Қазақтың мың күйін насихаттап, үгіт пойызымен елді аралап шығуға болады

2736
Adyrna.kz Telegram

 

Шәміл Әбілтай, күйші, композитор:

– Бала шақтан болашаққа дейінгі жүріп өткен жолыңызды сараласақ, «Шәміл күйші» деген атаққа қалай жеттіңіз?

– Адамға кез келген өнер әуелде қанмен дариды. Бара-бара бойдағы табиғи дарын еңбекпен жетіліп, тәжірибемен толығады. Мен төрт жасымнан бастап домбыра тарта бастадым. Алғашқы аспабымды әкем өз қолымен жасап берген. Ол кісі – қолынан келмейтіні жоқ, «сегіз қырлы, бір сырлы» деуге тұрарлық өнерлі әрі шебер жан болатын. Қайыстан қамшы өретін, темірден түйін түйіп, ағаштан неше түрлі бұйымдар қашайтын. Үлкен бір ауданға жетекшілік етіп, ел басқарып жүрсе де әкеміз көп нәрсені өз қолымен жасайтын. Әкеміздің ескі күміс теңгелерді балқытып, анамызға сақина соғып бергені әлі есімде. Ол кез елдің соғыстан кейін енді ес жия бастаған шағы еді. Бірақ адамгершілікті алға қойып, бір-біріне қарайласып жүрген ел-жұрттың ертеңге деген сенімі берік еді. Ішіп-жем мен дүние тапшы болса да халық қажымады. Себебі рухани бай болатын. Біз бала күнімізден жыр, қисса, дастандарды, ертегі, аңыздарды, халық әндері мен күйлерін тыңдап өстік. Кезінде күллі Нарынға аты шыққан әйгілі Серкебай, Қамеш, Көшәлі деген күйшілер біздің үйге жиі түсетін. Солар арқылы қаншама күйлерді санама сіңірдім?! Осы үш кісінің өзі мен үшін үлкен мектеп болды.

– Әдетте, әр бала Алматыдағы рухани ортадан өз орнын табуды арман етеді. Жалпы, сол кездердегі қоғамның өнерге деген көзқарасы қандай еді?

– Алматыға 1966 жылы келдім. Оның алдында елде музыка училищесінде оқығанмын. Сол уақыттарда республикамыздың барлық облыс, аудан орталықтарында мәдениет үйлері мен музыка мектептері көптеп ашыла бастады. Бұл шаруаларға, әсіресе, Құрманғазы елінде жіті мән берілді. Ал училище бітірген біз сияқты жас мамандарды алдымен жергілікті музыка мектептеріне жіберетін. Алайда бағыма қарай атақты музыкатанушы, этнограф ғалым Болат Сарыбаев бастаған білгірлер елге арнайы келіп емтихан алып, мен Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға жолдама алып кеттім. Жалпы, ол кездерде өнерге деген көзқарас жақсы еді. Әрбір қазақтың үйінің төрінде домбыра тұратын. Қазір бұл үрдіс сол кездердегідей емес. Сол 50-жылдары Батыс өңірде белгілі қоғам қайраткері, қазақ руханиятының үлкен жанашыры Нұртас Оңдасынов басшылық қызметтер атқарған. Ол кісі: - «Бұл – Құрманғазы мен Динаның елі ғой» – деп, осы өңірде тұңғыш музыка училищесін ашқан. Соның алғашқы түлектерінің бірі – өзім.

Бұдан соң Нұртас аға Дина Нұрпейісова атындағы ұлт аспаптар оркестрінің құрылуына бірден-бір себепкер болды. Кейіннен Сейілхан Құсайынов пен Нұрғиса Тілендиев сынды таланттарды шақырып, Атырау жеріндегі үлкен бір стадионда 500-ден аса күйшінің басын қосып, ауқымды шара өткізді. Кеңес өкіметі тұсында ұлт өнерін әйгілей түскен мұндай шараны дүрілдетіп өткізу нағыз ерлікке барабар еді. Бұл бастама Оңдасынов сынды қайраткерлердің қолдауымен осыдан жарты ғасыр бұрын өз биігінен көрінген.

– Ел билеген ерлердің образын жасау сіздің шығармашылық ізденісіңіздің негізгі тіні сияқты. Біраз әндеріңізді айтпағанның өзінде, сіздің елге белгілі «Шыңғысхан», «Бекет ата», «Қаракерей Қабанбай», «Әулие ағаш», «Дендерім» және Мұхтар Әуезов жайындағы «Қоңыр» атты күйлеріңізді білеміз. Жаңа күйлеріңіз жайында айта отырсаңыз…

– Шығарманың сапасы санымен өлшенбейтіні белгілі. Менің халыққа ұсына алатын он шақты ғана күйім бар. Соңғы кездері «Нұртолғау» атты күйімді ара-тұра ел алдында орындап жүрмін. Бұл күйді – Тәуелсіз еліміздің және соны басқарып отырған тұңғыш Елбасымыздың портреті деуге болады. Мен мұны әлдекімдердің тапсырысымен немесе белгілі бір адамдарға жағыну үшін, жалған атақ жинау үшін шығарған жоқпын. Бұл – өзімнің ар-ұжданымнан, жүрек қалауымнан күй болып шыққан толғаныс. Өз басым қазақ халқының тарихи тұлғаларына арнап, бірнеше күйлер шығардым. Бұл – алдымен Алланың берген қасиеті шығар… Жалпы, бұл істерге қадам басуыма маған марқұм Асқар Егеубаев аударған Жүсіп Баласағұнның «Құтты Білік» шығармасы қозғау болды. Ол бұл шығармасын өз патшасына арнағаны белгілі. Бірақ онда мақтау-мадақтан көрі, патшаға айтар базына-тілек басым. Баласағұн өз шығармасында патшасының жақсы қасиеттерін айта отыра, елдің жайынан да хабар беріп, одан барынша әділ болуды талап еткен. Демек, белгілі бір басшыға шығарма арнауды жағыну емес, оған дем беру деп түсінген абзал. Мысалы, әйгілі Бұқар жырауды алып қараңыз. Ол Абылай ханды үнемі қайрап, қуаттандырып отырды. Осындай тарихи тәжірибелер маған қатты әсер етті. Біреулер «Шәмілдің мұнысы несі» дер. Біреулер үлкен басшыларға өлең, ән, сурет арнап жатады. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай айтқандай, мен де осы үрдісті жаңғырту арқылы айтар ойымды күй тілімен жеткізуге тырысып, «Нұртолғауды» дүниеге әкелдім. Бұл күй екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімі тек жалғыз ішекпен тартылады. Онда «осы біз кімбіз, қайдан келеміз, қайда бара жатырмыз» деген сияқты ой-тебіреніс төңірегіндегі толғаныс бар. Екінші бөлімде бүгінгі Қазақстанның жасампаздық кезеңі суреттеледі. Осылайша, кешегі мен бүгінді жымдастырған күйді біртұтас дүниеге айналдыруға ұмтылыс жасадым. Мұнда шертпе күй мен төкпе күйдің үйлесімді синтезін жасауға тырыстым.

– Сіз соңғы кездері үлкен сахналардан көрінбей кеттіңіз….

– Мен осы уақытқа дейін жоғарыдан орден, медаль болмаса басқа да сый-сияпат дәметіп, концертке шығарыңдар деп сұранған емеспін. Өздері шақыртып жатса, тартынып қалмаймын. Өткен жылы, Тәуелсіздік мерекесі күні Қазақстан Ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасында «Нұртолғауды» тікелей эфирде тұңғыш орындадым. Бұдан соң «Алматы ақшамы» газеті бұл күйді нотасымен жариялады. Содан бастап ол жұртқа тарай бастады. Кезіндегі Мәдениет министрлігіндегі атқамінерлер де «Нұртолғауды» үлкен бір оркестрге орындатамыз деп те уәде берген еді. Әзірге бұл шаруа қаңтарылып тұр. Әйтеуір, күйдің көрімдігі деп маған Азат Өзенбаев деген шебердің қолынан шыққан домбыраны сыйлады. Жақында ғана Елордамыз Астананың төріндегі Бейбітшілік және келісім сарайында «Еуразия диалогы» форумы болып өтті. Осы жиынды басқарған азамат, көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин форумның құрметті қонақтарының бірі ретінде мені арнайы шақыртқан еді. Он алты елдің делегаттары бас қосқан осынау үлкен халықаралық жиынның салтанатты ашылуында мен «Нұртолғау» күйін орындадым. Жұрт жақсы әсермен қабылдады деп ойлаймын.

– Сіз дәстүрлі бағытты ұстанған күйшісіз. Қазіргі заман талабы өзгеше. Ұлттық музыкамыздың бүгінгі беталысына өнер адамы ретінде баға бере аласыз ба?

– Жалпы, өнердегі бүгінгі жастардың аяқалысы жаман емес. Дегенмен олардың көбі қазаққа ғана тән дыбыстар мен әуендерді қолдана бермейді. Сыртқа еліктеушілік, ұлттық бояуға бөтен дыбыстарды жапсыру басым. Өнердегі ең ауыр қылмыс, ол – плагиаттыққа жол беру, яғни біреудің дүниесіне қол сұғу. Сонымен қатар өнерге деген немқұрайдылықты, яғни халтураны кешіруге болмайды. Десек те, бүгінгі қоғамның сапырылысқан қазанында талай нәрсе қайнап жатыр. Ненің не екенін, кімнің кім екенін тек уақыт қана анықтай алады.

Әйтсе де, шынайы дәні бар дүниелер ғана өміршең болмақ. Мысалы, күйдің өз тілі, өз үні болады. Оны – күй құдыретін сезініп, жан-тәнімен беріліп тыңдай алатындар ғана түсіне алады. Нағыз өнер адамға топырақпен дарып, атаның қанымен, ананың сүтімен сіңеді. Халықтың жүрегінде от болады, тек оны тұтата білу керек. Ұлттық өнердің тамырынан нәр алмай жаңа туынды жасау мүмкін емес.

Негізі, халықтың музыкалық мұрасын бүгінгі күннің көркем бейнелеу тұрғысынан өңдеп берудің үлгісін ең алғаш жасаған қазақ – композитор Мұқан Төлебаев болатын. Мысалы, «Біржан-Сара» операсында орындалатын бір би бар. Операның арасында биге негізделіп «Соқыр Есжанның» күйі алынған. Төлебаев сынды майталмандардың қолына түскенде мұндай көне туындылар жаңаша құлпырып сала береді. Жарықтық Нұрғиса Тілендиев арқылы да қаншама күйлер тіріліп, ескі дүниелер жаңғырып, жадымызға қайта оралды?!.

– Өнеріңізді іліп әкететін шәкірттеріңіз бар ма және өзге өнерпаздар сынды той-томалақтарға жиі шығып тұрасыз ба?

– Құдайға шүкір, шәкірттерім баршылық. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демей ме? Мен ресми оқу орындарында сабақ бермесем де мені ұстаз тұтатындар бар.

Ал тойларға әртіс ретінде емес, қонақ ретінде ғана барамын. Әрине, кейде тойға барғаннан соң күй тартқызбай қоймайды. Сыйлағандары қазақы ырыммен иығыма шапан жауып жатады. Мен той-томалақты жағалап, ақша табу үшін әрекет ететіндердің қатарынан емеспін. «Ел тоқ болса, ер аштан қалмайды». Бәріне қанағат керек.

– Қазіргі өнер адамдарына продюсерлермен жұмыс істеу өте тиімді. Бұл мәселедегі сіздің ұстанымыңыз қалай?

