған. Бүгінде бақилық болған хас шебердің бұйымдарын елі оның көзіндей көріп сақтап отыр.
Алыстан атын ғана естіп, жасаған затын көруге асық боп жүрген ағайын болсаңыз, енді Ақши жаққа ат басын бұрыңыз. Ақши – атақты Дәркембай ұстаның туған ауылы. Көзінің тірісінде-ақ Шоқпарұлы өз шеберханасында талай шәкірт тәрбиелеп, ізгі ісінің ізбасарларын дайындап, ел аузына іліккен еді. «Шоқпарұлының шеберханасы» атанған сол шағын ұста үйі күні кеше ғана «Ұста Дәркембай атындағы облыстық қолөнер мұражайына» айналды. «Атақты шебердің мұражайы ашылды» дегенді естіген соң Ақши ауылына біз де асықтық.
Жүздеген жылдар бұрын бұл арадан Ұлы Жібек жолының керуені жөңкілген деседі. Сол тарих елесінің жетегінде жүйткіп келе жатқан Сізге жол жиегінен кешегі күннің кереметін ішіне бүккендей көгілдір күмбезді мұражай менмұндалайды. «Келіңіз, келіңіз де еніңіз!» дейтіндей. Бұл – атақты шебердің арманы болған мұ­ражай. Жеті қызметкері, алты залы бар, есесіне үш мыңға жуық жәдігермен жасанған мұражай мейірім мекені дерсіз. Мұндағы әрбір бұйымнан өнерге деген махаббатты көресіз. Көненің сарқытындай болған бұл құндылықтар асқан ілтипатпен жасалғаны әрі шебер қолдардың ғана туындылары екенін аңғару қиын емес.
Бүгінде бұл мұражайдың директоры Дәркембай Шоқпарұлының ұлы, этнодизайнер, ұста-зергер Дәулет Шоқпаров. Мұражайдағы көп дүниеден Дәулет Дәркембайұлының да қолтаңбасын көруге болады. Өзі мұнда қойылған 2400-дей жәдігер жайында жаңылмай баяндауға бар. Енді ше? «Әке көрген оқ жонар» деген осы да. Сондықтан бұл жердегі әр бұйымға оның жанарымен аялап, әлдилей қарағанын байқауға болады. Әкенің аялы алақандарынан шыққан бұл заттар асылдың парқын білер перзент үшін алтынға да бергісіз екені сөзсіз.
Көздің жауын алар жәдігерлерді жанарымен сүзіп келе жатқан Дәулет: «Әкем өмірден өткен соң отбасымызбен ойға қалдық. «Осынша мол дүниені қайда сыйдырамыз, қалай сақтаймыз?» деген сауалдар алдымыздан шықты. Әкеміздің өмір бойы тірнектеп жинап, көзінің қарашығындай сақтаған қазынасын кім көрінгенге қолды етуге құқымыз жоқ. Қала берді, ол бұйымдар көлденең көк аттыға бере салатын бағасыз дүниелер емес қой. Ағайынмен ақылдаса келе мұражай ашсақ па деген оймен жүрген едім. Кейін «Іздегенге сұраған», облыс басшылығы да біздің ойымызды қолдап, бұл іске бастамашы болып, қолұшын созуға уәде етті» деп еске алды.
Сөйтіп, «өнерліге өріс кең» дейтін өңір басшысы әрі Дәркембай ұстаның өнеріне бір кісідей қанық облыс әкімі Серік Үмбетов бұл істі қолға алуды тапсырған. Араға біраз уақыт салып мұражай да ашылды. Серік Әбікенұлының өзі арнайы келіп, лентасын қиды. Мұражайдың ашылу салтанатында әкім: «Дәркембай өлген жоқ, оның артында қалдыр­ған өмірлік қазынасы арқылы марқұмның екінші өмірі басталды. Дегенмен мұражай жалғыз Дәркембай үшін жасалған жоқ, халық игілігі үшін, жалпыға қызмет көрсету үшін жасалды», – деп атап өтті. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қолға алынған мұражай құрылысы (күрделі жөндеу) мен безендіру ісіне 50 миллион теңгедей қаржы жұмсалыпты.
Мұражай ғимараты жайында шебердің ұлы Дәулет Дәркембайұлы: «Бір кездері бұл алқапта жүзім егістігі болыпты. Сол кезде осы үй жүзімдіктің кеңсесі болған екен. Кейін бұл Дәркембай Шоқпарұлының шаңырағы, яғни біздің үйіміз болды. Мемлекет «мұражай жасасақ» деп ұсыныс білдіргенде қуана келістім. Өйткені әкемнің бүкіл мұрасы өз үйінде елінің игілігіне жараса маған одан асқан қуаныш жоқ еді» дейді.
Мұражай алты көрме залынан тұрады. Алғашқы және екінші көрме залдары шебердің шынашақтай шағы­нан бастап, ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген кезіне дейінгі өмір тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен жасанған. Ұста-зергердің фотосуретте­рі, отбасы, ұстаған бұйымдары, өлең-жырлары, алғаш қолынан шыққан туындылары сақталған. Осы бөлімдегі «Мешін» деп аталатын бетперденің тұсына келгенде шебердің ұлы: «Әкем үшін осы жәдігердің орны ерекше. Бұл – оның алғашқы жасаған дүниесі. Сондықтан да оны сары майдай сақтап, ешкімге сыйламаған. Маған да көздің қарашығындай сақтауға аманаттаған дүниесі еді» деп еске алды. Ал одан әрі ағаштан ойылып жасалған, «Ахмет ата» аталатын композицияның жанына келгенде еріксіз езу тартты. Бұл композиция – кәдімгі қазақтың қара шалының басы. Қара шал Ахмет – Дәркембайды бауырына басқан адам. Осыны көрген сайын Ахмет ақсақал­дың мүсіннің басына өзінің қалпағын ки­гі­зіп: «Ұқсамасаң тумағыр!» деп мейірленеті­нін айтып, күліп алды.
Одан әрі «Жігітке жеті өнерде аз» деп аталатын бөлімде Дәркембай Шоқпарұлының түрлі көрмелерде ал­ған марапаттары мен медальдары, шебер жайында жазылған мақа­лалар мен зерттеу материалдары, сондай-ақ қазақ халқының көшпенді тұрмысынан сыр ағытатын мүліктер, жиһаздар, алуан бұйымдар қойылған. Осы жерден жазушы Сағадат Сәлімбаевтың шебер туралы «Дара тұлға Дәркембай» атты кітабын да көзіңіз шалады. Олардың қатарында киіз үйдің керек-жарақтары, сырмақ, тұс киіз, сандық, диірмен, жозы, келі мен келі сап, шоқпар, қамшы дейсіз бе, торсықтың да неше атасы, тіпті астауға дейін бар.
Ал одан кейінгі көрме залынан түрлі музыка аспаптары мен көздің жауын алар зергерлік бұйымдар орын тепкен. Бұл бөлімде мұражай меймандарының көзіне жылыұшырап, ерекше көз тартатын бір өнер туындысы бар. Ол мұражай иесі, шебердің артындағы көзі – Дәулетке де ыстық. Бұл – ұзын мойынды, шағын әрі сопақ шанақты оюланған домбыра. Оның шанағындағы «Дәулет Дәркембайұлы 1979 ж» және «ұста Дәркембай Шоқпарұлы шапырашты»(арабша) деген жазулар бар. Қозықұйрық домбыра деп аталатын аспап өзінің сыртқы сүйкімділігімен де баурайды екен. Бұл бала шағынан өзі өнерге баулыған баласы Дәулетке арнап жасалған домбыра екен. Өзге ұлттың музыкалық аспаптары да осы жерден орын тепкен. Осы орайда Дәулет Дәркембайұлы Алматы­дағы Ықылас атындағы халық музыка аспаптары мұражайындағы жәдігерлердің бі­раз бөлігі әкесінің қолынан шыққан туындылар екенін атап өтті. Тіпті олардың біразы бүгінде қолданыста жоқ, бірақ ғылыми зерттеуге сүйене жасалған туындылар екен. Сондай-ақ ҚызПУ-да орналасқан «Ақтұмар» мұражайының да көп жәдігерлері ше­бердің бұйымдарынан жи­нақталған.
Бұдан кейінгі залда саят пен серуенді ұнататын қазақ үшін қажетті қару-жарақ, түрлі ат әбзелдері, сондай-ақ ұстаның құрал-саймандары орналасқан. Бұл жерден қақпанның да сан түрін кезіктіруге болады. Қақпанмен қатар күрзі тасты, ағаш пен темір шәңгектерді, қазықты да байқай аласыз. Құсбегі мен оның қыранына қажетті заттарды – «Саятшының саймандары» деген жерде тұғыр, балақбау, саптыаяқ, томаға, балдақтан көресіз. Олармен таныса жүріп түрлі этноатауларға да қанық боласыз.
Мұражайға кіргеннен біздің назарымызды ерекше аударған бір жәдігер болды. Ол – ағаштан ойылған Қарасай батырдың мүсіні. Бұла күші бойында бұлқынып, айбатты жүзімен тесіле қарап, садақ тартып тұрған батыр бейнесі өте сәтті шыққан. Өнер иесі ұлының айтуынша, шеберлер мейлінше табиғаттың өзі ойған, ұқсатып жаратқан заттарды өзінің объектісіне айналдырады. Мәселен, мына ағаштан батырдың бейнесін көру, кейін оны жонып шығу кез келгеннің қолынан келмесі анық.
Тағы бір залда шебер жасаған үй жиһаздары аса бір үйлесіммен орна­ласқан. Қошқар басты орындық, асадал, түрлі ағаш төсектер де осы жерде.
Бұдан бөлек мұражайдың қос бірдей қор бөлмесі бар екен. Бұл жерге де бас сұққан біз әлі аршылып үлгермеген қазынаға тап болғандай тұрып қалдық. Осыны аңғарған шебердің ұлы «Бұл жерлерде әлі талайды таңғалдыратын ғажап дүниелер бар. Қазір мұражайға тек әкемнің жиған, жасаған дүниесі­­нің бір бөлігі ғана қойылды. Жал­пы жәдігерлердің саны үш мың­нан асып жығылады. Тіпті одан да көп болуы мүмкін. Өздері­ңіз байқап отырғандары­ңыз­дай бұл жерде орын тапшы. Сондықтан болашақта мұ­ражай аясы үлкейіп жатса біраз дүниелерге көрермен кө­зайым бола алады» деді. Шындығында да сандықтың түр-түрі, самаурынның небір ғажайыптары да әзірге осы жақ­ты мекендепті.
Жалпы алғанда Дәркембай Шоқ­парұлы атындағы мұражай жәді­герлерінің біразы тарихи, мәдени туындылар, бір бөлігі шебердің өз қолынан шыққан дүниелер болса, енді бірқатары оның шәкірттері жасаған, кейін ұстазына сыйға тартқан бұйымдар. Шәкірттері демекші, шебер елін тек өз өнерімен ғана емес, шәкірт тәрбиелей білуімен де тәнті еткен. Осы жайында ұлынан сыр ағытқанымызда Дәулет аға: «Әкем осыларға үйретіп пайда көрейінші деген адам емес. Әкемде тек «өзімнің өнерімді жалғайтын балаларды халқының кәдесіне жарайтын бұйымдар жасауға баулиыншы» деген мақсат болды. Сондықтан да ол шәкірттерін бейресми тәрбиеледі деуге болады. Олар шәкірттер ғана емес, біздің үйдің бел баласындай болып кететін. Бүгінге дейін әкемнің 500-дей шәкіртінің аты-жөнін анықтадық. Анықталмағаны қаншама?!..» Осы сәт шебер ұлының жүзінен аздаған реніш пен өкініштің табын байқағандай болдық. Оның себебін сұрағанымызда: «Өкініштісі сол, бүгінде есімдері ел аузына ілігіп, біраз танылған шеберлер әкемнің алдын көріп, тәлімін алғандар. Үйде айлап, жылдап жатып осынау игілікті іске машықтанғандар. Сөйте тұра бүгінде «бұл өнер маған сонау пәленшесінші ата-бабамнан қонған еді» деп сұхбат беріп жатады. Әкеміздің есімін ауыз­дарына да алмайды. Бізге олардан түктің де керегі жоқ. Тек жасы келген анама ауыр. Теледидар көргенде «Өй, мына бала біздің үйімізде ана бір жылдары жатып үйренген Дәркембайдың шәкірті ғой» деп қуанып, ал тыңдап болған соң мұңайып қалатыны бар. Ақ адал асын беріп, өнерін үйреткен жанға деген құрмет қайда, аруақ алдындағы парыз деген болушы еді ғой…» Дәулет Шоқпаровтың айтуынша, шебердің шәкірт тәрбиелеу әдісі ерекше екен. Алдымен алдына келген баланың шыдамдылығын байқау – шебердің бірінші сынағы. «Әкем өте талапшыл болатын. Шыдамдылықты сүйетін. «Шыдамды шебер, ұстамды ұста бола алады» деген содан қалған шығар. Келген жастарды алдымен 1-2 ай түрлі жұмыстарға жұм­сап, шыдамдылығын бай­қай­тын. Тым күйге­лектеу, шырт етпе шыдамсыздарын байқаса келген бағытына қайтарып жіберетін. Өйткені тек шыдамды адам ғана шебер болып қалыптаса алады. Одан бөлек ұста-зергерлердің небір өткір құрал-саймандармен жұмыс істейтінін білесіз. Одан бөлек баланың жауапкершілігі ұстаздың мойнына жүктелетіні тағы бар. Мұндайда асқан төзімділік пен сақ­тық, салқынқандылық керек. Сондық­тан әкем шын өнерге шыңдалуды шыдам­ды­лықтан бастайтын» деп есіне алды.
