Нұркен ӘШІРОВ, күйші: Қазақша түс көрмеген адам

3644
Adyrna.kz Telegram

- Жақында Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев әдебиет пен өнер саласын дамытуға айрықша үлес қосып жүрген жастарға өз қолымен мемлекеттік стипендия тапсырғаны белгілі. Материалдық қолдау ретінде берілген сыйақыға сіз де ие болдыңыз. Осы қара­жатты қайда жұмсамақ ойыңыз бар?

- Көптен бері көздеп жүрген шығармашылық жоспарларым бар еді. Ол қаражат ойдағы мақ­сатымды то­лыққанды жүзеге асыруға жете қоймайды. Бірақ әжептеуір жыр­тығым жамалып қалатын болды. Мемлекеттің өнер мен әде­биет адамдарына осылай на­зар салып, көңіл бө­луі, қам­қор­лық көрсетуі, қана­тының астына алуы — қуанарлық жағдай. Ша­быт береді. Ойыңа — ой қосады. Енді «алдым екен» деп жата бермейсің. Алла бұйыртса, Ас­тана мен Алматы қалаларында жаңа­ша серпінмен концерт қой­сам деймін. Жалпы, әр концерт, әрбір ел алдында орындалған шығарма «әйтеуір өтті» деген есеп үшін емес, тың­даушыға ой салып, көрерменді рухани бір са­тыға көтеру үшін қолға ал­ынуы қажет деп есептеймін. Мем­лекет сыйақы бермесе де әнші болсын, күйші болсын, жазушы болсын бір қалыпта өмір сүрмеуі керек. Өз басым ақшаның бар кезінде де, жоқ кезінде де ізденісімді тоқтатпай­тыным анық. Дегенмен кішкен­тай ғана көңіл­дің өзі, осылай үл­кен көмегі тиіп жататыны сөзсіз.

