Қыран немесе тарихтағы құстар қайтып келе ме?

3828
Adyrna.kz Telegram

Ежелгi қыпшақтар тарихын зерт­теген көрнектi тарихшы Сержан Ақынжанов* өзiнiң монографиялық еңбегiнде ортағасырлық араб дерек көзде­рiне сүйене отырып, ХII ғасырдың соңында өмiр сүрген Қыран – Қадыр хан деген тарихи тұлға туралы жазады. Қыран туралы айта келе, ол, Алып-Қара Ұран атты көсемнiң ұлы болғандығын баяндап, Қадыр хан – Қыранның лауазымы (титул) деп көрсетiптi. Ал ұран – оның тайпасы делiнген. Бұл жер­дегi Қыран – оның өз аты екенi анықталып тұрған сияқты (кiсi атына ауысқан лауазым болуы да ықтимал).

Алайда өздерiн хұннан тараған ұрпақ санайтын мажар халқы патша мағынасындағы лауазымды «kiraly» деп атайды. Сөз соңындағы «ly» қосарлы әрiп «й» болып дыбыс­талады да, тұтас сөз [кирай] деп оқылады. Қазақ тiлiндегi сөз соңындағы «й», «н» әрпiне алмасатын үр­дiске жүгiнетiн болсақ, мажар тiлiн­дегi «kirаly» сөзi қазақ тiлiне «кирай~киран~қыран» деп өзгерiп (мысалы, Ақай – Ақан, Асай – Асан, Боқай – Боқан, Мұқай – Мұқан, Шоқай – Шоқан, Көкей – Көкен), мәнi де, төркiнi де (этимологиясы) бiр екенi айқындалады. Мысалы, қазақ тiлiнде төрт түлiктiң бiреуiн «қой» десе, моңғол «хонь» деп, «н» әрпiн сәл жұмсартып айтады. Мажар тiлiндегi «jon» сөзi қазақша «келе жатыр» деген осы шақтағы әрекеттi бiлдiрсе, «joj» сөзi «кел» деген бұйрық райға сәйкеседi. Бұны сөз соңындағы «й» мен «н» дауыссыздарының моңғол, мажар тiлдерiнде де сақталғанының белгiсi деп қабылдаған жөн.

Қазақша «қыран» сөзi мажар тiлiнде («қ» > «к» дауыссыздары мен «ы» > «и» дауыстыларының алмасуына қараңыз) тұлғалық өзгеруге ұшырап, төл мағынасын сақтап қалғаны байқалады. Нәти­жесiнде «Қыран» бiзде кiсi аты да (лауазымнан кiсi атына ауысуы да мүмкiн ғой), мажар тiлiнде лауазымды бiлдiретiнiн көремiз.

Ал Хорезмде парсы-араб мә­де­ние­тiнiң әсерiне ұшыраған «қы­ран» Ик­ран немесе Акран (C.Ақын­жанов. – Авт.) түрiне өзгерiп, бүгiнгi өзбек тiлiнде Акром тұлғасындағы кiсi есiмiне дейiн өзгерiп, сақталып қалған. Бүгiнгi күнгi қазақтарда да «қыран» түбiрiнен туындаған Икрам, Әкiрам, Икрамбек, Әкiрамхан деген т.б. кiсi аттары ұшырасады. Бұл аттар да парсы-араб мәде­ниетi ықпалына ұшыраған «қыран» түбiрiнен шығатын аттар екенiн аңғару қиын емес.

Қазақ «қыран» сөзiн бүркiтке немесе құсқа қаратып айтады. «Қы­ран» жеке сөз ретiнде «бүркiт» немесе «құс» деген мағынадағы зат есiмдi бiлдiредi. Соған қарағанда, екi түрлi тұлғадағы бiр мағынаны бiлдiретiн сөздер қатарына да жат­қызуға болатын сияқты: абысын- ажын, тебен-ине, ит-барақ, қыран-бүркiт, қыран-құс, бала-шаға, т.б. «Бүркiттiң ұябасары қыран болады» деген сөйлемдегi «қыран» сөзi оның аңшылық, қырағылық сипатын бiлдiрiп тұрса керек.

Қалай десек те, қазақ тiлiнде кiсi есiмдерi мен ру-тайпалық атауларда «қыран» сияқты, басқа да құс, құстың жас мөлшерi мен қырағылық сипатына қатысты атаулар жиi ұшырасады. Сондықтан да құсқа қатысты атаулармен аталған ру-тайпа атауларына және кiсi есiмдерiне, лауазым атауларына ерекше мән берiп, талдау жасап көрмекшiмiз.

«Моңғолдың құпия шежiресiн­дегi» керейдiң Тұғырыл ханының қытайлар берген лауазымы «уаң», мағынасы орыстың «князь», түрiк-моңғолдың «хан» дегенiне келедi. Түрiк-моңғолданған тұлғасы «Уаң-хан», яғни «хан-хан» деген мағынада қосарланып айтылып тұр. Бiр ма­ғыналы сөздердi қосарлап айту – түрiк-моңғол тiлдерiне тән қасиет. Мысалы: тебен-ине, ит-барақ, ұран-қай (көне түрiк тiлiнде жылан деген мағынаны бiлдiредi.), ұсақ-түйек, т.б. Бiз ит-мит [iйт-мiйт] десек, моңғолдар «нохой-мохой» деп қосарлайды. Тұғырыл көне түрiкше Тұғұрұл тұлғасында жазылады. Сөз ортасындағы «г», «ғ», «һ», кей жағдайда «қ» әрiптерi дауыстыларды қосарлау қызметiн атқаратынын ескерсек, бiрiншi және екiншi буынды қосып тұрған ортасындағы «ғ» түсiп қалады да, созыңқы дауысты «ұ»-ға өзгерiп, «Тұұрұл» болады. Мажар халқы өздерiнiң киелi құсын Turul [турул] деп атайды. Жуықта Алматыға келiп қайтқан Мажар елiнiң қыпшағы, этнограф-ғалым Kun Peter-дiң [Кун Пейтәр] айтуынша, мажарлар ХIХ ғасырдың соңына шейiн созыңқы дауыспен «tuurul» [туурул] деп айтып, жазатын бол­ған екен. Мажар тiлiнде «tuurul > turul» деп ақсұң­қарды атайды. Киелi құс есепте­летiн себебi, мажардың Арпад «кирайы» халқын бастап, Карпат қойнауы Паннонияға (896 жылы Мажар «кирайлығы» құрылған) көшiп барғанда, «Тurul» – «Ақсұңқар» жол көрсетiп отырыпты-мыс (Kun Peter берген мәлiмет. – Авт.). Осы жазылғандарға қарағанда, Тұғырыл әуелi ханның түрiктiк лауазымы бол­ған да, кейiн кiсi атына ауысқанға ұқсайды.

«Жасы егде тартқан бүркiттi баршын атайды», – деп, ақын-жазушы Қажытай Iлияс аға айтып едi бiр сұрағанымда. Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткiште­рiн­дегi»** түрiк бiтiгi зерттеу­ле­рiнде таңбаларды (әрiп) «ашина – аталық бастау», «ашидэ – аналық бастау» деп, екi топқа жiктейтiн лингвистикалық әдiсте­месi­не сүйе­нiп, «баршын» құс атауынан зат есiм тудырушы «н» әрпiн қалдырып, талдау жасайтын болсақ, атаудың түбiрi «барш» немесе «барыш» болады. Бұны шартты түрде «баршын» атауының түрiк бiтiгiндегi «аталық бастау» таңбаларымен жазылған нұсқасы деп қабылдап, ендiгi кезекте «аналық бастау» таңбаларына алмастырсақ, талдап отыр­ған түбiр сөзiмiз «берш» немесе «берiш» болып өзгередi. Мақаланың қисыны бойынша, «баршын» – құс атауы бiр кездерi тайпа көсемi болған кiсiнiң есiмi немесе сол көсемнiң билiктегi лауазымы бол­ған деп болжап, кейiн тайпа атауына өзгерген деп топшылаймыз. Орта ғасырларда қыпшақ құрамындағы берiш тайпасы бiздiң заманға қазақтың алшын iшiндегi бiр руының атауы түрiнде жетiп отыр. Ресей, Украинаға қарасты аумақтарда «Барш» – «Берш» түбiрлi топонимдер жиi кездесетiнiне қарағанда, ол Дештi Қыпшақтың ең iргелi тайпаларының бiрi болғанға ұқсайды.

Қазақтың керей тайпасы қытай жылнамаларында IХ ғасырдан берi белгiлi. Шыңғыс қағанның моңғол империясын құрушы ең негiзгi тайпаларының бiрiнен саналады.1206 жылы ұлы қаған шерiк (көне түрiкше әскер деген мағынада) жасағын мыңдық қосынмен жасақтағанда, бiрiншi мыңдық қосын өгей әкесi, керей Меңлiк әкенiң үлесiне тиедi. Академиялық тарихшы-зерттеу­шiмiз Зардыхан Қинаятұлының «Шыңғыс хан»*** еңбегiнде берiл­ген тiзiмге қарап, бiрнеше мыңбасы керей тайпасынан шыққанын бiле­мiз. Сондай-ақ, 1203 жылы керей­дiң Тұғырыл ханы Шыңғыс қағанның моңғолдары тарапынан жеңi­лiс­ке ұшырағанда, бiр бөлiмi меркiт Тоқтабекпен бiрге батысқа ойысып, Дештi Қыпшаққа барып, сiңiсiп ке­тiп, бүгiн Кiшi жүз құрамындағы ру (керейт) ретiнде моңғолдық көптiк жалғауды жоғалтпаған калпында жүр. Тәуке ханның тұсында жетi ру­ға топтастырылған керейттiң құрамында меркiт тармағы да бар деген шежiрелiк дерек те айтылады.

Ендi бiр бөлiмi 1237 жылы Баты ханнан босқан бойы IV Bela [Бейло] мажар «кирайынан» пана тапқан Қотан ханның (мажарша жазылуы: Koteny [көтейнь] = Қотан ~ Көтен) кун – қыпшақтарының құрамында қа­рақастар да барғанын Karakas [корокош] сой есiмi сақталып қал­ғаны айғақтап тұрғандай. Қарақас­тың абақ керей iшiндегi бiр ру екенi белгiлi. Моңғолия мен Қытайдағы қазақтар ұйғыр этникалық атауын «ойғыр» деп, «ұ» дауыстыны «о» дауыстымен алмастырып сөйлейдi. Осы құбылысқа қарағанда, аталмыш дауыстылардың алмасу заңдылығы бар. Бұдан кун – қыпшақтарды мажар елiне Құтан – құс көсем бастап барғанын қазақша нұсқасынан түсiнуге болады. Бұл атау Дештi Қыпшақ даласында жұмсақ сөйлейтiн оғыз тiлiнiң әсерiне ұшырап, дауыстылар жiңiшкерiп, түпкiлiктi мәнiнен алшақтап кеткен десек, артық айтқандық емес.

Мұхаметжан Тынышбаев Рашид-Әддиннiң жазбаларына сүйе­нiп, моңғол үстiртiндегi керей тайпасы саха, дубо, тонго, алба, каркын (М.Тынышбаев кiтабында жазылуы бойынша алынды. – Авт.)** тайпасынан құрылғанын, Н.Ф.Катановқа сiлтеме жасап, дуболар өздерiн туба атаған ұранқай мен қарақас екенiн, дубо мен ұйғыр V ғасырда Енесайдың жоғарғы ағысын мекендеген хұннан шыққан тайпа деп жазыпты (бiз келесi жолы ұранқай мен қарақас атауларын талдайтын боламыз).

Ал керей тайпасы атауын талдайтын болсақ, бұл тайпа атауы да құс атауымен аталады. Алайда тайпа атауын моңғол үстiртiн мекен еткен замандағы «хэрээт» нұсқасын негiзге алып талдасақ, көптiк жалғауы «т» қазақ нұсқасында түсiп қалғаны айқын. «Керей» сөзiнiң қазақ тiлiнде тайпа атауынан басқадай мәнi жоқ. Моңғол тiлiнде «хэрээ» [керее] деп қарғаны атайды. Сөз соңындағы қосарланған «э» созыңқы оқылады. Созыңқы дауыстылармен бiтетiн моңғол сөзi қазақ тiлiне ауысқанда, сөз соңында тұрған дауысты дыбыс «й»-ге өзгеретiнi байқалады; керее – керей, будаа (талқан деген мағынада) – бидай. Мажар тiлiндегi созыңқы «e» дауыстысы қосарланып, [ей] деп дыбысталады.

Қазақ ұзақ қарғаны қасиеттi құсқа балайды. Хұндар заманында қарғаны күн тектi қасиеттi құс есептеген. Қытай жазбаларында құс жолын бойлай терiстiктен қа­лың қарға ұшатын болса, кешiкпей хұндар тарапынан шабуылға ұшырайтындарын алдын ала бiлiп отырған деген де дерек айтылады ғы­лымда. Осы айтылғандар негiзiнде қазақтың керей (керей тайпасы тү­рiк халықтары арасында кеңiнен та­рағаны – ғылымда басы ашық мәселе) тайпасының атауы «қарға» мағынасындағы моңғолдың «хэрээ» нұсқасынан пайда болған деп тұжырым жасауға болатын сияқты (түрiк тiлдерiндегi «а» мен «е» дауыстыларының алмасу заңдылығына қараңыз; қарға~ қараға > кереге~ керее~ керей).

Сонымен, «қазақ» атауының құс атауына қатысы бар екенiн осы мақалада келтiрiлген деректер негiзiнде бiршама дәлелдедiк деп есептеймiз.


Марат УАТҚАН,

тарих зерттеушiсi


 

 Пайдаланған әдебиеттер:

 *Ахинжанов С.М. Кипчаки в истории средневекового Казахстана. Алма-Ата. «Наука» Казахская ССР.

**Жолдасбеков М., Сарткожаулы К. Атлас Орхонских памятников. Астана: Күлтегiн, 2007.

***Қинаятұлы Зардыхан. «Шыңғыс хан» «Арда», ЖШС, Алматы, 2008.

****Мухамеджан Тынышпаев. Великие бедствия и великие победы казаков (Актабан-шубырынды). Алма-Ата, Жалын, 1992.

 

 

Пікірлер