Түктiбай ата қобызының қасиетi

3250
Adyrna.kz Telegram

Отау құрғаныма төрт жыл өтсе де, құрсақ көтермедiм. Көмек сұрап бармаған дәрiгер қалмады. Қаланың ең беделдi деген емдеу орталықтарында қаралдым. Одан қайран болмаған соң таныстарым барып көр дегеннен кейiн бақсы-құшнаштарды жағаладым. Еш­қайсысынан қайран болмады. Бiр күнi ауылға диуана болып кеткен танысым келдi. Ол көптен берi әулие-әмбелердiң мазарларында түнеп, аруақтарға тәу етiп жүр дегендi естiгенмiн. Әлгi танысым бiр күнi бiздiң үйге тоқтады. Қал-жағдайымызды сұрасқан соң дас­тарқаннан дәм татуға шақырдым. Өткен-кеткендi еске түсiрiп, әр нәрсенiң басын шалып әңгiме айт­тық. Содан диуана ауылға не үшiн келгенiн баяндады. “Киелi Түркiстан мен Оңтүстiктегi мазарларды аралап шықтым. Ендi осындағы бес атаның басына барып тағзым етсем деймiн. Бiрақ менiң “Аққу”, “Ата жолы” тәрiздi секталарға қатысым жоқ. Оларға ұқсап аруақтарға табынбаймын”, – дедi ол. Олай құлшылық етпейтiнi бар, онда несiне әулиелердiң мазарына барып жүр деген ойға қалдым. Сөйтсем, осыдан бiраз уақыт бұрын әпкесi ауруға шалдыққанда аталардың басына тәу етiп, қасиеттi суларды iшкiзiп жаны аман қалыпты.

Бұрын-соңды мұндай нәрселерге сенбейтiн едiм. Аруақтарға табынуды Аллаға серiк қосу деп бiлетiнмiн. Бiрақ егер бұл сенiм ауруға медет болса, онда неге барып көрмеске деп түйдiм. Танысыма осы ойымды айтып едiм, ол “қасиеттi қобызды бiлушi ме едiң?” деп сұрады. Мән-жайды сұрастырсам, көршi ауылда атақты Түктiбай қобызшының аманат еткен қасиеттi қобызы бар екен. Сол қобызды ұстап, шын пейiлiмен ниет еткен адам мақсат-мұратына жететiн көрiнедi.
Көп уақыт өткiзбей танысым айтқан ауылға жол тарттым. Ондағы Түк­тiбай ата мазарын тез-ақ тауып алдым. Шырақшы қобыз қасиетi турасында көп сыр шерт­тi. Түктiбай ұрпақтары бұл қобызды үш ғасырдан берi сақтап келедi екен. Кәмпеске кезiнде бүкiл байлықты тып-типыл еткен жендеттерден тығып бүгiнге жеткiзiптi.
Қобызды көруге келген кей адамдар оның сарынын еститiн көрiнедi.
Қош, сонымен, қобыз сарынын естiмесем де, киелi аспапты өз көзiм­мен көрiп, ұстап қайттым. Көне қобызды қолыма ал­ғанымда “ана болғым келедi” деп медет еттiм. Шырақшы да Түктiбай қобызын шын пейiлiмен ұстап ниет еткендердiң арманы орындалатынын айтты.
Үйге жеткен соң бойымды ерекше сезiм биледi. Бұған дейiнгi күдiк-күмән, барлық жағымсыз әсерлерден бiр сәтте айырылғандай болдым. Бойымда сенiмдiлiк, үмiт оты пайда болды. Бiрер айдан соң бойыма бала бiткенiн бiлдiм.
Қазiр кезiнде онша-мұнша сене бермейтiн тылсым дүниеге нанып, қасиеттi қобызды ұстап көргенiме қуанамын. Егер сол кезде киелi күшке сенiм бiлдiрiп, ниет етпесем, бүгiн бiр баланың анасы болар ма едiм, болмас па едiм, кiм бiлсiн.


Айна Есiмбек,
Алматы облысы,
«Жас Алаш».
Пікірлер