Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы…

2760
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың ұлттық музыка тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлғаның бірі – небәрі 14 жасында Қызылжардағы Тайынша жәрмеңкесінде Біржан сал мен Ақан серінің алдында ән салған, Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде талай өнер саңлақтарымен табысқан біртуар әнші, сазгер Мәди Бәпиұлы. Халық қазынасына «Қаракесек», «Қарқаралы», «Үшқара», «Шіркін-ай» сынды қайталанбас інжу-маржан әндерін қосқан Алаштың арда туған асылына биыл – 130 жыл. Бір қызығы, осы күнге дейін көбіміз тек әнші, сазгер деп танып келген Мәди Бәпиұлының біз білмейтін «сегіз қыры, бір сыры» бар болса керек.

Батыр Мәди

Мәди ақын, сазгерлігінен бөлек, ер­жү­рек батыр болыпты. Журналист Ермек Балташұлы өзінің Мәди жайындағы зерт­те­уінде оның жұлдыздай ағып шауып ке­ле жатқан ат үстінен секіріп түсіп, қай­та қарғып мінетіндігі, соңындағы қу­ғын­шыларды жерден тас алып 30-40 қа­дам жерден тізеден ұрып құлатып жүре бе­ре­тіндігі, бес-алты жігітке жалғыз өзі дес бер­мейтіндей ержүрек болғаны туралы әң­гімеге бала күнінен қанық болғандығын жаз­ған екен.

«Атыңнан айналайын, Қарқаралы,

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.

Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,

Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы»,

– деп кіндік қаны тамған Қарқаралыға мұңын шаққан Мәдидің батыр болуы, бір жағынан, кішкентайынан тағдыр тау­қыметін көп көргендігінен болса ке­рек. Әкесі Бәпимен бірге туған ағасы Қа­қа­бай­дан көрген қорлығы бір жағынан, екін­ші жағынан, отаршыл озбырлардың ер­кіндікті, шындықты жырлаған Мәдиді қу­­далап, жала жауып, істі қылуы оны «қашқын» атандырып, абақтыға қа­ма­ды. Өзінің абақтыдағы халін ол «те­сік­тен алақандай тіл қатамыз» деп «Қар­қа­ралы» әніне арқау еткен.

Екінші жағынан,

Мәдидің шыққан тегі де осал болмаған. Талай даудың басын ашып, ел-елді бітістірген данагөй абыз – қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы болып келеді. Ақын «Үшқара» атты өлеңінде «Арғы атам – әулие өткен ер Қазыбек» дей келе, «Атамыз одан кейін Алшынбайды, Ке­меңгер, ақыл-ойлы, терең сайды» деп бабаларының атақ-даңқын жырға қо­са­ды.

Бүгінгінің «Қоянды жәрмеңкесі» – Мәди байқауы

Бір қуанарлығы, Мәди атамыздың ту­ған жері – Қарағанды өңірі қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызын ұмыт­қан емес. Облыстық мәдениет басқармасы осы­дан бес жыл бұрын Мәди атындағы І республикалық әншілер байқауын ұйым­дас­тырса, биыл 130 жылдығына орай екін­ші сайысты өткізіп отыр.

Рымбала ОМАРБЕКОВА, Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының бастығы:

– Қарағандыда дәстүрлі әнге де­ген ерекше көзқарас, сүйіспеншілік бар. Жүсіпбек Елебеков атындағы бай­қау­ларды бірнеше дүркін Қайрекең (Қай­рат Байбосынов – автор), Бекболат Ті­леу­ханның қолдауымен және біздің жі­гіт­тердің бастамасымен өткізген бо­латынбыз. Жеңімпаздары бүгінде рес­пу­блика сахналарында таланттарын ұш­тап, әндерін халыққа жеткізуде. Тәт­тімбет атындағы республикалық дом­бырашылар мен қобызшылар байқауын да өткізіп жүрген жайымыз бар. Биыл Мәди атындағы байқауды бабамыздың 130 жылдығына арнап отырмыз. Қыстың суығына қарамастан, еліміздің әр аймағынан 36 қатысушы келіп отыр.

ІІ республикалық Мәди Бәпиұлы атын­дағы байқауға Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосынов, Қазақстанның ең­бек сі­ңірген қайраткерлері Қатимолла Бер­ді­ғалиев, Мейірхан Адамбеков, Қа­зақ­стан­­ның ең­бек сіңірген әртістері Қапаш Құ­­лышева, Ға­лым Мұхамедин, Қазақстан Жас­­тар ода­ғы сыйлығының лауреаты Жақ­сы­­келді Кемалов және І республикалық Мә­­ди Бәпиұлы атындағы байқаудың бас жүл­дегері Сержан Мұсайындар қазылық етті.

Үш күнге созылған байқауда оза ша­уып, халықтың қошеметіне бөленген же­­ңім­паздар: бас жүлде – Мерей Кәрімов (Ас­тана); 1-орын – Жасұлан Базарбеков (Алматы); 2-орын – Мирас Бақтығұлов (Орал), Біржан Есжанов (Астана); 3-орын – Қайыргелді Омарбеков (Астана), Бал­дырған Төлегенова (Қарқаралы), Медет Оса­таев (Астана); дипломант атағы Жақ­сыкелді Маясаров (Алматы), Олжас Сұ­рағанов (Қызылжар) т.б. бұйырды. Ж.Кәрменов атындағы арнайы сыйлықтар да өз иелерін тапты.

