Құмай тазының тегi қыран құс па?

4219
Adyrna.kz Telegram

116 түрлi иттiң iшiнде қазақтың бәйтөбетi мен құмай тазыға жетерi жоқ. Бәйтөбет қасқырға бетпе-бет келе алатындығымен ерекшеленедi. Ал құмай тазының желмен жарысар жүйрiктiгi бесенеден белгiлi.

Қасқыр малды жейдi, қырып салады. Кейде тiптi адамның өзiне шабуыл жасайды. Сонда да қазақ қасқырды тәңiрдiң серiсi, көк жал, көк бөрi, сырттан, абадан деп мадақтайды. Оны жамандамайды, бейәдеп сөзбен балағаттамайды. Қазақтың осы мiнезiн түсiну қиын. Бабаларымыздың осы қасиетi ғылыми тұрғыда зерттелiп, дәлелденуi қажет.

Ал ит жануар бүкiл өмiрiн адам баласына бағыштаған құлақ кестi адал құл. Бiрақ қазақ иттi мақтамайды. Мақтау орнына жағымсыз теңеудiң көбiн итке теңейдi. Мал-мүлкiн, өзiн адалдықпен қорғай бiлген құлақ кестi адал құлын қазақ неге жағымсыз кейiпкер ретiнде атайды? Мұны ғылыми жолмен бағалаған жөн.

Батыс ғалымдарының бiрi ит пен қасқыр тегiнiң сүйегiн тауып алып соған Томарк Тос деп өз атын қойыпты. Сол ғалымның болжамы бойынша, әлгi тектен тараған қасқыр мен ит 13 атадан кейiн бiрi — ит, бiрi — қасқыр болып екi түрлi жануарға бөлiнген. Бiр атадан тараған екi жануардың бiрi — қасқыр ерлiкке, қайсарлыққа бой алдырып, батыр да батыл көкжалға айналған. Өз алдына бағыт, бағдары бар, ой, арман, тiлегi бар Абаданға айналған. Бiздiң қазаққа қасқырдың осы қасиеттерi ұнаса керек. Өзiн, малын тартып жейтiн ерлiгiн қадiрлейтiн болар. Оның малға, адамға шабуыл жасағандағы айла-тәсiлi, батылдығы бағаланатын шығар.

Адам баласын асыраушы жануарлар iшiнде қасқырдың алдына ешқандай жануар салмайды екен. Әлемдiк зерттеулер есебiнде жануарлар асыраған балалардың 60 пайызын азулы қасқыр апанына апарып асыраған. Мiне, өз жауының баласын бауырына басып өсiретiндiгi үшiн де қазақ қасқырды жақсы көрген тәрiздi. Қасиеттi бабамыз Ашинаны қасқыр асырап жетiлдiрдi. Ашина тұқымы өсiп-өнiп ел болды. Осынау Ашина ұрпағы қасқыр атты жануарды құрмет тұтты. Қасқырдың аналық мейiрiмiн, ақ сүтiн ұмытпау — дағдылы қалпынан айнымады. Сол тұқым ел болып ту тiккенде, ту бетiне қасқыр басын салып, мемлекеттiк рәмiзге айналдырды. Қасқырды жағымды кейiпкер ретiнде бейнелеу, сомдау Ашинадан қалған салт екендiгi айқын.

Тақырыпқа тұздық:

әл-Фараби бабамыз «Аспанның көркi жұлдыз, жердiң көркi үн» деген екен. Ал жердегi үннiң жағымды, жағымсызы бар емес пе? Ит деген үй жануары жағымсып қыңсылау, қорқып қыңсылау, қорқып ұлу, iздеп ұлу, қорғанып үру, қорғап үру, шәуiлдеп үру, шәбеленiп үру, арсылдап үру, әупiлдеп үру, қорқып үру, қорқытып үру, ырылдау, арылдау сияқты дыбыстар шығарады. Осы дыбыстардың құлаққа жағымдысы жоққа тән.

Ит неге жағымсыз кейiпкер? Иттi барлық жамандық атаулыға баулитын қазақтың өзi, бiрақ қазақ өз тәрбиесiн өзi мойындамайды. Итке ит сөз айтатын адам екенi рас қой. Иттiң айтаққа шабатындығы, мәңгi құлдығы, арсыздығы (қазақ бағасы), шексiз достығы бiздiң ұғымда оның болмысын жағымсыз ете түспек.

