«Шығыстың шертпе күйлері мұңлы келеді»

4685
Adyrna.kz Telegram

 Аласапыран жылдары Алтайдың ар жағында қалып қойған ағайынның да ата-бабадан келе жатқан мирас өнерге бай екені белгілі. Десек те, кейінгі жылдарға дейін Қытай қазақтарына тән ән-күй мұраларының көпшілігі жалпы қазақ халқына бейтаныс болып келді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері ғана ондағы туыстардың төлтума өнер туындылары жанашыр азаматтардың жанкешті еңбегінің арқасында ұлт мәдениетінің алтын қорына қосыла бастады. Сондай игілікті іспен шұғылданушылардың қатарында белгілі күйші, домбырашы Мұқаш Таңғытұлы да бар. Біз бүгінде атамекенге қоныс аударып, алаш мәдениетін асқақтата түсу мақсатындағы жұмыстарын Қазақстан аумағында да жалғастырып жатқан өнерпазға жолығып, аз-кем әңгіме-дүкен құрған едік.

Өмірдерек

Мұқаш Таңғытұлы 1962 жылы 15 желтоқсанда ҚХР-дың Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағында дүниеге келген. 1981 жылы Үрімжі Қаржы институтына түсіп, 1985 жылы тәмамдаған. Содан 2003 жылға дейін банк саласында қызмет істеген. 2003 жылы атамекенге қоныс аударған.

- Аға, домбырашылық өнерге қалай келдіңіз?
- Домбыра тарту – әулетімізде жалғасын тауып келе жатқан өнер. Мен оған он жасымнан бастап әуестене бастадым. Әкем Таңғыт күйші болды. Әуелгі ұстазым да сол. Кейін Мұрат Ыбырайұлы дейтін күйшімен көрші болдық. Содан ол кісіге шәкірт бола жүріп, Қытайдағы белді күйшілермен таныса бастадым. Атақты Қайрақбай күйшіні жеткізуші Жұмажан Сыдықұлы (1982 жылы дүние салды) және сал-серінің соңы Кәсімбай Құсайынұлынан (1989 жылы дүниеден озды) көп тәлім алдым. Айтыкен Бейісбайұлы, Әнуаш Сүлейменұлы сынды күйшілерге де шәкірт болғам. Алтайдың күй тарту дәстүрін Дәулет Халықұлынан, Іленің күй өнерін Камал Мақайұлынан игердім.
- «Алтай мен Іленің күй тарту өнері» деп жатырсыз, ол жақтың күйлері де өңірлерге бөліне ме?
- Ондағы үш аймақтың күйі үш үлкен күйшіден: Алтайда – Бейсенбі Дөненбайұлынан, Тарбағатайда – Қайрақбай Шәлекеұлынан, Іледе  Қожеке Назарұлынан бастау алады. Бұлар – Қытай қазақтарының күйшілік мектебін қалыптастырушылар. Әр өңірде өмір сүргендіктен, олардың күйлер­інде біршама өзгешеліктер бар. 
- Шебер домбырашы екеніңізді біраз ел біледі. Ал өзіңіз күй шығарасыз ба?
- Иә. Біраз күйлерім бар. Өзіме ұнаған 18 күйді жеке үнтаспа етіп шығардым. Ең алғаш дүниеге келген күйім – «Жайсаң». Шыңжаң Қаржы университетінде банкир мамандығына оқуға түскен кезім. Ауылдан қалаға келген жаспыз. Ауылды, ауылдасты, ағайын-туысқанды сағынып жүрген көңіл-күйде туындады. «Жайсаң» деп атаған себебім: сол жайсаң жандарды, жайдары жандарды жаным аңсады. Қаланың қым-қуыт тірлігінен торыққанда өмірге келді.
- Мамандығыңыз банкир болса, музыкалық сауатыңызды қалай көтердіңіз?
- Күйшілік өнерде құймақұлақ   деген «мамандық» бар (күлді). Мен нота білмеймін. Барлық күйді тыңдау арқылы үйренемін. Ата-бабаларымыздың қайсысы музыкалық оқу орнын тәмамдапты? Күй атаулы түгелге жуық құймақұлақтықпен жалғасын тапқан. Ал банкирлікке келер болсақ, күнкөріс керек қой. Ұзақ жылдар банкте істедім. Жұмыспен қатар шығыс қазақтарының шертпе күй дәстүрі туралы мақалалар жазып, газет-журналдарда жарияладым.
- Сіз жалғастырушысы болып жүрген шертпе күй Қытайда қаншалықты насихатталды? 
- Қытайда жүргенде осы күйші­лердің елу шақты күйін Шыңжаң халық радиосының «Жүз жылдық күйтабақ» атты қорына жаздырдым. Оған қоса бүкіл Қытай музыканттарының еңбегі жинақталған кітап құрастырылды. Энциклопедия сияқты. Соның күйге арналған бөліміне жаңағы кісілерден бес-алты күй кіргіздім. Өзім де «Шығыстың шырын шертпелері» деген кітап, «Шығыстың шыңырау шертпелері» деген күйтабақ шығардым. Оған жиырманың үстінде күй сыйды.
- Атамекенге келгелі бері қандай шаруалар атқарып жатырсыз?
- Ата-бабаларымның Арқадан ауғанына үш ғасыр болыпты. Атажұртқа оралу маған бұйырды. Бағзы мекеніме барыммен келдім.

