Бауыржан Халиолла: Айтысқа қуарып келіп, қуанып қайтамын

2816
Adyrna.kz Telegram

- Жайықтың жігіті, жағ­дайыңыз қалай? Не тіршілік, не күнкөріс?
- Бәрі де жұмбақ. Сөз зер­гері Ғабит Мүсіреповтің әйгілі «Қазақ солдаты» романы «Сіз ештеңе жасырмай айтыңыз, мен ештеңе қоспай жазайын» деп кейіпкермен екеуара ке­лісімшартпен басталатын си­яқ­ты еді ғой… Біз де солай етейік, мүмкін болса… Келесі сұраққа көше берейікші.
- Ақжайық өңіріндегі тасқынынан кейін халдерің­ізді білейін деген ниетім ғой…
- Қолымнан ештеңе кел­ме­се де, етектегі елімнің тағ­дыры­на елеңдемей жүре ал­май­мын. Бәрін естіп, біліп отыр­сыздар ғой. Кешегі зар заманның шай­ыры Мұрат Мөң­кеұлы атамыз «Ай орны­нан туады. Күн ор­нынан шы­ғады. Бұның бәрі адамнан» де­ген­ді текке айтпа­ған. Қазіргі болып жатқан жер бетіндегі табиғи апаттардың барлығы Алла Тағаланың ада­мзаттың ниетіне орай жіберіп отырған ескертпелері секілді. Соңғы уа­қыттары біздің облыс апат­тан көз ашпай отыр. Жер сілкінді, қыстың қақ ортасында су құбырлары, кәріздер жа­рылды, орман-тоғайымыз өр­тен­ді, қаншама киіктер қырыл­ды, бәлен мал ауру болды. Енді міне, қарт Жайық қаһарына мінді. Ұзынқұлақтан естуіміз­ше, бұған кінәлілер бар кө­рінеді, қайдам… Сосын осы аймақта қаншама жобалар іске қосылды, біреуі жарытып жұмыс жасап тұрған жоқ. Бәрі де көзбояу үшін жасалған шаруалар. Халіміз осы…
- Жалпы, кейде Батыс Қазақстан облысы Астана мен Алматыдан жырақтау өзімен-өзі жатқан сияқты көрінеді…
- Сол жағы жергілікті атқамінерлерге де оңтайлы болып отырған тәрізді. Тіпті, кейбіреулер біздің өлке жө­нінде жағымсыз ақпарат жа­рияланып кетпеуі үшін БАҚ өкілдерімен «өте тығыз» қа­рым-қатынас орнатып алған.

Сосын жазған-сызғаның сол «құлақтар» арқылы әлгі адам­дарға жетеді, соның пәрме­німен «залалсыз­дандырыла­ды». Сірә, бәрінің ауызын май­лап қоятын болуы керек… Әйтеуір, біздің өңірден БАҚ өкілдері шықпайды және ақ­ын-жазушылар келгіш. Олар елмен жүздесіп, әдеби кештер өткізіп жатса екен, олай емес, «ақ үйдің» маңайынан алыс­тамайды…

Өз елімді жамандап қайтем, қазақтың мінін Абай құсап қазып айтқан ешкім жоқ қой. Кешегі су тасқыны кезінде «ұрылар қайықпен үй тонап жа­тыр» дегенді естігенде, жағамды ұстадым. Алаяқтар халықтан ақ­ша жинап үлгеріпті. «Е е е» де­дім де қойдым. Жақында доста­рым­­мен жүздескенде, әңгіме ара­сында «кейбір құрылыс са­ла­­сындағы кәсіпкерлердің апат­қа қуанып, алақанын ысқылап, жұ­мыс алып, үй саламыз деп отыр» дегенді естігенде де, ма­нағы айт­қан ниет жайлы ойым оралып отыр. Сірә, осындай озбыр, тоғы­шарлар мысықтілеу­ле­ніп апат болса екен деп жү­ретін шығар. Оларға халықтың қамын емес, нанын жеген пай­далы.
- Жеке басыңызға ойыс­сақ… Сіздің елде жүргеніңіз ту­ған жерге деген шексіз ма­хаббаттан ба, жоқ «миллион­дардың ішіне бір басыңыз сыймай» кетті ме?
- Елде жүргенімді «туған жер­ге деген махаббатым» деп бұлдай алмаймын. Менің бар­лық тағдырым көне шаҺар Оралмен, кәрі өзен Ақ жайық­пен тығыз байланысты. Сондық­тан осынау киелі мекеннен басқа жерде өмір сүремін деп өзімді елестете алмаймын. Се­бебі мен үшін басқа жақтың табиғатына бауыр басып кете қою өте қиын. Өйткені әлдекім­дердей асарымды асап, жаса­рымды жасаған шағымда, «жағ­дайыңды жасаймын» деп әкім шақырғанда жетіп келген еш­теңем жоқ. Арман қала — Ал­матыдан білім алған соң елге қайттым.
- Алыста жүргеніңізге аға­ларға кінә артасыз ба?
- Не үшін кінә артуым ке­рек? Ешкім ит қосып қуған жоқ. Барлығы өз таңдауым бойынша жүзеге асты. Егер мені ақын деп есептесеңіз, әр ақында өзіне тән тағдыр болады. Менің де тек өзіме ғана бұйырған қызығы мен шыжығы мол қилы тағ­дырым бар. Алыста жүріп, елеу­сіз қалдым демеймін. Ұстазым Жүрсін Ерман қайда айтыс болса, сонда қалдырмай шақы­рып тұрады. Кейде күллі Батыс өңірінен сенім артып шақыр­ғанда, мені де іздеп жатыр деп төбем көкке жетіп қалады.
- Далалық көңіліңіз қалаға бағына ала ма? Ақын жүректі уақытқа, тіршілікке тәуелді етер ме едіңіз?
- Қалалықпын деп айту — өте қиын. Көңілім даланы аңсайды да тұрады. Тас қаланың тас бауыр тіршілігі адамды бауырмалдықтан, мейірімнен, одан қалса, табиғи шынайы сезімнен алшақтатып жібереді. Босқа өткен және өтіп жатқан уақытым өте көп, осыған ішім қан жылайды. Жазғым келген қаншама нәрсе ішімде өліп жатыр. Бір жағынан құбылыс боп келіп тарихта қалатыныңды сезбегесін, бәрі де бекер сияқты. Айналып келгенде, Алладан басқа дос таппайсың. Жал­ған­ның жалғандығын көре тұрып, өз-өзіңді алдаудан асқан қиянат жоқ шығар.
- Сонда не жазып жүрсіз? Осы уақытқа дейін не тын­дырдыңыз, не істемек ойыңыз бар?
- Жазған-сызған шатпақта­рым кейде баспасөз бетіне шы­ғып тұрады. Осы уакытқа дейін ештеңе тындырғам жоқ, тын­дырам деп те айта алмаймын. Былайша айтқанда, қолымнан түк келмейтін дәрменсіз пен­демін ғой.
- Жігіт адам өзін дәрменсіз сезінсе, сонда аруларға қайтпек керек?
- Бүгінгі таңда ерлерден гөрі, әйелдер жігерлірек. «Әйел­дің қырық жаны бар» деп қазақ айтады. Басқалар үшін жауап бере алмаймын, өзім сәл нәрсеге сынып кетемін. Өзгені емес, өзімді кінәлап, іштей мүжіліп, жүнжіп қалатын кездерім аз емес. Бірақ өмірден өзіңді жо­ғалта алмайсың. Тақтаңа жаз­ған тағдыр бар дегендей. Мені көп жағдайда бойымды тіктеп, келер күнге деген үмітімді үкі­лейтін нәрсе — Құдайдың бар екеніне сеніп, Құранның шын­дығына көзімді жеткізіп, Пай­ғамбарымызды мойындау секіл­ді ислами сенімдер. Қатты қи­нал­ғанда, бәрінен көңілім қалғанда, сарнатып қасиетті Құран жазылған үнтаспаларды қосып қоямын. Өткенімді көз алдымнан ойша өткіземін де, келер күнге жаңаша көзқарас­пен қарап, мүлде басқа адам болып шыға келемін. Бұл әре­кетім біреуге күлкілі көрінетін болар, бірақ солай. Әкемнен се­гіз жасқа толар-толмас шағымда жетім қалдым. Содан кейінгі көрген шешемнің бейнеті көз алдымда. Енді қызық көрем бе дегенде, мәңгілік ұйқыға кете барды. Егер менен «өкінішіңіз не?» деп сұрар болсаңыз, «Анам­ды бақытты ете алмаға­ным» дер едім. Ол кісідей мықты адамды әлі көргенім жоқ. Қазір «Жаны жәннатта болсын!» деп үнемі дұға қыламын. Менің бұл сөздерімнен діндар екен деп ойлап қалмаңыз. Әңгіме манағы дәрменсіздіктен шықты ғой, Алладан кейінгі адамзаттың асылы аналар, сендер аман болыңдаршы. Біз сіздерді аялау үшін жаралғанбыз.
- «Жүрсіннің жүйрігі» ай­тысқа қандай көңіл-күймен келіп, қандай оймен қайтады?
- Әуелі «Жүрсіннің жүй­рі­гі» деген тіркес Жүрсін Ерманға ұнайтын шығар, маған ұнамай­ды. «Осылай атасам қайтеді?» деп сізге біреу өзінше ат қойса, қалай кабылдайсыз?! Айтысқа қуарып келіп, қуанып қайтамын. Себебі үзенгілестерімді көріп, бір жасап қаламын. Басқа пен­дешілік ойлар әркімнің өз ішін­де жатады ғой. Халық үшін ке­лемін деп ақталмай-ақ қояйын, айтыс мен үшін күн көріс көзі деп те айта аламын.
- Қазіргі әдебиеттен қай ақын-жазушыны сүйіп оқисыз, кімдермен араласасыз?
- Ұнайтын ақыным көп, бө­ле жармаймын. Ал қазіргі про­задан Тынымбай Нұрмағамбетов пен Нұрғали Оразды айрықша атап өтер едім. Айтыс ақын­да­рымен араласып тұрамын. Ме­нің алаңдайтыным, Батыс өңі­рін­дегі айтыстың бүгінгі жағ­­­дайы. Өсіп келе жатқан өр­імдей жастар көп. Әттең, маң­дайынан сипайтын адам жоқ. Бұл заман кімнің, кімге қолғабыс тигізетіндей мойын бұрғызып тұр дейсің. Ойыма алған жос­парым жетерлік, қай­сына үл­геріп, не ұқсатарымды уақыт көрсетер…
- Ақжайық өңірінде мә­дениет саласының тынысы қа­лай?
- Шындығын айтсам, Қы­рым­бек Көшербаев кеткелі біз­дегі мәдени саладан мән кетті. Мәдениетіміз мүгедек, әдебие­тіміздің жағдайы әлжуаз күйге түсті. Қырымбек Елеуұлының елдің руханиятына жасаған елеулі еңбегін атап өткім келеді. Қатаң тәртіп пен талаптың адамы болғандықтан, жүйелі түрде біраз игі істер атқарылды. Одан кейін ауыз толтырып айтатындай жұмыс көргенім жоқ.
- Кесіп айтатын, батырып айтатын, ашық айтатын, тіліп жазатын тіліңіздің қыршаң­қылығы бар сияқты…
- Осы мінезім үшін өте көп таяқ жедім. Бірақ көзбен көріп тұрған нәрсені қалай бұрмалап жеткізесің? Жағымпаздық қа­ныма жат. Алайда қазір өмір сүру амалдарын меңгергім келіп жанталасамын, жағынамын, жал­пақтаймын. Онымнан түк шығатын емес. Басымды тауға да, тасқа да соғамын.
- Баяғыда үй мәселесімен шу болған еді, аяғы немен аяқталды?
- Ол даудың немен бас­талып немен аяқталғанын созып жатпайын. Қазіргі облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов бәріне нүкте қойды. Сол кезде жан ұшыра араша түскен бір топ журна­листер қауымы болды. Бәріне алғысым шексіз. Одан кейінгі кейбіреулердің жанашыр бола­мын деп жарға жыққан әрекеті жаныма батқанымен, өзгесін өздерінің ұятына қалдырайын. Мен негізі Құдай маңдайыма несібесін мол жазған адаммын. Жақында ғана Астанада кәсіп­керлікпен айналысатын жер­лесім Рауан Ғауанұлы Үсенов де­ген азамат Сарыарқаның тө­рінен пәтер сыйлады. Екінші жерлесім, ол да Астанада кәсіп­кер Бақытжан Қаршығаұлы Дауылтаев деген азамат екеуі үнемі демеуші болып жүреді. Атырауда «Бақай» корпорация­сындағы ағайынды Достановтар әулеті жыртығымды жамап тұрады. Сондықтан мен ағадан, достан кенде адаммын деп айта алмаймын.
- Кей өлеңдеріңізден түңіл­ген, ашынған ақынның үнін естиміз… Әлде әлдекімдерге деген өкпеңіз бар ма?
- Өлең — менің жан сырым. Бар мұңымды өлеңге шағамын. Мен өкпеледі деп біреудің қа­бырғасы қисайып қалмайды ғой. Шынымды айтсам, түңілген, ашынған кезім көп. Сондай сәт­те жападан жалғыз қап, егіліп жылаудан да ләззат аламын. Тағдырдың талқысында әбден сыналған адаммын, әлі де сы­налып келемін.
- Үмітсіз шайтан ғана емес пе?
- Ай-күнім туады оңым­нан,
Өмірім тепсе де өзекке.
Қасірет, былай кет жолым­нан,
Қашанғы тұрамын кезекте.
Мұң-қайғы жанымды кемір­ме,
Азапты сүйер деп ақындар.
Бар-жоғы баянсыз өмірде,
Бақытты болуға қақым бар!


Әңгімелескен

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ,

«Айқын».

Пікірлер