Маңтөбет, бәйтөбет, таутөбет атауларының түп төркiнi ненi бiлдiредi? Маңтөбет — маңғаз, салмақты, сабырлы, сырбаз ит. «Маң-маң төбет, Маңтөбет» сөзiнiң түп тамыры да осында жатыр. Бәйтөбет — сөз төркiнiн айту оңай емес. Қазақта «бәйбiше» деген сөз бар. «Бай-бише» сөзiне үңiле түссек, «бай» — шаңырақ иесi, мал иесi, дәулет иесi, қожайын болып шығады. «Бише» — байдың алғашқы қатыны, орынбасары, екiншi бастық екенi дау тудырмайды. Сондай-ақ, биiк терек, үлкен терек, сымбатты терек секiлдi қасиеттердi бойына жиған бәйтерек сөзi де сөзiмiздi тұздықтай түсерi шүбәсiз. Ендеше, бәйтөбеттегi «бәй» де мал иесi, қорғаушы ұғымдарымен астасып жатқаны анықталады. Бәйтөбет — үлкен төбет. Таутөбет — тау, таудай, үлкен, iрi, дәу, кесек дегеннен туған сөз.

Таутөбет. Таутөбеттер үйшiкке жатпайды. Қар немесе мұз үстiне жата салса да, аязға еш тоңбайды. Әлемдегi 116 ит түрi iшiнде қазақтың таутөбетi ең iрiсi болып табылады. Оның кеудесi, мойыны, тұмсығы жуан, басы, ауызы үлкен, тiстерi iрi, езулерi салақтап жүредi. Тұмсығы келтелеу болса да жуан болып келедi.

Түктiлiгi екi түрлi — жүнi қалың, ұзын қылшықты. Бас жүнi бет-аузын жауып тұрады. Құлақтарын да жүн басып алған. Денесiнде де қалың түбiт қаптаған. Екiншi түрiнде жүнi сәл тықырлау, алайда түбiтi қалың шығады.

МаңтӨбет. Маңтөбеттер түн бойы мал күзетiп, күндiз мал ұйықтайды. Иттiң осы түрi ғана қасқырмен жекпе-жекке шығуға батылы барады. Маңтөбеттердiң кейбiрi, үй иесi қайтыс болғанда, сол адамның моласына барып, жатып алады. Олардың молаға барып қайтып жүретiндерi де болады.

Ит күшiктегенде күшiктердiң желке терiсiнен шымшып ұстап көтергенде дауыс, дыбыс шығармағаны жақсы ит болады деп қазақ халқы сын айтады.

Таз ит, тазы ит, таза ит деген сөздер бар. Таз ит — тақыр, жүнсiз, жарақат деген ұғым бередi. Құмай тазы — жүнi аса тақыр, нағыз қыранға баланады. Ал тазы ит — бiр тұқым, бiр тек, бiр түр, бiр нәсiл дегенге саяды. Таза ит — таза қанды, таза тек, таза тұқым, таза нәсiл, асыл тұқым, асыл тек ұғымдарына ойысады. Осы айтылған үш төркiннiң қайсысы дұрыс екен? Әлбетте, анықтаған жөн.

Құмай тазы. «Қыран құмай екi жұмыртқа табады, бiрi — құс құмай, екiншiсi — құмай тазы» деп жориды бабаларымыз ертедегi аңыздарында. «Құмай тазылар өте жүйрiк, аса қыран болады. Өйткенi ол құмай құстың баласы, құмай құстың ұясынан алынған» деп сыр шертедi халықтың әпсана әлемi. Ал осы аңызды қазақ неге айтқан?

Қыран құмай мен бүркiт балапандарын жыртқыштыққа баулу үшiн «ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлесiң» дегендей, түлкi, қарсақтың, кейде тiптi иттiң күшiктерiн, кейде қоңыр аңдардың лақтары мен қозыларын көтерiп алып кетiп, тiрiдей ұяға апарып тастайды. Қыран құстың балапандары әлгi «олжаның» көбiн басып жесе де, кейбiрiмен ермектеп ойнап, бiрге өмiр кешедi. Осы орайлы мүмкiндiктi тазы иттiң қу күшiктерi пайдаланып қалатын болса керек. Қыран әкелген тамақты балапан мен күшiк бөлiсiп жейдi. Осындай достасқан өмiр аяқталып, балапан ұядан ұшып кеткенде тазы күшiк ұяда қалады. Биiк жартас бетiндегi құмай ұясында жападан жалғыз шошына, зарыға қыңқылдаған күшiктiң дауысы саятшылар, малшылар құлағына шалынса, әдетте олар не деушi едi? «Қыран құмайдың ұясынан иттiң қаңқылы, ұлыған дауысы шығады. Қыран құмайдың жұмыртқасын жарып шыққан иттi алалық» демей ме? Ендi осы күшiк «құмай құстың жұмыртқасынан шыққан» деген куәлiктiң тарауына серпiн берерi анық. Әлгi күшiк қыран шықса, қыран құмай құстан туғандығы дәрiптелмей ме, ел iшiнде оның құстан туғандығына сенiм артпай ма?

Ит пен құстың бiрiнен бiрi туар биологиялық мүмкiндiгi жоқтығына қарамай, қазақ елiнде «құмай тазы» деген ит бар. Тазы иттiң түрi, тұқымы көп. Соның iшiнде құмай тазы аталатын тек — өте тықыр, жарғақ құлақ, салық төс, тар мықынды, бұлшық санды, шымыр мойын, тiк қабақ, ауызды, азулы, сезiмтал, көргiш, қағылез, сақ, өте тез, өте жүйрiк болып келедi. Одан қашқан түлкi құтылмайды. Сондықтан «қанатсыз болса да, арғы тегi қыран ғой, тегiне тартқан-ау, пәтшағар» дейтiн мадақ үзiлмейдi.

Қазақтың құмай тазылары өте тақыр болғандықтан үйде, төсекте, төрде жата бередi. Сыртқа өздiгiнен шығып, өздiгiнен қайтып кiруге әбден дағдыланған. Егер оны сыртқа жатқызуға тура келсе, асты-үстiне қабаттап киiз төселiп, жабылады. Қалайда ол жылы жатуға тиiстi. Қыстың аязды күндерiнде аңға шыққан құмай тазылар ат үстiндегi иесiнiң алдына секiрiп шығып қаптал тонның етегiнiң астына кiрiп алып тұмсығын сыртқа шығарып сығалап жатады. Түлкi, қарсақ, қоян, қоңыр аңдар көрiнгенде етектiң астынан қарғып шығып қуалай жөнеледi.

Олжаланған түлкiнi аңшы қанжығасына байлап, атқа қайта мiнгенде тазы тағы да иесiнiң алдына қарғып шығып сеңсең тон етегiнiң астына кiрiп, жалтаң қағып, жортар жаққа тесiле қарап, аң ұшырасса, атылып шығуға әзiр тұрады. Бұл қақаған аяз күндерi құмай тазы мен аңшы арасындағы қол қойылған келiсiмдi мүлтiксiз орындап жатқандай әсер бередi. Итi мен иесi бiрiн-бiрi қабағынан танысады.

Құмай құс. Қазақ даласында қыран құмай, жемтiкшi құмай бар. Бiрақ қыран құмай саны тым аз. Оның саны неге азайды?

Түрiкмен елiнде «қыран құмайдың көлеңкесi түскен адам бақытты болады» деген сөз айтылады.

Әйгiлi ғалым Әлкей Марғұлан ағамыз «қыран құмай бұрын болған. Бiрақ қазiр жоқ шығар, болса, Памир тауында болуы мүмкiн» дейдi.

1945 жылдың қысында Хантәңiрi тауының қытай жақ қапталында Толымбай ақсақал мал қыстағында қойға шүйiлген алып құсты көрген. «Кейде қойды көтерiп кетедi, кейде адамға шабуыл жасайды» дептi қарт. Осыған қарағанда, құмай әлi бар. Әйтсе де, тоқты-торым, қозы-лақ болмаса, тiрi салмағы 70-80 келi келетiн қойды көтерiп алып кеттi деу тым сенiмсiз.

2006 жылы наурыз айында той өткiзуге Қазығұрт тауына бардым. Менi биология ғылымдарының доктары Аманбек Ақайұлы алып жүрдi. Әңгiме арасында қыран құмай тiлге тиек етiлдi. Аманбек «сонау 1980 жылдары Оңтүстiк Қазақстан облысындағы «Ақсу-Жабағалы» қорығында жұмыс iстеген кезiнде қыстың күнi бiр алып құс қорық жерiне жұмыртқа салған. Сол құс атылып алынып, денесi қорықта сақталды. Керiлген денесi 3 метрге жеттi» дедi. Осы құс құмай болар…


Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ, этнограф,

«Дала мен қала»,

2008 жыл

 

Пікірлер