Петропавл мен Павлодарды – Абылайхан мен Кенесары деп өзгерту дұрыс емес

6828
Adyrna.kz Telegram

Ақын әрі журналист Қазыбек Иса «Петропавлды – Абылайхан, Павлодарды – Кенесары, Семейді Әлихан Бөкейхан қаласы деп атайық» деп ұсыныс тастаған болатын. Бір қарағанда орынды ұсыныс болғанымен өзінің тарихи атауы бар қаланы тұлғаның атымен атау қаншалықты дұрыс? Жалпы қазақтың танымы үлкен қалаға белгілі бір тұлғаның атын беруді көтере ме?
Қазыбек Иса Павлодарды – Кенесары деп ауыстырайық десе, белгілі тіл жанашыры Руза Бейсенбай Павлодардың Тәшенов деп аталғанын қалайды. Тіпті кейбір азаматтар Петропавл мен Павлодарды Жәнібек пен Керей деп атайық деп ұсыныс тастапты. Ал жуырда журналист Ерман Қанжанұлы Қаратау қаласын Д.Қонаев деп өзгертейік деп әлеуметтік желіге өз пікірін жазды. Бір қызығы әлеуметтік желідегі азаматтардың 90 пайызы бұл ұсынысты қолдап, тіпті «Қонаевқа Алматының да атын беруге болады» деп пікір білдіріпті.
Белгілі қаламгер Марат Тоқашбаев тұлғаның атын қалаға беруге қарсы. Алайда ол Петропавл мен Павлодардың атын ұлттық сипатқа өзгерту керек деген пікірде
«Менің ойымша Семейді өз атымен қалдыру қажет. Ал қос қаланы Абылхан мен Кенесары деп өзгерту дұрыс емес. Біздің Парламент «Жеке адамдардың атын қала мен елдімекендерге қоюға болмайды» деген заң шығарса жақсы болар еді. Сонда біз Нұр-Сұлтан, Петропавл, Павлодар деген атаулардан құтылатын боламыз. Егер осындай заң шығатын болса, сіз көтеріп отырған түйткілді мәселелер оң шешіледі. Ал Жамбыл облысына қарасты Қаратау қаласын Қонаев деп атаудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Өйткені халықтың құлағына әбден сіңісті болған қаланың атын ауыстырып абырой таппаймыз», – дейді ол.
Марат Байділдаұлы қалаға адамның атын беру орыс пен американдықтардан шыққанын айтады. Алайда бұл жағдай қазақтың танымына қайшы келетінін айтады.
«1797 жылы Жордж Вашингтон екі мерізім президент болып, халық үшінші рет сайлауға түсуін сұрағанда «Мен Констутцияны бұзсам, оны қалпына келтіру қиын болады. Сондықтан Констутцияны сақтайық» деп президенттікке түсуден бас тартады. Оның бұл ұстанымына риза болған халық аты жоқ шағын қалашыққа Вашингтонның атын беруге рұқсат сұрайды. Ол президенттік сайлауға түспес үшін келісімін беріп, конститутцияны сақтап қалады. Менің ойымша, қаланы адамның атымен қою осыдан басталды. Содан кейін Петр І құрметіне Санкт-Петербургтың аты берілді. Шын мәнісінде қазақтың танымына адамның атын қала мен елдімекендерге беру келіңкіремейді», – дейді ол.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желідегі «Елордамыз астананы Алашорда деп атайық» деген ұсынысты қолдайтынын жеткізді. Себебі алаш арыстарының құрметіне орай еліміздің орталығын Алашорда деп атау тарихи әділеттілік екенін ескертті.
Күні кеше «JEBE» қоғамдық бірлестігінің мүшелері ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айзада Құрмановамен кездесіп, Павлодар қаласының атауын Ертіс деп өзгерту туралы ұсыныс тастады. Қисынды ұсыныс. Өйткені кейбір азаматтар аталған қаланың Кереку деген атауы Коряковтан шыққан деп айтып жүр. Бұл жерде тарихшылардың уәжіне құлақ асқан жөн. Ал Петропавлдың Қызылжар екенін тарихшы Зиябек Қабылдинов нақты құжаттармен дәлелдеп берді.Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қала, аудан және елдімекендердің атын тұлғаның атымен атамауымыз керек.

Серік Жолдасбай,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер