Рамазан Стамғазиев: Дәстүрлі әнін ұмыту — дарақылықтың белгісі

2421
Adyrna.kz Telegram

Рамазан Стамғазиев дәстүрлі ән өнерін самғау биікке көтерген таланттар шоғырының алдыңғы легінде келеді. Оның кең тынысты, жанға жайлы қоңыр үні тек еліміздің ғана емес, көптеген шет елдердің айтулы сахналарынан сан мәрте қалықтады.
Бүгінде көпшіліктің сүйікті әншісіне айналған Рекеңнің өскен ортасы, жан дүниесі оқырмандарымызды да қатты қызықтырары ақиқат. Осыған орай Алматы облысындағы меншікті тілшіміз Қызжібек Бәкір әншімен жолығып, емен-жарқын әңгімелескен еді.

Абыз ақсақалдары көп ауылда туып өстім

— Қай адам болмасын, өзі туралы басына ой келгенде ең алдымен кіндік қаны тамған туған жерін, ел-жұртын көз алдына елестетеді. Бұл қасиет, әсіресе, ауыл түлектеріне тән. Ендеше, Рамазан аға, «Жас кезімде қимайтұғын өмірім, қартайғанда ұялмайтын болса екен» деген қағидаға арқа сүйеген ауыл баласы екендігіңізді қандай танымыңызбен жеткізер едіңіз?
— Қарт Алатау, оның бергі жағында еліміздің ең биік шыңы Хан-Тәңірінің бауырындағы 70-80-дей ғана түтіні бар, ұлтарақтай ғана Көкпияз ауылында туып-өстім. Бұл ауыл Кеген ауданына қарайтын. Бертінде Кеген мен Нарынқол аудандары бірігіп Райымбек ауданы деп аталды. Көкпияз атына заты сай шағын ғана кілең қазақтар тұратын қазақи ауыл болатын. Әкеміз жайлаудан қайтқанда «мынау қоға жуа, мынау қанжыға жуа, мынау ит жуа» деп, рауғаш сияқты неше алуан өсімдіктер мен шөптердің түр-түрін үйге бөліп-бөліп ала келетін.
Қандай да ауылды абыз қарттарсыз елестету мүмкін емес. Біздің де ауылымызда көпті көрген көнекөз қарттарымыз болды. Ауылдың абыздары десек те болады. Кейде жасы үлкендердің көбісін қарт деп жатамыз. Менің ұғымымда сол үлкендеріміз қарт емес, яғни, 70-80-дегі аталарымыз салиқалы, салмақты әңгіменің майын тамызып жеткізе білетін, шежірені тарихшылардай қолмен қойғандай етіп тарата білетін, өткен өміріндегі көрген-түйгендерін бүгінгі күнмен сабақтастыра отырып соның үлгісін көрсете алатын ғұлама жандар екен. Оқусыз-ақ осындай қарт болу үшін де үлкен өмір, терең пайым, табанды еңбек керек екен-ау…
Ауылда кешкісін өрістен қайтатын малдың келуін «пада келеді» деп айтып жатушы едік. Сол пада келетін уақытта Көкпияздың басындағы көк биік деген биік бар, сол биіктің етегіне Күлтөбенің басына жиналған билердей ауылымыздың ақсақалдары жиналып, әңгіме-дүкен құратын. Сол шалдарымыздың қоғамның бүкіл ақпаратынан тыс қалмай, естіп-көріп білгендерін өз орталарында талқыға салып, өз пікірлерін ашық, әрі ашына білдіріп отыратындықтарын қазір есіме алсам, мені қатты таңғалдырады. Мәселен, «Қыз Жібек» фильмін талқылағанда, бірі — Қызжібекті, бірі — Төлегенді, бірі — Бекежанды қолдап және әрқайсысы өз кейіпкерлерін не үшін қолдайтындықтарын дәлелдей келе «ей, анау Сансызбай қайда қалған? Тарихты неге бұрмалайды?» десетін. Енді ол кісілер кино түсірудің тәсілін білмейді ғой.

Дегенмен, тарихи маңызы бар ұлттық дүниелерге келгенде жандарын беретіндіктері, оқымай-ақ көкірекке тоқығандықтарына соншалық қайран қалатынмын.

Төлеген ауылына қайтарда Қызжібекпен бір-біріне жолығысатын тұсы бар емес пе. Осы көрініске ақсақалдар мынадай пікір білдіреді: «Баяғыда ер адамның мінетін ер тоқымы арнайы шабылып, оған тек ерлер мінетін болған, әйел адам мінбеген. Әйелдің де ер тоқымы өзіне арнайы шабылатын. Оған ер адам мінбеген. Намыс көретін. Жауға шабатын, жүк артатын, көшкенде пайдаланатын ер тоқым болып бөлініп кете баратын. Бірақ, мына кинода үш жүзге аты әйгілі Төлеген әйел адамның —Қызжібектің ер тоқымына мініп, ауылына қалай қайтты? Намыс қайда?» деседі. Міне, олардың ұлттық дәстүрімізге дейін қалт жібермей, байқап отырғандығын осындай әңгімелерінен байқауға болатын. Ұлт үшін қоң етін кесіп беретін ақсақалдарымыздан талай-талай әңгімелер естіп, ержеттім.
Ауыл ақсақалдарының бергі жағында әкемнің анасы Айымхан деген әжеміздің де көрегенділігі біздерге көп әсер еткені рас. Айымхан әжем парасатты ана болатын. Үлкендердің тәрбиесі бойынша әкемізді аға деп, анамызды тәте деп өстік. Стамғазы атам соғысқа кетіп, 1944 жылы Ленинградтың түбінде қаза болған. Әжемізден ши тоқу, киіз басу сияқты қолөнер түрлерінің қалай орындалатынын көрдік. Киіз басатын үйдің маңайында қызық көріп жүрген балаларға кәмпит тарататын. Қызықтаушы балалар киізді түске дейін тепкілеп басып беретінбіз. Ең кереметі, осындай ауылдан мықты әншілеріміз де шықты. Олар Темірболат ағамыз, ауылдың үлкендері бұ кісіні «Бөкеш» деп атап кеткен. Оралбай Мұхамедиев ағамыз бүгінде облыстық Сүйінбай атындағы филармонияда әнші. Інілері де өзінің жолын қуды. Домбырашы Нұрәлім аға ауылдың жастарын жинап күй үйретіп, неше алуан қойылымдар дайындайтын. Концерттер ұйымдастырғанда ансамбльдің қарасын көбейтіп, соңында отыратынбыз. Осындай шағын, берекелі, ынтымағы жарасқан ауылдың ажарын кіргізетін салт-дәстүріміз бен үлкендердің парасаттылығын сөзбен жеткізе алмаспын. Әсіресе, наурыз мейрамы тамаша аталып өтетін. Өзім секілді балалар кимешек киген әжелеріміздің қасына ілесіп, наурыз тойын тамашалаймыз. Кимешектің неше алуанын ісмер әжелеріміз өздері тігіп алады. Әр үйге немесе әр ауылға барғанда кимешектерін өзгертіп, ауыстырып отыратын. «Каталок» дейді ғой, біздер сол «каталокке» наурыз көжеден құйғызып аламыз. Жеңгейлеріміз наурыз көжені жеті рет санап құяды. «Наурыз берекелі болсын», «Тіл-көзден аман болыңдар», «Қазандарың майлы болсын» деген сияқты мағыналы-баталы тілектерін айтып құятын. 70 түтін үй бір-бірінің табалдырығын аттап, бір-бірінің үйін думандатып жататын. Осындай ғажайып ауылда дүниеге келуді Алла тағалам бұйыртқан шығар.
Әкем Өмірәлі мен анам Ұлдахан тоғыз ұл-қызды дүниеге әкелген, бүгінде ұлын ұяға ұшырып, қызын қияға қондырған жандар. Бәрімізді оқытты, жоғары білім әперді. Әкем осыдан үш-төрт жыл бұрын дүниеден өтті. Анамды ауылдан Алматыға кенже ұлымен бірге көшіріп әкелгенбіз. Ақбұлақ ауылында тұрады. Менен үлкен бір әпкем, бір ағам бар, балалардың үшіншісімін.
Қара домбыраны әкеміздің тізесінде отырып үйрендік. Анамыз күні бүгінге дейін қара өлеңімен ауылда тойбастар айтады. Менің анам Мұқағалидың тұқымынан. Әнді керемет айтады. Сондықтан болар, бойымыздағы өнерді өз жұртымыздан немесе нағашы жұртымыздан келді деп басып айта алмаймыз, бұл да болса Алланың нәсібі деп қабылдаймын.
— Рамазан аға, сол періште анаңыз бен өмірлік жартыңыз ғана емес, өнердегі қанаттасыңыз әнші Ұлту Қабаева турасында, яғни, ене мен келіннің жарасымдылықтары жайында ой бөлісіп көріңізші…
— Біз Ұлту екеуміз отбасылық өмірге қадам басқанымызда ата-анамыз ауылда, біз Алматыда болдық. Көзі ашық, оқуға талпынысы бар ауылдың ұл-қыздарының бәрі де Алматыға оқуға тартып отырдық. Сонда бізде үй де жоқ, күй де жоқ. Гастрольден-гастрольдетіп, домбыраны қолтықтап ел-елді аралап жүргенде Ұлту балаларды қарап ауылда қалатын. Екі-үш айлап облыс-облыстарды аралаймыз. Ауылға бір-ақ аптаға барып қайтам, қайта гастроль басталатын. Содан бірде әкем шақырып алып: «Балам, сен енді бойдақ емессің. Біреудің перзентінің екінші бір шаңыраққа барып сіңіп кетуі оңай шаруа емес. Келін болса әлі біздің қас-қабағымызды бағып жүр. Келін жақсы, көргенді жердің баласы. Енді сен есіңді жинап, түтініңді өзің түтет. Басыңа үй ал, болмаса елге қайт, үй жетеді» деген ақылға салып ойланар деді ме, әкелік сөзін айтты. Ауылға қайтайын десем, кезінде ауылдың адамдары мені оқуға шығарып саларда: «Қалаға барып оқы, өнеріңді жетілдір» деген болатын. Сонымен, екі ойдың ортасында әрі-сәрі боп жүргенімде анам шешімін айтты. Анамның жол нұсқауымен біз Алматыға келіп тұратын болдық. Жұмысқа орналасып, аяғымызды тәй-тәй басып, ел қатарлы өмір сүре бастадық.
Сауалың анам мен Ұлту туралы болғандықтан, мына жайтты айта кеткенім әбестік болмас. Ұлту алғаш ауылға келін болып түскенде үйге бас сұққан үлкендердің алдынан қарсы алып, басынан орамалын тастамай, сәлемін салып жататын. Сондайда салт-дәстүрдің жөн-жоралғысын білетін үлкендер көздеріне жас алып: «Айналайын-ай, біз осындай сәлемді ұмытқалы қай заман» дегендері бар. Үлкен құдамыз (әпкемнің қайынатасы) ауылдың сол кезде сельсоветі еді. Сол құдамыз жиналыста: «Өмірәлінің келінін қараңдар, басынан орамалын тастамайды. Сәлемін үзбейді» дейді екен. Ұлтудың нағыз қазақтың келіні екендігі совхозда үлкен әңгіме болғаны бар.
Бір күні келсем Ұлтудың басында орамал жоқ. «Орамалың қайда?» десем, «маған үлкендер рұқсат берді» дейді. Сөйтсем, ата-анам: «Балам, сен де біздің бір қызымызсың. Сендер енді даланың емес, қаланың қазағы боласыңдар. Өзіміз рұқсат еттік», — депті. Өз жарымды мақтағаным ыңғайсыздау да шығар, бірақ, ақиқатты жасырып қалуға тағы болмайды. Ұлту әулетімізде анамның оң қолы десем, артық айтқаным емес. Әулетімізге қатысты барлық шаруаны анаммен бірдей жүріп көтеріседі, ақылдасады. Анам да кейде қиюы келмей жатқан шаруа болса: «Ұлту шешсін» деп келініне жолын береді. Тіпті, қарындастарымның өзін анам «Ұлтуға барыңдар, сол ақылын қосады» деп Ұлтуға жіберіп отырады.

Бірінші хатшы мені машинамен алдыртатын

— Балаларыңыздың өнерге деген көзқарастары қандай?
— Осы сауал Ұлту екеуміздің алдымыздан жиі шығады. Балаларымыз өнерді бір кісідей түсінеді. Бірақ, таңдаған жолдары басқа. Ұлым Олжас Қазақ-Британ университетінің соңғы курсында оқиды. Мамандығы — экономист. Қызым Перизат — Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетін келесі жылы бітіреді.
Бір кездері Олжас үйдің ішін лаборатория жасап жіберген. «Тұқымымызда химик жоқ еді. Не боп кетті өзі?» дегенім бар. Содан баламның сабағына барсам, химия пәнінің мұғалімі өз пәнінің білгірі екен. Сол мұғалімі жұмыстан кеткен күннен бастап, балам да химияны тоқтатты. Айналасындағы балалар да химия сабағын өте жақсы оқыған. Орта балаға қатты әсер ететінін сонда білдім. Олжас мұнымен қоймай спортқа да кірісіп кетті. Таэквондаға барды. Суда жүзумен де біраз айналысты. Содан спортшы болар ма екен деп жүргенімде, 7-ші сыныпқа барғанда балам: «Әке, мен физика-математика мектебіне барам», — деді. Баланың бетінен қақпайын деп, өз қалауындағы мамандығына баруға келістім. Арнайы мектепті аяқтап, өз білімімен жоғару оқу орнына да түсті. Ал, өнер жағынан келгенде қара домбыраны қолынан тастамайды. Құрбы-құрдастарының ортасында өлеңін айтады, менің байқауымша, өз ортасында жезтаңдай әншілерінің бірі ұлым сияқты. Қызым да ән айтады. Бірақ, оның қабілеті тілге жақын. «Әке, мен тіл оқимын» дегенде, қызымызды да өз жолынан бұрып өнерге алып кеткен жоқпыз. Ағылшын, қытай, орыс тілдерін жетік меңгерген. Түрік тілін енді бастап жүр. Балаларымыз кішкентай кезінде өзімізбен шет елдерге көп шықты. Барғанда «ананы бер», «мынаны бер» деп сұрай алмайтын тіл білместігіміз қызымыздың жанына қатты батқан болуы керек.
— Жақсылармен жанасып жүрген жандар өз өмір өрісінде белгілі пікір қалыптастыра алады екен. Сіздің де Рамазан Стамғазиев болып қалыптасуыңызға сондай игі жақсылардың шарапаты тигені рас.
— Бастауыш мектепте Айман есімді апайымыз сабақ берді. Көкпияз ауылында бастауыш мектеп қана болатын. Содан төртінші сыныптан бастап көрші ауыл Шырғанақта оқуымды жалғастырдым. Осы күнге дейін мұғалімдерім «Рамазанды мен оқытқам» деп таласады. Расында да, әр ұстазымның өз орны бар. Ал, өнер саласындағы ең алғашқы ұстазым — Ермек Құрманғалиев. 6-шы сыныпта жүргенімде Алматыда өткен «Өнерге қанат қаққандар» атты байқауға келіп, бас бәйгені жеңіп алғанмын. Бас бәйгеге маған Қырымға, Артек лагеріне демалуға жолдама берген. Ауылда шәй ішіп үйренген баламыз. Алматыға сонда келгенде Ермек ағайым «тамағың ауырады» деп балмұздақ әпермеді. Ағайымның қолында ыстық шәй құйып алған термосы бар. Маған шәй беріп, дауысымды бақылауға алып, жағдайымды жасағанын артынан түсіндім ғой. Ермек ағайым күні бүгінге дейін хал-жағдайымды сұрап хабарласып тұрады. Домбырашы Нұрәлім ағай мен Ермек ағайларым дұрыс ән тауып алса болды: «Рамазан мынаны оқып көрші, айтып көрші, сақтап жүр» деп маған беретін. Ең қызығы, 6-шы сыныпта оқып жүрген кезімде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бексырға Данышпанов және Амангелді Бұқабаев деген кісілер мені іздеп кеп, көріп, танысып кеткен. Осы кісілер мен мектепті аяқтағанға дейін хабарласып, ауданның пионерлер күніне орай өтетін әрбір жиналыс-мерекелі күндерінде, слеттарында ауданнан үйімізге машина жіберіп, мені алдыртатын. Ауданның бірінші хатшысының көлігі біздің үйіміздің алдында тұратын. Тіпті, со кісілер жаңа көйлектер мен галстуктерге дейін әперіп «осы баладан бірдеңе шығады, бұ баланы алға қояйық» деп отыратын. Сенім артқандары соншалық, мектепті аяқтаған кезімде қолымда музыкалық білімі бар деген дипломым жоқ кезде мені аудандық музыкалық мектепке мұғалім етіп орналастырды. Бір жыл сабақ бердім. Нотаны білетінмін.
Арада бір жылдан соң әскер қатарына шақырылдым. Әскерге кетердің алдында эстрада және цирк студиясына (ол кезде осылай аталатын) марқұм ұлағатты ұстаз Жәнібек Кәрменовтің алдына бардым. Ол кісі менің дауысымды тыңдады да: «Рамазан, сен әскерге барып кел, жолыңды бөгемейін, келген соң бастайсың», — деді. Екі жыл әскер қатарында болдым. Келген бойда Жәнібек ағама қайта келдім. Осы өзің отырған кабинетте ұстазым қабылдады. Студенттерді жаппай ауыл шаруашылық жұмысына апаратын. Сол жұмысқа студенттермен бірге кеттім. Қайта келгенде Қайрат Байбосынов ағамыз келіпті. Қайрат ағамыздың әндерін ауылдағы қара радиодан құлағымыздың құрышы қанғанша еститінбіз. «Осы кісінің алдына барсам-ау» деген балалық арман болған. Сол тілегенім алдымнан шықты. Қайрат аға қайтадан дауыс диапазонына қарай топ-топқа бөліп, мен Қайрат ағаның класына түсіп, осы класты аяқтап шықтым. Менің бағыма Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Қанат Омарбаев сынды ағаларым кезікті. Осы ұстаздарымыз біздерді екі жылдың ішінде сахнаға «қашап», дайын әртіс етіп шығарды.
Оқуды аяқтай салысымен Нұрғали Нүсіпжанов ағамыздың қолына түстім. Нұрғали аға сегіз жылдай қасына ілестіріп жүрді. Ілестіре жүріп бүкіл сахна мәдениетімен таныстырды. Ауыл-ауылда, аудан-ауданда, облыс-облыстарда, керек десеңіз, шет елдердегі әрбір сахнаға түсіп-шыққандағы үйренген жетістіктерімнің бәрі — Нұрғали Нүсіпжановтың сабағы дер едім. Репертуарды іріктеуді де мықтап үйретті. Қысқасы, Нұрғали аға мені сегіз жылдың ішінде «үтіктеп» шығарды. Жәй ғана әнші етіп шығарған жоқ. Мені ансамбльге тенорға, екінші домбыраға отырғызып қойды.
Сонымен қатар, Зейнеп Қойшыбаева, Мағауия Хамзин, Меруерт Өтекешовалар да дәріс берді. Кейде ұстаздарым жайында айтқанда, аттарын түгел айта да алмай қалам. Аттары аталмай қалған біреулері ренжіп те қала ма деп ойлаймын. Жалпы көзімді кәсібилік деңгейде ашқан ұстаздарым жоғарыда аттары аталғандар.

