“Күй дария” және көл-көсір көңіл

4108
Adyrna.kz Telegram

Ел журналистикасында соны ізденістер аз емес. Әйтсе де, бүгінде радио саласында соңғы поп, rnb секілді әлемдік сахнадағы әншілердің өлеңдерін жүз қайта­лайтын немесе олардың өмірін жатқа соғатын бағдарлама­лардан аяқ алып жүре алмайтын күйге жеттік. Бір-біріне тек сапасы ғана емес, форматымен де егіз қозыдай ұқсас бағдарламалардың жастарға рухани азық беретіндігі, әрине, күмәнді. Әйтсе де соңғы кездері елді елең еткізетін бағдарламалар, соны ізденістер бар екенін де айта кеткен ләзім десек, тың идея ұсынып отырған сол аздың бірі – Нұржау Көшербайдың “Күй дария” бағдарламасы.

Қостанай қаласының “КН” радиосынан әр сенбі сайын тұрақты түрде беріліп келе жатқан “Күй дария” көпшілік күтіп тыңдайтын бағдарламаға айналып отыр. Домбыраның қоңыр үнімен бірге еліміздің дәулескер күйші­лерін сөйлете отырып, күйдің арғы-бергі тарихын айту арқылы жастардың қызығушылығын арт­тырып жүрген бағдарламаның арқалаған жүгі салмақты. Қатысу­шы күйшілердің қатары да осал емес. Тұяқ­берді Шәмелов, Айгүл Үлкен­баева, Аб­дул­ха­мит Райым­бергенов, Секен Тұрысбеков се­кіл­ді көпте­ген танымал күйшілер қазақтың арғы-бергі күй тарихы­нан сыр шертеді. Оларды тыңдай отырып, ел мен жер шежіресі, фольклор өнерінің дамуы жөнінде тұтас дәуірлер көз алдыңа келеді.

“Күй дарияның” әр бағдарла­ма­сы бүгінгі заман ағымымен тәрбиеленіп жатқан ұрпаққа “аталы сөзге тоқтаудың” қасиетін ұғындырады. Оның кезекті бір бағдарламасына құлақ түрейік. Бағдарлама күй атасы Құрман­ғазы­ның “Серперімен” ашылды. Арқа өңірінде Қосбасар атты әдемі күйлер топтамасы бар. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз, күйші Айтжан Тоқтаған осы күй жөнінде сыр шертеді.

Ертеде Арқада Күшікбай есімді елге сыйлы азамат, қадірлі ақсақал өткен көрінеді. Қартай­ған­да зарығып көрген ұл баласы 5 жасқа келгенде қайтыс болады. Қатты қиналып, өмірден баз кешкен қария кең тігілген киіз үйдің іргесінде ас-су ішпей, теріс қарап жатып, өлуге бел байлайды. Бұл Тәттімбеттің 18 жасар кезі болса керек. Ел-жұрты жиналып, жалпақ жұрт отырып қарияның қайтсек бетін бері қаратамыз деп ақылдасады. Сөйтіп, жас Тәттім­бет­тің “Қосбасарлары” өмірге ке­ле­ді. Табалдырықты аттаған Тәт­тім­бет 12-ден, мүшел жас бойын­ша топ­тап-топтап “Табал­дырық Қосбасар”, “Зар Қосбасар”, “Жай сары Қосбасар”, “Сейіл Қос­басар”, “Сырнайлы Қос­басар”, “Қыр­мызы Қосбасарларын” тарта­ды. Тәттім­беттің 62 “Қосба­сары­ның” шығу тарихы көз алды­мызға мөлдірей тұнғанда жанды баурай­тын “Қосбасар” күйіне кезек берілді. “Қосбасарды” құйқылжытқан домбыра Дәулеткерейдің “биязы мектебінің” өкілі саналатын Әлкей Бесалыұлының “Қоңыраласына” көшті. Алабұртқан көңілді көз алдыңа әкелетін әдемі күй екен. “Күй дарияның” қай саны да көңіліңізді көркейте түседі. Белгілі жазушы, өнер зерттеушісі Талас­бек Әсемқұлов қатысқан бағдарла­­маны алайық. Арқаның ең атақты күйшілері Тәттімбет пен Байжігіт­тің күйлерін дәріптейтін, өзін солардың ізін жалғастырушы деп есептейтін Таласбек күйші 12 ата Абақ Керейдің ішіндегі Жастабан деген рудан шыққан Байжігіт деген күйші туралы әңгімелейді. Даулы заманда өмір сүрген күйшінің өмір жолы да, шығарған күйлерінің әрбіреуінің артында тұтас тағдыр, заман көрінісі жатыр. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қалмақтар қырылып, босап қалған Жоңғария жеріне көшіп барған Байжігіттің денесі бүгінде Алтайдағы Жалаулы деген таудың басына қойылған деген аңыз айтылады.

