Біржан салдың немересі – Мұқамедқали

2590
Adyrna.kz Telegram

Ажарлы Арқаның төрінде, Көкшенің көркем белінде белдеулетіп темір тұлпармен жүйіткіп келеміз. Бағытымыз – «Қазақстан» ауылы. Ондағы межелі ойымыз «орта жүзді әнмен қырған» әйгілі Біржан салдың немересі, Теміртастың баласы Мұқамедқали ақсақалмен жүздесу-тұғын. Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры, дәстүрлі әнші Саян Мұхамедияр ағамыз бізді ол кісімен кездестірмек ниетін естігенде қуанышымызда шек болған жоқ. Міне, құдай сәтін салып жолға шыққан бетіміз…  

 «Қазақстан» ауылына жете бергенімізде машинамыздың дөңгелегі тесілді де қалды. Пысылдап желі шыққан дөңгелекке қарамай, әупірімдеп діттеген жерімізге табан тіредік-ау, әйтеуір. Не керек, Мұқамедқали ақсақалдың баласы Марал бізді құрақ ұшып қарсы алды. Қарияның аужайы мүшкілденіп, төсек тартып жатыр екен. Біз келген соң басын көтеріп, жастыққа сүйеніп отырды. Ол кісінің жамбасы төсекке «таңылып» жатқанына екі айдың жүзі болып қалған көрінеді. Ажал аузында жатып шығарған ақынның:

«Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,

Қинауға салады екен адамзатты.

Үкідей желпіндірген қарақтарым,

Шешсеңші, білегіме арқан батты» деген өлеңдегі «үкідей желпінен» Теміртастың баласының өзі қазір шау тартқан. Жетпістен асып, сексеннің сеңгірін бағындыруға таяу қалған қария табалдырықтан тайып жығылып, аяқ-қолын мертіктіріп алыпты. Әйтсе де, текті шал тектілігінен жаңылмай атасы Біржан салдың өлеңдерін жатқа оқып отыр. Бір кездері ән салғанда ешкімге дес бермеген атамыз бүгінде өлең оқудың өзіне әрең күш табады. «Тектіден текті туады» дейді қазақ. Осы тұста біз айналамызға көз жүгірттік. Жұпыны үй, жадау көңіл. Бәлкім, бұл ақсақалдың ұзақ мерзім сырқаттанып жатқандығынан да болар?..

Атағы Алты Алашты шарлап кеткен әйгілі Біржанның ұрпағы «көппен көрген ұлы тойды» бастан кешіп жүр. Құдды іздеу-сұрауы жоқтай. Оны айтасыз, бұған дейін бұл кісінің қара шаңырағына журналисттер қауымының бірі де ат ізін салмаған екен. Былтыр Біржан салдың 175 жылдығы аталып өтті. Бірақ, «әттегең-ай»-дан көз ашпайсыз… Республикалық деңгейде дүрілдеген жоқ, облыстық, әрі кетсе аудандық деңгейден аса алмаған сыңайлы. Мұқмедқали ақсақал бізге әлі де сайрап тұрған қу көкірегі туған жерінде көз жұмуды көксейтінін айтты. Мұқаңның туған жері – Еңбекшілер ауданы. Ол «Қазақстан» ауылынан жүз шақырымдай шалғайда жатыр.

Степняк қаласының әкімі Мұқаңа үй беруге уәде етіпті. Әкім уәдесінен тайқып кетпесе дейік…

Биылғы жылғы кино өнеріндегі сом жаңалықтың бірі – «Біржан сал» фильмі. Досхан Жолжақсыновтың осы картинасын Көкшетау қаласында кинотеатрлардан үздіксіз беріп жатқанда Мұқамедқали қария төсек тартып жатыпты. Сол себептен, атамыздың бір тілегі – «Біржан сал» фильмін тауып берсеңдер» болды. Саян ағамыз Біржан салдың әндерінен бірінен кейін бірін төгілтіп шырқағанда ақсақал орнынан тұрып кетердей қомданып, арқаланып отырды. Шіркін, дала бұлбұлының, замана бұлбұлының әндері қандай сұлу, қандай иірімді, шалқымалы еді?! Әсіресе, Сәкеңнің орындауына айрықша ажарлана түседі екен. Бір биікке самғап, бір төмен құлдилаған қыранның қалықтағанындай шалқыған әндер дуалды кернеп, үй ішіне сыймай жатқандай көрініп кетті, әсерлі, әуезді бір әлем! Ән толастаған сәтте Мұқаң «Өркенің өссің, қарағым! Біржан атаңнан кем ән айтпайды екенсің…» деп шын жүректен ықылас білдірді. Ақсақалдың ақ батасын алып, біз қайтадан жолға шықтық. Степняк қаласына бастаған жол бойында сере-сере қар астында қалған егістікті көзіміз шалды. Ақ қармен көмкерілген алтын бидай көздің жауын алып жайқалып тұр. Оны қалай ғана босқа шіруге қиясың-ау…

Әне, көк тіремесе де, аспанмен тілдескен Көкшетау қасқиып тұр. Біржан салдан бастап, Үкілі Ыбырай, Ақан серілерге дейін қаншама «сегіз қырлы, бір сырлы» бұлбұл да дүлдүл аталарымыздың ізі қалған дала сұлулығымен көздің жауын алады. Қызды ауылдың итін шулатқан, тазы жүгіртіп, құс салған талай сауық-сайранның куәсі болған-ау бұл өлке! «Құлагерлердің» тұяғына, «Көкжендеттердің» қияғына майдай жаққан мына бел! Білектескен балуандар, додаға түскен дәулескер күйшілер, серттескен серілердің мекені ғой мына тұмса табиғат! Осыншама тағылымды тұлғалар тудырған Көкшетауға қалайша көркем болмасқа?!

Саян аға әңгіме арасында ақын Алмас Темірбай, айтыскер Арман Бердалин, режиссер Төлеубек Көңбай секілді сал-серілердің жолын қуған жолдастарымен үзеңгі қағыстырып кейде салбурынға шығатындығын жасырмады. Сондай қызықты шақтардың естелігі де елең еткізбей қоймайды… Сұлу суреттермен алданып толассыз тыңдай бергіңіз келеді. Күйтабақтан халық арасында «Біржан сал» атынып кеткен жалындаған ән шырқалды.     

Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,

Ешкімге зияным жоқ жүрген жанмын.

Кісіге өзім деген бас имеймін

Өзім әнші, өзім сал кімге зармын.

Басынан сөз асырмайтын ақынның асқақ болмысы осы бір ғана шумақтан көрініс тапқандай. Адамгершілік, азаматтық лирикаға толы сазды әуен жүректі шымырлатады, жігерлендіреді. Өткенді аңсатады, сағынтады.

Әншінің сезімтал жүрегі аз жараланған жоқ. Азынабайдың азабын да, Жанботаның жан алқымнан алуын да көтерді ғой. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ».

Жанбота, осы ма еді өлген жерім,

Көкшетау боқтығына көмген жерің.

Кісісін бір болыстың біреу сабап

Бар ма еді сататьяда көрген жерің?

 

Жанбота өзің - болыс, әкең - Қарпық,

Ішінде сегіз болыс шенің артық.

Өзіңдей Азынабай поштабайы,

Қолымнан домбырамды алды тартып.

 

Тартса да домбырамды бергенім жоқ,

Есерді шабармандай көргенім жоқ.

Қамшымен топ ішінде ұрып еді,

Намыстан о дариға, өлгенім жоқ.

 

Созады Біржан даусын қоңыр қаздай,

Басқаға бір өзіңнен жүрмін жазбай.

Бас қосқан мәжілісіміз болады деп,

Жанбота мазамды алдың ала жаздай.

 

Айтады Біржан өлең ентелетіп,

Біржанды халқым қойған еркелетіп.

Есерге поштабайдай көз алдында,

Біржанды қойғаның ба желкелетіп?! – деп Жанботаға айтқаны ел аузынан бүгінге жетіп отыр. Қарқау шабарманның басына үйірілген қамшысын қалай ғана ұмыта қойсын ол… Одан кейінгі кешкен тауқыметі де өлімді пенденің «тақиясына тар келмейді». «Жынды» атанып аяқ-қолы маталып жатса да, халықтың аяулы перзенті жан-дүниесін жегідей жеген ішіндегі шерін ақтарып салады:

Саясы көп болады қу қайыңның,

Жігітке керегі не уайымның.

Келгенде алпыс жасқа қонды қонақ,

Білмеймін не қыларын құдайымның.

 

Дүния өтеріңді біліп едім,

Білдірмей серілікпен жүріп едім.

Бұл күнде арық қойдан бағам кейін,

Үш жүзге атым шыққан Біржан едім.

 

Ел кездім Кертөбелмен шарықтатып,

Жақсыға сөз сөйледім шалықтатып.

Үш жүздің ортасында Біржан едім,

Қойдың ғой енді міне арықтатып, – деп басқа түскен ахуалын баяндайды. Бес күндік ғұмырдың жалғандығын сезіп жалғанды жалпағынан басқан серінің елімен қош айтысатын уақыты таяп қалған еді...

Өлеңнің де өлеңі, жырдың да жыры, әннің де әні бар. Ал мына шумақ еріксіз көңілге түрлі ой тастайды:

Қара су есік алды ылайланды,

Бай қылмақ, кедей қылмақ құдайдан-ды.

Камзолдай қысқа пішкен дөңгелентіп,

Дүние өтерінде шыр айналды.

«Солай өлең-әннен маржан тізген сал Біржан үш жылдай байлаулы жатты. Арқан кескен жердің жарасы ұлғайып, асқынып (гангрена болып) ақыры жасы 64-ке келгенде 1894 жылы қайтыс болады. Аспандағы аққуға үнін қосқан, орта жүзді «әнмен қырған» асыл мәңгі көзін жұмды» деп жазады Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары» деген кітабында. Өкінішті өлім. Бірақ, өкінгенмен шара жоқ…

Сапырылысқан ой тізбегі Біржан салдың құлыптасына жеткенде бір-ақ толастады. Шағын қоршаудың қақпасынан ескерткішке қарай бастайтын сүрлеу бойына бір тізбекпен қойылған құлаш-құлаш тастарды көзіміз шалды. Әлгі тастардың әрқайсысында ақынның ең бір көрнекті өлең шумақтары берілген.

 «Ләйлім шырақ дегенде, Ләйлім шырақ,

Таудан аққан құм қайрақ сен бір бұлақ.

Қайыс болсын, жіп болсын, неге керек,

Шідерімнің бағасы қырық қысырақ» деп келетін жолдарды да осы тастардың бірінен оқыдық. Сол мезетте шідерін бұлдап қалың малсыз қыз алған ақынның тапқырлығын есімізге алып риясыз езу тарттық.  

Алдымызда Біржан салдың ескерткіші. Тас мүсіннің қабағында мұң бар секілді. Дәстүрлі әннің дәурені көшкен бүгінгі заманға қапалы шығар…

«Біржан салды байлап тастап,

Поштабайға қамшы ұстатқан қазақтан,

Ақын туса – көз ашпайды азаптан», – деп адуынды ақын Серік Ақсұңқарұлы жырлағандай, о дүниеде де Біржан салдың әруағы тыныш таппай жүрмесіне, кім кепіл?

Оң жақ бүйірдегі мәрмәр қабырғада Ахмет Жұбановтың «Біржан – қазақтың музыка мәдениетінің алыбы» деген жолдары қашалып жазылған екен.

Сонымен, атақты әншіге құран бағыштап, бет сипадық. Енді аттың басын Біржан сал атындағы мәдениет үйіне бұрдық. Сәкең Біржан сал бұлағының орыны деп әлдебір сор басқан ойпатты нұсқады. Соры қалың бұлақ сорлаған-ақ екен. Кәусар бұлақтың түбіне күнделікті салынып жатқан құрылыс, ауаны ластаған жанар-жағармай секілді саф табиғатқа жағымсыз факторлар жеткен болар. Әлде біздің өреміз жетпейтін өзге де себептер бар ма?

Мәдениет үйінің директоры Ерік Есімсейітов бүгінгі таңда «Көкек» ұлттық-фольклорлық ансамбліне жетекшілік етіп жүр екен. Ол кісі ансамбльдің Түркияға барған сапарын жыр ғып айтып берді. Шетелдіктердің қазақтың ұлттық саз аспаптарын ерек бағалайтындығын естіп, бір қуанып қалдық. Аудандық өнерпаздардың халықаралық дәрежеде өнер көрсетіп қайтқандығы біз үшін таңдай қағарлық жайт болды. «Бұл да болса, облыстық халық шығармашылық орталығының директоры Саян Мұхамедярдың арқасы. Ол кісі үнемі «Көкекті» алға қарай сүйреп жүреді» деп ағынан жарылды Ерік аға. Ансамбльдің ныспысын Біржан салдың көпке мәлім «Көкек» әнімен байланыстырып қойылған екен. Сал-серілер топырағында түлеген өнерпаздардың мұң-мұқтажы да, арман-аңсары да жеткілікті сыңайлы. Соның бірі – көлік мәселесі. Аудан мен аудан, ауыл мен ауыл арасы алшақ болып келетін Арқа төсінде ескі автобуспен талай жолда қалғандығын жеткізген «Көкектіктердің» арызы жергілікті әкімнің құлағына алтын сырға.

Тағы да жол «жетелеп» келеді. Көз ұшына тербеліп жатқан Жөкей көлі ілінді. Иә, иә, Біржан әнге қосқан Жөкей ғой сол. Аталарымыз ат суарған, аналарымыз су алған құрметті көл! Тереңдік!.. Адамға да, көлге де қажет тереңдік бүгін бар ма екен?.. Әне, ақ қайыңдар мен қарағайлар… Қайсыбіреуі бір ғасыр жасаса, кейбірі өрімтал қалпында көкке ұмсынады.

Көркем көріністермен шабыттанған Сәкең:

Қарағай жас жігіттей ұрандаған,

Ақ қайың биші қыздай бұрандаған.

Басына мәңгі жап-жас Көкшетауым

Ешкімді бұлттан басқа шығармаған, – деп бар даусымен ән салды (ақын Баянғали Әлімжановтың сөзіне жазылған Ермұрат Үсеновтың әні). Біржан салдың көрікті мекені артта қалып барады. Қош!..


Арман СЕРІКҰЛЫ,

Алматы – Көкшетау – Алматы

Пікірлер