Дәстүрлі ән — қараусыз жатқан сала

— Ал, енді өзіңіз секілді қазақы болмысты ағалар алға сүйреп келе жатқан дәстүрлі ән мектебінің тыныс-тіршілігі қалай жүруде?
— Дәстүрлі әншілерде өкпе көп. Жоғары жаққа айтамыз-айтамыз, бірақ, еститін құлақ жоқ. Кейде өзімізді-өзіміз қайрап-қайрап жоғары жаққа шығып аламыз да бетіміз қайтып, қайтып келеміз, «біздікі де дұрыс емес шығар» деп. Себебі, қазір нарықтың заманы. Шыны керек, біздер айтудан шаршадық. Елімізде дәстүрлі әншілерге лайықталған үлкен зал жоқ. Керек десеңіз, дәстүрлі әншілер туралы ақпарат жүйелерінде тұщымды хабарлар да жоқ. Дәстүрлі әншілердің жыл сайын өтіп келе жатқан халықаралық конкурстары, республика көлемінде өтетін «Шабыт», Әміре Қашаубаев атындағы, Дәнеш Рақышұлы, Кенен Әзірбаев атындағы байқаулар туралы, болмаса сырнаймен Майра Уәлиқызы атындағы конкурсты, осы сияқты қаншама байқаулардың өткізілгендігі туралы неге ақпараттар толық берілмеске?! Өнерлі балаларымызды дәріптеп көрсетіп жатқан телеэкранды немесе басылымдарды көрмейсің. Мәселен, «Шабыт» фестивалі өтті дегенде балетті, скрипканы, болмаса пианиноны айтады, жазады. Неге осындайда ұлттық дәстүрлі әндерімізді дәріптемеске?! Осы оқу орнын бітірген қаншама мықты-мықты дарынды балаларымыз қара домбырасын құшақтап нарықтың үлкен көшінде шапқылап жүр. Біз өзімізді-өзіміз «тәубә, соңы жақсы болсын» деп жұбататын елміз ғой. Жүдә болмаса Мұқағалиша жеткізгенде «шаң басқан архивтерден табылып қалармыз…».
— Өзіңіз сабақ беретін Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде ән мектептері бойынша сала-салаға бөліп оқытып, шәкірттер тәрбиелеудесіздер. Бірақ, бітірген мықты сол мамандарымыз қайда кетіп жатыр?
— Осы колледжді бітіргендер консерваторияға, Өнер академиясына оқуын жалғастыруға барады. Өнер қара шаңырақтарында отырғандар жастарға орнын босатып бере қоймайды. Немесе ол кісілерді орнынан текке алып тастай салмайды. Әрқайсысы өз кәсіби деңгейінде жұмыс істеуде. Жыл сайын он-он бес бала дәстүрлі ән класын бітіріп шығады. Бәрі де жәй балалар емес. Сабақ беруге де, сахнаға шығуға да дайын таланттар. Қаттырақ айтқанда, олар көшеден келіп екі ән айтып, атақты болып кететін де балалар емес. Себебі, олар дәстүрлі әндердің қайдан келгенін, әннің тарихын бүге-шігесіне дейін білетіндер.

Жалпы, дәстүрлі ән — қараусыз жатқан сала. Ал, қазір үш айдың жүзі болып қалды, Аграрлық университетінде «Адырна» атты продюссерлік орталық құрылып, мұны ұйымдастырған жігіттермен ақылдаса отырып, таяуда ғана Ақан сері, Біржан салға арналған концертімізді өткіздік. Кештеріміз мұнан кейін де Мұхит, Кенен атындағы деп жалғаса бермек. Бұған мемлекет бір тиын бөліп, болмаса бас көтеріп жатқан адам жоқ, өзімізбен-өзіміз дегендей…

