Бозторғай, шырылдайсың жерге түспей…

4535
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың әншілік өнері еліміздің жағрафиялық орналасуына байланысты бірнеше мектептерге бөлінеді. Олар — Батыс, Арқа және Жетісу әншілік мектептері деп аталады. Батыс әншілік мектебінің іргетасын қалаған Мұхит сал, оның жалғастырушылары Ауқат, Қиса, Аманғали, Қайып, Ғарекеңдер болса, Арқадағы әншілік — Ақан сері, Біржан сал, Сегіз сері, Жаяу Мұса, Мәди, ұзын тізбегі оншақты әнші-композитордың есімдерімен байланысты. Ал Жетісудағы әншілік мектептің қалыптасуына себепші болған, діңгегіне ту тіккен — ән дүлділі Кенекең деп айтсақ қателеспейміз.

Зерттеуші-ғалым Мырзатай Жолдасбеков өзінің «Тоқсан толғау» атты еңбегінде Жетісуда Кененнен де бұрын әншілердің болғандығын жазады. Ғалымның пайымдауынша, олар XІX ғасырдың басында өмір сүрген Ақан, Біржандардың замандастары Дәурен сал, Тәкен сал деген сал-серілердің жұрнағы, әнші-сазгерлер. Жетісуда да әншілік мектеп бірталай әнші-композиторларды тудырған. Олардың алды Қапез, Пішан, Сәдіқожа, Сауытбектер болса, кейінгі әншілік өнер Қарға, Әсімхан, Дәнештермен жалғасқан.

«Екейде елу бақсы, сексен ақын» деген ел ішіне тарап кеткен өлең сөздеріне сүйенсек, Жетісу жерінде ақындық мектептің ерте қалыптасқанына көз жеткізуге болады. Әу баста Сүйінбай мен Жамбылдан басталған ақындық дәстүр өз жалғасын Майкөт, Сарыбас, Кенендерден тапты. Жалпы, Кенекеңнің тұлғасын ақындық, әншілік, композиторлық қырларынан қарастыруға болады. Сал-серілерге тән осы қасиеттердің барлығы да Кенекеңнің бойынан табылған.

Оны ел ішінде «замана жыршысы» деп атап кеткен, себебі ол халықтың мұң-мұқтажын, замана лебін өнер тілінде сөйлете білген талант иесі. Оның жан-жақты өнері туралы ұлы ғалым Мұхтар Әуезов: «Кенеке, мен сізді әнші ғана ма деуші едім, осыған дейін анық танымаған екенмін. Сіз күміс көмей әншілігіңіздің үстіне, әрі ғұлама жырау, әрі әбжіл шешен, байтақ шежіре екенсіз. Халқымыздың аяулы өнерін шет жұртқа жеткізген талантыңызға бас иемін» деген екен.

Кенекең ақындық пен жыршылықта өзіне Сүйінбай мен Жамбылды ұстаз тұтқан. Оның айналасындағы жекпе-жекке шығып жүрген замандастары, көрші қырғыз еліндегі «төкме» ақын-құрдастары Кенеңнің сол кезеңде ақын болып қалыптасуына үлкен септігін тигізді. Кенекең өзіне өнер қайдан дарығаны туралы «Менің ұстаздарым» атты өлеңінде анық айтады:

«Анам Ұлдар әнші екен, әкем де ақын,

Ұстазым Сарыбас ақын дүрілдеген,

Шашубай мен Шолақтың әнін естіп,

Мен де сондай болсам деп дірілдегем…»

Жастайынан Кененді өнерге баулып, тәрбиелеп келе жатқан Ұлдар Кененнің жасы жетіге келе бергенде қайтыс болады. Бүгінгі мақаламызда сөз еткелі отырған Кененнің «Бозторғай» деген әні оның қиын балалық шағымен байланысты.