- «Жаңа бағыт ұстанамыз» деп кей күйшілер ұлттық өнерді еуро­паландыруға әуес болып кетті. Дом­быраға орынды-орынсыз даң­ға­за дыбыстарды қоса беру қанша­лықты қажет?
- Өздеріңізге белгілі, Мейрам­бек Бесбаев құрған «Тарту» тобы­ның бағыты сәл өзгешелеу. Бірақ ол жерде сіз айтқан даңғаза ды­быс­тарға жол берілмейді. Дом­бы­ра­ның үнін эстрадалық әуенмен үйлестіріп, сәл-пәл көркемдейміз. Өз шеңберімізден аспаймыз. Мен — жеке басымнан ұлттың мүддесін, мәдениеті мен руханиятын жо­ғары қоятын азаматпын. Сондық­тан менің репертуарымдағы шығар­малар қазақы реңктен ажы­ра­майды деп ойлаймын. Негізінен жеке орындауда, кейде оркестрмен қосылып, дәстүрлі күйлерді орындаймын. 2000 жылдан бері қарай, Елбасының қатысуымен өтетін шараларда Қазақстанның дәулескер күйшілері мен әйгілі домбырашыларымен де бір сахна­ға шығып жүрміз.
- «Тарту» күйшілер триосының нақты ісінен гөрі, «үштік құрылады екен» деген әңгіме көбірек айтылған сияқты…
- Мүмкін, топтың жарқ етіп көрінуіне бір клиптің түсірілімі қажет болып тұрған шығар. Кез келген жаңа жоба жемісін беру үшін кішкене уақыт керек. Құй­рықты жұлдыздай жарқ етіп, бір сәтте сөніп қалғанша, сәулесі алысқа тарайтын шұғыла болғанға не жетсін?! Мейрамбек ағамыздың бізге қоятын талабы да — осы. Бір шығарма жазсақ та сапалы дүние жасау. Әр туындының кәсіби деңгейіне мұқият көңіл аударады. Ертелі-кеш репертуарымызды сараптап-салмақтаудан жалық­пайды. Терең мән беріп, ұзақ талдап отырады. Жасыратыны жоқ, осы талапқа сай келмеген күйлеріміз де болды. Оларды «ақыры жаздық қой» деп сапасыз күйде халыққа ұсынған жоқпыз. Құдайға шүкір, қазіргі таңда қор­жынымыз қомақты. Осы уақытқа дейін іздендік, үлкенді-кішілі кон­церттерде, мемлекеттік шара­ларда өнер көрсеттік.
Қазір дүркіреп тұрмасақ та, біздің танылуымыз болашақтың еншісінде.
- Топ құрамына келгенде Мей­рамбектің атағына сүйеніп, «халық алдындағы абыройы бізді де шы­ғарады ғой» деген сенім болмады ма?
- Біз — оны, ол — бізді пайда­лануды көздеп жүрген жағдайы­мыз жоқ. Ол кісінің діттегені — «қай­тсем де танымал домбыра­шылардың қатарын көбейтсем» деген ой. Үнемі әңгіме арасында «Жылына консерваторияны қан­шама домбырашы бітіреді. Бәріне бірдей жұмыс жоқ. Еш жерге сыймай жүр» деп жаны ауырып отырады. «Бірің — мектепте сабақ берерсіңдер, бірің — оркестрде ой­нарсыңдар. Бірақ сендердей мық­ты домбырашылар ел ішінде елеу­сіз қалмауы керек. Сендер ха­лық­қа қызмет қылып, таныл­саңдар, тілін, ділін, дінін ұмытқан қандастарымыз бен басқа ұлт өкілдерінен тым құрығанда бір адамның бетін бері бұрып, на­зарын аудартсақ — еңбегіміздің ақ­талғаны. Арманым сол» дейді. Біздің ұстанымымыз бас пайда емес, өнерге қызмет ету.
- Сіздердің ойларыңызша, дом­быраның дәріптелуі кем түсіп жатыр ма?
- Қолына қара домбыра ұстап жүрген әріптестерімнің, өз қатар­ластарымның аяқ алысына қарап, кімнің қалай жұмыс істеп жүр­ге­нін сырттай көз жүгіртіп, бақы­лауды дағдыға айналдырғанмын. Бізде мықты орындаушылар, бі­лік­ті күйшілер жоқ десем қате­лесемін. Құдайға шүкір, баршы­лық. Бірақ қазақтың ұлттық музыкасын жазатын компози­торлар жоқтың қасы. Мәселен, Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Кенжебек Күмісбеков, Нұрғиса Тілендиевтер қазақтың тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бойы­на сіңіріп өскен тұлғалар. Олар еуропалық деңгейдегі классика­лық шығармаларды да жазды. Бірақ қай музыкасын алсаңыз да қазақтың иісі аңқып тұрады. Қа­зіргі туындыларда қазақтың иісі сезіліп, мәдениетіміз бен тарихы­мыздан сыр шертетіні сирек. Мен ұлттың санасын оятып, рухын көтеруге жарамайтын ондай дү­ниелерді қазақтың музыкасы деп есептемес едім. Евгений Бурси­ловский, Латиф Хамидидің жаз­ған музыкалары қазіргі қазақ композиторларынан әлдеқайда артық. Ұлтқа жақын. Өйткені олар қазақтың музыкасын бүге-шігесіне дейін зерттеген, құлақ­тарына сіңіріп өскен. Сондықтан қазақша ойламайтын, қазақтың қамын күйттемеген, қазақша түс көрмейтін адам қазақтың музыка­сын жаза алмайды. «Бүгін атымды шығарсам болды, қалғаны күл болмаса, бүл болсын» дейтіндер көп. Ұлттың мүддесі барлық мәсе­леде алдыңғы орында тұруы тиіс. Оған бас қатырмайтындардан қор­қу керек.
- Сізді «біртоға жігіт» деп ой­лап жүрсек, ішіңізде біраз дүние қайнап жатқан тәрізді…
- Біртоға, ештеңемен шаруасы жоқ, айналаға сүлесоқ қарайтын, бұйығымын деп айта алмаймын. Керекті кезінде мінездің шығатын жері болады. Қандай іс болмасын барынша сабырлы болып, ақылға салып шешуге тырысамын. Кейде ақылға да көнбей кететін кезім бар. Әсіресе, әділетсіздікке төзе алмаймын.
- Әділетсіздікті көп көресіз бе?
- Жөнсіздікті әртүрлі саладан көруге болады. Қоғамда ұлт аралық, ру аралық, басшылардың жікке, жерге бөлінуі бой көрсетіп қалады. Бөлінетін қарапайым ха­лық емес, билік басындағылар. Шығармашылық байқауларда ала­лау бар. Қараптан-қарап күй­діріп, айдап салатындарды да көрдім. Адамдардың опасыздығы да кейде ашындырады. Өмірдің жолы — бұралаң. Ол ешқашан түзу болмаған. Жақсылық пен жаман­дық, әділеттілік пен әділетсіздік қатар жүреді. Осындайда әркім өз шаруасын білсе, өз ісімен айна­лысса дейсің. Одан да ұлттық мүд­деге бірігіп, елдің жайын, тілдің мәселесін көтерейік. Балала­ры­мызды ана тілімізде тәрбиелейік. «Басқа тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп Қадыр атамыз айтқандай, басқа тілді қабілетің жетіп тұрса, меңгерген де артық етпейді. Бірақ тілі қазақша шықпаған баланың қазаққа жаны ашиды деп оламаймын.
- Демек, сіз шығармашылық адамы болсаңыз да саясаттан тыс­қары қала алмайсыз…
- «Сен саясатпен айнылыспа­саң, саясат сенімен айналысады». Шығармашылық адамы қоғамның бір мүшесі болғандықтан, әр­дайым қоғамдағы жаңалықтарға құлағы түрік жүруі керек. Тек өнерді ғана емес, дүниетанымы кең болу үшін математиканы, физиканы, астрономияны, химия, география және басқа салаларды өзі үшін білгені дұрыс. Өз тарихын ғана емес, дүниежүзі тарихын оқыған адамның біраз нәрсеге көзі ашылады. Кешегі ақ Азиада ойындарын бақылап отырып, біраз ойға қалдым.

