Желтоқсан оқиғасы. Кім кінәлі?!

7053
Adyrna.kz Telegram

"Ұлтың үшін, тілің үшін өр бол,

Өр болмасаң өр болғанға төр бол.

Егер, егер... ұлтты сақтай алмасаң,

Сақтар күшті тіпті жақтай алмасаң,

Бүйтіп тірі жүргеніңше бор бол,

Рухын сатқан ұлтсыздарға қор бол!" деп ақын Мұхтар Шаханов жырлағандай 1986 жылғы желтоқсан көтерілістің әлі де болса шешілмей жатқан жұмбақ екені белгілі. Желтоқсаншыларды уақыт өзі қаралап, ақтағанымен шындықтың айтылатын кезі келді. Алайда қазақ жастарының қанын ұрттаған дімкәс ғасыр өз дегенін жасауда.  Осы орайда ұлт зиялыларының "Адырна" ұлттық порталына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

 - 16 желтоқсан аза тұту күні ме, мереке ме?

Шаттық Ерғожина, желтоқсаншы:

- Желтоқсан кезінде қаншама жас зардап шегіп, өмірден өткендіктен мереке деп айтуға аузым бармас еді…

Сәуле Әбілдаханқызы, қоғам белсендісі:

- Аза тұту күні. Қаралы күн.

Әміржан Қосанов, саятсаткер:

- «Өлі риза болмай, тірі байымайды!»

Сөз жоқ, Тәуелсіздік – кез келген мемлекет, кез келген ұлт үшін ең қастерлі, ең киелі ұғым. Сондықтан да Тәуелсіздік күні ең басты мемлекеттік, халықтық мейрам болуы тиіс.

Бірақ, 2011 жылдың 16 желтоқсанында Жаңаөзенде қан төгілді, қарулы күштер тапа-тал түсте бейбіт адамдарға қарсы қару жұмсады. Оқ атты, қаншама адам қырылды! Ол күн Жалпыұлттық трагедия күні боп қала бермек!

Сонымен бірге, келесі күн – 17 желтоқсан да 1986 жылдан бері халық санасында «Желтоқсан көтерілісі күні» боп қалыптасып қалды.

Көз жасы мен күлкіні, аза тұту мен ән салып, би билеп, тойлауды араластыруға болмайды. Дәл осы екі күні қазақ қоғамы қақ жарылады: бірі – бір-бірін Тәуелсіздік күнімен құттықтап жатады, екіншілері – осы күндері Желтоқсан және Жаңаөзен құрбандарын еске алып, Құран бағыштайды.

Осы рухани-саяси тығырықтан шығудың бір жолы бар: Тәуелсіздік күнін бұрындары Республика күні болып аталып келген 25 қазанға ауыстыру керек, сол күні Тәуелсіздік туралы декларация қабылданған болатын. Ал 16 және 17 желтоқсан күндері жалпыұлттық еске алу, аза тұту күндері боп бекітілуі тиіс.

Асылхан Мамашұлы, журналист:

- 16 желтоқсан Қазақстанның тәуелсіздік  жариялаған күні болғандықтын ресми мерекелер санатына кіргізілген. Арада тура 20 жыл өткенде дәл осы күні Жаңаөзен мұнайшыларына оқ атылып, 20 - ға жуық адам өлді, жүзден астам адам жарақаттанды. Бұл - трагедия. Бірақ ол ресми түрде азалы күн немесе еске алу күні ретінде белгіленген жоқ. Өйткені Жаңаөзен оқиғасына жауапты билік әлі орнында отыр. Өз басым мемлекеттік мерекені той-думан деп санамаймын. Өткенге құрмет көрсетіп, тағылым алу, бүгінгі өмірді бағалау деп түсінемін. Сондықтан  тәуелсіздік күнін Жаңаөзен құрбандарымен қоса атап өтсе еш қайшылық болмайды және болашақта осыған келеді деп сенемін. Жаманды-жақсылы Желтоқсан оқиғасын еске алу күнін атап өтеміз ғой, бұл да сол сияқты мәселе.

