Сапарбаев: "Әр балаға 20 мың теңге төлеу дұрыс емес"

3456
Adyrna.kz Telegram
Журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұрған премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев. Нұр-Сұлтан, 8 қаңтар 2020 жыл.

8 қаңтарда премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жәрдемақының жаңаша төленуіне байланысты наразылық білдірген аналардың шағымына байланысты жауап берді. Осы апта басында Нұр-Сұлтанда бір топ әйел жаңа жылдан бастап, көп балалы отбасындағы әр балаға былтырғыдай - 21 мың емес, 10,5 мың теңгеден төленіп жатқанына наразылық білдіріп, мұндай жәрдемақының қазіргідей қымбатшылық жағдайда ештеңеге жетпейтінін айтқан.

- Біздің негізгі ұстанымымыз - біріншіден, көп балалы отбасыларды қолдау. Бес балаға қанша шығын кететінін, бір-екі балаға қанша шығын кететінін өздеріңіз білесіздер. Барлығына 20 мың теңгеден төлеу деген дұрыс емес. Себебі, біріншіден, оған кететін қаржыны есептеуіміз керек. Екіншісін, жаңа айтып кеттім, ең негізгі мәселе мұқтаж адамдарға беруіміз керек, - деді Бердібек Сапарбаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "масылдық пен мұқтаждықты ажырата білуіміз керек" деген сөзін еске салған Сапарбаев "қазақстандықтарды жұмысқа үйретуіміз керек, әркім өз отбасын өзі асырауы керек" деді.

Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылдың 1 қаңтардан бастап кәмелетке толмаған 4 және одан да көп балалары бар отбасыларға жәрдемақы тағайындалғанда отбасының табысына қарамайды деп мәлімдеген. Министрліктің айтуынша, 4 балаға - 42 496 теңге, 5 балаға - 53127 теңге, 6 балаға - 63 757 теңге, 7 және одан көп балаға - 74 388 теңге беріледі. Сонымен қатар жаңа жылдан бастап "кепілдендірілген әлеуметтік топтама" беріле бастайды деген.

6 қаңтар күнгі жағдай бойынша, 367 мың отбасына жәрдемақы тағайындалған және 17 миллиард теңге төленген.

6 қаңтарда жәрдемақының жаңаша төленуіне наразылық білдірген бір топ әйел жәрдемақының мүлде азайып кеткеніне шағымданып, әрең күн көріп жатқандарын айтқан. Әйелдердің айтуынша, мысалы былтыр 131 мың теңге алған көп балалы аналар қаңтар айында 63 мың теңге ғана жәрдемақы алған.

"Азаттық" радиосы
Пікірлер