Бақауовқа байланған ҮШ СХЕМА

3664
Adyrna.kz Telegram

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың қамауға алынуында қандай қисын бар? Ол нақ қылмыскер ме, жоқ әлде нақақ қиянаттың құрбаны ма? Оны қамау кімге қажет болды? "КНБ" оның ұсталу себебін неге бір тәуліктен кейін хабарлады? Карим-аканың "конторы" Бақауовты қамауға желеу болған жемқорлық фактісін неге қолмен қойғандай, нақты атамайды?

Әлбетте, Бақауовта бес бересі, алты аласымыз жоқ. Оның үстіне, Болат мырзаны "сүттен - ақ, судан - таза" дей алмаймыз. Бүгінде билікте жүргендер былғануға "міндетті: таза тұлға биіктен тұрақ таппайды. Мәселен, жуықта павлодарлық "президенттің" портреті әлдебір "жабық" аукционда 32 млн теңгеге (~$85 мың) сатылуы да тегін емес: тұқиянын тінтер болсаң, бұны параны астыртын берудің бір амалы деуге болады. Кезінде, Назарбаевтың сваров тасынан жасалған портреті оның 75 жасқа толу тойында $100 мыңға ғана сатылғанын ескерсек, Бақауовтың бағасы ой-ой болғаны!
Дегенмен, облыстағы мини-президент - "жербасын" жемқорлық желеуімен жауып тастау - баланың ойыны емес. Бұл - жоғарғы жақтан нұқып тұрып, санкция берілген қамау. Ал ондай ишараға ым қаққан - әлбетте Назарбаев. Біздің пайымда президент Тоқаевтың бұған ешқандай қатысы жоқ. Тіпті дәл осы арада оның "КНБ"-ға қарсы келер қайласы да аз.
Ендеше, саяси истеблишменттегі соңғы бір аптаның схемасына қараңыз: сайлаудан кейінгі сегіз айда президент Тоқаевтың есігін ашпаған премьер Маминді "бас кітапханашы" қабылдайды; бұдан соң, Мамин Назарбаевтың "Самкасындағы" (Самұрық-Қазына) директорлар кеңесінің төрағалығынан кетеді; президенттің өкімімен Кеңес мүшелігіне Тоқаевтың кеңесшісі Қанат Бозымбаев кіреді; ал кеше Бозымбаев "Самұрық-Қазына" қоры директорлар кеңесінің төрағасы болуы мүмкін деген инсайдерлік ақпарат тарайды (ҚазТАГ); ал бүгін Каримнің "конторы" Бақауовты қамайды.
Енді келесі схемаға үңіліңіз: 2013 жылдың желтоқсанында Бозымбаев Павлодар облысының әкімі болып тағайындалады; арада ай өтпей (2014), Бақауов Ақсу ауданының әкімдігінен Павлодар қаласы әкімінің креслосына ауысады; 2016 жылы Бозымбаев энергоминге министр боп кетеді; облыс әкімінің постына ол Бақауовты ұсынады; Назарбаев оны тағайындайды.
Ал енді мынау схемаға зейін қойыңыз: Қазақстан экономикасындағы негізгі активтерінің иесі - назарбаевтық "Самка"; үкіметтің үлесі бар өндірістердің барлық акциясы - "Самка" қорының қолында; қордың атқарушы органы - басқарманың төрағасы -Ахметжан Есімов; қор басқармасы директорлар кеңесіне (ДК) бағынышты; ал ДК төрағасы болып, Бозымбаев тағайындалуы мүмкін; ондай жағдайда Есімов есепті ДК төрағасы Бозымбаевқа береді; ондай жағдайда, егер Тоқаев мүдделі болса, Қазақстанның активтері мен қаржысын судай сапырған "Самұрық-Қазына" ұлттық қорының былығы ашылып қалуы ықтимал; ал бұл былықтың ауторлары - премьерліктің "пайдасын" екі мәрте, он жылға жуық татқан Карим-ака Масимов пен әрине, оның көке-қожайыны Назарбаев.
Енді осы былықтың ашылуы бұл екеуіне керек пе? Әлбетте - жоқ!
Ендеше, не етпек керек? Бақауовты қамап, оның тергеуге берген (бергізеді) жауаптары арқылы Бозымбаевты былғау керек. Әрине, Қанат шырақ та тап-таза дей алмаймыз: Бақауовты тергеу кезінде «вновь открывшиеся обстоятельства» пайда бола қалуы тағы мүмкін...
Қысқасы, Ақорда мен "Кітапхана" арасындағы алыстан атыстың дистанциясы қысқарып, ол қоян-қолтық айқасқа ұласты. Енді кім епті - найзаласу шайқасын сол жеңеді. Бұл арада, сөз жоқ, интиганың әлемдік лидері Назарбаевқа Тоқаев теңдес бола алмайды. Арамдықтың айдаһары бұған дейінгі 30 жылда ешкімге дес беріп көрмеген.
Ал кімнің қолында құзірет - негізі түбегейлі жеңіс соның үлесінде болуы тиіс. Әрине барлық құзірет - Тоқаевта. Бірақ ол өз құзіретін пайдалана ала ма, айдаһарды түйреп түсіре ме - ол енді Қасекеңнің қасқырлығына қатысты мәселе. Анығы - дәл қазір Қасекеңнің қасқыр болуы халыққа қажет-ақ болып тұр.
Міне, біздің пайымның пошымы осындай. Сіз не дейсіз - өз еркіңіз!

Ермұрат БАПИ

Пікірлер