Тал бесіктен жер бесікке дейін…

4999
Adyrna.kz Telegram

Төрге іліп, қырық жыл қырғын болса да, көшкен жұртта қалдырмай өзімен бірге алып жүретін қасиетті бесігін қазақ неліктен қадірлеген? Не себепті бос бесікті тербетуге тиым салған? Өйткені бір ғана шаңырақтың емес, тұтастай ұлттың ұйыған құт-берекесі, арман-аңсары, болашағы сыйған бесік символдық биіктікке көтерілген. Бесік барда ұрпағының өрісі кеңіп, ұлт болашағы бұлыңғыр тартпасына кәміл сенген. Бұл ұзақ әңгіменің жүгі.

Жас балаға айдарлы, айбарлы болсын деп айдар тағу, басына бақ қонсын, маңдайы жазық болсын деп  кекіл қою дәстүрлері архаизмнің «сарқыншағы» санала бастады.

Қос айдарлы ұл кетті,

Қос тұлымды қыз кетті – деп келетін «Абылай хан туралы жырдың» жолдарын көкірегі ояу оқырман біледі. Бірақ мұны білмедің деп ресми тілде сөйлеп, халықаралық татулыққа үндейтін балаларына Майкл, Макс секілді ат қойып, айдар тағатын қайсыбір кісілерге өкпе артудан да аулақпыз.

Ал көшпенділер дәстүрі бойынша құлақ шекеге қойылатын өрім шашты тұлым дейді.

Шекесінде Қамбардың

Бар екен алтын тұлымы.

Сұрап алған құдайдан

Әлімбай ханның құлыны.

(«Қамбар батыр» жыры, «Ақсауыт» кітабы)

Бейнелеу өнері материалдары барлық көшпелі халықтарда тұлым қою әдісі бар екенін көрсетеді. Тұлым екі құлақтың алдынан не артынан бос жіберіліп, кеудеге түсіп тұрады, кейде ұштары түйіліп, құлақ тұсына байланып қойылады. (Ахметжанов Қалиолла, «Жараған темір кигендер» (Батырлардың қару-жарағы, әскери өнері, салт-дәстүрлері), «Дәуір» баспасы, Алматы, 1996 ж.)

Шаш қою (сақал-мұрт қою) үлгілері адамның жас ерекшеліктерін, бағзы замандағы жаугершілік тұстарда лауазым нышандарын көрсеткендігі туралы айғақтар әр жерден табылып жатады.

Аталған шаш қою үлгілерінің ішіндегі қазақ үшін ең маңыздысы бұрым болып табылады. Қазақ қыз балаға «жалғыздық Жаратушыға ғана жарасады», «қосағымен қоса ағарсын» деп қос бұрым қоятын болған. Қазақта бұрымды жырлап, ондағы шолпының сыңғырына үн қоспаған ақын бар ма екен? Желмен жарысқан ат үстінде желкелігіндегі қос бұрымы төгіліп бара жатқан аруды елестетіңізші. Қыз арқасында бірін-бірі еркелей соққан қос бұрым ай мен күндей ажар сыйламай ма? «Жалғыз қалар ма» деп сыңар бұрым қоюдан именген. Тек қызға көзі түсушілер мен құда түсушілер көбейгенде ғана қос бұрымға тағы бір бұрым теліген. Бұл «қызым таласушылардың ішіндегі тек жақсысына ғана бұйырсын» деген ізгі ниеттен туады. Мұның өзін көбіне астамшылыққа баланып, үшінші бұрым қоюға сақтықпен қараған (А. Жүнісов, «Боғда» кітабы). Кейде бізге көпбұрымдылық пен сыңарбұрымдылық қоғамдағы зинақорлық пен қыздардың босағада отырып қалуына себепшідей көрінеді.

Қанша жерден заман техникаланса да, кәмшәт бөрік, тойға киер сәукеле, тақия нақ бүгінгі күннің өзінде ешкімнің тақиясына тар келмес еді. Керісінше, бұрын тірсекке соғар бұрым бүгін ешкінің құйрығындай шолтиып, тіпті тақырайып қалды. Қыздар көшеде кіндігін шошайтып, жамбасын жалтыратып жартылай жалаңаш өз-өзіне «жарнама» жасап бара жатады. Жұрт қараса, ұялудың орнына, қараған үстіне қарай берсе екен дегендей жүрісін баяулатып, жасанды сызыла түседі. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген рас екен.

Ұятты жерлерді жабық ұстау ислам дінінде міндет етілген. Байырғы қазақтың бүрмелі көйлегінің етек-жеңі кеңдігі имангершіліктің қайнарын көрсетсе, камзолдарындағы ою-өрнегі эстетикалық сұлулықтың көрінісін паш етеді. Табиғаттың тылсым сырларын бейнелейтін ою-өрек Алла Тағаланың жаратқан нығметтерін білдіріп қана қоймай, ұлттық ерекшелігімізді әйгілейді. Оның астарында аспан әлемі (космогомиялық), жан-жануар, өсімдіктер, геометриялық пішіндегі заттар бейнесі жасырынып жатқаны белгілі.

Көйлектің күн ыстықта салқындығымен қоса, әйел затына тән нәзіктік сыйлайтыны хақ. Һиджабпен бүркенген кейбір қаракөздеріміз жеңі тамаққа түсердей ұзын, етегі көше сыпыруға арналғандай сала-құлаш көйлек киеді. Еркек көзінің сұғын қадалмағанын парыз еткендігі қуантады-ақ. Бірақ, қазақ киім киерде көркемдікке, жұмыс әрекетіне икемділікке де аса мән берген ғой. Халықтық өлең жырларға ден қойсақ, қыз бұрымы тірсек, яки, тобық қағады. Соған қарағанда, көйлектің етегі тобықтың ар жақ, бер жағында болған деген жорамал айтуымызға негіз бар шығар.

Жуырда һиджаб оранған бір қызбен тілдесудің сәті түсті. «Мұсылман қыздармен бірге тұрамын» дейді ол бір сөзінде. «Сонда сендер ғана мұсылман, араб киімін кимеген біз мұсылман емеспіз бе?» дедім. Одан әрі «Бес уақыт намаз оқымайтын мұсылман жігіт» деп мысқылдап, миығынан күлді. Жүзінен «сен – күнәһарсың, мен – періштедей пәкпін» деген сыңайдағы тәкаппар тоқмейілсу байқалады. Имандылықтың негізі кішіпейілділікте емес пе? Діннің сыртқы формасын емес, ішкі мән-мазмұнын қабылдаған жөн. Өйткені иман – жүректе.

Араб елдерінде күннің бір қалыпты ыстықтығы, жерден шаңы аспанға көтеріліп жататындығы аузы-басты тұмшалауға мәжбүр етеді. Сахабалар өзге жұрттарға дін таратқанда, бастарына сәлде етіп орап өздерімен бірге ақыретін де ала жүрген. Айдалада қаза тапқан сахабаның басындағы сәлдесін кебін ретінде орап, беліндегі белбеуінен көрге түсіретін болған. Демек, сәлде, һиджаб оранбадың деп ренжуге хақымыз жоқ.

Қазақ ұлын ұяға, қызын қияға қондыруға асыққан. Әлбетте, кез келген жемісті піскен уақытында шірітіп алмай тұрғанда, жинап алуға тырысамыз емес пе? Сол секілді «он үш жас — отау иесі» дейтін бабаларымыз балиғат жасына жетпей шаңырақ көтеруді парыз еткен. Біз мұнда тағы да Ислам дінінің қағидаларын алға тартамыз. Салт-дәстүр мен дінімізді бір-біріне қарсы қойғысы келетіндер үшін арнайы екеуінің ғажайып үйлесімділігін тілге тиек еткіміз келеді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің «Үмбеттерімнің көптігімен мақтанамын» деген жолдарын екінің бірі біледі. Жастай тұрмысқа шыққан қыздың дүниеге көп бала әкелуге уақыты да, табиғи мүмкіндігі де жетеді. Жас ананың босану барысында қиналмайтындығы тағы бар. Ерте қосылған жастар дәстүрдің арқасында зина жасамай, нәпсісін тиып өмір көшіне ілеседі. Ә дегеннен екі жас отбасының экономикалық бюджетін жоспарлайды. Бұрынғы салт басты, сабау қамшылы кездегідей тапқан табысын аста-төк шашпай, өз отбасының қажетіне ғана жаратуға көшеді. Сөйтіп, елдің де экономикасының іргеленуіне үлес қосады.