Иісі қазаққа танымал Тәттім­бет күйші Арғын руының ішіндегі Қаракесек, оның ішінде Шаншар руынан тарайды. Данышпан Абайдың әкесі Құнанбай мырза­мен құдандалы болған, тонның ішкі бауындай араласқан екен. Бағдарлама қонағы Тәттімбеттің бір күйі Абайдың әжесі Зереге арналғандығын айтып өтті. Шын аты Тайбала, халқы Зере атап кеткен анамыз денелі, қараторы кісі болыпты. Найманның ішіндегі Матай руының қызы, Құнанбай­дың шешесі үлкен қара кемпірді елі Молқара атандырған көрінеді. Молқара Тәттімбетті қатты ерке­ле­теді екен. Бір күні Зере ел жиналып, күй тыңдап отырған кезде, елге ат мінгізген секілді бір- бір күй атайсың, маған атағаның қайда деп базына айтса керек. Сонда Тәттімбет табан астында “Молқара” атты күй шығарады.

 Бұл күй Арқа мектебіне кеңінен танымал. Әдетте күй тартушы тыңдау­шы­сын қызық­ты­рып, күйдің тағылы­мы мол тарихын айтып, оның бояуын арттырып, әсерін қалың­дата түсе­ді. Әркімнің ой тү­йе­тіні өз алдына, оған қоса сұлу сазды тыңдап көңіл көкжиегі кеңейеді. Бұл “Күй дария” форма­тының ерекшелігін айқындайды, тыңдап отырып оған лайықталған 30 ми­нут­тың қалай өтіп кеткенін аңда­май да қаласыз. Қайта уақыт азды­ғы сезілгендей, тамсанып ба­рып, таңдайым әлі де татыңқы­рамай қалды-ау дегендей күй кешесің.

Қарқаралыда жиі тартылатын “Айдос” немесе “Қосайдар би” деген күй бар. Осы күйдің шығу тарихына үңілсек. Айдостың күйшілігі өз алдына, онымен қоса барымташы да болған көрінеді. Керейде Молақ деген бай болып­ты. Байдың ұлы болмай, Айтбике есімді жалғыз қызы бар екен. Күн­дердің күнінде Айдос барым­тадан қайтып келе жатып байдың үйіне түссе керек. Жас жігіттің көзі байдың қызына түсіп, ғашық болады. Қолға түсірген жылқысын еліне жеткізіп салып, ізімен байдың үйіне кері қайтып келген Айдос Молақтың жылқышысы болуға келісімін береді. Бір күні ел той-томалаққа кеткен кезде Айдос пен қыз табыннан ең жақсы аттарды мініп қашып кетеді. Тойдан келген Молақ бай қызы мен жылқышы­сының қол ұстасып қашып кетке­нін біледі де, ел іші у-шу болады. Сөйтсе, қыздың атастырылып қойған жері бар екен. Қашқындар­ды іздеген қыз әкесі де, жесірін даулаған құда жақ – наймандар жағы да бір жыл табанынан сарсылады. Не керек, бір жылдан кейін олар ұсталғанда екі жас кішкентайлы болған екен. Оларға үкімді Керей ішіндегі Абылай ханның көзін көрген Қосай­дар деген атақты би шығара­ды. Мән-жайға қаныққан би Айдосқа алынып қойған қалың­малды найманға өсіммен қайтар­та­ды да, Айдос пен Айтбикенің ұлын Молақ байға бергізеді. Қыз бердің, бірақ ұл алдың, осымен тоқта десе керек. Байжігіт болса Қосайдар бидің кемеңгерлігіне таңқалып, сол билер бас қосқан кеңес­тен кейін күй шығарған көрінеді. Сөйтіп, дүниеге “Қосай­дар би” атты күй келеді. Әділеттің ақ туын жықпаған биге қойылған күй-ескерткіш бүгінге жетті. Шежіре соңы күйші Таласбек Әсемқұловтың орындауында “Қосайдар би” күйіне ұласты.

