"Керек емес. Не істеп жатырсың?": Bek Air ұшқыштарының әңгімесі жарияланды

4685
Adyrna.kz Telegram

Алматы түбінде апатқа ұшыраған ұшақ құйрығымен алты рет, шассимен төрт рет және қанатымен бір рет ұшу жолағына соғылған

НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Fokker 100 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты құрылған үкіметтік комиссия ұшқыштардың әңгімесін зерттеп шықты. Осы және басқа да параметрлік көрсеткіштердің негізінде апаттың хронологиясы жасалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Хронология

  • 7:20:02 - ұшақ жолаққа шығады;
  • 7:20:41 - экипаж алдыңғы шассиді көтеруді бастайды;
  • 7:20:45 - ұшақ максималды жылдамдықпен жерден көтеріледі;

Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, ұшақ жерден көтерілген бойда алдымен сол жаққа, одан кейін оң жаққа қисая бастайды. Экипаж ұшу траекториясын ұстап қалуға тырысты. Осыдан кейін негізгі шасси және ұшақтың сол жақ қанаты жерге тиеді.

7:20:53 – ұшақ оңға қарай қисаяды. Осы кезде командир: "Не болып қалды?", - деп сұрайды.

7:20:54 – екінші пилоттың жауабы: "Не болғанын білмеймін. Стабилизатор... Тоқта... Мен бұл жерге түсемін (ары қарай боқауыз сөздер кетеді)".

"Осы кезде екінші ұшқыш қозғалтқыштардың жұмысын баяулатып, ұшуды тоқтатуға әрекет жасаған секілді. Алайда бірнеше секундтан кейін қозғалтқыштардың жұмысы тағы 93-95 процентке артып, әуе кемесі ұшуды жалғастырады", - дейді Скляр.

7:20:57 – командир екінші ұшқышқа: "Керек емес. Не істеп жатырсың?", - деп айтады. Сөйтіп, жылдамдықты арттырып, "Кеттік! Кеттік!" дейді.

7:21:04 – командир шассиді алып тастауға бұйрық береді;

"Осыдан кейін ұшақ бірнеше рет жерді сызып өтті. Құйрығымен алты рет, шассимен төрт рет және қанатымен бір рет ұшу жолағына соғылып, сол жақ қауіпсіздік жолағына сырғанап кеткен. Осы кезде ұшу жолағының 38 шамы қирады", - деп атап көрсетті Скляр.

7:21:15 – бес метр биіктікте шассиді алып тастаған, артынан ұшақ фюзеляжбен жерге жатып, ұшу алаңының сыртына шығып кеткен,

Апаттың негізгі себебі

Бүгін үкіметтік комиссия Алматы түбіндегі Bek Air әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау себебінің алдын ала болжамын жариялады.

"Ұшақ сыртына мұздың қатып қалуы – негізгі себеп. Әуе кемесі тұрақта екі тәулік тұрған", - деп мәлім етті премьер-министрдің орынбасары, индустрия және инфрақұрлымдық даму министрі Роман Скляр.

Комиссия ұшақтың сыртындағы қатып қалған мұзды еріту жұмыстары жартылай ғана жасалғанын анықтаған.

"Ұшақ командирі арнайы сұйықтықпен тек стабилизаторды ғана өңдеуге шешім қабылдаған. Ұшақтың қанаттары өңделген жоқ. Ол күні Атырауға ұшқан тура сондай ұшақтың да сырты сұйықтықпен өңделмегені анықталды", - деді Скляр.

Алматы түбіндегі ұшақ апаты

Ұшақ апаты 27 желтоқсан таңғы сағат жетіде болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.

Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш жансақтау бөліміне түсті. Қазір ол есін жиды.

Ішкі істер министрлігі әуе апатына себеп болған үш жағдайды атады. Олар: экипаж қателігі, техникалық ақау және навигациялық қызмет жұмысы.

Ұшақтың қара жәшігі Мәскеудегі мемлекетаралық авиация комитетіне тапсырылды. Тергеудің алдын ала қорытындысы 10 қаңтарға дейін жарияланады деген жоспар болған.

Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланған болатын.

Дереккөзі: Спутник.кз

Пікірлер