Семейді облыс жасауға не кедергі?

11566
Adyrna.kz Telegram

Ресей империясының Семей облысы 1854 жылы құрылды. 1920 жылы облыс Семей губерниясы болып жаңадан түзілді. Кейін Қазақ КСР құрамында 1939 ж. қайта құрылды. Қазақстан Республикасы үкіметінің елді мекендерді ірілендіру саясатына байланысты 1997 ж. сәуірде Семей облысы орталығы Өскемен қаласы болып белгіленген Шығыс Қазақстан облысымен біріктірілді. Халқы 757 мың (1975). Әкімшілік бөлінуі: 13 ауданға бөлінді. Жері 179,6 мың км2.

Міне қазақша уикипедия осылай дейді. Тарихи деректер бойынша "Семей" сөзі көне түркі, оның ішінде сары ұйғырлар тайпасының тілінде "киелі мекен" деген мағына береді екен.

1997 жылы Өскеменге қосылғалы бері басынан бақ, астынан тақ кеткен Семей өгей баланың күйін кешіп келеді. Қаланың аббаттандырылуы, жарықтандырылуы мен жолдары туралы сұрасаңыз мектептегі баладан зейнеттегі қартқа дейін жылап айтып береді. Қыс болса күрелмейтін, жаз болса шұңқырдан аяқ алып жүре алмайтын жолдарын көрсеңіз полигонды осы жолдың үстінде жарған екен деп қаласыз.

Семейге қонаққа келген адам қаланы базар мен такси асырап тұрғанын бірден аңғарар еді. Кезінде КСРО бойынша үшінші орында тұрған Семей ет комбинаты Кеңес Үкіметімен бірге келмеске кетті. Комбинатты жандандырмақ ниетпен кәсіпкерлер кішігірім цех қылып ашқанмен 2001 жылы банкротқа ұшырап, жабылып тынған еді. Қазір қайтадан ілдебайлап жұмыс істеп тұр. Семей тері зауыты, Семей кірпіш зауыты сынды қаланы асырап тұрған зауыттар облыспен бірге жойылды. Қазір азын-аулақ тұрғынды жұмыспен қамтып отыр демесеңіз Одақ кезіндегі айбаты жоқ.  Жұмыссыздықтан қажыған халық көршілес Павлодар, Алматы облыстарына жұмыс іздеп босып кетті. Қазіргі қаланың жағдайы көктемгі көтерем сиырдай болып тұрған жайы бар.

Бұл Семей не көрмеді? Ақ қашып, қызыл қуған заманнан бері Семейден дүбір кетпеді. Алашорданың астанасы да болды. Қазақтың қаймақтары жиналып, Ертістің жағасында ту көтерді.  Семейдің ең ауыр жылдары 1949 жылдың тамызынан басталады. Семей-21 деген жасырын атпен іргесі қаланған, Семейдің іргесіндегі Курчаов қаласы атом өндірісінің ортасы болды. 456 ядролық және термоядролық жарылыстан кейін Семей топырағы еш жия алмай қалды. Полигонды жапқанымен халық зардабын әлі тартуда.

"Семей - сынды қала" дейді Жүсіпбек. Алаштың арыстандарының табанының ізі қалған Семей бұл. Абай мәслихат құрып, Шәкәрім шер толғаған, Мұхтар маң басқан, Қайым дәріс оқыған Семей. Бибігүл мен Роза ән шырқаған, Жәнібек пен Тұрсынғазы әнімен тербеген, Дәулет тер төккен Семей. Сол Семейді облыс жасауға не кедергі? Кім кедергі?

Келесі жылы Ұлы Абайдың 175 жылдығын ел болып атап өту биылдан басталып кеттті. Президенттен бастап, оқушыға дейін Абай өлеңдерін жатқа оқу эстафетасы республика аумағынан шет елге дейін тарады. Әлемдік танымал тұлғалар Абай өлеңдерін оқыды. Хәкім Абайдың осы мерейтойының қарсаңында туған жеріне облыс мәртебесін беріп жіберсе қандай керемет шешім болатын еді. Бір жағы Ресеймен, бір шеті Қытаймен шектесетін Семейдің экономикалық ахуалы да, халықтың әл-ауқаты да көтерілетін еді. Қаланы қақ жарып ағып жатқан Ертіс өзені арқылы Семей портын қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Тоғыз жолдың торабындағы Алаштың рухани астанасын облыс жасауға не кедергі ?

Ринат Зайытов, айтыскер ақын:

-  Менің жеке пікірім Семейдің облыс болуына ешқандай кедергі жоқ. Жоғарғы жақтың өзінің зауқының жоқтығы шығар. Бірақ, саяси жағынан Семейді облыс қылу өте дұрыс болатын еді. Нақтылап айтып өтейін, біріншіден бізде 18-ші аймақ пайда болады. Ол дегеніміз қазақтың санының көбейгенін, жерінің қорғаушыларының санының артқанын білдіреді.

Екіншіден, Семей әу бастан қазақтар шоғырланған, нағыз қазақи  өңір. Өскемен өтірік айтпай-ақ қояйын қазір түзелді. Ауылдың балалары барғалы бері қазақиланды. Бірақ, кезінде Өскеменде орыстар квартира тапсырғанда "азиатам просим не беспокоит" деген әңгімеге дейін болған. Сондықтан, Семейді облыс жасау ұлттық рухты көтеру тұрғысынан өте дұрыс қадам болады.

Үшіншіден, қазір Қасым-Жомарт Тоқаев енді президенттікке келіп жатқаннан кейін осындай тарихи шешімдер қабылдамаса, оның президенттігінен ешқандай пайда жоқ. Яғни, ол бірінші кезекте осындай тарихи шешімдер қабылдау керек. Ол қандай тарихи шешімдер? Бізде үш бірдей жылап жатқан облыс бар. Байлықтың үстінде отырып, тақыр кедей болып отырған. Семей облысы, Жезқазған облысы, Торғай облысы. Осы үш облыстың қақпасын ашқан патша сөзсіз қазақтың тарихында қалады.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

-  Ондай кедергілер жоқ деп санаймын. Рас аумалы-төкпелі 1990 жылдары Семей, Торғай, Жезқазған және Көкшетау облыстарын таратып оларды басқа облыстарға қосудың себептері болған да шығар. Әсіресе сөз болып отырғаны орталықтандырылған басқару жүйесін күшейтумен байланысты. Бұған қоса нақты Семей бойынша демографиялық ерекшеліктер де назарға алынды. Алайда қазір жағдай орнықты, жер-жерде қазақ та көпшілікке айналды. Сонымен қатар тұтастай өңірлердің басқа облыстардың тасасында қалғаны олардың дамуына тұсау болып отырғаны жасырын емес. Сондықтан тарихи әділдікті қалыпқа келтіру тұрғысынан аталған шешімнің уақыты келді деп ойлаймын. Бұл осы өңірлердің де, елдің де алға басуына жақсы серпін бермек. Атап өтерлігі бұл мәселені кезінде президенттікке үміткер Әміржан Қосанов өз бағдарламасына басымдықтардың бірі ретінде енгізген болатын.

Оңғар Қабден, 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер