“Қара жорға” қақтығысы

2401
Adyrna.kz Telegram

«Бұл би – қазақты құртқысы келетіндерге асыл дүние». Салмағы атан түйенің сүйегін уататын сөздерді ары-бері сермей келе, Берік Сұлтанов деген әріптесіміз би төресінің басынан «былапытты» құя салыпты. «Ерінбеген етікші болады» дегендей, екінің бірі блог ашып, баспасөзге шығармайтын ойын басып жатқаны демократия да, дұрыс та шығар… Екінің бірі дегенім ерсілік болар, Берік білдей журналист. Алдымен, Беріктің не дегенін аңдайық.

«Қара жорға» бабаларымыздан қалған жәдігер емес. Ұрпағына биді мұра қылатындай бабаларыма не көрініпті?»,– деп келіп, Бұхар жырау, Иүгінеки, Ыбырай, Абай аталарымыздың дін хақындағы сөздерін тізіп шығыпты. Енді осының бәрі «біз үлгі алатын адамдар, олар бізге «осы би сендерге аманат» деп айтқан жоқ қой деген қисынды ой айтады. Дұрыс қой, ата-бабамыздың мұрағатын қанша ақтарсақ та, нотариустен бекітіп, заңгермен келісіп пішкен аманатын таппаспыз. Енді қараңыз, ерте заманда қымыз ашыту технологиясын, жылқыны құрықтау, талқанды түю тәсілі дегенді де патенттеп, кешіріңіз қағаз жүзінде аманаттап кетіп пе екен? Бұның бәрі халықтың түйсігінде сан ғасырдан бері сақталып келді емес пе? Ендеше, «Қара жорға» биі де қанымызға сіңіп кетті десек, қисынды шығар. «Қара жорға» қазақпен қайта қауышқан соң, балабақшадағы баласынан зейнеттегі шалына дейін еңкеңдеп, билеп кеткені де жынның тірлігі ме екен? Астана, Атырау, Талдықорғанда мыңдап, ал тойларымызда жапа-тармағай буынымызды бүгіп билесек, феномен деп бағалауға болар. Шаханов айтатын «ақпараттық-генетикалық байланыстың» шағын көрінісі осы. Оның тағы бір дәлелі, кезінде шығыс жекпе-жек өнерінің жампозы Мұстафа Өзтүрік «Алатай» деген фильмінің сценарийіне «Қамажаймен» бірге осы буын биін де қоса жазған деседі. Яки, «Қара жорғаны» Қытайдан оралған қандастарымыз ғана алып келді деген бос сөз болып қалады. Түркиядағы туысқандарымыз да билеп келген…

Айтпақшы, Берік бауырымыз «Қара жорға» – зинаға алып баратын жолдардың бірегейі. Себебі, би барысында қыз бен жігіттің бір-біріне өте жақын болатыны даусыз. Қыздың тал шыбықтай бұралғанын, жылы күлкісін, ойнақтаған көзін көрген кез келген ерге шайтанның жаман ой салатыны айдан анық» деп, қара аспанды төндіре кетеді. Сонда түнгі клубтардағы «типтроник», «транс», «хаос», «рэп» секілді жынойнақ зинаға итермелемейді екен, иә? Олардың қасында «Қара жорға» он есе әдепті емес пе? Әуені де, киімі де қазақы биді «сұмырай қылып» көрсетіп, қалғандарын момақан қылу қай жобаға алғышарт болыпты? Жарайды, бидің тегі қалмақтық, я моңғолдық болсын деп жеңіле салайық. Бірақ сол биді жалпықазақтық деңгейге шығарып, ұлттық брэндімізге айналдырып жатқан өзіміз емес пе? Бұған сол қалмақ, моңғолы да, қытайы да таласып жатқан жоқ. Ендеше, ұлттық таным ұмтылған дүниенің бәріне Исламды қарсы қоя беру соншалық сауаттылық емес. Осы жөнінде «Қара жорға» өнер ұжымының директоры Жамали Диханұлын да сөзге тарттым.

«Білім болса, Қытайдан да, Қырымнан да үйрен» деген сөз қалған ғой. Ал, біз Ұрым да емес, Ресей емес, өзімізің қазақтың төл биін тіріліп алып келіп жатырмыз. Енді оң-солымызды танып, бағалап келе жатқанда, мұндай сыңаржақ көзқарастар болып тұрады. Өкініштісі, олар біздің дүниемізге ХХІ ғасырдың көзқарасымен қарамайды. Қазақ сөзге тоқтаған. Журналист екен деп ойына келгенін айта беруге болмайды. «Қара жорға» қалмақтың биі болса, онда неге Өзбекәлі Жәнібеков өле өлгенше билеп кетті оны? Қазақ мәдениетіне өлшеусіз үлесін қосқан ағамыз бидің тегін ажырата алған шығар енді… Ал Талшын Қарабалина деген апайымыз 1945 жылға дейін «Қара жорғаны» билеп келді. Бұдан артық қандай дәлел керек? Тегі болмаса, ән айтпай, би билеп, мәдениеттен мақұрым болып отырайық, осы ма керегі?

Шыны керек, өз басым сол «Қара жорғаны» жарытып билемеймін де. Бірақ, билегім келеді. Шебер билейтіндерін көріп, қызығамын, қызғанамын, үйренгім келеді. Әйтпесе, әр тойда «Отыздан асып барамынға» өзбек әкәнің қимылын салып, қажып біттік қой.. Әйтеуір, ұлттық таным мен діннің тең болмаса да, тете жүргенін қалайтын көп қазақтың біріміз ғой. Сол шек пен тектің шегінен асып, әсіреге салынып, асыра сілтемейік! Қазақтың жауы «Қара жорға» емес! Я так думаю (“Мимино”)


Өркен КЕНЖЕБЕК,

«Өркеннің өрнегі» блогынан

Пікірлер