Жансая ЖАРЫЛҒАП, көрермен, Қарағанды тұрғыны:

– Мәдидің республикалық кон­кур­сы – бөлек дүние: елдің ықы­ласы да зор, әншілер де үлкен талғаммен ке­леді. Жаңа гала-концертте өнер көр­сетіп жатқан Сержан Мұсайын, Ер­лан Рысқалилар – І республикалық Мә­ди байқауында айрықша қырынан та­ны­лып, жеңімпаз болғандар, содан бері қанша өскендігін көрсетті. Дәстүрлі ән өнеріндегі жастардың үлкен легі «Құр айғай ән бе екен?» деп Абай айт­пақшы, айқайға салмай, кешегі Ақ­селеу ағамыз айтқандай, «әннің ке­йіп­ке­ріне айналып» айтып үйренген.

Ерлан РЫСҚАЛИ, әнші, І республикалық Мәди Бәпиұлы атындағы байқаудың лауреаты:

– Студент шағымда да, кейін де еліміздің әр өңірінде талай бай­қауға қатыстым. 2005 жылы Қара­ғандыда өткен І республикалық Мә­ди Бәпиұлы атындағы додаға қа­тысушы ретінде келсем, бұл жолы «Шал­қар» радиосының атынан жур­на­лист болып келіп отырмын. Сол бай­қау­лардың барлығын салыстырсам, ұйым­дастырушылық жағынан Қа­ра­ғанды көш ілгері. Байқауға қа­ты­су­шы­ларға қойылатын талаптарды оқу ор­нына бір-екі ай бұрын жібереді. Қа­т­ысушылардың жатын орны мен та­мағын өз мойындарына алып, жақсы күтеді. Кей өңірде іссапар қағазымен, құжаттарды рәсімдеуде бір-біріне сілтеп, әуре-сарсаңға түсіп жүріп қа­латын кездеріміз болған. Мұнда үміт­кер ештеңеге бас қатырмайды, басты мін­деті – тек әнін ойдағыдай айту ғана. Еліміздің басқа өңірлері Қарағанды әкімдігі мен мәдениет басқармасынан үлгі алса деймін.

Мәдидің жаңа екі әні табылды

Бұл байқаудың жаңалығы – дәс­түр­лі ән өнерінің бүгінгі ақсақалы, қа­зы­лар ал­қа­сының төрағасы Қайрат Әу­кен­ұлы­ның Мә­дидің ешкім естімеген әні – «Үшқа­ра­ның» бір нұсқасы мен шәкір­ті Қа­йыргелді Омарбековтің «Қош, елім» әндерінің тұ­сауын кесуі болды. Қайре­кең «Мұқан Тө­лебаевтың жеке мұрағаты­нан тап­қан осы әндерді айтып жүргеніме қа­рай, қа­ра­кесектер жиналып маған ескерткіш қоя­тын шығар» деген қалжыңымен қа­лың көп­шілікті қыран-топан күлкіге батырды.

Қайрат БАЙБОСЫНОВ, Қазақстанның Халық әртісі:

– Ұстазым Жүсіпбек Елебеков бес-алты жас шамасында ағасы Жақыпбек­ке еріп, Қоянды жәрмеңкесіне барға­нын­да Мәдидің алдында ән салған екен. «Сонда риза болған Мәди қал­тасынан бес теңге алып беріп, маң­дайымнан сүйіп, батасын берген» деп айтушы еді ұстазым. Сол Мәдиден бата алған Жүсекеңнің шәкірті – мен бүгін алдарыңызға аға болып, батамды беруге келіп тұрмын. Қарағанды өңірі, Ор­талық Қазақстан – әннің туын тіккен жер. Мәди байқауы тек жарыс емес, әншілердің бірімен-бірі қауышып, әннің қыр-сырын тоқып, үйренетін Қоянды жәрмеңкесі секілді.

ТҮЙІН

Дәстүрлі ән өнеріне қадам басқан әншілер кәсіби деңгейге жету үшін бәйгеге жиі түсуі керек. Осы орайда халықаралық, республикалық деңгейде өтетін сындар саусақпен санарлықтай ғана: Әміре, Мәди, Майра, Жүсіпбек, Ғарифолла атындағы ән байқаулары, Абай-Шәкәрім оқулары, «Шабыт», «Шырқа, дауысым». Тарихта болған-болмағаны әлі күнге дүдәмал күй кешіп, дау тудырып, әндері «халықтікі» деген атпен шырқалып жүрген Сегіз сері мен Нияз сері бабаларымыз турасындағы әңгімелердің шекарасы әлі жабық. Ал қазақ әнінің атасы атанған Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұсалардың атындағы байқаулар дәстүрлі түрде әр дүлдүлдің өз туған жерінде өтетін күн бар ма екен? Өкінішке қарай, аталған тұлғалардың атындағы байқау ұдайы өтпей, тек мерейтой аясында ғана жарқ етіп өтіп, жалп етіп сөніп жатыр. Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов ағаларымыздың әндеріне арналған ән кештері мен байқаулар, «Жас қанат» жыл сайын өтпесе, көңіліміз көншімейді. Ал қазақтың өзі де, көзі де болған дәстүрлі ән мен күйі мұрағаттар мен «Алтын қор» үшін ғана жаралғандай күй кешуде. Сал-серілердің өздері көзден кеткенімен, мұрасы көңілден өшпеуі үшін жан-жақты қам жасамасақ болмас!


Жадыра ЖҰМАКҮЛБАЙ,

«Алаш айнасы».

Пікірлер