Ресей мен Қытай Иранға көмектесе ме?

3714
Adyrna.kz Telegram

Америка Құрама Штаттары

АҚШ-тың қорғаныс саласына бөлетін қаржысы 700 млрд доллардың маңайында.

Әскер саны 1,2 млн.  18 мың ұшу құралдары бар. Оның ішінде 5700 супер жойғыш ұшақтары мен 2700 тікұшағы кез-келген шабуылға араласуға дайын отыр. 2400 "Абрамс" танкісін де есептен шығаруға болмас.

34 ғарыштық әскери спутнигі жерді әуеден толық бақылауға алып отыр. 11 авианосеці  мұхиттан соққы беруге сақадай-сай. 3 мың ядролық қаруы бар дегенімен сарапшылар одан көп дейді.

Иран

Иран қорғаныс саласына жыл сайын 12 млрд доллар бөледі. Әскер саны 650 мың. Соғыс жағдайында тағы 10 миллиондай әскер мобилизациялайтын шамасы бар.

Ұшақ саны 300. 400 тікұшағы мен 2800 танкісі бар. 2000 әскери көліктері, 900 ПВО және ПРО жүйесі бар.

Авианосеці жоқ.  50-55 әскери кемелері (сүңгуір қайықтар, корвет, торпеда тасушылар) бар. Ұзаққа созылған санкцияның кесірінен парсылар соңғы шыққан қаруларды ала алмады.   Қаруларының 70 пайызының "жасына" 40-50 жыл болған.  Сыртқы әлемнен оқшауланған ресми Тегеран соңғы кездері танкі, зымыран кешендері мен беспилотниктер жасай бастады.

Иранның негізгі арқа сүйері халықтық жасақ. "Иран әскери күштері" мен "Ислам революциясын қорғау корпусы" бар. Екеуі де теңіз, әуе, құрлық әскери қимылдарына қатыса алады. Генерал Сүлеймани басқарған "КУДС" арнайы әскери құрылымы да бар. Сондай-ақ Иранда халықтық Басидж жасақтарында 8-10 млн арасында әскер бар деп есептеуге болады. Аты айтып тұрғандай халықтық жасақ қару ұстай алатын халықтан жасалған.

Иранды астыртын қолдайды делінетін Қытай мен Ресей қайтеді?

Қытай жасырын түрде қаржылай көмек беруі мүмкін. Әскери және қару -жарақпен қамтамасыз етуі неғайбыл. Егер, БҰҰ Тегеранға қарсы санкция салатын жағдайда Бейжің мен Мәскеу қарсы шығары сөзсіз. ресми Бейжің халықаралық деңгейде Иранды қолдауы мүмкін.

Ресейге келетін болсақ Кремль Иранға керек болса әскер де кіргізе алады. Бұны Путин Сирияда көрсеткен. Жоғарыда айтқанымыздай парсылардың қару-жарағы өте ескі. Сондықтан "орыс қаруынан" олардың бас тартпайтыны сөзсіз. Айтпақшы, жарты жыл бұрын Bloomberg сайты ресейлік атақты "С-400" әуе қорғанысының Түркия арқылы Парсы бұғазына жеткізілгенін жазған болатын. Украинадағыдай жалдамалы әскер жіберіп, қару-жарақ пен азық-түлікпен қаматамасыз да ете алады. АҚШ араз болған елді Ресей астыртын қолдайтыны әлемге аян.

Иранның қауіптенетін бір мәселесі ішкі жағдай. Иранда 25 миллиондай әзірбайжан тұрады. АҚШ соларды астыртын түрде қолдап, тәуелсіздік жайлы ишара білдірсе жетіп жатыр. Оның үстіне тәуелсіздікті ашық талап етіп, сол жолда соғысып жүрген күрдтердің Ирандағы саны 17 миллион. Егер, әзірбайжандар мен күрдтер тәуелсіздік сұраса бұл жағдай ресми Тегеран үшін арқадан ұрған пышақпен бірдей. Белгілі құқық қорғаушы, Нобель сыйлығының иегері Шырын Ебади бастаған демократтарды да санаттан сызып тастауға болмайды. Иран АҚШ-тан Ормуз бұғазын аламыз деп жүргенде өз ішіндегі біраз жерден айырылып қалуы мүмкін.

Оңғар Қабден, 

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер