Жандарбек БҰЛҒАҚОВ: Арманым – халқыма пайдамды тигізу

2376
Adyrna.kz Telegram

 

Сәбиін әнмен әлдилеп, жырмен жұбатып, өлеңмен өсірген қазақ үшін асыл сөздің атасы – айтыс өнері баға жетпес қазына екеніне ешкім дау айта алмас. Ұтқыр ой, әдемі әзіл, маңғаз мақаммен қанымызға сіңіп, жүрегімізде тұнып тұрған айтыс өнері туралы бүгіндері әңгіме әртүрлі. Солардың көбісі айтыс ақындарының ізденісі аз, айтыстың дені арзан қалжың мен күлкіге, бірін-бірі мұқатуға құрылады дегенге саяды. Осы орайда Жетісу жерінің танымал ақыны Айтақын Бұлғақовтың ұлы, Тәуелсіздігімізбен түйдей құрдас жас айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақовты әңгімеге тартқан едік.

- Жандарбек, бүгінгі айтыста келелі мәселелер қозғалмайды, өнердің қадірі кеміп барады дейтін көрермендер бар. Оларға не айтасың?

- Айтыстың қадірінің қашуына осындай алып-қашпа сөздер де әсер етеді. Әр нәрсенің кем-кетік тұстары болады. Бірақ, айтыстың кешегісі мен бүгінгісін салыстырсаңыз, оның дамығанын көресіз.

Бастапқыда қағазға қарап отырып айтысқан кездер де болды ғой. Ал, қазіргі айтыста келелі мәселелер қозғалмай жүр дегенмен келіспеймін. Ауызы дуалы ақындар айтудай-ақ айтып жүр. Алайда сол айтыстар телеарналардан халыққа ұсынылғанда қысқартылып, ең керек жерлері алып тасталып беріледі. Сондықтан халық айтыста түк айтылмаған деп ойлайды.

Ал, негізінде айтыс – ақынның бар шындықты жайып, халықтың әл-ауқатын, мұң-мұқтажын айтатын орын ғой… Біздің не айтып жатқанымызды залға келген көрермендер біледі.

- Өткен жылы Алаш қозғалысының 90 жылдығына арналған айтыста бас жүлдені жеңіп алдың. Жеңісің құтты болсын. Осы айтыста Ринатқа «Әкеммен айтысқа Жүрсін аға шығармай жүр. Әкемді пародиялап берші, сол кісімен айтысқандай болайын» деп ең. Сен Айтақын ағамен айтысатын болсаң, қай тақырыпта сөз сайыстырар едің?

- Айтыста сөздің реті солай келіп қалды. Негізінде халықтың алдында әкеммен айтысу ойымда жоқ. Ал айтыс бола қалса, әзіл айтыс болады деп ойлаймын.

- Үйде сөз қағыстырып қалатын кездер бола ма?

- «Екі жақсы бір үйге сыйғанмен, екі бақсы бір үйге сыймайды» дейді ғой. Әрине, реті келгенде айтысып қаламыз. Бірақ ол әке мен бала арысындағы сыйластықтың шеңберінен аспайды.

- Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі дегенді ұстанып келген шығарсың айтысқа?

- Жоқ менің айтысқа келуіме әкем керісінше қарсы болды. Бұл өнердің қыр-сырын ол кісі жақсы біледі. Әкемнің сахынада жүргеніне жиырма жылдан асты ғой… Ол кісі маған «Балам ақындық өте ауыр жол. Қиын болады» деп ескерткен де. Құдайдың берген дарыны шығар, мен бұл өнерге ес білгелі ынтамен қарадым. Ұйқас пен мағынаны үйлестіруді үйрендім. Сөйтіп 6-сынып оқып жүргенде әкемнің ақылымен алғашқы айтысқа қатыстым. Содан міне, осындамын…

- Оқуда Астанадасың, қазір айтыстарда Астананың атынан шығып жүрсің бе? Әлде…

- Сұрағыңызды пайдаланып, маған оқу үшін арнайы грант бөлген Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов ағамызға алғысымды білдіргім келеді. Мен қазір 1 курс студентімін. Студент болғалы мен республикалық деңгейдегі 3 айтысқа қатыстым, бәрінде Алматы облысының атынан шықтым…

- Айтысқа қалай дайындаласың? Алдын ала жаттап алып, айтысқан кездерің болды ма?

- Айтыста дайындалу деген тарихтан бар дүние. Таңжарық пен Көдектің айтысында Таңжарық ақын: «Ойланып жеңер ақын сөздерімен, ішімнен мен де түйіп жаттап жүрдім» дейді. Сондай-ақ, сонау Арқадан Сараны іздеп келген Біржан сал Жетісуға келгенше ай қарап, жұлдыз санап жүрді деймісіз. Қазір Сараға не айтамын деп, айтар ойын жинақтап келген ғой… Өзім де айтысқа дайындалғанда халықтың жағдайына байланысты келелі мәселелерді үнемі ойланып, түйіп жүремін. Реті келгенде оны пайдаланамын да. Ал, халық алдына, сахынаға шығып, шабытқа берілгенде көптеген жыр шумақтары өзінен-өзі төгіліп келе береді, келе береді… Толық алдын ала жаттап алып айтысқан кезім болған емес…

- Осыған дейін қанша айтысқа қатыстың және ең үлкен жүлдең не?

- 12 жасымнан бастап айтысқа қатысып келем, қаншау екенін есептемеппін де. Ал ең үлкен жүлдем, Дінмұхаммед Қонаев атамызды еске алуға орай өткен айтыста алдым. Қазылардың шешімімен бас жүлдеге тігілген шетелдік джип автокөлігі Аманжол Әлтаев ағамызға берілген болатын. Алайда Аманжол аға сол жүлдесін маған тарту етіп, батасын берді.

- «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Аламан айтыс», «Айтыс Қазақстан чемпионаты» деген жобалар болды. Бір байқағанымыз содан шыққан айтыскер ақындардың көбі Жүрсін ағамыздың ұйымдастыратын айтыстарына қатыспайды, немесе керісінше. Сен де мәселен сол жобаларға қатысқан жоқсың. Халық аузында осыған байланысты әртүрлі алып-қашпа сөздер бар. «Жүрсін аға өз ақындарына ол жобаға қатысуға тиым салыпты» дейтіндер бар. Бұл шындыққа қаншалықты жақын, я алыс?

- Иә, бұл әңгімеге қатысты халық аузындағы алып-қашпа сөздерден хабарым бар. Бірақ, әлгі тележоба іске қосылғаннан-ақ, Жүрсін аға бар ақындарын жинап алып, «Бұл жобаға қатысуларыңа еш қарсылығым жоқ» деп рұқсатын берген болатын. Бұл жаңағындай сөздердің жалған екенін білдіреді…

- Сені ол жобаға шақырды ма?

- Ия, шақырды. Бірақ ол жобаның ережелеріне көңілім толмады. Мәселен, оған қатысатын ақын ойдағыдай өнер көрсетсе, 4 рет айтысқа шығады екен. Сол төртеуіңнде де ол өзін халыққа таныстыру керек. Меніңше бұл оғаштау дүние. Өзін бір рет таныстырған ақын төрт рет өзін қалай таныстырады? Сондай-ақ, сол жобаға танымал ақын Балғымбек Имашев ағамыз шықты делік. Ол кісіні жұрт біледі, сонда ол өзін «Мен Балғымбек Имашевпын» деп таныстырып отыруы керек пе? Сондай-ақ, ол айтыста «қайымдасу» дейтін кезеңі бар, яғни бір-бірімен ұйқас жарыстыру. Қайымдасудың негізгі ережесі бойынша, ақындар 1 ұйқаспен ғана айтысуы керек. Сонда кімнің ұйқасы таусылады, сол жеңілген болып шығады. Ал теле-жобада басқаша, әр шумақ сайын жаңа ұйқасты алады. Маған теле-айтыстың осы тұстары ұнамады, сондықтан мен оған қатысқым келмеді.

- Айтыстың толық бағасын бермесе де тігілген жүлденің кімге баратынын қазылар алқасы шешеді ғой. Сол қазылар алқасының бұра тартқан кездерімен бетпе-бет келген шақтарың болды ма?

- Ия, талай айтыстарда «Әділдік жерде де жоқ, көкте де жоқ, Сондықтан бұл айтысқа өкпе де жоқ» деп айтып жүрмін. Бір рет емес, бірнеше рет ондай жағдайды бастан өткердім. Алайда мені әкем о баста дайындағанда ондай жағдайларда өзіңді қалай ұстау керектігін үйреткен. Айтыстың негізгі бағасын халық береді. Сондықтан сол халықтың ықыласына бөленіп, қошеметін алсам маған сол да жетеді…

- Қазылар алқасынан кімдерді көргің келеді?

- Сөз, өлең түсінетін адамдарды. Өлеңнің астарын бағамдай алатын, ойдың салмағын саралай алатын азаматтарды…

- Сонда қазіргі қазылар сөз түсінбей ме?

- Жоқ, түсінбейді дегенмен келіспеймін. Қазылар бәйгені өзін мойындатқан ақынға беріп жүргенін ешкім жоққа шығара алмайды ғой…

- Өзің айтысып көрген ақындардың қайсысын жоғары бағалар едің?

- Мынау жақсы, мынау жаман деп айта алмаймын, олай деп айтуға адамның өзіне тәжірибе керек. Бәрі де көңілімнен шығады.

- Айтыста қолданып жүрген 3-4 қана мақам бар. Олар неге аз? Әлде жарыққа шықпай жатқандары бар ма?

- Айтыстың кем тұсының бірі осы – мақамдарда. Ақындар арасында қолданып жүрген 4-5 мақам бар. Халықтың құлағы да сол мақамдарға үйреніп қалған. Сондықтан, ақындардың көбі жаңа мақамды пайдалануға ынтық емес. Тіпті, жаңа мақаммен шықсам, халық түсінбей қала ма деп үрейленеді. Әрине, бұл кемшілік. Дәл қазір өзім Сүйінбай, Құлмамбет секілді бабаларымнан қалған Жетісу жерінің мақамдарымен айтысып жүрмін. Бірақ өзіме ыңғайлы жаңа мақамды үнемі іздестіріп жүргенім рас. Сондықтан болашақтағы айтысқа жаңа мақаммен шығатын шығармын деген ойдамын.

- Жарқ етіп шыққан Мұхамеджан Тазабеков ағамыз бүгіндері дінге бет бұрып, айтыстан қол үзіп қалды. Қазіргі айтыс ақындарының көбі намазға жығылып жатыр. Бұл олардың айтыстан қол үзіп қалды дегенді білдірмей ме?

- Жоқ, адамның дінге бет бұруы, намазға жығылуы – парыз.

Дін қашанда алдыңғы орында ғой. Мен де жақында намазға жығылдым. Сондықтан, дінге бет бұрған ақын айтыстан қол үзіп қалады дегенмен келіспеймін. Ақынға дарынды Алла дінді уағыздасын деп берген ғой…

Алаш қозғалысының 90 жылдығына арналған айтыста көптеген ақындар дін туралы әдемі әңгіме айтты. Ақынның жүрегі таза, жолы түзу болса, оның аузынан түзу сөз шығады. Сондықтан дін мен айтысты қатар алып жүру – еш қиын емес деп айтқым келеді.

- Отбасын құру туралы жоспар бар ма?

- Әзірге жоқ.

- Болашақ жарыңның бойынан қандай қасиеттер көргің келеді?

- Жүрегінде иман, инабат болса деймін…

- Халқыңа айтарың бар ма?

- Ақынға қара сөзден өлең оңай демекші:

Алла нұры шуақ боп әр үйге енсін,

Бойдақ жүрген жігіттің бәрі үйленсін!

Қазақстандық көбейіп жылдан-жылға,

Өмірге талай-талай сәби келсін!

Биыл тағы дағдарыс болады дейді,

Мейлі әркім әрқалай жори берсін.

Тәуелсіз Қазақ дейтін мемлекет

Дағдарысқа қарамай дами берсін!


Данияр Болысбекұлы

Пікірлер