АҚШ пен Иран қақтығысы: Қазақстанға әсері жоқ деу қисынсыз...

4047
Adyrna.kz Telegram

Қазір әлемдік нарықта мұнай бағасы өсіп жатыр. Соңғы алты айдан бері кеше тұңғыш рет  Brent мұнай бағасы бір баррелі 69-70 долларды құрады. Экономикасы мұнайға байланған елдердің біразы бұған қуанып қалғанымен, мамандар мұның арты аса жақсы бола қоймайтынын айтуда. Себебі сарапшылар «мұнай нарығында бұл жайт  тікелей АҚШ пен Иран қақтығысының әсері» деп отыр.

Мамандардың пайымдауынша, алдағы уақытта әлемдік мұнай нарығында тұрақсыздық одан әрі өршиді. Тіптен сарапшылар «Иранның стратегиялық және транзиттік маңызы зор аумағы Ормуз бұғазының жабылып қалу қаупі күшейіп тұр» дегенді де алға тартты.

Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметовтың пайымдауынша, «нақ қазір әлемдік нарықта мұнай бағасы өсіп жатыр» деп жақсылықтан үміттенуге болмайды. Себебі бұл расымен де жақсы нышан емес. Алдағы уақытта АҚШ пен Иран текетіресі өрши беретін болса, біраз елдердің экономикасы кері кете бастайды.

«Біз тәрізді экономикасы мұнайға байланған ел үшін мұнай бағасының өсуі әрине жақсы. Дегенмен, бұл уақытша құбылыс. Білесіздер саяси жағдайға байланысты саясаттанушылар «Иран мен АҚШ арасында соғыс болып кетуі де ықтимал» деп отыр. Әрине, оның бетін аулақ қылсын, егер соғыс болған жағдайда Иранның Ормуз бұғазын өз қалауларына қарай пайдалануларына құқықтары бар. Ормуз бұғазы арқылы Парсы шығанағындағы мұнай өндіретін мемлекеттердің мұнайы тасымалданады. Ормуз бұғазы арқылы Иран біраз елдерге  қыр көрсете алады»,-дейді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Жалпы, Ормуз бұғазы әлемдегі энергия тасымалдауда қолайлы су жолы  Ормуз бұғазы арқылы орта есеппен күндігіне 18,5 пайыз әлем мұнайы тасымалданады. Парсы шығанағында орналасқан Ормуз бұғазының бұл ерекшеліктерін Иран көшбасшысы  Иран көшбасшысы Хасан Рухани жақсы біледі. Ол 2018 жылдан бері  «Америка Құрама Штатының санкциялары жалғаса берсе, Ормуз бұғазы арқылы өтетін шикі мұнай тасымалына тосқауыл қоямыз» деп мәлімдеме жасап келеді.

Бұл ретте экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов «Егер Иран көшбасшысының сөзі іске асар болса, онда АҚШ тарапы ірі күш қолдануға да баруы мүмкін. Негізі осы жағдай 1980-1988 жылдардағы Иран мен Ирак арасындағы соғыстың бастамасына ұқсап барады. 1980 жылы теңіз жолында басталған соғыс кезінде Ормуз бұғазы арқылы қатынайтын кемелердің еркін қатынауына қиындық туғызған болатын. Міне содан бері Иран-Ирак соғысының аяқталғанына 30 жылдан астам уақыт өтсе де АҚШ Парсы шығанағынан әскери-теңіз күштерін әкетпей Ормуз бұғасын көзінің қарашығындай қоруда. Ал Иран тарапы АҚШ-тың Ормуз бұғазына құқығы жоқтығын үнемі мәлімдеп келедді. Атап өтейік, 2012 жылдың шілдесінде Иран парламенті Еуропа елдерінің Иранға салынған экономикалық санкцияға қарсылық ретінде мұнай танкерлері үшін Ормуз бұғазын жауып тастау туралы заң жобасын мақұлдаған еді. Егер бұғаз жабылып, мұнай тасымалына тосқауыл қойылатын болса, әлемдегі мұнай экспортының 40 пайызы орындалмай қалады. Ал бұл дегеніңіз біраз елдердің экономикасының шатқаяқтайтынын көрсетеді. Болашақта экономикасы мұнайға тәуелді елдерге қиын болады. Себебі мұнай экспорты төмендейді. Бюджетке кіріс азаяды. Экономикалық дағдарыс ұлғаяды»,-деді.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ,

«Адырна» порталы

Пікірлер