– Батыстан ойысып келсе де бұл үрдістен бас алып қашпау қажет. Әсіресе, дәстүрлі әншілер мен күйшілер продюсерлердің демеу-көмектеріне зәру. Оның үстіне материалдық табысты ойлаған епті де ақшалы продюсерлер көбіне жеңіл-желпі эстрадаға мойын бұрып тұрады.

– Тапсырыспен шығарма жазасыз ба?

– Менің шығармашылық өмірімде бірінші рет арнайы тапсырыс берген бір кісі бар. Ол – қазіргі Спорт және туризм академиясының ректоры, белгілі математик, өзі тарих тақырыбын қаузап жүрген азамат Қайрат Закириянов. Сол азамат жеке басына ғана емес, жалпы қазаққа қажет ұсыныс айтты. Бір күні мені шақырып алып: «Шәке, сіз біраз тарихи тұлғаларға күй арнапсыз. Енді, ежелгі Ғұн елінің патшасы болған Мөде қағанға арнап бір күй шығармасаңыз болмайды», – деді. Бұл тапсырыстан гөрі, өтінішке көбірек ұқсайды. Негізі, бұл күйдің аты – Матай болады. Мөденің шын есімі солай аталатын болса керек. Қытайлар қатаң дыбыстарды атай алмағандықтан жылнамашылардың жазбаларында тарихтағы көп есімдер бұрмаланып кеткен ғой. Тарих бойынша Мөде қаған жау алдында қойнындағы қатынынан бастап астындағы атын құрбандыққа қиса да, ұлтарақтай жерін Алланың берген сыйы деп біліп, ешкімнің жаулап алуына жол бермеген жаужүрек әрі данышпан тұлға болған. Қайрат мырза Мөде туралы күйге тапсырыс беріп қана қоймай, оның заманауи үлгіде өңделуіне және таспасының жарық көруіне және өзі басшылық ететін оқу орнының ансамбліне орындатуға да мұрындық болды. Бұл пайда табу емес, бұны тарихты тірілту деп ұққан жөн. Енді аз күнде осы «Матай» күйінің тұсаукесерін өткізбекші. Мұның бәрі қыруар жұмыстарды қажет етеді. Мен ол азаматқа «сіз менің тұңғыш продюсерім болдыңыз» деп те қалжыңдап қоямын. Осының алдында мен бұл кісінің Шыңғысхан жайында жазған еңбегін оқып, кейін осы аттас күй-толғау да шығардым.

 – Осыдан біраз бұрын ұлтымыздың музыкалық мұрасын қайта түлеткен «Қазақтың 1000 күйі» жобасының тұсауы кесілді. Күйші ретінде осы жобаға қатысты ой-пікіріңізді білсек…

 – Бұл жобаның жұмысшы тобына кірмесем де, сырттай тілекші болып жүрдім. 1000 күйдің ішінде менің орындауымда екі-үш күй бар. Жобаны жүзеге асыру барысында нағыз қара жұмыс істеген Базаралы Мүптекеев, Сапар Бахреддин, Сәрсенғали Жүзбаев сынды азаматтардың есімдерін ерекше атап өткім келеді. Осындай адамдар күндіз-түні көз майларын тауысып, ескі үнтаспаларды жаңа компьютерлік үлгіге көшіріп, өңдеп, қаншама күйлерді қайтадан сапалы қалпына келтірді. Сондай-ақ Қазақ радиосының Алтын қорында жұмыс істей-тіндердің де еңбегі зор. Әйтсе де кернейлетіп, сырнайлатып ұйымдастырған тұсаукесердің аяғы тыныштыққа ұласып кетпесе екен деймін. «Мың күйді жинадық, болды. Осымен іс бітті!» деп тоқмейілсуге болмайды. Жұмыстың қиыны әлі алда болса керек. Ендігі кезекте осы мың күй жайында зерделі зерттеулер қажет. Басты мақсат – жинақталған осынау мұғжиза құндылығымызды шашау шығармай, қарапайым халықтың құлағына сіңіруге күш салу. Өкінішке қарай, исі қазаққа олжа боп оралған мың күйімізді біз мың қазаққа да тарата алмай отырмыз. Әзірге аталған мың күйдің таспалары белгілі бір танымал адамдарға, әкім-қаралар сияқты ығай мен сығайларға ғана сый-сияпат ретінде таратылып жатқан көрінеді. Бұл таспаларды сатып алуға қалың бұқараның қалтасы да көтере бермейді. Сондықтан да мың күйдің ел ішіне таратылуының басқа да тетіктерін қарастыру керек сияқты.

