Жұлдызды шаңырақ: Стамғазиевтер әулеті

2510
Adyrna.kz Telegram

Сәрсенбінің сәтінде Стамғазиевтердің шаңырағына қонақ болып қайтудың сәті түсті. Тауды бетке алып өрлеп келемін. Саф таза ауа жаныңа сергектік сыйлап, ерекше сезімге бөлейді. Қаланың күнделікті қытымыр тірлігі жар бермейтіндіктен, Алатаудың ақшаңқан тұлғасына қарап қана демімізді жұтып жүруші ек, тұмса табиғаттың аясында таңғы ауамен тыныстап қайтудың реті де дәл осы жолы орайласты.

Келісілген уақытта бейтаныс үйдің қақ­пасының алдына келуін келсем де, кеш­кілік дайындап қойып, «таңертеңгісін, шығарда ала кетемін», – деген диктофонымды сөмкеге салу алакеуімде асығып жүріп есімнен мүлдем шығып кетіпті. Жазғыш құралым­ның бөлмеде қалып қойғанын білгенімде, шегінерге жол жоқ еді. Дәл сол сезімнің арпалысында өзімнің салғыртты­ғымды «сыбап» тұрғанымда, қақпадан кү­лімдей Рамазан ағамыз шықты. Қазаққа тән қонақжай пейілімен «жоғары шық» деген ишарат білдіріп, үйді нұсқады. Ұят та болса, қысыла-қымтырыла «қылмысымды» айтып, мән-жайды түсіндірдім. «Көтеріңкі көңіліне кірбің түсіріп алдым ба?» деген қауіппен әнші ағаның жүзіне қарап едім, реніштің титтей де нышаны байқалмады, керісінше, менімен бірге алаңдап, жаны ашып тұр. Дидарынан ағаға тән қамқорлық, әкеге тән ме­йірім, ұстазға тән ұлағаттың ұшқыны аңға­рылады… Көп ойланбады, дереу бүгіндікке орынынан әлі қозғалып үлгер­меген қара түсті «Джип» автокөлігін оталдырып, қалаға қарай төмен түстік. Діттеген диктофонымызды ала сала, бөгел­мес­тен кері қайттық. Кө­лік­тің ішінде үнсіз отырған мені жөнсіз қысылмасын деді білем, ағай ток жөндеуші хақындағы әзілді айтып күлдіре отырып, рес­пондент пен журналист арасындағы ресми шымыл­дықты бірден түріп тастады. Болмысынан көпшіл жан өнер, әдебиет жайын­дағы әсерлі әңгімесін бастап кетті. Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов сынды ән алыпта­рының аңызға бергісіз өнері мен ғиб­ратты ғұмырынан тағылымды сыр шертіп, одан арғы әңгімеміз Жәнібек ағамыздың арғы атасы саналатын Абайдың досы Ерболға жалғасып, дами келе «Абай жолына» ұлас­ты. Мәди, Ақан, Біржандардың да өнегелі өмірі мен өрелі өнерлері назардан тыс қалмады. Әншінің ән әлемінен өзге, әдебиет ауылының да қалта­рыс-бұлтарыстарын жан-жақты талдап, таразылап отырған те­рең біліміне тәнті болдық. Әннің кешегісін тамсана тілге тиек еткенімен, дәстүрлі әннің бүгінгі күйіне келгенде әншінің даусы күмілжігендей сезілді. Орайы келіп тұрған­да, біз де көкейдегі ойымызды іркіп қалуды жөнсіз санап, алғашқы сауалды да қойып жібердік.

- Рамазан аға, дәстүрлі ән мен дәс­түр­лі әншілердің бүгінгі насихаты қандай? Өнер­дің осы сынды сан түрлі проблемаларына өзіңіздің өкпе-назыңызды айтып, баспасөзде жиі көрініп жүрсіз. Нәтиже шығара алып жатырсыз ба?
-  Әзірге, нәтиже жоқ. «Жал­ғыз ағаш орман болмайды» – дейді. Біздің қазіргі жұмыс істеп жатқан оқу орнымыз – Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк кол­лед­жі­нен, Құрманғазы атындағы ұлттық консер­вато­рия­да, Астанадағы академияда көптеген талантты балаларымыз ұлағатты ұстаздар­дан дәстүрлі әннің бес мектебі бойынша тәлім алып, бітіріп шығып жатыр. Жылдағы өтетін ән-жыр додаларының бас бәйгелерін бермейтін де осы – біздің шә­кірттер. Оқу орнын бітіріп, табақтай диплом алып шығады. Бірақ ол кімге керек? Оқу бітіргесін оларды қабылдайтын мемле­кет­тік орындардың жоқ болуы салдарынан, жұмыс таба алмай қина­лады. Сонда бұлар­дың қайда баруы керек? Осыны кім шешеді деп ойлайсыз? Мысалы, мұндай мәселені шешу – менің қолым­нан келмейді. Себебі, менің қолымда билік жоқ. Сол үшін де, мәселе көтеріп, баспасөз бе­тінде айтып, жаздыртуды өзімнің парызым көремін. Тұрсынжан ағамыз­дың«Ауыз бен құлақ» деген керемет бір әңгімесі бар ғой. Біздің қоғам қазір сол өлі құ­лақтың күйін кешіп отыр, айтып жатсаң да сезбейді. Айтатын да, соңында жаман атты болатын да – өзің. Бірақ, қалай дегенмен де, орта буыннан асқан, аға буын әншіміз ғой. Айтуға хақы­мыз бар. Бұл – біздің парызымыз. Қазір ортамызда қандай керемет жас әншілер жүр. Оларды қолдау жоқ, насихат аз. Соған қар­нымыз ашады. Бізде «тауар» бар да, оны «сату» жағы қиын болып тұр. Ал, сол ән­шілер өзге ұлттың емес, бабасының кейін­гіге мұра етіп тастап кеткен дүниесін дә­ріптеп, шаң басып, ұмытылып бара жат­қан­дары болса, соны насихаттап, жоғал­ған дүниесін орнына келтіріп, жоғын жоқтап, өнердің көкпарында жүрген нағыз жанкешті ұл-қыздар ғой. Сол себепті де дәстүрлі әншілер­дің көбісі эстрадаға кетіп жатыр. Мәселен, операдағы классикалық әншілерді алайық, олар да: «көрермен, тыңдаушы жоқ» – деп жылайды. Бірақ бара қалсаң, керемет-керемет әншілер еңбек етіп, ғажайып туындылар өмірге келіп жатыр. Ал, оған кім кі­нә­лі? Кезінде ауылына Біржан келгенде Абай­­дың айтқаны бар: «Біржан аға, сіз өмірден өтсеңіз,енді қайтып сіздей әнші келе ме?»- деп. Сонда сал: «Айналайын, Абайжан-ау, ат төбеліндей қазақ аман болса, мен сияқты талай әншіні әкеледі-ау, бірақ өзің сияқты тыңдаушым болмай ма деп қор­қамын»- дегені бар ғой… Сол секілді бізде де жақсы әншілер бар, тек тыңдайтын құлақ пен насихат деңгейі тым төмен. Оған кімнің кінәлі екенін білмедім. Бірақ, бізге мемле­кеттік жүйе мен талаптар енгізіп, арнайы заң қабылдау керек. Сонда ғана бұл олқылықтың орны толады деп ойлаймын.

Қызу әңгіменің жетегінде отырып, үйге қалай жеткенімізді аңғармай да қалыппыз. Көліктен түсе бергенімізде, бфйлфулы тұрған кішкене күшік шәуілдеп қарсы алды. Жатырқағаны ма, сәлем бергені ме? – Оны тап басып бажайлай алмадық. Аты – Лайка екен, таза Сібірлік ит көрінеді. Рамазан аға осы әңгімесін айта жүріп, күшікке тамақ салды да, үйге қарай беттедік. Есіктен Ұлту апай жайдары қалпымен күле қарсы алды. Ал, отағасы болса, қолына күрек алып, таңертеңгі есіктің алдын жауып қалған ұлпа қарды бірден тазартып тастауға кірісіп кетті. Дастарханды жайнатып жасап қойған Ұлту апайдың ас үйіне кірдік. Енді ғана көшіп келіп жатса да, тап-тұйнақтай жиналған кең үйден отбасылық жылу мен мейірімнің шуағы сезіледі. Ынтымағы жарасқан өнерлі отбасыға қоныс құтты болсын айттық. Қазан-ошақ иесі: - «Жылда келіп кететінбіз. Биыл бірінші рет қыстайын деп отырмыз, Алла жазса. Құрылысы толық аяқталғаннан кейін, біржола көшіп келдік. Әлі толық орналасып, үлгере алмай жатырмыз», – деп, әңгімесін айта жүріп , шай қамына кірісті. Енді дастарханға отыра бергенімізде, бала-шағасына қайырлы таң айтып оятып, Рамазан аға да үстел басына келді. Машина ішіндегі өнер жайлы әңгімеміз таңғы шай үстінде отбасылық тақырыпқа қарай ойысты.

- Міне, біздің үй – осы, биыл ғана келдік. Бұрын әбден қаланың табиға­тына, тыныс-тіршілігіне үйреніп алған­дықтан, бала кезіміздегі өзіміз өскен ауыл­дың сол баяғы тұрмыс-тіршілігіне енді-енді бой үйре­тіп келе жатырмыз. Талай дүниені ұмытып қалған екенбіз, осында келіп есімізге түсуде. Мысалы, қалада тұрғанда, таңертең жата беруші едік, қазір ұйқыдан ояна салып: «уа, қар күреу керек екен ғой» деп күрекке жүгіреміз.Жап-жаңа күрек, сыпырғыштар әкеліп қойдық. Бұлардан қол үзіп қалғаны­мызға да 25 жыл болып қа­лыпты. Бұрын «Неге үлкендер қаладан далаға қашады?» – десек, даланы сағынады екен ғой. Табиғатқа жақындаған сайын өзіңнің бұл ортадан қан­шалықты алыстап кеткеніңді сезе түсе­тін­дейсің. Таңер­тең рахаттанып Алатауға да қарамаға­лы қашан?! Осы бұйыртқан жерге орналасып алдық. Міне, енді жаңа баспанада отбасылық өміріміздің 25 жылдық күміс то­йын атап өтпекпіз.

- Құтты болсын! Иә, біздің оқыр­мандар үшін сіздердің өнерлеріңізден өзге, отбасылық өмірлеріңіз де қызықты. Қалай танысқан едіңіздер? Қос әншінің табысуына ән себепкер болды ма?

