Ермек Тұрсынов. «Кейде өзімді бұл ғасырға жат адам секілді сезінемін»

5759
Adyrna.kz Telegram

Күні кеше Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде белгілі кинорежиссер, сценарист Ермек Тұрсыновпен кездесу өтті. Екі сағатқа созылған жиынға студенттер мен оқытушылар, профессорлар қатысып, тың деректерге қанық болды.

Қонаққа қойылған сұрақтардың алғашқысы «Бейбарыс» кинокартинасына қатысты еді. Ермек Тұрсынов аталған фильмді түсірудегі қызықтар мен әлі жарияланбаған тарихи фактілерді көпке мәлім етті.

«Бейбарыс сұлтанның өмір жолына деген қызығушылығым студент кезімнен басталды. Елдегі құжаттар мен тарихи мәліметтерді зерттеген соң, Дамаск, Иордания, Палестина жерлерінде болдым. Мысырда бірнеше жыл тұрдым. Айтпағым, сұлтан жайлы жазылған деректер қазақ жерінде басталғанмен, жалғасы араб даласында еді.

Алғашында Бейбарыс сұлтан жайлы фильм түсіру ойда жоқ еді. Бұл дүниеге үлкен дайындықпен келдім. Роман жаздым. Арабша нұсқасы 100 000 тиражбен шықты. 2 жылдан кейін орысша, қазақша тілге аударылып, тың деректерді кеңінен қамтыды.

Қазақ даласынан шыққан сұлтан бала күнінде бір тауықтың құнына құлдыққа сатылған. Мұны бәріміз білеміз. Айта кетерлігі, Бейбарыстану арқылы араб зерттеулерінен Әл-Фараби турасында елде жоқ мол мағлұмат таптым».

Мойындау керек, бүгінге дейін режиссерді де, оның аталмыш «Келін», «Шал» фильмдерін де көпшілік сынға алуға жүйрік еді. БАҚ беттерінен оқып, көкейде қалыптасқан осынау пікірді бүгінгі кездесу жоққа шығарды. Кейіпкердің әр сөзін асқан ыждаһаттылықпен тыңдаған қауым түрлі тақырыпқа терең бойлап, сөзбен жеткізбес эмоцияны сезінді. Осы тұста айта кету керек, тыңдарман мен қонақтың арасында еркін түрде әңгіме-сұқбат болып, орыстілді аудитория да ақпараттан кенде қалмады. Тұрсыновтың таңдай қағарлық қазақшасына куә болдық.

Бейбарыс сұлтан турасында қызықты зерттеу еңбектерін тыңдай бергіміз келгенмен, өзге тақырыпқа ауыстық. Режиссер мұнда да тыңдармандарын мезі еткен жоқ, керісінше, уақытты созуға құлықты едік. Кездесуде айтылғандардың бәрін мында қамти алмағанымызбен, оқырманды әңгіме ауанымен жалпы таныстыра кетейік.

Ахметжан Есімов: «Сен екеумізге қарағанда, Гераға қазақылыққа әлдеқайда жақын», - деген Герольд Бельгер турасында да әдемі естеліктер айтылды. «Герольд ағамның барлық жейделері жап-жаңа, тек әрбірінің шынтақ тұсы көнерген еді. Себебі, ол сол шынтаққа сүйеніп, қазақ үшін қаншама еңбек жазып қалдырды». Иә, баламасы Даль мен Ожеговтың сөздігінде де кездеспейтін қазақша атауларды қолданысқа енгізген де осы Герольд Бельгер еді. Ер еңбегінің еленуі- уақыттың еншісі деп қала бердік...

Факультет студенттері өз түлектерін мақтаныш санайды. Ермек Тұрсынов та дәл осы журналистика факультетінің 80-жылдардағы студенті. Елге мәлім, «мүйізі қарағайдай» профессорлар жайында да жақсы тағылымдама тыңдай алдық.

Студенттік өмірімен жалғасқан шет елдегі оқу туралы сөз қозғадық... Осы тұста кейіпкеріміздің қазақылығы тәнті етті. Үшқоңырдың етегінде өскен бозбала Ермектің өзге мемлекетте жүргендегі елді сағынуын, Лос-Анджелестен түскен ұсынысты ысырып, Қазақстанға оралуын өз басымыздан өткергендей сезіндік. Елім деп келген Ермектің 6 ай өтер-өтпестен түрмеге жабылғанын да естідік. Қазақылық демекші, қонақтың мына сөзі ойымызда қалып қойды:

«Мода дейміз, заман дейміз... Кеше жұмысқа байланысты болған соң, Скриптонит дейтін орындаушыны тыңдап көрдім. Қазақстандық екен, «әнімен жарып жатыр» деген соң, қуандым, жақсы дүние күткенмін. Сосын... Білмеймін, мен үшін музыка- Құрманғазының күйі, Моцарттың шығармалары. Мен осылардың туындысы жазылған пластинканы құшақтап келемін.
... Кейде өзімді бұл ғасырға жат адам секілді сезінемін».

Құрметті оқырман, әр нәрсеге екіжақты қарап үйренген болашақ журналистер бүгін рухани байып қайтқанын айттым. Бір кәдеңізге жарар, болмаса, ой салар деген ниетпен, Ермек Тұрсыновтың кездесуде айтқан сөздерімен бөлісуді жөн көрдім:
1. «Жапондық досымның Қазақстанға келгенде айтқаны бар еді: «Біз сендерге қарай жүгірсек те, сендер бізді қуып жете алмайсыңдар»,- деп. Біз неге өзгеге ұқсауға, бәсекелесуге, солардың қатарында болуға ұмтыла береміз? Өзіндік руханиятымыз әлдеқайда биік емес пе еді?»;
2. «Ауылды қатты сағынамын. Ауыз толтырып айтарлық ауылдарымыз азайды»;
3. «Қазір атақ алуға, фестивальға кино ұсынуға ниетті емеспін. 10-15 үйден тұратын кемпір-шал қоныстанған ауылда кинокөрсетілім жасадық. Фильмді көргендегі эмоцияларын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сонда: «Осыдан артық қандай Оскар керек?» дедім»;
4. «Халық зиялы қауымынан айырылыпты. Соны түсіндім»;
5. «Экранға шыққанның бәрі кино емес»;
6. «Қазір композиторға да нота білудің керегі жоқ болып кетті»;

Мадина ОҚАС

Пікірлер