Ән де бір ақ құс қой…

2854
Adyrna.kz Telegram

Гүлнар Дәукенованы жұртшылыққа таныстырып жатудың өзі артық. Сахнада жүргеніне отыз жылға жуықтаған Гүлнар – еліміздің еңбек сіңірген әртісі, күйші, әнші, композитор. Әндері тыңдарман жүрегіне әлдеқашан жол тапқанына қарамастан, Гүлнар Дәукенова өзінің ән-таспасын осы жуырда ғана шығарды. Соған орай өзімен аз-кем тілдескен едік.

– Гүлнар, тұңғыш авторлық альбомыңыз құтты болсын! «Ештен кеш жақсы» деген бар ғой. Осы орайда «Сағындым, сағым жылдар» деп үкілеген ән-таспаңыз жайлы өз аузыңыздан естісек…

– Жеке жинағым шықпағанымен, бірқатар әндерімді бұған дейін әртүрлі әншілер дискілеріне қосып жүретін. Соның бәрін жинастырып, алғашқы дискіме он алты ән, екі күй топтастырдым. Оның ішінде «Сағындым, сағым жылдар», «Күрең күз», «Шыңдағы шынарым-ай» деген әндерімді бұрын Мәдина орындаушы еді. Бұл альбомда «Сағындым, сағым жылдарды» Мәдинаның орындауында қалдырдым да, «Күрең күзді» «Жігіттердің» орындауында бердім. Ал «Шыңдағы шынарым-айды» өзім айттым. Басқа әндерімді айтушылардың қатарында Н.Нүсіпжанов, М.Жүнісова, Б.Сәмединова және С.Нұрмағамбетова бар. Сондай-ақ дискіге Құрманғазы оркестрінің орындауындағы «Жасай бер, Қазақстаным» атты күйім кірді, ал Мәдинаға арналған «Мәдина» атты күй-поэмамды «Адырна» тобы ойнады. Бәрін дұрыстап, сапалы түрде шығару үшін уақыт керек болды. Альбомымның бірінші рет шығып жатқанының бір себебі – осы.

– Ұмытпасам, «Сағындым, сағым жылдар» атты әніңіздің шыққанына да он жылдан асқан болуы керек. Алғашқы дискіңізді тап осы әннің атымен атауыңызда не сыр бар?

– Өйткені ел-жұрт «Сағындым, сағым жылдарды» жақсы біледі. Қанша жерден басқа әндерім болып, оларды танымал әншілер орындап жатса да, мені ел тап осы әннің авторы ретінде жақсы таниды.

– Бұл сонымен бірге дискінің ғана атауы емес, сіздің сол Мәдинамен бірге жүрген, бірге жұмыс істеген кездеріңізді, жалпы өткен шақты сағыну емес пе?

– Негізі, мейлі өткенге болсын, мейлі болашаққа болсын, әрбір адамның жүрегінің түкпірінде бір сағыныш жатады ғой. Осы жағынан алғанда, бұл көпшіліктің көңіліндегіні дөп басқан, жүректерге жеткен ән болды деп ойлаймын. Мысалы, Қытайға барған бір қыз осы «Сағындым, сағым жылдарға» қатты әсерленіп, келісімшартын бұзып, қайтып келіпті. Қырықтан асқан бір жігіттер де: «Осы әнді естісек, «қартайып барамыз, жастық шағымыз қайда» деп жылаймыз», – дейді. Әйтеуір қай жерде болсын, тыңдармандардың бәрі осы әнді қолпаштап жатады. Бұл, сірә, ән құдіретінен шығар. Естеріңізде болса, М.Әуезов театрында күні бүгінге дейін қойылып жүрген «Мәңгілік бала бейне» спектаклінің лейтмотивіне де осы ән алынған.

– Осы «Сағындым, сағым жылдар», «Қош енді, қош бол, күрең күз», «Қайран, уақыт» сияқты тыңдарман жүрегін ерекше тербеген әндерден кейін ән жазуыңыз кішкене саябырсып қалған сияқты…

– Өнерден басқа салаға ауысып кеткен болсам, мүмкін, солай деуге негіз болар да еді. Бірақ олай емес. Мен олардан кейін де қаншама ән шығардым! Әйтеуір жылына ең аз дегенде бір-екі ән жазамын. Оның өзі де жаман емес. Мысалы, Ф.Оңғарсынованың сөзіне жазылған «Жан сырым», «Бал сезім», Қ.Мырза-Әлидің өлеңіне шығарылған «Құштар көңіл» деген әндерім бар. Одан бөлек «Астана байтақ», «Анаға сәлем», «Мөлдір сезім» тәрізді көптеген әндер дүниеге келді. Енді солардың бәрін іріктеп, сұрыптап, альбомға қосып отырмын. Сондай-ақ дискіге Қ.Мырза-Әлидің, Е.Рахмадиевтің, Мәдина марқұмның мен туралы айтқан сөздерін де кіргіздім.

– Енді өзіңізге сол кісілердің көзімен бір қарасаңыз… Яғни сіз туралы олар қандай пікірде екен?

– Мысалы, Қадыр аға: «Бұрынғы Ақан серілер, Біржан салдар қандай жан-жақты болса, бүгінде ортамызда жүрген осы қызымыз да әншілік пен күйшілікті, композиторлықты қатар ұстап жүрген ару екен», – деп сүйсінісін білдіреді. Құдайға шүкір, әндерім туралы жұрттың пікірі жаман емес. «Сағындым, сағым жылдарды» Тұманбай аға «классика» деп бағаласа, Фариза апамыз тіпті: «Бұл – қазіргі заманның гимні», – деп айтқан.

Негізі, біздің журналистер басын ашып жаза алмай жүр, себебі ән жазсам да, күй шығарсам да, менікі жай әуесқойлық емес, мен – кәсіби домбырашымын, консерватория бітіргенмін. Мысалы, «Жасай бер, Қазақстан» деген күйім «Қазақстан» телеарнасының таңертеңгілік бағдарламасының беташарына айналды. Кәсіби жауапкершілікпен қарайтындықтан, шығармаларымды кез келген адамға қалай болса, солай бере салмаймын. Ән де бір ақ құс қой… Қашан қанаттанып ұшып шыққанша бас-көз болып, мәпелеп, әншілердің жандарында жүремін.

– Әншілер барлық әніңізді өз рұқсатыңызбен ғана орындай ма?

– Өкінішке қарай, сұрамай айта беретіндер де кездеседі. Мысалы, осы «Сағындым, сағым жылдарды» дуэт болып та, трио болып та айтып жүргендер бар. Мейлі, сұрамаса, сұрамай-ақ қойсын. Бірақ әнін немесе сөзін бұзып айтатындары жаман. Өз жүрегімнен шыққан дүние болғаннан кейін оның жаңылыс айтылған әрбір нотасы, әрбір иірім-қайырымы үшін, әрине, менің жаным ауырады.

– Дегенмен соңғы уақытта жазылған дүниелеріңіз алдыңғы әндеріңіздің деңгейінен көрініп жүрмеген тәрізді. Өзіңіз қалай ойлайсыз?

– Бұл енді әннің орындаушыларына, солардың алып шыға алуына да байланысты. Біраз әндерімді «клип түсіріп алып, бір-ақ таратайын» деп өзім ұстап отырмын, енді біразына аранжировка жасалмай жатыр. Кейде көңілімнен шығатындай әнші таппай қалатыным да бар. Өйткені көпшілігінің сарыны бірдей болып кетті. Соңғы уақытта байқасам, қазіргі айтылып жүрген әндердің көбі өзбектің, шығыстың әуеніне жақын болып келеді екен. Соған қарап ойланып қалдым. Себебі тойға баратын да, соны тыңдайтын да – халық. Ал енді соған құлағы үйренген жұрттың қазақы ән-әуендерді қабылдауы қалай болады? Негізі, осы мәселе дендеп кетпеу үшін қазақы иісі аңқып тұратын ән-әуендерді мейлінше көбейтуіміз керек.


Роза ҚАРАЕВА,

«Алаш айнасы».

Пікірлер