-  Біздің кезімізде жаңа оқу жылында талантты балаларды жинайтын. Сөйтіп, ауылдағы талантты бала болып, осында – Алматыға эстрада-цирк студиясына оқуға келгенбіз ғой. Онда екі-ақ жыл оқы­татын. Мен халық бөліміне, ал Ұлту болса, Шымкенттен келіп, эстрада бөліміне оқуға түсті. Ол кезде жай ғана оқыта салмайды. Бір ай колхозға апарып, картоп, алма жинатады, болмаса темекі, мақта, жүзім тергізеді. Біз де сол талапқа бағынып, оқуға түскеннен кейін арнайы жұмыс киі­мімізді киіп алып, Тал­дықорғанның Қоғалы деген жеріне картоп жинауға бар­дық. Жұмыс істей жүріп, жа­ңадан келген студенттермен танысып-бі­лістік. Елеуішпен елегенде ұнтағы түсіп, ірілері елеуіштің өзін­де қалады ғой. Сол сияқты түскен оқу­шылардың ішінде он бес-жиырмамыз жа­қын араластық. Бір-бірімізге жанымызды сала көмектесіп, бірге тамақ­танып, барлық қиындықты бірлесе көтере жүріп, өмірдің үлкен бір диірменіне түстік те кеттік. Екі жыл бірге оқыдық, таныстық. Ғалымжан Серікбаев, Қажыбай Жакин, Ербол Қырғы­за­лиев, қайтыс болып кеткен Аманжол сынды достарым бар, Ұлтудың құрбылары бар бәріміз қатты араласып кеттік. Бірде бай­қай­мын, «бұл кісі мені жақсы көріп қалған сияқты» деп әзілдеп қояды (студенттік жылдарын еске алып, екеуі күліп алды). Содан екеуміздің сөзіміз жарасып, арамызда сезім ұшқыны тұтанып, 23 ақпанда отбасын құрдық. Үйленгенде кәдім­гідей «Лимузинмен», болмаса «Lexsus»-пен емес, ауылға қатынайтын қарапайым автобуспен Кегенге бардық. Бара сала беташарын жасадық. Содан бір-екі күн ауылда болдық та, қайтадан қалаға келдік. Осыдан бар тір­ші­лік бастал­ған. Аллаға шү­кір, қазір бір ұл, бір қызымыз бар. Екеуі де ер жеткен. Алды оқуын бітіріп, магистратурада оқып жатыр. Үлкен балам – Олжас есепке бейім, маман­ды­ғы – экономист. Ал, қызым Перизат болса, тілге жақын. Бірнеше тілде еркін сөй­лейді.
-  «Әкем де, анам да өнерге жақын болды, сондықтан менің де әнші болуым заң­дылық, табиғи құбылыс болды» деп жазасыз. Сіздердің екеулеріңіз де әншісіздер. Сол заңды­лық балаларыңыздың бойынан жалғасын тапты ма?
-  Екеуі де өнерден құр алақан емес. Домбыраны алып, үйде де, достарымен бас қосқанда да ән айта береді. Қызым анда-санда концерттерге шығып тұрады. Бірақ, балаларымның алға қойған түбегейлі мақ­саттары өнер болмады. Олар өнер адамда­рының тұрмыс-тіршілігін көріп өсті, жақсы біледі. Ай-айлап, жыл-жылдап үйге келмей­міз. Басымызда баспана да жоқ. Пәтер, жатақхана… Сөйтіп жүріп, әйтеуір, балаларды өсірдік қой. 1996 жылдары мен Қазақкон­цертте жұмыс істей жүріп, шәкірт­терге сабақ бердім, кешкісін мейрамханада ән де айттым. Сонда таңертең кетем, түн ортасында бірақ келем. Балаларым осындай қиын­дық­тардың бәрін көріп, басқа саланы таңда­ған шығар, мүмкін араласатын ортасы әсер етті ме, әйтеуір, өнерді таңда­мады.
-  Бір үйде екі әншінің болғанды­ғының бала тәрбиесінде қандай кедергілері болды? Өнерге енді қадам басқан шақтарыңызда ба­лаларыңыз жас, алда үзіліссіз гастрольдер күтіп тұрды. Сол кездердегі қиыншылықтарды қалай жеңдіңіздер? Бала тәрбиесімен кім айналысты?
Ұлту жеңге: Балалардың кішкентай кезінде мен ешқайда шыққан жоқпын. Туғанынан бірінші сыныпқа барғандарына дейін тапжылмай, екі баламның жанында отырдым. Онда Рамазан ғана гастрольде жүрді. Ал, мен ұлым мектеп табалдырығын аттағаннан кейін өнер академиясына қайтадан оқуға түсіп, сырттай емес, кәдімгі студенттер се­кіл­ді күндізгі бөлімде оқыдым. Үйден шыға бере студент екенімді сезінетінмін. Ал, сағат 5-6-ны соға бастағаннан-ақ, балаларымды ойлап, үйге жетуге асығатынмын. Онда Олжас бірінші сыныпта оқиды, Перизат болса әлі кішкентай. Бастауыш сыныптың сабағы екі-үш сағат болады ғой. Таңертең қызым ұйық­тап жатқанда, ұлымның қолына кілтті беріп: «Сабақтан келген соң, есікті ешкімге ашпай, үйде отырыңдар» – деп тапсырып, өзім оқуға кетемін. Қазір ойлап қарасам, балаларымызды тастап кете бере­тін сол кездегіміз шынымен де жүрек­тілік екен (күліп алды). Кешкісін сабақты бітіре сала, екі өкпемізді қолымызға алып үйге қарай жүгіреміз ғой. Сөйтіп жүріп, әйтеуір, өсірдік. Мен өнер академиясын бітіргенде, ұлым төртінші сыныпты бітірді. Міне, осы себепті де эстрадаға елдер сияқты бұзып-жарып емес, барлығын біртіндеп бастап, өнерге жайлап-жайлап келдім. Бірінші мақсатым ана болу болды. Аллаға шүкір, оған жеттік деп ойлаймын. Ал, енді өнерге келсем, оны тастап кетуге талай талаптар қойылды. Бірақ, бала күннен таңдап, жан жүрегім әнді қалап келгендіктен де ол қо­лым­нан келмеді. Ке­рісінше, Рамазанның өзіне: «Егер өнерді таста десең, онда екеуміз де басқа жолға кетейік» деп талап қойдым. Содан өнер жолына қайтадан келдік. Біреу­ден ілгері, біреу­ден кейін, осы өнердің ортасында жұлқынып шығып кетпесек те, жаным сүйген кәсіппен айналысып жүрмін. Мен үшін бұл – үлкен қуаныш.
-  Бір салада қызмет етудің қандай артықшылықтары, болмаса қандай кемшілік-кедергілері бар? Отбасылық мінездеріңізге тоқ­тала кетсеңіздер.
-  Иә, шынымен де, журналистер: «Өнерге неге кеш оралдыңыз?», – деп Ұлтуға жиі сұрақ қояды. Менімен бірге қа­тарласып, Ұлту да гастрольде жүрсе, сонда бала тәрбиесімен кім айналыспақ? Сондық­тан да балалар туғаннан кейін Ұлту олар мектепке барғанша сахнаға шықпай, өзін толықтай бала тәрбиесіне арнады. Ал, үйде көп болмағаныммен, гастрольден қолым босай қалғанда, мектепке барып, ұстаздарымен сөйлесіп, уақыттың ыңғайына қарай ата-аналар жиналысына да қатысып тұрдым. Ол кезде азды-көпті атымыз шығып жатқан кез. Кейін балалар есейе келе, маманданды­рылған дарынды балалар мектеп-интерна­тында жатып оқыды. Ал, енді бір салада қыз­мет етудің артықшылығы мен кемшілі­гіне келетін болсақ, «Алуан түрлі жүйрік бар, әліне қарап шабады» – дейді ғой. Әр тыңдарман­ның өз талғамы, әр әншінің өз жанкүйері болады. Мәселен, кейбір кештерге мені ғана шақырып, Ұлтуды шақырмауы мүмкін. Кей кездерде Ұлтудың репертуа­рын­дағы әндерге сұраныс түсіп: «Бізге сіз емес, Ұлту керек» дейтін жағдайлар болды. Сонша жыл оқып, сонша жыл армандаған кәсібі болғаннан кейін қалай жібермейсің? Сондай жағдай­лар­да, Ұлту кетіп, үйде мен қаламын. Өмір болғаннан кейін келіспейтін, ренжісіп қалатын да жағдайлар болады. Қазір олай қызбалыққа салынудың қызуы қайтып қалды. Бұрын алды-артымызға қарамай, жастықпен лап ете түсетін едік. Енді оның бәріне байыппен қарап, барлық жағдайда да ақылға жүгінеміз. Керек десе­ңіз, кейбір кездерде: «Сендер жаңа заман­ның жастары­сыңдар, көзқарастарың қа­лай?» – деп, балаларымыздан ақыл сұрап, солардың пікір­леріне де құлақ асып жатамыз. Өмір сонысымен де қызық па деп ойлаймын. Репертуар таңдау, шығармашылық жағында да үйде күнде айқай-шу. Анау ананы тауып келеді, мынау мынаны тауып келеді. Сөйтіп аяқ астынан отбасылық қызу пікірталас та өткізіп жібе­реміз. «Қазақтың 1000 әні» деген антология шығып, тіпті керемет болды. Осылай, қо­лымыздан келге­нін­ше, асыл өнердің бағасын түсірмеу үшін қызмет етіп жатырмыз.
Осы кезде дастархан басына 5-6 жас шамасындағы кішкентай бала жүгіріп келіп, үстелді айнала тізілген бос орындықтардың біріне отырып, шай ішті. Таңырқай қарағанымды сезген болуы керек, Рамазан ағай ең кенже інісінің баласы екенін айтып, бүлдіршін Саятпен таныстырды. Әжесі, яғни әншінің анасы екеуі жаңа үйге қыдырып келген екен. Келінімен шүйіркелесіп отырып, таңғы шайын ішіп алған әже бұл уақытта аздап тынығуға кетіпті. Ал, Саят болса , сөз арасыда өзініңкішкентай Елжас есімді інісі бар екенін де айтып үлгерді. Сәбидің бал тілін қызықтап, бәріміз соған мәз болып отырғанда, дастархан басына әншілердің балалары Олжас пен Перизат және Рамазан ағаның айтуынша,осы үйдің туған баласындай болып кеткен Олжастың жан досы - Әділ де келіп қатарымызға қосылды. Олжас та, Перизат та аса қарапайым екен. Амандық-саулықтан соң жатырқамай, бұрыннан таныс кісілерше бірден емен-жарқын әңгімеге араласып кетті. Бір байқағаным, Рамазан ағай өте әзілқой адам болып шықты. Үстел басындағы әзіл-қалжың мен көңілді әңгімеміздің ауанын енді отағасының отбасындағы болмысын ашуға бұрдық.
-  Жалпы Рамазан Стамғазиев десе, басқаны білмедім, менің көз алдыма сал-сері­лерден қалған тұяқ, Ақан, Біржандардың жалғасы сынды тұлға елестейді. Отабасын­дағы болмысыңыз да дәл осындай ма? Біздің сахнада көретін сал-сері Рамазан ағамыздың отбасылық өмірдегі мінезі қандай?
(Екеуі қосылып емен-жарқын күліп алды)
Ұлту жеңге:

-  Дәл сондай. Сіздің ойыңыз тура келді. Ол кісі үйде де сондай сері.
Рамазан аға:

-  Ол жағын білмедім, бірақ, әйел адам істейтін шаруаларға мүлдем ара­лас­­паймын. Кейбір әріп­тестерім экранда тамақ жасап, бірдеңелерді көрсетіп жатады. Әнін айтып жүрген керемет-керемет ағала­ры­мыз, ана жерде тамақ турап тұрады. Ол да жақсы қасиет шығар. Бірақ, бізге ондай өнер жұқпады, сондықтан түсінбеймін де. Ұят та болса айтайын, қазақ­та «Қатынбасшы» деген сөз бар. Бала күнімізде ас үй, қазан-ошақтың басына барсақ, әжелеріміз: «Ке­тіңдер, ол – әйелдің істейтін шаруасы» деп жолатпайтын. Соны көрем де, кейде: «Осы­ларға не жоқ екен» деп ойлаймын. Үйдегі шаруаның барлығын Ұлту өзі істейді, мен ол жағына араласпаймын. Ал, сырттың, ер адамдардың атқаруы керек шаруалары болса, оған мен отағасы ретінде, балалардың әкесі ретінде толыққанды жауап беруге міндеттімін.. Біздегі кәсіп, біздегі принцип осындай. Ал, енді кейде бәріміз ақылдасып ше­шетін шаруалар болады. Ондайда,әрине, төрт көзіміз түгел отырып, оңтайлы шешім қабылдауға тырысамыз.
-  Рамазан ағамыз «ошақ басында барлық шаруаға Сіз жауап береді» деп жатыр. Енді өз-өзіңізге баға беріп көріңізші? Сіз қандай келінсіз?
Ұлту жеңге:

-  Өз-өзіме қалай баға беретінімді білмей­мін. «Ер адамның өзінің міндеті бар, әйел адамның өз міндеті бар», – деп айтып жатады ғой. Сондық­тан өзімнің мін­детімді атқарып жатырмын деп ойлаймын. Үйдің бере­кесі тікелей әйелге байланысты. Анам үнемі: «Аяқ кіріп келген жерден бақ қонады», – деп айтып отыратын. Сон­дықтан болар, қонақ келеді десе, ең бірінші табал­дырық­тың тазалығына баса мән беремін. Одан кейін, әрине, қай кезде де әйел адамның дастарханы жайнап, оты жанып, шайы қайнап, үйі мұнтаздай таза тұруға міндетті. Анамның: «Қы­зым, отағасы үйге келгенде, шаңырағың мұнтаздай таза, тап-тұй­нақтай жинаулы тұрсын. Келген адам үйіңнен ұялмай шығуы керек» деген сөздерін әрдайым құлағыма құйып, бой жеттім, солай тәрбиелендім. Осыны мен балаларыма да үнемі айтып отырамын. Қуанатыным – балаларымызға қазақы тәрбие бердік. Есіктен қонақ кірген кезде: «Келіңіз, жо­ғары шығыңыз!» деп, дастарханын алып жүгіріп жатады. Ол да болса кезіндегі ата-анамнан алған тәрбиені балаларыма беруге тырысып жатқанды­ғымның көрінісі. Оны енді қаншалықты алады, олардың өздеріне байланысты.
-  Ал, осы отбасыға келін болып түс­кенде қандай қиыншылықтармен бетпе-бет келіп едіңіз?
Ұлту жеңге:

-  О, қиыншылық көп болды (күліп алды). Өйткені, мен кішкентай отбасында өстім, үйде үш-ақ қызбыз. Ал, Рамазанның әулеті үлкен. Үлкен әулетке келін болғаннан кейін оның міндеті мен жауапкершілігі де жеңіл болмады, келімді-кетімді кісі көп. Кейде шай құйғанда,үлгере алмай, өзімнің шай іше алмай қалатын кездерім де болатын. Қазір соны есіме алып күлемін. Әйтеуір, тырысып жүріп үйрендім ғой. Енді ойлап қарасам, бұл да бір үлкен мектеп болған екен.
-  Ал, өздеріңіздің отбасыларыңызда салт-дәстүрді қаншалықты ұстанасыздар?
Рамазан аға:

-  Біздің ең кереметтігіміз – ол біз­дің қазақы­лығымыз. Үйде таза қазақша сөй­­лейміз, ала жаздай қы­мыз ішеміз, шаманың келгенінше. Әке-шешеміз жақын жерде тұ­рады. Ауыл жаққа жолымыз түсе қалса, ірім­шік, құрт, қарынның майын әкеліп қоямыз. Қалада тұрсақ та, Нұрлы деген жер­дегі саятшылар клубының толыққанды мү­шесіміз, Бүркіт пен құмай тазы ұстаймыз. Келген қо­нақтарды ертіп апарып, атқа мінгізіп, қо­лына бүркітін беріп, жанына тазысын ерткізіп, аңшының киімін кигізіп, қырға шығарып, қоян аулатып, аңшылықтың қызығына батырып шығарып саламыз. Ал, үйде келген кісіге шамамыз жеткенше, «қазақтың сүйген асы ғой» деп, ет асып беруге тырысамыз. Жұма күндері шелпек салып, құран оқытып тұрамыз. Сопы, діндар болып кетпесек те, шама шарқымызша қазақтың барлық дәстүрін ұстанудамыз.
-  Көп әншілер қосымша кәсіпкерлікке көңіл бөліп жатады. Ал сіздер ше? Әншіліктен тыс, басқа қандай шаруалармен айналысасыздар?
Рамазан аға:

-  Кезінде айналысып көргенбіз. Бірақ қолымыздан кәсіпкерлік келмеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын кірпіш шығаратын зауыт ашып, басталған күннен бастап бүкіл ағайындарымызды жинадық, барлық туыстар келді. Сөйтті де жұмы­сымыз ілгері баспай қойды. Өйткені, туысқандық жүрген жердегі сауданың сиқы мәлім ғой. Сонымен қайтып жауып қойдым ондай нәрсені.
-  «Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес» дейді ғой. Әншілігіңізді халқыңыз жақсы біледі. Саятшылығыңыздан да хабарымыз бар. Бұдан өзге қандай өнер, хоббиларыңыз бар?
Рамазана аға:

-  Менде сол педагогикадан басқа ешнәрсе жоқ сияқты. Соңғы төрт жылғы хоббиымыз үй салу болды. (Күліп алды).

Ұлту жеңге:

-  Бұрын қолымыз босаса таза ауаға шы­ғып, серуендеп қайтатынбыз. Енді таза ауаға келдік қой. Ал, қазір үйді реттеу жұ­мыс­тарымен таңның атқанын, кештің батқанын білмей қалатын болдық.
-  Ұлту апай, сіз де оқытушысыз ба?
Ұлту жеңге:

-  Жоқ, мен үйде балалардың оқыту­шысымын.
Рамазан аға:

-  Осы жерде финанс және соғыс министрі (әзілдеп, юморға салып, үстел ба­сы­нағыларды және бір күлдірді).
-  Шығармашылықтарыңыздағы жаңа­лықтар да біздің оқырмандар үшін аса қызық…
Рамазан аға:

- Шығармашылығымызда айтар­лықтай жаңалық жоқ. Жаңалық тікелей қаржыға келіп тіреледі. Әзірге баяғы қарқынымен келе жатырмыз. Оның себебі де бар. Ол – мына сіз отырған үй. Құрылысын аяқтап, енді орналасып жатырмыз. Алла жазса, өнерімізді алдағы уақытта әрі қарай қолға алмақпыз.

…Әсерлі әңгімеге елітіп отырып,уақыттың қалай зымырап өтіп кеткенін де байқамай қалыппыз. Үстелден тұрып, енді қайтуға ыңғайлана бергенде, бағана демалуға кетті деген әншінің анасы төргі бөлмелен шығып келе жатты. Әр таң сайын қайырлы түн тілеп, маңдайынан иіскетуді дағдыға айналдырған атпалдай азамат анасының құшағына сәбидейін көміліп, тіпті көрінбей қалды. Ана бауырының алыптығына осы бір жүрек елжіретер көріністен кейін және бір иландық. Үй-ішімен қоштасып, енді қайтуға ыңғайлана бергенде, бағана келгендегі лайка шынжырдан босап, аяғымызға оралды. Бұл жолы жатырқағаны емес, керісінше қонақжай шаңырақтың күшігіне дейін жадырай қоштасқаны еді…

Ал, мен болсам, диктофонымды ұмытып кетіп, журналистиканың жазылмас заңдылығына жасаған «қиянатыма» үлкен түсіністікпен қараған әншінің терең пайымына сүйсініп hәм шығармашылық әлеміне енді-енді аттаған қадамымдағы жіберіп алған өз кемшілігімнен кәсіби сабақ алып, көлікке міндім.


Назерке ЖҰМАБАЙ.
Пікірлер