– Бұл жөнінде нақты қандай ұсыныс-тілектеріңіз бар?

– Турасын айтқанда «Қазақтың 1000 күйі» жобасының дүниеге келуі – нағыз сенсация. Бұл – Түркі әлеміне ортақ қазына. Біз оны бір реттік тұсаукесермен ғана атап өттік те қойдық. Қажет болатын болса, осы мың күйді насихаттап, бір «үгіт пойызымен» сүйіншілеп жүріп, қазақ жерін тұтас аралап шығуға болады. Бұл шараларға күйшілерді, ғалымдарды, журналистерді тартуға болады. Осылай етсек, халықтың рухы бір көтеріліп қалмас па?! Түрлі сайлау қарсаңындағы саяси акцияларда әкім-қаралар әншілерді арнайы эшелонмен алып жүреді емес пе?! Қазақтың күйіне де неге бір осындай ауқымды шара ұйымдастырмасқа. Мың күйді жинақтамас бұрын қандай жүйе-жоспар жасалса, енді соны ел құлағына жеткізу үшін де арнайы жоба қажет. Меніңше, еліміздің әрбір қазақ мектебінде, әрбір оқу орнында, ауыл әкімшіліктері мен мәдениет үйлерінде «Қазақтың 1000 күйі» болуға міндетті. Қазақтың баласының санасында батырлар жыры мен күй сайрап тұрса, көкірегінде ұлттық намыс көктеп тұрса – ол ешкімнен кем болмайды. Тіпті осы құнды мұрамыздың шетелдерде де таралуына мән беру керек. Осыған Мәдениет министрлігі мұрындық болып, мемлекеттік дәрежеде көңіл бөлінуге тиіс. Біздің басшыларда мынадай бір жаман әдет бар: бір жұмысты бастау үшін міндетті түрде Елбасыдан пәрмен күтеді. Өз беттерінше ештеңе жасай алмайды. Қалай айтсақ та Аллам өзі қазаққа бәрін беріп тұр, ал оны ұқсата алмау – өзімізге күнә.

Алашқа айтар датым…

Бүгінде ортақол музыканттар мен өнерге кездейсоқ келген адамдар бұрынғы әуендерге өздерінше әрлеу, қазіргі тілмен айтқанда – «аранжировка» жасағылары келіп, босқа тыраштанып жүр. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей, музыкалық шығармаларды заманға сай әрлеудің де өз үлгілері болады емес пе?! Қайткен күнде де ұлттық бояу сақталғаны дұрыс. Кейінгі уақыттарды, әсіресе, жастар әрбір күйдің басын құрап, өздерінше попурри жасап, электронды дыбыстар қосып, жеке бір композиция құрауға әуес. Кешегі ұлттық музыкамыздың бүгінгі эстрадамен қосылып, жаңа заманның гибридіне айналып бара жатқандығы мені қатты алаңдатады. Өйткені қазіргі кезде ұлттық өнер түрлі эксперименттерге ұшырауда. Жалпы, қазақ әні мен күйінің өз құрылымы, өз ерекшеліктері болады. Заманға лайықтаймыз деп оны жөнсіз бұзуға болмайды. Қалай болған күнде де күйдің қайталанбас табиғатын, өзіндік канонын, яғни өлшемін сақтау қажет. Мыңдаған жылдар бойы сақталып келген сарынды аяқасты етуге ешкімнің қақысы жоқ.


Алмат Исәділ

«Алаш айнасы».

Пікірлер