Қыл қобыз – көк түріктің көзі мен сөзі

3200
Adyrna.kz Telegram

Бүгінге дейін көне түрік дәуірінің музыкалық аспаптары  туралы археологиялық айғақтар белгісіз болып келген еді. Қазір сол байырғы заманның ән-күй өнерінің тарихи жәдігеріне куә болып отырмыз. Ол Моңғолияның Ховд аймағы, Манхан сұмыны Жаргалант хайрхан тауының «Өмнөхийн аман» деген байырғы жартастағы жерлеу  орнынан  табылған көне түрік дәуірінің музыкалық аспабы. Тіптен, ол аспаптың мойын тұсында көне түрік бітік мәтін жазылғаны өте сирек кездесетін дерек ғана болып қоймай, көне түрік империясының жазба ескерткіштерінің ағашқа өрнектелген (Базылхан 2005: 227-228)   тамаша нұсқасы ретінде зерттеушілерді қызықтырып отыр.Өйткені, еуразиялық көшпелілер мекен еткен жерлерден қазіргі дейін бірнеше музыкалық аспаптардың археологиялық табылымдары табылған еді. Ол жерлеу орнында 2008 жылы  25 маусымда моңғол археологтары  Ц.Төрбат, Д. Батсүх, Т.  Батбаяр, Н.Баярхүү, Т.Идэрхангай  (Төрбат т.б. 2008: 275-279, 285-287)археологиялық қазба зерттеулерін  алғаш рет жүргізген. Олар аталмыш жартас үңгірі қуысындағы топырақты тазалып тексергенде, жалпақ қасты ағаш ер 1 дана, тесікті ағаш зат 1 дана, темір сауыттың бөлігі  3 дана, ағаш тиек  1 дана, сопақ темір әшекей зат 1 дана,   бұрын қазып көміп кеткен деген оқ жебенің  бір жерден 11 және 9 данасын анықтап,  барлығы 20 дана темір жебе, жалпақ  темір зат 2 дана (шеге), темір үзеңгі 2 дана,  шапан киімнің  құрамы  іспетті сары, жасыл түсті қытай торғын бөлшектері 50 дана, мата үзіндісі 8 дана, қорамсақтың қабы іспетті терінің  данасы және де адамның қол аяқ саусақтарының сүйектері, оң, сол жауырын, қабырға сүйектері  аталмыш топыраққа көміліп қалғандығын  анықтаған.

«Жерленген ер адамның бас сүйегі толық, жақсы сақталынған. Сол жақ еңбек сүйегінде жараланып кейін бітеу айығып жазылғанның белігсі бар. Ол тесік жараның өлшемі: 3,6х2,0 см Еңбегі мен маңда тұсында шаштың қалдығы бар. Сүйектің эпифазы мен тітің ескіріп кетуіне қарағанда адамның жасы 20-25,  бойының ұзындығы 166,7 см  ер адам. Адамның бас тұсында ағашпен жасалынған бір музыкалық аспаптың бет тұсын жоғары қаратып, оның басын шығысқа бағыттап қойған,  ұзақ уақыт өтсе де алғашқы қойылған күйінде жақсы сақталынған аспап болды. Ол аспаптың мойынынан бастап бет тұсынының жиегімен  көне «руна» жазуы жазылған. Аспаптың төмеңгі тұсында жартас cуреттерінде кездесетін аңшы адамның әр түрлі аңдарды аулап тұрған суреті безендірілген» дейді зерттеушілер.

Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты мен Германия Бонн қаласындағы Райн Фридрих Вильхельм университеті арасындағы келісім бойынша аталмыш табылымдар қалпына келтіру, тұмшалау-консервациялық жұмыстары үшін ол лабораториясына  жіберілген екен. Олардың  радиокарбонаттық зерттеулері бойынша аталмыш  жерлеу орнының мерзімі  770-880 жылдарға тән деген  қорытынды шығарған.

Германия ғалымы Питер Зименің зерттеуі (Сурет-4) бойынша  ағаштан жасалынған музыкалық аспаптың мойын тұында 12 таңба-әріп жазылған. Ол мәтінді: y(e)p(.)z čör ant  (e)td(i)m(i)z -  Y(e)p(.)z  and  čör we swore an oath (Lit, we made an oath ) — «Йепіз және Чөр, біз ант еттік» деп оқыған (Törbat т.б. 2009: 379].

Біз, аталмыш музыкалық аспаптағы көне түрік бітік мәтіні жайында өз пікірімізді ұсынып отырмыз. Аспаптың мойын тұсының оң қапталында  үшкір затпен сызып жазған көне түрік бітік мәтіні  12 таңба-әріптен тұрады.

Мәтіннің транскрипциясы: Yinčüre  bitidimiz

Мәтіннің мағынасы:     Сыйынып   жаздық (біз).

Көне түрік тілінде yinčür-, yinčürü — сыйыну, табыну, бас ию, құлдық ұру [ДТС 1969: 262],  yinčgele- сыйлау, құрметтеу, табыну [DLT: III.411]  деген мағынада кездеседі. Олай болса, аталмыш музыкалық аспаптағы мәтіннің мағынасы -  аспаптың музыкалық құдыретіне сыйынып, аспаптың иесіне бас иіп ырым-жосындық тұрғыдан жазылған болу керек. Аспаптағы көне түрік бітік мәтіннің  таңба әріптік ерекшелігіне қарағанда, VIII-IX ғасырларға қатысты деп жорамалдаймыз.

Осы орайда бұл мәтінді : Yipinčöre  bitidimiz -   Йіпінчөр-ге жаздық  деп оқып, «қыл жіпті чөр-ге ( ертекші-ге// аспап иесі+не) (арнап) жаздық» деп те қарастыруға болар еді. Өйткен, бізге белгілі тілдік деректерге сүйенсек, yip — жіп, арқан, қыл [ДТС 1969: 267;  Радлов ОСТН. III-1: 530  «нитка, веревка»), ал čöre тұлғасы  сақталған  čörčök > чөрчөк - ертегі, әпсене, čörčök > чөрчөк - 1.ертегі, әпсене, 2. сөзшең, мылжың  [Радлов  ОСТН. III-2: 2042], čörčöktö- > чөрчөктө- ертегі айту [Будагов ССТТН. I:  493 ], чөре- чөр- 1. жүру,  2. өмір сүру, 3. қызмет ету, чөчөк- қысқа ертегі  [Бутанаев 1999: 222-223] сөздері кездеседі.  Демек, қазақша čerter (// čörter?) >  үш ішекті шертер музыкалық аспабының атауы  аталмыш сөздермен  бір желілес, тіпт čör — прото түрік тұлғасы болса керек.

Бұл жерлеу орнын алғаш зерттеген моңғол археологы Ц.Төрбат  сөз болып отырған музыкалық аспаптың басындағы «аң-жануар» бейнесін,  байырғы кездерден сақталынып келе жатқан моңғолдардың morin quγur > атбас қобызша,  šïnaγan quγur > ожау іспетті қобызшасына ұқсас келеді деп болжайды  [Törbat т.б. 2009: 376]. Алайда  жерлеу орнынан қобыздың ысқышы жайында қандай бір мәлімет, айғақтар  анық болмай отыр.

Көшпелілердің музыкалық аспаптар жайында қытай жазбаларында: «…бұл елдің адамдары дауыстарын созып, азандатып ән салғанды жақсы көреді, әуендері қасқырдың ұлығанына да ұқсайды… ән айтып, би билеп думан құрады…», «қырғыздарда….музыкалық аспаптардан сыбызғы, дауылпаз, сырнай қатарлы аспаптар бар» [Бичурин 1998:125; ҚТТҚД, IV. 4.24, 25, 385] деген мәліметтер ғана бар. Ортағасырлық шығыс миниатюраларында қобыз іспетті музыкалық аспап бейнеленгендері баршылық.

Қазіргі түрік тілдері мен сөйленістерінде дәстүрлі музыкалық аспаптардың негізгі атаулары өзара ұқсас, қобыз бен домбыра атауларының кейбіреулері толық сәйкеседі. Мысалы, қазақтардағы  қылқобызды алтайша — икили, хакасша ыых, тываша — игил деп атайды. Ал, шертерді хакасша -  хомыс (qomïs> хомыс — хакастардың екі ішекті күй аспабы [Бутанаев 1999: 188]), алтайша — топшуур, тываша — допшулур чанзы, якутша — кырымпа,  шаңқобызды алтайлықтар комус, хакас, тываларда  темір хомыс, демир хомус [Сарыбаев 1980: 76-77] деп атайды. Махмұд Қашғаридің «Диуани лұғат-т түрік» сөздігінде qobuz > қобұз, қобыз, qobza-, qobzal-, qobzaš-, qobzat-  > қобыз тарту, қобыздау, қобызбен ойнасу,  қобыздату [DLT: I.19; III.173] тұлғаларында кездеседі. Сары ұйғыр тілінде qonïs> қоныс -ішекті күй аспабы [ Малов 1957: 58].