Додаға түскен қазақ баласы саусақпен санарлық. Екі-үш қазақ көргенімізде туыс­қанымызды көргендей қуандық. Жақсы көріп, соған жанкүйер болдық. Осыны байқаған Елбасы «Балаларыңызды спортқа беріңіз­дер» деп ашық айтты. Әрине, бас­қа ұлт өкілдері де абыройымызды асқақтатты. Бірақ өз намысы­мызды өзгеге жырттырғанша, өз уысымызда ұстаған жақсы ғой.

Кей спортшыларымыздың елі­міз­дің көк байрағын қалай бол­са, солай ұстағаны арқама аяздай батты. Мәреге жете салысымен, Туды құшақтап, құлай кеткендері де бар. Сөз жоқ, олардың жеңісі бізге қуаныш әкелді. Бірақ Туды ұстауға жауапсыздықпен қараған­дары, сол өрекпіген көңілімізді су сепкендей басты. Қандай жағдай болмасын, өліп бара жатсаң да, Туды төмен түсіруге қақың бол­мауы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік Әнұранды әр адам жатқа білуі міндет. Әнұранның мәтінін кей жерлерде екі тілде жазып қойған. Оның не керегі бар? Мен оған қарсымын. Барлық ұлт Әнұранды қазақ тілінде жаттасын және мағынасын білсін! Ол аздай-ақ әр жерде әркелкі айтылады. Егер мәтінсіз орындалған жағдайда бір шумақ пен қайырмамен шектелсін немесе арнайы бекітілген толық нұсқасы шырқалғаны дұрыс.
- Сізбен шығармашылық тура­лы көбірек тілдесеміз деп ойлап едім…
- Мен ел, жер, ұлт, тілге қа­тыс­ты дүниелерге бей-жай қарай алмаймын. Жүрген жерімде тек қазақша сөйлеймін. Қазақылық жайлы айтысып, қызыл кеңірдек болып қалатыным бар.
- Өз жаныңыздан шығарған күйлеріңіз де патриоттық тақырып­та ма?
- Күй — аты айтып тұрғандай, адамның көңіл-күйінен туындай­ды. Жалғыздық, құлазу, мұңаю немесе қуаныштан. Үй ішіндегі ахуалға да байланысты. Қо­лы­ма домбыра ұстағым келме­се, өзімді-өзім зорламаймын. Кейде бүкіл тірлігімді тастап, тапжылмай отыратын кездерім болады. Жан рахатын қос ішектен табамын.
- Үйіңіздегі ахуал қан­дай?
- Құдайға шүкір, жақсы. Теле­дидарды көп көрмеймін. Мүлде қарамаймын деуге болады. Оған кетірген уақытымды шығарма­шылыққа арнаймын. Күйлерді нотаға түсіремін. Жазып жүрген туындыларым бар. Қайда барсам да, қағаз-қаламымды өзіммен бірге арқалап жүремін. Жұмыста да қолым қалт етсе, шұқшия кете­мін.
- Теледидар көрмесеңіз, жаңа­лықтардан сырт қалмайсыз ба?
- Газетті жиі оқимын. Үйден шықсам газет аламын. Қазақ ба­сылымдарынан «Айқын», «Жас алаш», «Алаш айнасын», орыс тіл­ді «PRO SPORT» газетін оқимын. Кейде ғана үйде болғанда танымдық бағдарламалар қарай­мын. Бірақ үйде көп бола бер­меймін.
- Үйге қонбай қайда жүресіз?
- Үйге жетсем қонамын ғой… Өз үйің, өлең төсегіңе не жетсін?! «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп ер адамның еркін жүргені дұрыс деп ойлаймын. Ұзақ жолға шықпай, бір қалада айналшықтап ұзақ жүрсем, ауырып қаламын. Жолға шыққым келіп тұрады. Тым құрығанда Қордай мен Тал­дықорғанға барып келемін. Түн­мен таласпай, күндіз жүргенді ұна­тамын. Табиғатқа сүйсініп, әр тастан, әр жотадан әсер алуға тырысамын. Қара жолдың қасиеті бар деп есептеймін.
- Ер азығы жолда ма екен?
- Иә.
- Біздің естуімізше, сіздің қоржыныңызда екі жүзден астам туынды бар. Сахнада күйлерді бір-бірімен шатастыратын жағдай орын ала ма?
- Ондай жағдай кездесті. Біз робот болмаса компьютер емес­піз. Бір ән бір әнге ұқсап жатады. Сол сияқты құрылымы, филосо­фиясы бір қолдан шыққасын кей­де күйдің ырғақтарын да бір-бірінен айыру қиын. Жиі дайын­далып, өзіңді қадағалап жүрсең шатаспайсың. Бірақ жаңа жат­таған күйлерімді сахнада ұмытып қалған кезім де болды. Ондай жағдайда білдірмей жіберуге тырысамын. Керісінше күйдің бір жерінен сүрінсем, табанасты жи­налып, шабыттана түсемін.
- Атыңызға қарағанда сіз батыр болуыңыз керек еді…
- Бабамыз Әшір — соғыста қаза тапқан қазақ жауынгерлері­нің бірі. Мен туылар жылы әкем Ресейде болып, Сталинград шай­қасында қаза тапқан ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіровке қойылған ескерткішті көрген екен. Соны естіген әжеміз «сол кісідей батыр болсын» деп ырымдаған көрінеді. Бірақ әкем бесігімнің басына өзінің домбы­ра­сын іліп, күйші болсын деп ниет етіпті. Сөйтіп, 4-5 жастан дом­быраға баули бастайды.
Әкем Нұрғали — домбырашы, анам — Сырғаш ән айтатын өнерлі кісілер. Кішкентайымнан қазақ­тың ән-күйлерін құлағыма сіңіріп өскенмін. Кейін мектеп қабыр­ғасында нота әліппесін үйреткен ұстазым марқұм Бекет Жетпісов. Бертінде А.Жұбанов атындағы Республикалық музыка мектебін­де Гүлперизат Елеусізқызынан, консерваторияда профессор Айт­жан Тоқтағановтан дәріс алдым. Үлкен күйшілерді үлгі тұттық, ұс­таз санадық. Қазір Тараз қала­сын­да тұратын Талғат Орынтаев­тан, марқұм Рысбай Ғабдиев, Қар­­шыға Ахмедияровтардан, сон­­дай-ақ шертпе күйдің шебері Жанғали Жүзбаев, қобызшы-домбырашы Саян Ақмолдадан үйренгендерім бар. Кейбірінің көзін көрмесек те, үн таспасын тыңдап, дайындалдық. Елікте­дік.
- Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?
- Доп тебемін. Бильярд ой­наймын. Кітап оқығанды ұната­мын.


Әңгімелескен
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТОВА,

«Айқын».

Пікірлер