Келіншек кимешек киеді. Жас келінге арналған, орта жастағы әйелге, сондай-ақ, әжелерге арналған кимешектің түрлері бар. Біздің ұғымда кимешекті тек қарттар ғана кию керек секілді. Жас келіншектер үшін көркем безендірілген кимешек заманның талабына сайма-сай. Ал ендеше оның һиджабтан несі кем? Ашылып-шашылып қалмайтындығымен, беттен өзге қылаудай ашық жер қалмайтындығымен, ұлттық қайнардан нәр алғандығымен асып түседі! Демек, кимешекті қолданысқа әкелуге өмірдің өзі сұранып тұр.

Бүгінге дейін жер-жерлерде сақталған көрнекті дәстүріміз – беташар.

«Ямахамен» билеп жүріп бет ашатын жүргізуші:

Бизнесмен қайнағаң.

Екі көзі жайнаған,

Ойласаң келін жанашыр,

Бұл да сенің пайда ағаң.

Салған сенің сәлеміңе

Жүз долларын байлаған – деп қайнағасымен келін арасындағы «заманауи» қарым-қатынастың шеңберін сызып береді. Бұдан әрі:

Екі жүз теңге салғанға,

Екі рет сәлем береді,

Бес жүз теңге салғанға

Бес рет сәлем береді.

Мың теңгелік салғанда,

Он рет сәлем береді.

Көкетай-ау тартынбай

Қалтаңды қақсаң нетеді?- деп асаба саудаласуға кіріседі.

Егер қалтасы тесік әлдебір анамыз асабаның қойған «ставкасын» қалтасы көтермей жатса, асаба дереу былай:

Ақ жаулақты анамыз,

Ортаға түсті матаңыз.

Қарыз неге алмайсыз,

Келмесе егер шамаңыз! – деп жырлап, киліге тиіседі. Бұдан кейін жұрт дарақылықпен бірінен-бірі асып түсуге тыраштанбай көрсін.

 Беташар ең бірінші, тәлім-тәрбиеге құрылуы тиіс. Сондай-ақ, жас келіннің табалдырығын аттағалы отырған шаңырақтағы өзінің алатын орнымен таныстыру керектігі, туған-туыстарының аты-жөндеріне қанығу ғана емес, олардың әрқайсысын қалай құрметтеу керектігі сөз болғаны жөн. Қазақтың бұл дәстүрін бүгінгі тілмен айтсақ – жас келіннің ел алдында адалдыққа ант қабылдауы болып шығады. «Сәлем – сөздің анасы» дейді қазақ. Келін үшін иіліп сәлем салу, үлкендердің жолын кесіп өтпеу ежелден келе жатқан игі ғұрып. Ал жоғарыдағы шумақтардағыдай «өнеге» естіген келін қайтып ата-енесін сыйлайды деген ой мазалайды. Енді бір таза ислам дінін жамылған дәлдүруіштер «Адам тек Аллаға иілуі тиіс» деп тон пішеді. Ер адамның қабырғасынан жаратылған дейтін әйел затының сәлем салуында тұрған ешқандай сөкеттік жоқ.

Құда түсу, сырға салу, қалың мал,  төсек орын апару секілді дәстүрлер «жүз жылдық  – күйеу», «мың жылдық — құдаларды» жақындастырып, араластырады. Бұл жас қалыңдықты болашақтағы отбасылық өмірге психологиялық жағынан дайындауға, араласатын екі тараптың бір-бірі туралы кеңінен мағлұмат алуға көмектеседі. Қытай жақтағы қазақтарда от көру деген дәстүр сақталған екен. «Әлпештеп өсірген қызымыз қандай шаңырақтың босағасын аттағалы тұр?» деген сауалға жауап іздеген ата-ана құдаларына «әлеуметтік зерттеу» жасайды. Құдалар «еті – сенікі, сүйегі -менікі» деп қол алысқаннан кейін қыздың өз шаңырағына оралуға хақысы жоқ.  Осыдан кейін жас отаудың қазіргідей оп-оңай ажырасып кетуіне жол жабылады. Қыз да арлы болса, «есік көрген» атанудан намыстанатын болған. Қос тараптың адамдары туған-туыстай араласатындықтан, екі жас та жіпсіз маталады. Міне, сонда болмашы ыдыс-аяқтың сылдырлағанына бола, талақ айтысу атымен жойылады.

Осы күндері ер жігіттер қырықтың қырқасында, қыздар жиырманың бесеуінде «өмірдің қызығын көріп» барып отасуды батыстан үйреніп алды. Қыздар кеш тұрмысқа шықаннан кейін әлбетте ұрпақ әкелуге қабілеті төмендейді. Оған құлқынның құлы болған медицина саласындағылардың пышақпен баланы жарып алуға тырысатындығын, сол үшін қорқытып-үркітуге баратындығын қосыңыз. Түрлі себептермен отырып қалатын немесе өзге ұлтқа тұрмысқа шығатындар туралы әңгіме айтпай-ақ қоялық.

Егер де қыз ерте тұрмысқа шыққан жағдайда дүниеге көп бала әкелудің мүмкіндігі барлығын, сондай-ақ, жүктіліктің ана өміріне пайдалы екендігін, яғни, зат алмасу процесі арқылы жасара түсетіндігін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп қойған. Бұл ертеректегі асыл текті, асыл сүйекті аналарымыздың ешқандай медицинаның көмегінсіз босанса да, көп жасағандығына кепілдік береді.

Ақ некелі әйелдің азаматы дүниеден озғанда, шашын жайып жіберіп жоқтау айтады. Өйткені әу бастағы жұптық нышан – қос бұрым тарқатылуы тиіс. Мүнда «сенсіз енді мен де жоқпын» деген ақ, адал жарының өліміне өкініш қана емес, оның өр тұлғасына деген үлкен құрмет жатқан жоқ па?

Осы күндері «жоқтау айтылмау керек, тіпті жыламау керек. Өлген адамға оның ешқандай пайдасы жоқ» дейтін әсіре діншілдер жат идеологияны насихаттап жүр. Әрбір сөзін Алламен бастайтын ұлы Абайдың өзі:

«Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең» демей ме? Ғасырлар қойнауынан жеткен Алып Ер Тұңға батыр дүниеден озғанда, жарының айтқан жоқтауы бүгінгі эфирлерден таратылатын «әнсымақтардың» сөзін отыз орап алар лирикалық қуаты, мән-мағынасы қандай ғажап?! (Тұрсын Жұртбай, «Дулыға» кітабы) Оны әрбір қазақтың аудармасыз түсіне алатындығы – түркі халықтарының ішінде түркі сөзінің сөлін сақтаған қазақ екендігіне дәлел. Мағжан ақын айтқандай:

Көп түрік енші алысып тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?

Өткен ғасырлардан жеткен жүрегі жаралы, басы қаралы аналардың жоқтауы бүгінге дейін көркемдігі, рухы, мән-мағынасы тұрғысынан биіктігімен халық жадында жаңғыруда. Қазақ өлген адамның артынан жаман сөз айтпайды. Жоқтау арқылы өмірден өткен адамның ерлігін, даналығын, шешендігін жас ұрпаққа үлгі ету саясаты жатқаны өз-өзінен түсінікті.

Қазақ ешқашан жетімі мен жесірін жылатпаған. Ерден кетсе де, елден кетірмеген. Содан барып әмеңгерлік салт туған. «Еркек тоқты — құрбандық» демекші, жаугершілік заманда ер-азаматтардың оққа ұшып жатуы таңсық емес. Тіпті, бейбітшілік кездің өзінде ер адамдардың дүнеден ерте озатындығы рас. Әмеңгерліктің арқасында жетім мен жесір қағажу көрмейді, сонымен қатар, шаңырақтың түтіні үзілмейді. Жақынын қазақ жатқа қимаған ғой. Осындай дәстүрлер қырық жыл қырғын болса да, қанша еркек-тоқтылар ажал оғына байланып жатса да, өсіп-өркендеуімізге, ұлттық мұраттың жүзеге асуына мұрындық болған. Ұрпақ – қазақ халқының ұлы мұраты. «Балалы үй — базар, баласыз үй – мазар» деп байлықты баланың көптігімен өлшеген емес пе. Қазақтың жыр-дастандары, аңыз-ертегілері кемпір мен шалдың құдайдан жалғыз ұл тілеуімен басталатындығы ұрпақ сабақтастығын бірінші орынға қоятындығын айғақтайды. Мұны демографияны насихаттауға арналған ауызша публицистика демеске лажыңыз жоқ. Ондағы түске енетін ақ сақалды, ақ киімді ақсақалдың «Он бала берейін бе, әлде он балаға татитын бір бала берейін бе?» деуі саннан гөрі сапалылықты қалайтын, тектілікке үндейтін өсиет жатыр.

«Көптік – ырыс екенін, елдің баянды тіршілігінің кепілі екендігін ата қазақ тым жақсы білген. Соған орай, өзі қатарлас ешбір халықта болмаған аса ұтымды демографиялық саясат қалыптастырған. Бірнеше қатын алу, қыздың – некесіз, жесірдің  – байсыз қалмауы, көп балалы шаңыраққа ұмтылу – ішкі мүмкіндікті сарқа пайдаланудың көрінісі. Бұдан басқа, төтенше амалдар да әдет-ғұрыпқа енген. Атап айтқанда, жорық, соғыс күндерінде жат жұрттан қыз, келіншек – жас әйелдерді көптеп әкелумен қатар, ес біле қоймаған кішкентай балаларды олжалау және алаламай, туған ұл ретінде өсіріп бағу, тиесілі еншісін беріп, тең қатарға жеткізу дәстүрі кеңінен етек алған. Сонымен қоса шабындыдан келген, ауыл-үй ішіндегі күнделікті шаруа, мал бағуға жегілген қайратты жігіттер де мәңгі бақи құл болып қалмаған, белгілі бір уақытта үй тігіп, отау көтеріп, қатарға қосылған, одан туған балалар рудың толық дәрежелі мүшесі саналған. Ендігі бір өнімді тәсіл – жеңілген жұрттың жекелеген шаңырағын ғана емес, тұтас ауылдарын көшіріп әкеліп, біржола сіңіру. Немесе, арғы беттегі дұшпаннан күшпен ығысып, пана сұрай келген топтар, тұтас рулар. Арада екі-үш ата өтпей-ақ бұлардың бәрі де қатардағы қазаққа айналып, белгілі, үлкен бір рудың құрамына еніп отырған» («Ұлтсыздану ұраны», Алматы: Алаш, 2004. 75 б.) дейді қазақтың маңдайына біткен мәшһүр жазушы Мұхтар Мағауин. Ал қазір қазақ өзгелерді сіңіріп жібермек түгілі, өзі өзге ұлттарға сіңіп кету алдында тұр…