Моңғол тілдерінде qoγur > хур, қобызша, ыспа қобыз (қыл ішекті күй аспабы), атбас қобызша,  aman quγur >  аман хуур, сырнай, kele quγur >   хэл хуур, үшкірік, қамыс сырнай [Цэвэл 1966: 738; Базылхан 1984: 541], qoγur // quγur > моңғол ұлтының ішекті күй аспабы, morin quγur > атбас қобызша, šïnaγan quγur > ожау іспетті қобызша, dörben čikitei quγur > төрт құлақты қобызша. Сонымен қатар моңғол тілдерініде qobis > «ятга» секілді күй аспабы, төрт ішекті келеді, шанағы жылан терісінен жасалады. Демек, qobis // qobur // quγur - түбір атаулары бір төркіндес [Sečenčoγtu 1988: 1122-1123].  Ал, тұңғыс-манжұр тілдерінде: kuur > куур «музыкалық аспап» тұлғасында кездеседі  [ССТМЯ-1: 434-435 ].

Сол себептен, түрік-моңғол тілдерінде  qop — (qob- // quw  — //quγ-) түбір морфемаға +ur  ( +uz  //+ us) түбір морфемасы  жалғанып  «қуыс-қобы кеңістіктен ысқыру, үскіру, ұрылу, ызылдау секілді дау+ыс // дыб+ыс шығарылуы» деген жалпы семантикалық өрісті білдіретін qobur // quγur // qobuz //qomus сөздері туындаған.

Ал, көне түрік тілінде sub- // sib- түбір морфемадан сыб+ызғы және басқа сөз атаулар туындаған.

Ал, домбыра атауының шығу тегі түрік, моңғол тілдеріндегі dop- //dom- түбір мофемадан «домалақ, домалану, томпаю, домалақ ыдыс, дөңгелек аспап» [Базылхан 2000:237] мағыналы,  дом+быра, топ+шуыр (top+šuur > топшур -ішекті музыкалық аспап,  top+šular > топшулар), топчыл, топчыл хомыс [Бутанаев 1999:150]  ) сынды атаулары да қалыптасқанын байқауға болады.

Ендеше аталмыш музкыкалық  аспабы  көне дәуірдегі төтума атауы не болды деген заңды сұрақ туындайды. Біздің пікірімізше бұл байырғы заманның qob+uz > қобұз, басқаша айтқанда  қобыздың  көне түрік дәуіріндегі нұсқасы болу керек.

Қорыта айтқанда, 2008 жылы Моңғолияның Ховд аймағы, Манхан сұмыны Жаргалант хайрхан тауының жартас үңгірі жерлеу орнынан табылған аталмыш музыкалық аспабы qob+uz > қобұз//қобыздың  VIII ғасырлардағы ілкі нұсқаларының бірегейі құнды айғағы екендігі даусыз. Ал,  музыкалық аспаптағы мәтінде құдыретті қобыз үніне және қобызшыға (тіпті аң жануарлар, күй музыка табиғатына)  тәнті болған өкілдердің «Yinčüre  bitidimiz /йінчүре бітідіміз/ — Сыйынып табынып  жаздық» деген мағыналы сөз жазылған болса керек.


Нәпіл БАЗЫЛХАН, филология ғылымының кандидаты


ӘДЕБИЕТТЕР:

Базылхан 1984 — Базылхан Б. Монгол-казах толь (Моңғолша-қазақша сөздік). -Өлгий,  1984. -886 х.

Базылхан  2000- Базылхан Б. Қазақ және моңғол тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасы (Морфология). — Алматы, 2000.- 446 бет.

Базылхан  2005 - Базылхан Н. Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Енисей, Талас) //Серия : «Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері» -2 том. -Алматы: Дайк-Пресс, 2005. -252 +144 б.

Бичурин 1998 — Бичурин Н.Я. (Иакинф). Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. I том. Алматы. ТОО «Жалын баспасы». 1998.- 485.

Будагов, ССТТН. I. - Будагов Л. Сравнительный словарь турецко-татарских наречий. Том-1. Санкт-петербург: Типография императорской академии наук. 1968.- 810 с.

Бутанаев 1999 - Бутанаев В.Я. Хакасско-русский историко-этнографический словарь. Учебное пособие для преподавателей гуманитарных вузов тюрко-язычных республик России. — Абакан: УПП «Хакасия», 1999. -240с.

ДТС 1969 — Древнетюркский словарь. — М.,Л. 1969.- 676.

ҚТТҚД, IV. -   Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. IV том. Әулеттік тарихи жылнамалар. 2-бөлім.- Алматы: Дайк-Пресс, 2006.-480 б.

Майдар 1981- Майдар Д. Монголын түүх соелын дурсгалт зүйлс. Москва: Прогресс хэвлэлийн газар. -1981. -176.

Малов 1957 — Малов С.Е. Язык желтых уйгуров. -Алма-Ата: Издательство АН КазССР, 1957. -197.

Радлов, ОСТН. III-1. — Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. Том третий. Часть-1. Санктпетербург, 1905. 1-1260 с.

Радлов, ОСТН. III-2. — Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. Том третий. Часть-2. Санктпетербург, 1905. 1261-2204 с . Алфавитный указатель 1-98.

Сарыбаев 1980 — Сарыбаев Болат Қазақтың музыкалық аспаптары. -Алматы: Өнер, 1980. -208 бет.

ССТМЯ-1. — Сравнительный словарь тунгусо-маньчжурских языков. -Л., 1975, том 1.-672; 1977, том 2.- 992 с.

Төрбат,  т.б.  2008 — Төрбат Ц., Батсүх Д., Батбаяр Т., Баярхүү Н.  Монгол Алтайгаас илэрсэн хадны оршуулгууд (урьдчилсан үр дүн) // Археологийн судлал. Studia Archaeologica.  Tomus (VI) XXVI. Fasciculus.1-22. -Улаанбаатар, 2008.- 274-292

Цэвэл  1966 -   Цэвэл Я. Монгол хэлний товч тайлбар толь. -Улаанбаатар, 1966.- 912.

DLT.I - Divanü luğat-it Türk Tercümesi. Çeviren: Besim Atalay.  Ankara, 1985. cilt I.- 530 s.

DLT.III — Divanü luğat-it Türk Tercümesi. Çeviren: Besim Atalay.  — Ankara, 1986. cilt III. — 462 s.

Nomads of Eurasia  1989 — Nomads of Eurasia. National history museum Los Angeles county in association with University of Washington Press.  Seattle and London, 1989.-221.

Sečenčoγtu  1988 — Sečenčoγtu  Mongγol üges-ün ijaγur-un toli. Öbür  mongγul-un arad-un keblel-ün qoriy-a. — Köke qota, 1988.-2973.

Törbat, т.б. 2009 — Törbat Tsagaan, Batsükh Dunbüree, Jan Bemmann,  Höllmann Thomas O.,  Zieme Peter     A rock tomb of the ancient Turkic period in the Zhargalant Khairkhan mountains,  Khovd aimag, with oldest preserved horse-head fiddle in Mongolia — A preliminary report  // Current Archaeological research in Mongolia. Papres from the First International Conference on «Archaeological research in Mongolia» held in Ulaanbaatar, August 19th-23rd, 2007. Edited by Jan Bemmann, hermann Parzinger, Ernst Pohl, Damdinsüren Tseveendorzh. Vor-und Frühgeschichtliche  Archäologie Rheinsche Friedrich-Wilhelms-Universität Bonn.  Bonn Contrinutions to Asian Archaeology. 2009.Volume 4.   — pp. 365-383.

Напил БАЗЫЛХАН

НАДПИСЬ В ДРЕВНЕТЮРКСКОМ МУЗЫКАЛЬНОМ ИНСТРУМЕНТЕ:

ИСТОРИКО-ИСТОЧНИКОВЕДЧЕСКИЕ ПРЕДВАРИТЕЛЬНЫЙ ЧТЕНИЯ

В данном статье автором рассматривается новый прочтения надпись  в древнетюркском музыкальном инструменте, которые являются прототипом современного кобуза, найденном в 2008 г. в Монголии  на скальном погребение древнетюркского периода. Прочтение надпись: Yinčüre  bitidimiz — Поклоняя написали

Ph.Dr Napil BAZYLKHAN

THE INSCRIPTION ON ANCIENT TURKIC MUSICAL INSTRUMENT:
HISTORICAL AND SOURCE STUDY PRELIMINARY READING

In this article the author considers a new reading of inscription on ancient Turkic musical instrument, which is the prototype of the modern kobuza, found in 2008 in Mongolia in the rock tomb of the ancient Turkic period. Reading the inscription: Yinčüre bitidimiz — By bowing were written.

Түпнұсқадағы тақырып: "Көне түрік дәуірінің музыкалық аспабындағы (қобызындағы) мәтін: тарихи-деректанулық алғашқы талдау"

 

 

 

Пікірлер