Құрманғазы Рахметов, желтоқсаншы:

- Ресми Тәуелсіздік күні! Ол ата - бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған, осы жолда қаншама жандар құрбан болған күн. Бұл күн Жаңаөзендегі қырғын қасақана жасалған, қазаққа қарсы қазақ баласы оқ атып, сүйегімізге таңба түскен күн.  Қанқұйлы қызыл Империяның өзі Желтоқсан 86- да ондай қадамға баруға жасқанған болатын. Бұған авторитарлық жүйе кінәлі.

Екі басшының Тәуелсіздік мерекесіне қатысты екіұдай пікірі болмауы керек. Бұл дұрыс емес жағдай. Бұдан шығар жалғыз жол Тәуелсіздік мерекесін 25 қазанға белгілеу.

Ал 17 желтоқсан - ҚР  Демократияның жаңғыру күні болып Президенттің Жарлығымен  бекітілген.

- «Желтоқсан» оқиғасына кім кінəлі деп ойлайсыз?

Шаттық Ерғожина, желтоқсаншы:

- Бұл өте күрделі сұрақ. Ол кезде біз небәрі 20 жаста едік. Бұның соңы үлкен бір көтеріліске айналып кетеді деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген еді. Алғашында бейбіт шеруге шықтық деп ойладық. Бүгінгі күнге дейін мемлекет тарапынан желтоқсанға оқиға яки көтеріліс деп статус бере қойған жоқ. Сондықтан кім кінәлі екенін айта алмаймын.

 Сәуле Әбілдаханқызы, қоғам белсендісі:

- Сұрақ дұрыс емес, қисынсыз деп ойлаймын. Себебі, Желтоқсан көтерілісіне шыққандар қате іс істеді деп ойламаймын. Қате іске "кінәлі кім?.." деп сұрақ қоюға болады. Мен желтоқсан көтерілісіне шыққандар дұрыс істеді деп есептеймін, себебі олар әділетсіздікке қарсы бас көтерді... Ал егер сұрақты "Желтоқсандағы қантөгіске кім кінәлі?" деп қояр болсақ, әрине, бейбіт халыққа күш қолданған билік кінәлі екені айтпаса да түсінікті.

Әміржан Қосанов, саятсаткер:

- 1986 жылы біз әлі Совет Одағының құрамындағы 15 республиканың бірі болдық. Сондықтан да ол көтерілістің аяусыз жанышталуына, біріншіден, сол кездегі Совет Одағы Коммунистік партиясының басшылығы кінәлі.

Екіншіден, сол кездегі Қазақстан басшылығы кінәлі. Ол кезде бізде де Компартияның басшылығы мен үкімет болды. Сол органдардың жетекшілері осы трагедия үшін тарихи, саяси және моральдық тұрғыдан жауапты!

Диалектикалық тұрғыдан алғанда, Желтоқсан секілді сана мен қоғамды дүр сілкіндірер көтеріліс шынайы демократиялық жүйеде орын алуы мүмкін емес,  өз халқына қарсы күш қолдану әрекеттері тек қана адамның ерік-жігерін жаншып тастауға әуес тоталитаризм мен авторитаризм тұсында ғана орын алып жатады.

28 жыл ішінде біз Совет Одағынан қалған идеологиялық мұрадан, қатып-семіп қалған кертартпа құндылықтардан арыла алмай-ақ қойдық, сондықтан да біздегідей авторитарлы жүйе тұсында Желтоқсан қайталанып, Жаңаөзен трагедиясына ұласты.

Асылхан Мамашұлы, журналист:

- Желтоқсан оқиғасына совет билігі мен Қазақстанның сол кездегі  номенклатурасы кінәлі. Қазақстанды ширек ғасыр басқарған Қонаев өзінің орынын баса алатын кадрларды шеттетті. Ал өзі биліктен тайдырылғанда жаңа кадр әзірлеп үлгермеді. Жастарды алаңға шығуға сол кездегі  Қазақстанның жоғары билігіндегі кей адамдар түрткі болды, астыртын үгіттеді дейтін де болжамдар бар. Қалай болғанда билікте ұзақ отыру түрлі саяси катаклизмдерге әкелетінін шетел мысалдарынан да көріп отырмыз.

Құрманғазы Рахметов, желтоқсаншы:

- Кремль кінәлі, тоталитарлық жүйе.

- Желтоқсан қаһармандары жеткілікті деңгейде құрметтеліп жатыр ма?