Шығыстың шырын шертпелерінен 150 күй әкелдім. Келе сала, осы күйлердің жалғастырушылары туралы «Жұлдыз» журналына, «Әдебиет айдыны» газетіне мақалалар жаздым. Біз көбіне Әсет Найманбайды әнші ретінде білеміз. Ол кісінің «Кертолғау», «Ән шақырғы» атты күйлері бар екен. Оны да елге алып келдім. Радиоға да барып «Алтын қорға» енгіздім. Теледидардағы «Қазақтың жүз күйі» бағдарламасында насихатталды. Қазақстандағы күй фестивальдеріне қатыстым. «Күй-керуенде» «Алтын қобыз» сыйлығын жеңіп алдым. Қазіргі қазақтың белді күйшілері, зерттеушілері Қаршыға Ахмедияров, Шәміл Әбілтаевтардың айтуынша, Шығыс шертпе күй дәстүрі – Қазақстан күйшілік қорына тыңнан қосылған мектеп.

2007 жылы желтоқсан айында бес күйші бірлесіп концерт бердік. Онда да шығыстың шертпе күйлерінен орындадым. «Мәңгілік сарынға» кіргіздім. Биыл да мың күй шыққалы жатыр екен, осыған шығыс шертпелерінен енгізуге мүмкіндік туып отыр. «Тым болмағанда, бір-екі таспа шығарсақ» дейді ұйымдастырушылар. Қытай қазақтарының шертпелері жайлы үш кітап дайындап отырмын. Манағы жүз елу күйді нотаға түсіру біраз ақшаға тіреліп тұрған, оған да жанашыр, жәрдемшілер табылды. Құдай қаласа, шығып қалар.
- Қазақстанда Қытай қазақтары­ның шертпе күйлерін кімдер зерттеді?
- Қазаққа белгілі Уәли Бекенов ағамыз бұдан 40 жылдай бұрын зерттеуді бастаған. Ол кісі Қытайдың Шаңхай музыка мектебін бітірген. Қытай көсемі Мауы мен Жуынлайының алдында күй тартқан деседі.  Шертпе күйдің білгірі. 1960 жылдары шекарадан өткен жас жігіт өзінің ауылы – Нансан өңірінің шертпелерін әкелсе керек. Мен әлгі 150 күйді араға қырық жыл салып әкелдім. Ондағы күйлердің барлық орындалуын тыңдап көріп, тұпнұсқаларын ғана іріктеп әкелдім. Әйтпегенде, әркім әрқалай орындап жүрген түрлері көп. Бірін-біріне шатыстырып алғандары да жетерлік.     
- Шығыс шертпесі Қаратау мен Тәттімбет шертпелерінен несімен ерекшеленеді?
- Қытай қазағының біраз бөлігі Қазақстан аумағынан ауып барған. Елден, жерден жырақ жүрген халықтың жүрегі сағынышқа толы болады ғой. Сондықтан шығыс шертпелері мұңлы, сазды келеді. Қаратау мен Тәттімбет шертпелері көңілді, ойнақы орындалса, шығыс шертпелерінде екі ішек бөлек-бөлек қағылады.
- Атамекенде сағынышыңыз басылып, сарыны бөлек күйлер туындаған шығар?
- Әлбетте, елордамыз Астанаға алғаш барғанымда бір  күй туды. Жалпы, Астана келбеті, Сарыарқа табиғаты тамаша екен. Астанаға жеткенше пойызда даланың табиғатын тамашалап отырдым. Керемет әсерден «Нұр Астана» атты жаңа күй шығардым. Одан соң, Қытайдағы туған елді, ағайын-туысты сағынып, «Кейінгі ел» деген күй шығардым. Ол енді артта қалған елді атажұртқа шақыру мақсатында туындады.
- Қазіргі поэзияда белгілі бір тұлғаға өлең арнау дәстүрі жалғасын тауып келеді. Қазақтың күй өнерінде де осы дәстүр бар емес пе?
- Иә, бар. Жүйрік ат пен жақсы жолдасқа, патша мен батырға, сұлтан мен төреге күй арналған. 1989 жылы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқанда, біз Қытайда болатынбыз. Бір топ қазақ жасы жиналып алып, «қазақтың қолы Айға жетті» деп арнайы тойладық. Шынымен де солай ғой. Сол қуаныш көкейде жүре келе, 1998 жылы күйге айналды. Күйдің атын «Тоқтар батыр» қойғым келді. Десе де, «батырдың атын келсін-келмесін пайдалану ұят шығар, алдынан өтіп, рұқсатын алайын» деп бекіндім. Ауыл арасында, жиын-тойларда жаңағы күйімді орындап жүрдім. Сөйтіп, жақында Астанаға барғанымда, ол кісімен кездесудің орайы түсті. Үйіне іздеп барып, күйімді тартып бердім. Риза болып, есімін қоюыма келісімін берді. Сонымен, он жыл ойлап, он жыл толғаған «Тоқтар батыр» атты күйімді ел алдында өзім қалаған атымен еркін шерте беруге мүмкіндік алдым. Бұдан бөлек туған жерге, өскен елге арнаған да күйлерім бар. Күйдің мұндай дәстүрі жалғасын таба беруі керек.
- Отбасыңызда ісіңізді құптаушы, ізіңізді жалғастырушы бар ма?
- Қызым Гүлшырай домбыраға әуес. Жолымды жалғастырушы сол болып қалар. Ал жеңгелерің Нұрлаш – дәрігер. Менің күйшілігімді, зерттеп жүрген жұмысымды да отбасымның барлық мүшелері қолдап-қуаттап отырады. Шығыс шертпелеріне баулып жүрген шәкірттерім де бар. Қазір консерваторияда, музыкалық оқу орындарында білім алып жүр.


«Жас қазақ» газеті
    

Пікірлер