Жоламан Құжиман, әнші: Ән салсаң мамырлатып…

2682
Adyrna.kz Telegram

– Жоламан аға, сіз Мәдидің «Қараке­сек», «Қарқаралы», «Үшқоңырын», Үкі­лі Ыбырайдың «Толқын», «Шалқыма­сын», Ақан серінің «Үш тоты құс», «Шәм­шi-қамар» әндерін, сондай-ақ Біржан салдың да әндерін орындап жүрсіз. Дәстүрлі әндердің бүгінгі аудиториясы қандай?

– Дәстүрлі әндерді тыңдайтын аудитория қазіргі таңда кең деп айта алмаймын. Баяғыда кеңестік дәуірде халқымыз Бір­жан, Ақан серілердің әндерін іздеп жүріп тыңдаушы еді. Қазір өкінішке қарай олай емес. Маз­мұны терең, сөзі бай әндерді тың­даушылардың саны аз. Ақпарат құрал­дарының көбейіп, шетелдік байла­ныстардың артуынан соңғы уақытта жастарымыз өзіміздің төл туындыла­ры­мыз­ға қызығушылық таныта қоймайтын болды. Осы жерде, «Дәстүрлі ән» деген сөзбен келісе алмайтынымды айтқым келеді. Осы турасында әнші Ерлан Тө­леутай да: «Ол қазақтар үшiн, түсiнген адам үшiн дұрыс болар. Бiрақ орыстiл­дiлер мен сондай ұғым­дағылар үшiн ұлттық ән өнерiмiздi фольклорлық деңгейге түсiретiн атау», – деп жүр. Мен де сол ойдамын. Жалпы ХІХ ғасырда туған әндердің барлығы классикалық шығар­малар ғой. Шетелдіктер өз шығар­ма­ларын классикаға теңейді. Біз неге теңе­мейміз? Қарап отырсаңыз, жаңағы айтып кеткен Мәди, Ақан сері, Біржан салдардың туындылары сол әлем айтып жүрген классикадан артық болмаса кем емес. «Жиырма бес», «Гауһар тас» сияқты көптеген халық әнде­ріміздің әні де, сөзі де бай, тәрбиелік мәні зор асыл мұрамыздың бірегейі. Кең диапазондағы әндеріміз шетел тыңдармандарын қайран қалдырып жатады. Сондықтан ұлттық классика деп толық айтуға болады. Қазіргі жастары­мыз­дың осы тамырдан ажырап, құнарсыз қаңғыр-күңгірге бой ұрып бара жатқаны қынжылтады. Осы дәрежесі биік туынды­ларымыздың жастар тарапынан тыс қа­лып жататыны қинайды. Бұл жерде ауыл жастарының арасынан тыңдарман­дардың, орындаушылардың табылатыны сөзсіз, бірақ қала жас­тары алыста жүр. Оған насихаттың аздығы себеп шығар…

– Осы ұлттық туындыларымыздың қай-қай­сысын алмасаңыз да мазмұны терең философиямен ұштасып жатады. Сол тереңдіктің түп мақсаты неде деп ойлайсыз?

– Ол – халықтың ой-өрісінің биіктігі, сана-сезімінің тереңдігі, парасатының жоғарылығында жатыр. Кез келген шығармада үлкен ой жатыр. Астарында тәр­биелік, мән жатыр. Ең бастысы барлық әндерден анайылық тұрпатты кездестір­мейсіз. Бір ғана сөзімен-ақ жастарға тәрбиелік мағына бере алады. Бір-ақ ауыз сөзімен көп дүниені жеткізеді. Осындай қасиеттерін ескеретін болсақ, бір ән – бір кітап. Әрқайсысының мазмұнының жан-жақтылығы байқалып тұрады. Тіпті өмірде де әңгіме арасында өз ойымызды дәлдеп жеткізу үшін сол әндердің ара­сындағы өткір сөздерді пайдаланып жатамыз. Өйткені төл туындының алар орны ерекше. Осы жерде айта кетейін, Тәуелсіз­дігіміздің 20 жыл­дығына орай «Біржан деп атым шықты алты Алашқа» атты та­қырыппен Студенттер сарайында қазақ­тың біртума перзенті Біржан Қожағұ­лұлының әндерінен кеш өтеді. Бұл кеште Біржан әндері шырқалып, ұлы әншінің өмірінен сыр шертіледі. Оны ұйымдас­тырушылардың бірі «Адырна» ұлттық-этнографиялық сайтының бас редакторы Арман Әубәкір екеуміз Біржанның осы күнге дейін ай­тылмаған, мұрағатта шаң басып қалған әндерін іздес­тіріп, біразын таптық. Олардың да өзіндік салмағы бар, құнды туындылар екені анық.

– Бiржан салдың жаңа әндерi жайында толы­ғырақ айтып кетсеңіз…

– Ахмет Жұбанов ағамыздың еңбегі­мен табылған, сондай-ақ Біржанның өз аузынан естіген қариялардың бірінен-біріне жетіп, ел аузында жүрген әндері табылды. Осы кеште Біржанның 14-15 шақты жаңа әндері орындалатын болады. Мысалы, «Әйелі Әпішке айтқа­ны», Абайға жазған өлеңдері, «Мен көрдім ұзын қайың құла­ғанын», «Мінезі жүйріктердің соқпа-соқпа», «Жас­тарға» деген әндерін әлі ешкім естіген емес.

Ән салсаң, мәнерлеп айт, мамырлатып,

Жігіттің жараспайды тасырлығы, – деп, Біржан атамыз айтып кеткеніндей, әр ән өз мәнерінде орындалуы тиіс. Осыны мен шәкірттеріме де айтумен келемін.


Әңгімелескен

Толқын САДЫРОВА

«Дала мен қала».

Пікірлер