Мұражайдан шыққан біз қара­ша­ңырақтан дәм таттық. Кең әрі ең­селі үйге енген біздің көзімізге алғаш түскені теледидар астындағы жозы еді. Әйнектен әдемілеп ойылған заманауи үстел емес, керісінше ұлттық бұйым жо­зының жарасым беріп тұрғанын алғаш көруіміз. Қызыға қарап отырғанымды көрген үй иесі: «Әкемнің үйінде де өз қолынан шыққан бұйымдары тұруы керек қой. Оған қоса жозы – көненің көзі, үйге ерекше жарасым беретін жиһаз» деп қосып қойды. Дас­тар­қан басында Дәулет Дәркембай­ұлы мұражайдың жұмыстарын жандандырып, енді ғылыми тұрғыда жетілдіруді қолға алып жатқанын айтты. Бұған Дәркембай Шоқпарұлының асқан шебер ғана емес, танымал этнолингвист, этнограф, ақын, өнертанушы екенін еске алсақ та жетіп жатыр. Демек Дәркембай ағаға қатысты әлі талай құнды дүниенің жарыққа шығары сөзсіз. Оның бірі жақында қолымызға ти­ген «Алматыкітап» баспасы шы­ғар­ған Д.Шоқпарұлының «Қазақтың қол­данбалы өнері» кітабы. Дәулет Шоқпаровтың айтуынша, бұл кітап­тың орысша, ағылшынша нұсқалары да дайындалып жатыр екен.
Халқымыздың дәстүрлі төл өнері,
Кәсібім – ата мұра қол өнері.
Жинадым әдет-ғұрып, салт-дәстүрін,
Елімнің көзге ыстық көнелері.
Жинаған талай жылғы коллекциям,
Тыңдаған қарттарынан өлмес күй, ән.
Көненің көзіндей бұл мұрағаттан,
Дер едім, келер ұрпақ көрмес зиян.
Сенемін, келер ұрпақ көрмес зиян,
Өнерім, өлеңімді дербес құям.
Қабылда аманатты, туған елім,
Алтын бесік, алауы сөнбес ұям! — деп Дәркембай ұста қойын дәптеріне қолтаңбасын қалдырыпты. Әлі талай мұражайды жасандыратын бұл жәдігерлер ұстаның ұлтына деген ұлы аманатындай көрінеді екен.
«Тектінің ұрпағы тек кетпес». Рас-ау. Жанында жүріп байқағанымыз, Дәулет Дәркембайұлының өзі де талант иесі ғана емес, тынымсыз еңбектің адамы. Жарқын жүзінен жанының жайсаңдығын аңғару қиын емес. Кейінгі жылдары баспасөз бетінде этнографияға қатысты сан алуан мақалалар жазып жүргені бір бөлек, енді мұражай ісін қолға алғалы бері әке аманатына абыроймен қарайтын перзент этнография саласында арнайы білім алуды алдына мақсат етіп қойып отыр екен. Иә, перзент парызы әкенің басына көктас қойып, тал еккенмен өлшенбейтінін затынан зерек өскен зерделі ұл біледі. Білгендіктен де базбіреулердің бара алмайтын ісіне білек сыбанып кірісіп те кетті. Тек Жаратқан жар болсын дейік.


Динара ІЗТІЛЕУ,
Алматы облысы,
Еңбекшіқазақ ауданы

 

Пікірлер