«Айманка мен Чолпик»

2356
Adyrna.kz Telegram

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрында М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясының тұсауы кесілді. Спектакль жаңаша қойылған. ХІХ ғасыр кейіпкерлері ХХІ ғасырға бір-ақ секірген. Сайын далада болған оқиға зәулім үйлердің фонында, «Aiman & Sholpan” деген клубтың ішіне көшіпті.Бір қарағанда: әлем-жәлем декорацияның аясында әлем-жәлем киінген жастар. Дарақылық фонындағы дарақылық. Айман мен Шолпан санын жылтыратқан. Тіпті аяқтарын кере билегенде ішкиімі көрініп жүр. Әсіресе Шолпан қызың бір жағынан билеп, екінші жағынан беліне дейін көтеріліп кететін рәзіңке көйлектің етегін тартып әлек. «Мен – өкіл аналарың» дейтін Теңге (Лейло Ханинга-Бекназар) әлгі жерін ұстап билейді. Тағы «біссімілдә» деп бата беріп қояды. Қазақ «ана» деген ардақты атты дәл бұлай қорлап көрмеген шығар… Күйеуін қызғанып қуып келетін адуын Теңге анайылыққа бармаса керек еді. Театрды текті өнер деп жатамыз. Актрисаларымыздың әбүйірін ашқаннан ол көрерменге жырғап қарық қылмайды. Есесіне «өнер» деген ұғымнан алыстайды. Зал әртістің шеберлігіне, арқалап жүрген ойына емес, жалтырай беретін санына телміреді. Рас, театрдың көңіл көтеретін де функциясы бар. Бірақ көңіл көтеру деген жалаңаш сан мен жартылай ашылған кеуде емес. Рас, өмірде еркетотайлар солай-ақ киінетін шығар. Бірақ өмір мен сахнаның заңдылықтары бір емес. Бұл тіпті бәрін кешіре беретін кино да емес. Сахнада сен лупаның астында тұрасың!

Жалпы, Қаллеки театрында киім суретшісінің, жақсы сценографтың қаттығы сезіледі. Мысалы, Әлібектің мойнындағы – қайдан шыққан құндыз шарф? Неге Шолпанның сәукелесі өзіне үлкен? Неге Маман байдың жасанды шашы сырғып түсейін деп жүр? Неге көпшілік сахнасындағы бойжеткендердің көйлектері тар? Астана әкімшілігі ақшадан қысқан-ақ шығар, бірақ жарты қарыс мата қалайша жетіспей қалды?..

Әрине, кемшілікті тізбелей беруге болады. Бірақ «қосу белгілерін» көрмеу қиянат болар еді. Труппа әжептәуір еңбек еткен. Гамлеттің де, Ромео мен Джульеттаның да, Евгений Онегиннің де «джинсы кигенін» көрдік. Қазақ классикасына бұл «жаңалық» кештеу болса да жетті. Сол себепті, ең алдымен, режиссер Әлімбек Оразбековтің осындай ізденіске барғаны көңілден шықты. Спектакльден жастық жігер атойлап тұр. Қаның қызып, тамырың бүлкілдеп, өмірдің түрлі бояуларын сезініп, көңілің көтерілгендей.

Бос жүрген, басы артық адам жоқ. Айман мен Шолпан, Әлібек пен Арыстан ғана емес, олардың айналасындағы «шабармандары» да өз типажын, қайталанбас мінезін тауып кеткен. Мысалы, Жарас (Асылбек Қапаев). Өңшең қыздардың арасында жүретін Жарасты Мұхаңның өзі бүгінгінің «көгілдірлеу» «ди-джейіне» лайықтап жазғандай. Өзге кейіпкерлер туралы да соны айтуға болады. Әрқайсысының табиғатына сай, «сөйлейтін» киім үлгісін ғана емес, музыкалық көркемдеуі сәтті табылған. Мәселен, бүгінгінің «батыры» (Арыстан) рокер стилінде былғары күртешкемен, гитара үнімен сахнаға шықса, бай-бағлан Әлібек тобы джаз-музыканың «сүйемелдеуімен» шығады. Композитор Қ.Тоқымбаевтың еңбегіне де айтарымыз жоқ. Ескерту: көрерменнің бәрі керең емес. Дыбысты бәсеңдетуге де болады.

Негізінде, ойнақы реңкте өтетін спектакль түгесілмейтін думан секілді әсер қалдырады. Жар таңдау, жағаласу, жарасу хикаясы қыз-жігіт айтысына, ән- би жарысына, өнер сайысына ұласады. Ең бастысы, комедия жанрында жазылған дүние комедия ретінде қойылып тұр. Спектакльде авторлық мәтінде жоқ көптеген күлкілі ситуациялар туылған. Ролінен жаңалық күтетін, қызыға ойнайтын актерді тамашалаудың өзі бір бақыт. Ситуацияны сондай актерлер табады.

Әлібек – маңғаз, кербез. Қуандық Қыстықбаевтың қасын керіп қана сөйлейтін кейіпкері тіпті қыз тартысына да шындап кірісуге ерінетін сияқты. Арыстан – Сырым Қашқабаев та батырдың мінезін дөп басқан. Жігерлі, айбатты, қызба. Айманды сомдайтын Сая Тоқмағанбетова ақылды қыздың кейпін берді. Ал Шолпанның (Айнұр Жетпісбаева) иілгіштігі, сыртқы және ішкі пластикасы разы қылды. Оның ойы да, сойы да нақ бүгіндікі. Ауған соғысынан кеше келгендей көрінген Мейрам Қайсанов (Көтібар) та, оның шашбауын көтеретін Мұрат Нұрәсілов те сенімді және… күлкілі. Лейло Ханинга (Теңге) ханым жақсы актриса шығар, бірақ үні қазақы қойылымда оғаштау, артықтау, тысқарылау көрініп тұр. Барынша шетелдік акцентпен сөйлеуге тырысқанымен, көбінде күмілжіп, үні жасанды шығып жатты. Есесіне екінші құрамдағы Айнұр Бермұхамбетова парасатты, жинақы, ықшам ойынымен тәнті қылды. Мұның бәрі – жекелеген «мезеттер». Ал жалпы алғанда…

Біз білетін Айман мен Шолпан сүйкімді еді. Еліктің лағындай әсем жаратылыс еді. Есті еді. Ибалы еді. Иманды еді. Киімді өзгертуге болатын шығар. Шашты кесуге, тырнақты бояуға да болатын шығар. Бірақ қасиеттен айрылу, мінезді түбегейлі өзгерту… Бұл қастандық секілді көрінеді. Әдебиетке ғана емес, халықтың санасына. Бұрын «Айдай сұлу Айман мен шоқтығы биік Шолпан» үлгі болатын. Ал мына Айманды қалай үлгі етесің? Ең соңғы көріністе қыздар аппақ көйлек пен сәукеле киіп шығады. Түбінде тамырын табады деген ойды бергісі келген сияқты. Шектен асыңқырап кеткен соң, арнасына оралу қиынға соқпай ма екен…


Әсия Бағдәулетқызы, «Халық сөзі»

Пікірлер