Шаттық Ерғожина, желтоқсаншы:

- Мүлдем құрметтеліп жатқан жоқ. Себебі әлі ақтала алмай жатқандар бар. Менің өзім 2012 жылы ғана ақталдым. Пәленбай күн түрмеде де жаттым, одан қанша зардап шектім, оқудан шықтым, қудаландым, еш жерге жұмысқа алмады, органның есебінде тұрдым. Солардың өтеуі үкімет тарапынан болуы керек еді. Алайда жылына бір рет қана азғантай әлеуметтік төлем жасап алдаусыратып қояды. «Ардагер» деген емханаға тіркеп қойған. Бірақ ол жердің өзінде дұрыстап емдемейді. Елімізде қаншама ақталғандығы жөнінде қолында құжаты бар желтоқсаншылар бар. Соларға тым болмағанда қоғамдық көлікте тегін жүруге жеңілдіктер, не болмаса емханаларда тегін қызмет көрсету секілді жағдайлар жасалуы керек.

Сәуле Әбілдаханқызы, қоғам белсендісі:

- Жоқ, желтоқсан қаһармандары жеткілікті деңгейде құрметтеліп жатқан жоқ. Оларға жылына бір рет 50-60 мың теңге береді екен. Оларға ай сайын 100 мың жәрдемақы тағайындаса да, жылына бір рет шипажайға жолдама, баспана сияқты әлеуметтік мәселелерін шешуге де мемлекеттің жағдайы жетер еді. Тек соған құлық болса деңіз... Мен білетін көптеген желтоқсаншылардың денсаулығы жоқ, көбісі жұмыссыз... Бүгінгі билік желтоқсан көтерілісін де, оның қаһармандарын да халық санасынан өшіруге, тарихты ұмыттыруға мүдделі сияқты.

Әміржан Қосанов, саятсаткер:

- Жоқ! Желтоқсанның шынайы тарихы әзірше билік үшін өте қиын тақырып. Сондықтан да осы күнге дейін олар бұл әңгімеден бойын аулақ ұстауға тырысады. Желтоқсанға қатысты жыл сайын өтетін іс-шаралардың мән-мазмұнын өз уысында ұстап, бақылауынан шығарғысы келмейді.

Егер де тарихи шындық пен әділеттілікке салсақ, Желтоқсан көтерілісіне қатысып, еліміздің Тәуелсіздігі үшін нақты үлес қосқан барша азамат осы күні президенттің қабылдауында болып, өз қаһармандығының лайықты бағасын алып, сол күні өткізілетін іс-шаралар мен берілетін астың төрінде отыруы тиіс деп санаймын!

Ондай құрмет өскелең ұрпақ үшін мықты үлгі-өнеге боп, ертеңгі күні жастарымыздың бойында отаншылдық, патриотизм сезімдерін қалыптастыруда маңызды роль атқарар еді.

Асылхан Мамашұлы, журналист:

- Желтоқсан оқиғасы 1990 жылдары саяси тұрғыда ақталғаннан кейін әлі күнге құрметке бөленіп жүргендер бар. Бірнеше пәтер алды, басқа да жағдайларын жасады дегендей. Желтоқсан ұйымдары кейінгі жылдары екіге бөлінді. Бір жағы билікке жақын, әкімдікпен қоян-қолтық араласатын және ымыралас ұйымдар. Меніңше, осындай ұйымдардың мүшелері құрмет марапатты жеткілікті алған шығар деп ойлаймын. Одан өзге, Желтоқсан оқиғасына қатысса да онысын міндет етпейтін азаматтар да бар. Олар Желтоқсан оқиғасына қатысқанын қарапайым парыз бен азамат ретіндегі міндеті санайды. Әрине оларға да құрмет көрсетілуі керек. Ең бастысы саяси тұрғыда ақталғаннан кейін моральдық және материалдық зардаптары толық өтелді ме, жоқ па соған назар аудару керек. Ал жылына бір рет әкімдікке шақырып, сый-сияпат беру әр әкімдіктің алымдылығына байланысты.

Құрманғазы Рахметов, желтоқсаншы:

- Әзірге өз деңгейінде емес. Жұмыстар жасалып жатыр. Жақсы жағына өзгеретініне сеніміміз мол.

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер