Өсербей жырау: Сүгірдің өзі Наурызбекті мойындапты

2885
Adyrna.kz Telegram

«Адамға керек сөз еді, жігіттер тыңдап, пайдалан!» деп кеткен кешегі Наурызбектен төкпе терме-жырдың мол мұрасы қалып еді. Мәуелі ағаштай болған жыраудан қаншама шәкірт тарады. Солардың ішінде есімі күллі қазаққа мәлім болып, Қарақалпақ пен Түркмендерге атағы жайылған, талай қисса-дастандар мен батырлар жырын таңды таңға ұрып жырлайтын, бүгінде өзі де ұстаздық жолына түскен Өсербайдың орны бөлек. Бүгінде киелі Маңғыстауды мекен еткен жырау ағамызды Жетісуға біркелгенде орайын тауып, әңгімеге тартқан едік…

– Өсеке, әуелгі сөзді осы өнерге келуіңізден бастасақ…

– Мен өзім Қызылорда облысы, Арал ауданынанмын. Теңіздің қасында Мойнақ деген қала бар. Мойнақта Алдаберген, Наурызбек сияқты бірнеше жыраулар өткен. Менің ұстазым Наурызбек өз елінде науқастанып жүріп жазылған соң, біздің ауылға 5-6 жасар кезімде келді. Өзі әйгілі Көтібар батырдың ұрпағы. 1932 жылдары ата-бабалары Шалқар өңірінен Үргеніш деген жер бар, сонда келген. Сол Үрге, Мойнақ арқылы біздің ауылға жеткен. Бұл кісінің екі шешесі болған. Нағыз анасы – біздің апамыз, яғни әлім – төртқара болып келеді. Келген соң мені өз өнеріне үйретіп, 3-4-ші сыныпқа шейін жанынан тастамады. Ауылдың той-думандарының көркін қыздырып, жырлап жүрді. Мұнан кейін жырау Қоңырат деген қалаға көшті. Ол уақытта жол қиын, екі орта дария, су, жыңғылдық, тек самолетпен ғана барасың. Ауылдан кеткен соң, мен шамасы 4-5-кластардан бастап спорт мектебінде болдым. Нүкістегі спорт мектебін бітіріп, Қарақалпақ құрамасында воллейбол ойнадым. Содан дене шынықтыру кафедрасын бітіріп, Кужел деген жерге жолдама берді. Сол жерде қызметте жүргенде баяғы кісі түсіме кіріп, аян қылды. Астында бес жастығы бар, жырлап отыр екен. Мені жанына шақырып, бесеудің екі жастығын менің астыма қойды. Домбырасын ұсынып, жырлатып, батасын берді ғой. Ертеңіне оянып, таңданып жүр едім, түс қайта ауыра бастадым. Басым айналып, жағдайым кетіп, мазам болмады. Дәрігерге көріндік, қан алды, анализдерін жасады, диагнозын білмейді. Содан не керек, қолымызға домбыра ұстадық. Енді, міне, домбыра ұстамасақ, ауырып қала береміз. Диплом жайына қалды, аяқ астынан жырау боп кеттік қой. Жалпы о кісінің төрт рет батасын алғанмын, бесінші рет дүниеден озар шағында батасын берді. Науқастанып жатқанында өзім отбасыммен қасына көшіп барғам. Ақыры алпыс екі жасында Шамалған бекетінде дүние салды.

– Ұстазыңыз жайлы бірер естелік айтып берсеңіз…

– Жалпы, Нәуекеңнің жайында да, өнері жайында да әңгіме көп. Бірер мысал айтайын, ол өзі денсаулығынан біршама кемшілігі болған адам. Соған қарамастан көпшілік ортада талай-талай өнер көрсеткенде замандастары, үлкен аталар, әже-жеңгелері келіп құшағына басып, бетінен сүйіп, қымсынбай бауырына тартатын. Яғни, өнеріне разы болғандары соншалық, ешкім бұра тартып, жерініп қалған емес. Және бір қасиеті, әруағы күшті болды, сөзіне қалған адамның ешқайсысы жақсы болмайтын еді. Талайын көзімізбен көрдік те.

Бірде Сүгір жырау Құрға келіп (көне Үргеніштің қасындағы Октябрь ауданы), бірер жыл сонда ел көңілін көтеріп жүреді. Содан бір аста жырлап отырғанда Наурызбектің жас шағы екен, ол да көзге түсіп, өнерін көрсетеді. Оған тәнті болған Сүгір: «Ау, ағайын, мінекей, өз орталарыңда да жырау бар екен ғой. Рұқсат болса, мен енді өз елім – қалың адайыма қарай жүрейін», – деп, сол жерде Наурызбекке батасын беріп кеткен екен. Он үш жасар кезінде қыста жылқы қайырып жүріп, атымен қоса Арал теңізінің мұзына түсіп кетеді. Содан жүйкесіне залалы тиіп, қол-аяғы тартылған, бет-әлпетіне де зақым келген. Денсаулығының кемістігі бар дейтінім де сол. Домбыраны тартқанда да пернені бармақсыз басып машықтанған.

 Наурызбек дәстүрін жалғастырушылардың көбісі солай шертеді. Бірақ кейбірі, әсіресе, музыка мектебінде оқығандары кәдімгі бес саусақпен-ақ тарта береді. Мен де бармақсыз тартам, өзіме қолайлысы да сол. Кейде мына Маңғыстау, Арал мақамдарына салғанда сәл өзгешелеу болған соң, бармақты қосатын да кездерім болады.

– Сіздерді таңға дейін жырлатып тыңдаушылар немесе арнайы жеке ұйымдастырушылар бар ма?

– Бүкіл жерде бар деп айта алмаймын. Ал өзім жүрген орта-аймақта, Маңғыстау, Шалқар, Құлсары, Түркменстан-Бесқала жерлерінде мені шақырып, тыңдайды. Үлкен астарға, жиын-тойларға шақырып жатады. Таңға дейін, онан ертеңіне де жалықпай тыңдайтын көпшілік бар. Тіпті, осы Алматы жақта да біршама жырсүйер қауым баршылық. Ал енді Арқаға, шығыс, орталық Қазақстанға көбіне тек конкурстарға барып жүрмін. Қазақта өзі ұлттық дүниемізді көтеріп, жыр кештерін ұйымдастырып жүрген бір кәсіпкер жігіттер болады, міне, сондай балаларға алғысым шексіз. Осылай қолға ала берсек, «көш жүре түзеледі» демекші, бәрі орнына келер.

– Әр аймақтың өзіндік жыр мектебі бар. Наурызбектен қалған, сіздер айтып жүрген дәстүрлі мектеп қалай аталады? Шәкірттеріңіз жайында да білсек…

– Ол – Бесқала жыр мектебі деп аталады. Оның Маңғыстауға жақын болатын себебі бар. Әйгілі Сүгір жырау кішкентай кезінен Қарақалпақстан мен Хорезмде болған. Хорезмнің бір шеті Бесқала. Бір-бірімен аумағы ұласып жатқан осы жыр мектептері әуендерінің кейбір тұстары аралас, ұқсас келеді. Наурызбек қалыптастырған деп айтатын себебіміз, Ақтөбе өңірінен Таңжырбай, Жақсылық, Кете Қайырлы жырау, Мұратбай жырау, Кердері Әбубәкір, Кердері Құдайберген, Шалқардағы төртқара Оразбай жырау, т. б. өткен ғой. Міне, солардан қалған мол мұраны ұстазым кейінгі заманға, тойларға лайықтап, ықшамдап шығарған. Қазіргі айтып жатқандарымыз да сол ағым. Өз шәкірттерім барлық жерде бар дей алам, әсіресе Маңғыстау жерінде. Елдос, Әділбек, Аманқос, Қоныстар – бүгінде бұлар да жырау атанып кетті. Жыр мектебім бар еді, оны белгілі бір себептермен жаптым. Дегенмен, шәкірттерім өздері дамытып жатыр. Соның бірі бүгінде ел алдына енді-енді шығып жатқан Жеңіс атты 7-сынып баласы (суретте), шәкірттерімнің шәкірті ғой. Осында Шамалған бекетінде тұрады. Құдай қаласа, алқалы топқа да түсер талай.

– Осы күндері өтіп жатқан жыр-терме кештеріне көзқарасыңыз, осы өнердің насихаты қаншалықты деп ойлайсыз?

– Кешегі жылдары арқалы өнеріміз ыдырап кетті ғой. Өзіміздің қазақ теле дидарында арнайы хабар бар еді, ол да 90-жылдары тоқтап қалды. Оның бер жағында жоқтың есебі ғой. Енді бұны көбейтіп ашу керек. Ел арасында әлі де болса көп жыршы-термешілер бар. Соларды да шақырып, кең-кеңінен қамтып, осындай кештер өткізу керек. Мынау Маңғыстау жерінде, Семей жақта, Сырдың бойында небір жыраулар бар. Айтылып жатқан менің ұстазым Наурызбек төртқара Теңізбай, Сүгір, Жақсылық, Оразбайлардың көзін көрді. Біз Нәуекеңді, оның замандастарын көрдік. Осы айтқанымдай көненің көзін көрген үлкен жырауларды алдырып, солардан әңгіме тыңдап, қазақта не көп – дастан көп, не көп – жыр көп, соның бәрін құлаққа сіңісті қылу керек деп ойлаймын. Насихаты, әрине аз. Әркім өз аймағында ғана белгілі. Мысалы, былтыр Сырда өтті Дүр Оңғардың пәленбай жылдығы. Оны да бәрі біле бермейді. Үкімет тарапынан аударылатын назар да көңіл көншітерлік дей алмаймын. Дегенмен, бұған да шүкір дейміз. Күні кеше өшіп бара жатқан дүние еді ғой.

– Толғауларды жаңа стильде орындаушыларға қалай қарайсыз?

– «Әр заманға – бір зауал» деген, бұл да бір жаңа өмірдің көрінісі шығар. Алайда, о баста домбырамен келген дүние өзімен бірге кетуі керек. Солай қанымызға сіңген. Әлгіндей дүрсілдетіп, таңға дейін жырлай алмайсың ғой. Ол тек уақытша ғана, той-томалаққа арналған дүние деп есептеймін.


Әңгімелескен 

Ербол ТҰРЫМБЕТОВ

Пікірлер