Орталығымыз тәй-тәй аяғынан тұрып алғаннан соң, халыққа жариялауды жөн көрдік.
— Бүгінде әншілер жеке кештерін өткізуді бәсеке жарысқа айналдырып алғандай. Дегенмен, әншінің жеке кешінде тыңдаушысына ұсынатын, өзіндік көрсететін дүниесі болуы керек емес пе. Осы арада сіздің бойыңызда әніңізге ғана емес, айналаңызға да керемет талғаммен қарайтын мінез бар екендігі байқалады.
— Менің айтқан әндерімнен есті құлақ, болмаса кейінгі жастар аз да болса санасына керек дүниесін ән арқылы тауып алса, орындаған әнім қажетіне жарап жатса, нәр алса, еңбегімнің ақталғаны деп ойлаймын. Өзім дәстүрлі әншілердің өкілімін. Сондықтан болар, жәй ғана әндерге бой ұра бермеуіміз.
Концерт деген еріккеннің ермегі емес. Кей әріптестерім жеке концерт берудің не екенін түсінбейді. Басында, ортасында, соңында бір айтады да, мен концерт бердім дейді. Жоқ, әр әншінің жеке өзінің халыққа беретін, көрсететін дүниесі болуы міндетті. Концертті қыруар қаражат шығарып жасағаннан кейін оны тыңдармандарыңның жүрегіне жететіндей дәрежеде өтуін ой елегінен әбден пісіріп алып берген дұрыс. Мысалы, мен алғашқы концертімде жан-жақтылығымды көрсеткім келді. Дәстүрлі әнмен де, эстрадамен, фольклормен, оркестрмен, хормен деген сияқты. Екінші концертімде концерттік жүйеге байланысты орайластырдым. Бірінші бөлімге терме-толғауларды, екінші бөлімге Жетісу әуендерін, Арқа мектебінен алын-ған әндерді кіргіздім. Кілең домбырамен айтып, құлақты қашатып жүрген әндерді басқа жанрмен, эстрадамен, эстрада болғанда да қазақи бояумен алып шығатындай жанрмен жасадым. Кейін репертуарыма қарап отырсам, Абайдың әндері аз екен. Содан үшінші бөлімді Абайға арнадым. Төртінші ретро әндер мен дуэттермен жүйеледім. Сонымен, бір концерттік бағдарламамды көрсеткенмін.
Қазіргі концерт өткізудегі жүйемде сонау Біржан салдан бастап кейінгі серілердің соңы болған Кенен Әзірбаевтарға дейінгі аралықты қамтысам деген ойым бар. Бірақ, дәстүрлі ән кешіне арналған залдың жоғын жоғарыда айтып өттім. Опера театрларына қоюға болады, бірақ, оған үлкен қаражат керек. Айталық, студенттер сарайында кешіңді өткізу үшін бір күндік арендаға 1 миллион 200 мың теңге ақша төлеуің керек. Республика сарайы жабылғалы көптеген әншілер кештерін осында өткізуде. Сондықтан ба бағасын да тым көтеріп жіберген.
— Бүгінде кез-келген адам мақтауды қажет етеді. Сынға тоңмойындық танытамыз. Бірақ, осы сынның өнер иесіне аса қажеттілігін пайымдай бермейміз. Өзіңіз сынның мектебінен қалай өтіп, қалай қабылдап едіңіз?
— Сын жеке орындаушыларға аса қажет. Бірақ, сын деген нәрсенің қажеттігін өзіміз әлі түсіне алмай келеміз. Сынның мектебінен өттім. Әлі де өте берем. Өйткені, «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген. Мен осы тап-тұйнақтай болдым, осыдан кейін білімнің де, тәжірибенің де қажеті жоқ деп тоқмейілсу асқандық-тасығандық дер едім. Адам өзіне өмір бойына талап қойып, өмір бойы оқып, өмір бойы айтылған сыннан нәтиже шығаруды әдетке айналдыру керек.
— Ой салар сырлы әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан Қызжібек БӘКІР,
«Алтын Орда»

Пікірлер