Шейхтар енді тауда сайран сала ма?

3367
Adyrna.kz Telegram

Біріккен Араб Әмірліктерінен келген шейх­тардың Отырар ауданында гектар жерді қоршап­ алып, оңтүстіктің қырғиларын аң-құсқа салып, са­ятшы­лық құрып жүргенін бұдан бұрын да га­зетімізде жазған болатынбыз. Енді олар облы­сы­­мыздың шөлді аймағын былай қойып, табиға­ты­ тамаша таулы өңірлеріне де көз сала баста­ған секілді.

Жақында Төлеби ауданындағы Кеңесарық ауылына жолымыз түскен болатын. Ал ол ауылға барар жолдағы Қасқасу елді мекенінен бастап жолдар жөнделіп, Сайрамсу өзенінің көпірі реттеліп, одан өткеннен кейінгі айналма жолдың тура тартылып жатқанын­ көрдік. Қасқасудың ойдым-ойдым болып жататын жолдары да ретке келтіріліп, біршама тегістеліп қалыпты. Бұл тірліктің бәрі облыс пен аудан қазынасынан бөлінген қаржыға істелініп жатқан болар деп ойлап басшыларға риза болған едік. Бірақ ауыл тұрғындары­мен әңгіме барысында бәрі біздің ойымыздағыдай болмай шықты.

Қасқасулықтар жолды жөндеп жатқан арабтар екенін, оларға бүгінде «Кемпинг» деп аталып кеткен демалыс аумағынан 40 гектар жер беріліп, біраз жерін қоршап алғандарын­ айтты. Тіпті біреулері енді ол жерге мал жаюдан қалғанын, қоршалған аумаққа жергілікті тұрғындарды жолатпай жатқанын да айтып жатты. «Біраз жерді қоршап қойыпты. Ал оның ішінде не істелініп жатқаны белгісіз. Естуімізше, әлгі қоршалған жер шейхтардың демалатын орны болса керек. Сонда біз малымызды қайда жайып, демалуға қайда шығамыз?» – дейді олар.

Расында да, жергілікті тұрғындардың өрісін тарылтып жүрген арабтар ол жақта қалай пайда болды? Олардың арабтар екені рас па? Рас болса, олар ол жақта немен айналысады? Міне, бұл сұрақтар тау етегіне жақын орналасқан елді мекен тұрғындарының көкейінде жүр. Алайда ауыл адамдары бұған жауапты кімнен аларын білмейді екен. Осы орайда біз «Сайрам – Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Жеңісбек Тұрғановқа жолығып (суретте), ол кісіге жоғарыдағы сұрақтарды қойдық.

augan-3

«Сіз айтып отырған «Кемпинг» деп аталып кеткен жер таудың түбінде орналасқан, – дейді Жеңісбек Тұрғанұлы. – Табиғаты керемет аумаққа Асанбай Асқаров облысқа басшылық еткен жылдары туристік база салынатын болған. Ол жаққа апаратын жол салынып, электр желілері де тартылған. Алайда Асқаровтың басына іс түскеннен кейін оның бәрі жайына қалды. Тіпті электр бағаналары мен тартылған сымдар талан-таражға түсіп кетті. Сол кезде біздің мекеменің араласуымен ондай жағдай тоқтатылып, кейін «Альтекс» деп аталатын фирмаға жалға берілді. Олар демалушыларға арналған бірнеше шағын вагон үйшіктер орнатып, біраз жыл жұмыс істетті. Ал 1986 жылы сол маңдағы 56 гектар жерді тау шаңғысы базасына айналдыру жоспарланған болатын. Өкінішке орай, сол жылы әлгі жалға алушы фирманың салғырттығынан ол жерлер өртеніп кетті де, облыстық орман шаруашылығы басқармасына қайтарылды. Кейін Б.Жылқышиев әкім болып келген соң 2002 жылы ол жер әлгі фирмаға қайтадан берілді. Бірақ өткен жылы оны тағы да қайтарып алуға тура келді. Сосын Ұлттық парктің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды жалға беру ережесіне сәйкес конкурс жарияланып, жұрт айтып жүргендей 40 емес, 13.2 гектар жер «East West companі LTD» ЖШС-не 49 жылға жалға берілді. Бұл серіктестік ол жерде демалыс аймағын салады. Бүгінде онда 40 адам құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Қасқасу елді мекенінен бастап 18 шақырым жолды жөндеп жатқан да солар. Бәрі де заң жүзінде, келісім-шарт бойынша істелініп жатыр. Ал құжатта аталмыш фирманың Қазақстандікі екені көрсетілген».

Дегенмен жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны белгілі. Шейхтардың бұл жерге қандай да бір қатысы болуы мүмкін екенін Жеңісбек Тұрғанұлы да жоққа шығармайды. Айталық, әлгі фирманың демеушілері арабтар болуы әбден мүмкін. Бірақ жалға алу туралы келісім-шартта бірде-бір шетелдіктің аты-жөні көрсетілмеген.

Ал енді бізге сенімді ақпарат көздерінен мынадай тағы бір жәйт белгілі болып отыр. Яғни әлгі айтылған 13.2 гектар жер расында да шейхтардың иелігіне берілген көрінеді. Бұл сонау Астанадан тікелей берілген тапсырма бойынша орындалып жатқан жұмыс болып шықты. Тіпті артында арабтар тұрған «East West companі LTD» ЖШС-і алдағы уақытта сол маңдағы 8 мың гектар жерді де жалға алып, айналасын биік етіп қоршайды деген де әңгіме бар. Сөйтіп оның ішіне шейхтар саятшылық құру үшін аң-құстар жіберіледі екен. Қысқасы, таудың етегіндегі көрікті жерлер арабтардың жазғы аптапта демалатын орнына айналатын секілді. Міне, сол кезде олардың иелігіне өткен 8 мың гектар жерге мал баққан шаруалар мен жергілікті тұрғындар тұрмақ, аудан әкімдері, облыстық басқар­маның өзі де жолай алмай қалуы әбден мүмкін.

Осы айтылғандар расқа айналатын болса, мал жайылымы тіпті тарылып, табиғат кереметтерін тамашалауға барғысы келген адамдардың да жолы кесілгелі тұр.


Т. ДОСЫМБАЕВ,

Оңтүстік Қазақстан облысы,

«Замана»

 

Пікірлер