Бағдарламаның тағы бір қона­ғы – дәулескер күйші Айт­жан Тоқтағанның айтуынша, шын мәнінде домбыраның мүмкіндігін барынша жарқыратып көрсеткен адам Құрманғазы болса, оның Маңғыстау жерінде дүниеге келген “Төремұрат” күйі жалпақ жұртқа белгілі. Оның тарихы да тыңдаған­ды бей-жай қалдырмайды. Күй атасының тарихы тереңге тартар күйлерінің бірі “Төремұраттың” тууы “Күй дария” бағдарлама­сында маңғыстаулық күйші Сержан Шәкіратовтың жеткізуі мен орындауында беріледі.

Он екі ата Байұлының бірі таз руынан шыққан атақты Төремұрат деген батыр өткен екен. Ол Құрманғазымен замандас, дәмдес, ынтымақты, аралас-құралас болса керек. Күйшінің анасы Алқа да таз руының қызы, яғни Төремұраттың апасы болып келеді. Төремұрат батыр Данай есімді сұлуға ғашық болады. Сұлулығы жаннан артқан Данай басқаға атастырылып қой­ған болса керек. Төремұрат тәуе­келге барып, қызды алып қашуға бел байлайды. Серіктерін ертіп іргелес жатқан Маңғыстауға, Үстіртке қашқан олар жолда түркімендер жасағына тап болып, ұрыс баста­лып кетеді. Түркімендер мен адай­лардың арасы суысып тұрған кез болса керек, сол жерде басталған ұрыста жасағы аз Төремұрат батыр қаза табады. Осы кезде ұрыс үстіне адайдың батыр жігіттері жетіп үлгеріп, Данай мен Төремұрат батырдың серіктерін тұтқыннан құтқарады. Батырдың денесі ұрыс болған дөңде Үстірт­тегі Күйкен деген жерде жерлене­ді. Кейін Төре­мұрат батырдың бейітіне келіп, еске алған адайдың Сүйін­ғара атты батыры жас бейіт­тің жанындағы дөңнен үлкен күмбезді моланы көреді. Бұл кім­нің күмбезі деп сұраған Сүйін­ғараға бір атақты байдың жатқан орны деген жауап қайтарылады. Сонда Сүйінғара тұрып, бұл күм­без тірісінде елге қайыры тимеген байдың басында тұрған­ша, ел қорғаған батыр басында тұруға лайықты деп, оны бұздырып, Төремұраттың басын көтертеді. Тектілік пен тентектік астасып жатқан бұл тарих та күймен бірге жетті.

 “Төремұрат” күйіндегі сыл­қым қағыстарда ұрыс бейнесімен қатар, қазақ қызының шолпысы сыңғырлаған сұлу бейнесі бар. Бұл күйді кейде жергілікті халық “Қыз Данайдың қырғыны” деп те атайды. Арада жыл өткен соң ру ақсақалдары қыз Данайға үш таңдаудың бірін қабылдауды ұсынады. Оның алғашқысы – атастырылған еліне бару, болмаса төркініне қайту, ал үшіншісі – осында өзі ұнатқан азаматтың етегінен ұстау. Сонда ақылды Қыз Данай үшінші ұсы­нысты қабыл алыпты деседі деп ойын түйіндеді Сержан ақсақал.Күй атасы Құрманғазы мен шертпенің шебері Тәттімбеттің, сондай-ақ олардан кейін дүниеге келіп талай жанның таңдайын қақтырған тамаша күйлер “Күй дария” бағдарламасында бірінен соң бірі орындалғанда, әдемі күй кешесің. Елдің тарихымен тұтас­тыра, сабақтастық жібін үзбей жал­ғас­тырып келе жатқан хабар­дың берер тағылымының молды­ғын осыдан көре аламыз. Ол тектілік пен ерлікті, ұлтын сүю мен жерін сүюдің нағыз үлгісін көрсетіп, насихаттайды.Сталиндік солақай саясат ұлт зиялыларын қынадай қырғаны мәлім. Ұлт зиялысының еңсесін езіп, тұтас ұлтты бас көтерер азаматынан айырылтқан талайлы заман бағдарламада күй тілімен жетіп, зұлмат қырғын жаныңды ауыртады. Шертпе күйдің тағы бір өкілі, осы зұлмат құрбаны Әбди күйші туралы көп жұртшылық біле бермейді. Сембек, Қыздарбек, Әбди секілді көрнекті күйшілердің барлығы байдың тұқымы ретінде атылып кеткен. Тек жалғыз Әбди ғана емес, күй орындағаны, дом­быра ұстағандығы үшін талай боздақтың басы кеткендігі ащы шындық. Өлерінен бір күн бұрын Әбдидің соңғы тілегі сұралады. Ол еш өкінбестен, атсаңдар атыңдар, еш өкініш жоқ, тек ана отырған Хасеннің Әбікенін таңға дейін жаныма қосып беріңдер дейді. Сөйтіп, болашақ күйшіні тап басып, Әбікенге жалғыз күйі “Қосбасарды” таңға дейін ұйықта­май үйретіп, аманаттап кетеді. 

Ел тарихының тағы бір белесі Ұлы Отан соғысының аяқталға­нына биыл 65 жыл толды. Қазақ­тың талай боздағы етігімен су кешкен сол жылдарға арналған күйлер “Күй дария” қоржынында жоқ емес. Мағауия Хамзиннің адамның төбе құйқасын шымыр­ла­татын “Белгісіз солдат” күйі сол жылдарға қойылған ескерткіш. Оның негізі туралы Мағауия ақса­қалдың өзінен естіген орындаушы Жанғали күйші былай дейді. “Балалар үйінде тәрбиеленген Мағауия татар ақсақалының тәр­биесінде болады. Соғысқа кеткен жалғыз ұлы қайтпай қалады да, зар еңіреген татар шалының есі ауысып кетеді. Соғыс қасіреті ғой бұл. Рәшитім, менің Рәшитім деп жылап әнге қосқан шалдың дауы­сы бала Мағауияның құлағында қалып қояды да, кейін жылдар өткеннен соң осы күй дүниеге келеді. Қасіретті тарихтың шерлі күйлері, асыра сілтеудің құрбаны күй­ші­лер жайлы бағдарлама қона­ғы Қазақ музыка академиясының ұстазы, танымал күйші Жанғали Жүзбаев ерекше толғаныспен әңгімелейді.Өскелең ұрпақ бойындағы ерлікті, патриотизмді арттыратын, жастардың бойына ұлттық рухты егетін бұл бағдарлама “КН” ра­дио­сы арнасында екі жыл қатары­нан берілмек. Бағдарлама ауқымы өте кең. Әрбір күйді естіген сайын Отанға деген мақтаныш сезімі арта түседі. Бағдарламаның құдіреті де осында. Бір қызығы, өзі мемле­кеттік қызметші болып табылатын автор Нұржау Көшербай бұл бағдарламасын кәсіби журналистік тұрғыдан жасалғандығын халықтан келіп түсіп жатқан ой-пікірлер ай­қын­дайды. Ұлттық руханияты­мыз­ға Елбасымыздың өзі ерекше маңыз беріп отырғанда Нұржау бауыры­мыздың күй зерттеушісі, қара­пайым күй тыңдаушысы ретін­де жұртшылыққа тартымды, идеясы мығым бағдарлама жасап ұсынғаны руханиятымызға қосыл­ған үлкен үлес деп бағаладым өз басым.


Ғаділбек ШАЛАХМЕТОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің

“Телерадио және қоғаммен байланыс”

кафедрасының меңгерушісі.

«Егемен Қазақстан» газеті

Пікірлер