«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейтін қазақ әр періште-нәрестенің өз несібесі өзінде деп есептеген. Сондықтан ұлттың ұлы мұраты жолында қазіргідей тұрмыстық ауыртпалықты ешқашан алға тартпаған. Салт-дәстүр сынды берік идеологиямен қаруланған қазақ оңайлықпен боданға айналмайтынын ұғып осал тұсымызды іздеген орыс ұлты гендерлік саясатты қозғап «құтқарушы» кейіпке енді. «Ұлтшылдық», «рушылдық», «ескілікті көксеу», «ескіліктің қалдығы» деп өзімізді өз тамырымызға қас жау етті.  Ендеше, өз тамырымызға өзіміз балта шапсақ, қайдан оңамыз? Қазақты тапқа бөлгені өз алдына, ерлі-зайыптыларды бір-біріне гендерлік саясатты насихаттап қарсы қойды. Бұл күнде ел ішінде «қазақ әйелді құлдай жұмсаған» деген пікір бары өтірік емес. Керісінше, бабаларымыз қыз баланы аса қатты қадірлеген. Босағаға отырызбай, төрге шығаратыны, шашынан иіскеп, маңдайынан сүйіп, «қарғам», «қалқам», «жарығым» деген ең асыл сөздерін қыз балаға арнайтындығы кейбір ауылдық жерлерде бүгінге дейін сақталған. Бұл сөзімізді «қыздың баласындай» деген сүйсіну мағынасындағы сөз тіркесі қуаттай түседі. «Жұмақтың кілті – ана табаның астында» дейтін халық даналығын қайда қоямыз?  Расында ана баланы тоғыз ай, тоғыз күн ішінде көтеріп жүреді, сыртқа шыққаннан кейін тағы да ақ сүтіменен асырайды. Енді нәресте нағашы жұртына тартпағанда қайтеді. «Жігіттің жақсысы нағашыдан…», «Өз жұртың – күншіл, қайын жұртың – міншіл, нағашы жұртың — шыншыл» деген мақал-мәтелдер нағашы мен жиен арасындағы етене жақындықты аңғартады.  «Жиенге сот жоқ» деп «берсе, қолынан, бермесе, жолынан» қалағанын алып кете берер еркелік тек жиендерге ғана жарасқандай. Қазақтың «жиенге қол көтерсең, қолың қалтырап қалады» деген сөзінің астарында жиен – өз қаның, өз қаныңа қол көтерме деген ишара жатыр.

«Бас-басыңа қайдан күйеу табылар,

Шал да болса, екеу ара тиіп ал» деген бір әзіл өлең есіме түсіп отыр. Аздап анайылау көрінгенімен, арғы жағында жасырынған ақиқат жатыр. Кіші жар (тоқал) алу арқылы жезөкшелік, ойнастық, зинақорлық, өзге ұлтқа тұрмыс құру секілді дерттердің алдын алуға болады. Ең бастысы – жоғарыда аталып өткен салт-дәстүрлер қазақтың санын арттыруға, яғни, демографиялық жағдайын көтеруге қызмет етеді.

Демографияның көтерілуіне әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, экологиялық, психологиялық және т.б. факторлардың кедергілері аздай, шет елге бала сатқанымыз, қай сасқанымыз?

Өз сәбиімен орыс тілінде шүлдірлесіп бара жатқан ананы көргенде көкірегім қан жылайды. Ең ақыры балаларымыздың ананың ақ сүтімен даритын туған тілі «мама» деген өзге тілде шығатын болған. Құдай-ау, қалай қисайтсаң, солай өсетін жас шыбық немесе әлі жазылмаған ақ парақ секілді періште-сәбиге өз анасы қастандық жасап бара жатыр емес пе? Тілін білмеген соң, ол қазақ емес. Қанша тыраштанса да, бәрібір орыс та бола алмайды. Ол – рухани мәңгүрт. Өйткені тіл де – Ана! Ал анасына сатқындық жасаған адам – адам санатынан шығарылады.

Әңгіменің түйіні, біз дәстүрімізге қайта оралсақ, барақат-бағымыз тасып, құтымыз кемерінен асып, бала-байлығымыз артып көш түзер едік. Кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқандай, «Ел боламын десең, бесіңді түзе».


Арман ӘУБӘКІР

 

Пікірлер