Ұлдардың өлімі Кененге де, ол кезде жетпісті алқымдап қалған Әзірбайға да оңай тимейді. Әзірбайдың адал дегенде екі-үш ешкіден басқа малы болмайды. Сөйтіп, Кенен қабырғасы қатпай жатып байдың қойын бағады. Күндіз қой бағып, кешкілік ауыл шетінде әкелі-балалы екеуі жоқшылықтың мұң-зарын тартып, айран-шалабын ішіп отыра береді. Айлар, жылдар тізбектеліп, көңілсіз өте береді. Күндіз далада жүріп шаршап-талған Кенен, көбіне ауыл жастарының кешкі ойындарына да қатыса алмай, ұйықтап қалады. Кейде оның күнұзаққа күнге күйіп талып келгеніне қарамай, бай оны түні бойы қой күзеттіріп қояды. Бірақ жас, қажырлы дене оның бәріне де төтеп беріп, тіпті жасы оннан асқан соң, сол бір ауыр бейнеттің ортасында жүріп, соның арасында домбыра тартуға, ән салуға да уақыт табады. Баяғы бала кезінде шешесі Ұлдардан алып қалған аздаған ән жобалары, жыр нұсқалары енді жас талапкердің көңілінде қайта қозғалып, біртіндеп оларды есіне түсіреді. Кешке жақын ауыл жастары қыр басына шығып, ақсүйек ойнап, алтыбақан тепкенде, Кененнің әндеткен әсем дауысы көп жастардың буынын босатады.

Кенен осылай жүріп өзінің әндерінің санын көбейтейді. Ол сол бір далада жүрген кезінде-ақ, жаратылыстың небір әсем көріністерін өлеңіне қосады. Өзімен қатар жүрген қойшыларға айтып береді. Олар Кененнің мұндай қабілеті барын сезіп, осындай таланттың қой соңында, ен далада күні өтіп бара жатқанына қынжылады. Кенен болса тағдырдың жазғанынан басқа амал жоқ, соған бас иіп жүре беру керек деген ойдан аулақ болады. Ол күші болмаса да, табиғат берген мына бір сыйлықты қалай да даланың шаңына бастырмай сақтап, реті келсе іштегі шерді өлеңмен, әнмен сыртқа шығарғысы келеді. Ол қой бағып жүріп, даланың еркін желіне үнін қосып, табиғаттан өзіне рухани серік те тауып алады. Ол аспанда шырылдап жүрген бозторғайдың емін-еркін шарлап жүргенін көріп, жаратылыстың оған берген сыйына қызығады. Өзінің қойшылық өмірі, бай қойына байланып, ешқайда қозғала алмайтын еріксіздігін, аспанға ұшпақ түгілі, жер бетінің өзінде барамын деген жеріне бара алмайтынын ойлап, налиды. Осыны ойлап, Кенен алғашқы әнін шығарады. Әнді аспандағы бозторғайға қарап айтады, әнінің атын да «Бозторғай» қояды.

Бозторғай, шырылдайсың жерге түспей,

Мен жүрмін кешке дейін тамақ ішпей.

Ат қылып ақ таяқты қолға ұстап,

Сандалып қой артында азар кешпей.

Ой, Бозторғай!

Шырылдайсың шіркін-ай.

Құтылар күн бар ма екен,

Қой бағудан бір күні-ай!

Қойшылар қой жайғанда кеш батпайды,

Отырсаң мал күзетіп таң атпайды.

Қарайтын қабағыңа бір адам жоқ,

Бел шешіп жылы төсекке бір жатпаймын.

Бұл ән ел арасына тез тарап кетеді. Әсіресе, байлардан зорлық көріп, бейнет тартқанның барлығының жүрегінен орын алады. Осы әннен кейін-ақ Кененді халық «әнші, ақын Кенен» деп атап кетеді. Алыс-жақын жердегі той-думандар енді Кененсіз өтпейтін болады. Сөйтіп, Кененнің атағы шығып, халықтың қошеметіне бөленіп, көп ұзамай байдан да, оның қойынан да құтылады. Одан кейінгі өмірінде оның несібесі Құдайдың берген өнерінен бұйырады.

Бұл әнді шығарғанда, Кенен 13 жаста екен. «Бозторғай» әнін жоғарғы деңгейдегі классикалық ән деп қарастыруға болады. Және де ол бұл әнді арқа әншілерін кездестірмей, арқаның әндерін естімей, ешқандай кәсіби әнші-ұстаздың алдын көрмей тұрып шығарған. Осы әнді Кенекеңнің жастау кезінде орындаған лентасы фонотекада сақталған. Сол лентаны тыңдап, оның жас кезіндегі жоғарғы даусының бояуы қаншалықты әдемі болғанын білуге болады. Әншілер оны «жоғарғы форманта» дейді. Бұл әнді қазіргі кездегі тек дәстүрлі әншілер емес, эстрадалық әншілер де орындайды. Осы күнде әннің кең таралуына себепші болып жүрген Алма Аманжолова, Саят Медеуовті ерекше атап кетуге болады.


Бағлан БӘБІЖАН

«Айқын» газеті

Пікірлер