Бұлғын-Сусар

3761
Adyrna.kz Telegram

Бұл – ел арасында кең таралған аңыз. Жырға кім айналдырғаны белгісіз. Жыр ел арасында ауызша және қолжазба күйінде сақталған. Дастанның мәтінін Алтай аймағы, Шіңгіл ауданының тұрғыны, “Астық” мекемесінің қызметкері Қабыл Шәмілұлының айтуынан жазып алып, баспаға әзірлеген сол ауданда тұратын Мәдениет үйінің қызметкері, белгілі айтыс ақыны – Құрманбек Зейтінғалиұлы.

Дастан алғаш рет 1991 жылы «Іле халық баспасынан» жарық көрген “Шіңгіл ауданының қисса-дастандары” атты жинақта жарияланған. Дастанның қысқаша мазмұны төмендегідей:
Байлыққа көзі тоймаған Бірбай қарт Бұлғын атты сұлу қызын Суырбай деген байдың ұлына ұзатпақ болады. Бұлғын қарсылық білдіріп, өзі сүйген Сусар атты жігітпен қашып кетеді. Жігіт жолшыбай “Бұлғын – Сусар” деген күй шығарады. Осыдан бұл күй ел арасына тарап кетеді.
“Бұлғын – Сусар” – әлеуметтік-тұрмыстық дастан. Жас қыздың сүймеген адамына айттырылуы “Бұлғын – Сусар” жырының оқиғалық желісін құрайды. Кедей қызы Бұлғынды Суырбай деген байдың баласына айттыру Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ қоғамында болған шындықтың бір елесі деуге болады. Көптеген қазақтың сұлу қыздарының күштілердің құрған тұзағына еріксіз құрбан болғаны белгілі. Бірақ Бұлғын өз намысы үшін күресуге қабілетті. Ол әкесінің құда түсіп қойғанына қарамастан, сүйген жігітімен қашып кетеді. Жырда қоғамның өз ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар мен күрестер сөз болады. Жырдың көтеріп отырған мәселесі сол дәуірдің шындығы, негізгі нысанасы – адамның бас бостандығы. Дастанның композициясы барынша қарапайым. Шығармада барлық оқиға Бұлғын мен Сусардың бақыт үшін күресіне, тағдырына қатысты өрбиді. Кейіпкерлердің іс-әрекеттері нанымды. Жырда Бұлғын мен Сусардың талпынып, азаттыққа жетпек болған әрекеті кең суреттелген.
Төменде жырдан үзінді беріліп отыр.

Қ. Алпысбаева,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші
ғылыми қызметкері,  филология ғылымдарының кандидаты

Жұрт шерткен “Бұлғын-Сусар”
күйдің аты,
Осы күй қандай істен шықты заты.
Бұлғын – қыз, Сусар – жігіт баяндалып,
Кешір, дос, болса жері шала-шарпы.

Міне, оған неше ғасыр болса-дағы,
Біз үшін күйдің сыры сонша мәнді.
Өнердің өз иесін жаздым былай,
Талпынған талаптының сол сабағы.

Бірбай қарт Алтайды мекендеген,
Арманға албырт жаны жетем деген.
Қызы екен “Бұлғын” атты айдай сұлу,
Маралдай қыр басында секеңдеген.

Шыққанда он алтыдан он жетіге,
Жібермей қатал әке енді еркіне.
Ұлына Суырбайдың құда түсіп,
Мал алып жария етті жер бетіне.

Суырбай ел жуаны, бай болатын,
Құда боп, құда үйіне байлады атын.
Кәсібі баяғыдан ұрлық-зорлық,
Жан еді жаны құмар пайдаға тым.

Ал енді мына абырой тағы келді,
Қасқырдай ашты аранын қауып елді.
Ұлы оның Бектас деген бір алкеуде,
Үйленер кезі болып қалып еді.

Бұлғынды аламын деп масаттанды,
Жанында атқосшысы, жасақтары.
Ішіп-жеп, “ұрын бару” тойын жасап,
Қаһарын жай халыққа шаша берді.

Былшиған әкесіндей бұл да быртық,
Сықсиып қарайтұғын көзі жыртық.
Құрт түсіп таңырайған шолақ танау,
Тұратын өз орнынан аулаққа үркіп.

Қап-қара, дәл бүйідей бет-бейнесі,
Тұрғанда ыржалақтап бейнесі осы.
Шошитын бұрын оны көрмеген жан,
Бойында “а” дегенде қалмай есі.

Шүйдесі жағалықты келген басып,
Жылылық сол сұрықсыз беттен қашып.
Жасы жас болса-дағы мосқал дене,
Ел оны деп айтатын “Бектас пасық”.

“Бай-байға” дегендейін енді, міне,
Қайынның қажы әулеті келеді үйіне.
Бұлғын қыз пысқырып та қарамады,
Тарылды ойда жоқта кең дүние.

Жеңгесі, жеңешесі келді сөгіп,
Құтырған адам, – дейді, – нербісі өсіп
Ертесі Бектас отыр оңаша үйде,
Жығылған қарақұстай жерді соғып.

Сұрқия Суырбайдың батырына
Ақылшы жолдастары, жақыны да.
– Сабыр ет, сабыр қыл, –
деп жұбатты кеп,
Бұлғынжан түсер әлі ақылына.

Әрі көп ештеңеден хабары жоқ,
Ойлама мұны жолдың жаманы деп.
Бұлғынды сенен басқа кім алады?
Болмаса атастырған адамы жоқ.

Қамшысын білеп, Бектас ақырады:
– Ол маған болар ертең қатын әлі.
Көремін көнбегенін ол малғұнның, –
Жыртық көз жын толғандай шатынады.

Өкіріп өз бетімен ол кетті де,
Күрсінді Бұлғын қайғы тербеп мүлде.
Аң екен, адам емес күйеу деген,
Жиренер қылығынан жер-көк мүлде.

Ұқса да қыз көңілін ата-анасы,
“Біржола боп кетті, – деп, – бата басы”.
Жорыды еркелікке барлығын да,
Жақын деп кейін екі жасы арасы.

Болған соң, болдық деді ахиреттік,
Бұған қыз жауап берді жатып өксіп.
Тұйыққа қамалғандай сорлы аққуды
Алмақшы пұшық Бектас қатын етіп.

Аралап көк тоғайды жүре берді,
Орындар өз үкімін жүрек еді.
Қайғы менен қасірет өртеп ішін,
Қабағы қара бұлттай түнереді.

Боз-бурыл жартастарға шөгіп бұлт,
Күн шықты көл ғашығын көріп тұрып.
Кенеттен Бұлғын селк ете қалды,
Бір адам келеді екен елік қуып.

Қалуға жасырынып үлгермеді,
Таң атпай елік қуған бұл кім еді.
Түйткілсіп әлгі адам да тұра қалды,
Елігі таудан асып, тындым болды.

Ұялып қыз желегін тістей берді,
Жігіт те түсінгендей іштей мұны.
Қасына жетіп келіп амандасып,
Барлығын жай-жадағай істей көрді.

Байлаған бұтаққа аппақ орамалды
Бұлғынға шешіп берді одан әрі.
Қыршын қыз тіршіліктен неге безсін,
Бар ойы жас аңшының соған ауды.

Қараса, аңшы жігіт қыр маралы,
Ай нұрындай қабақты, күн жанарлы.
Кірпігі құралайдың кірпігіндей,
Көзі оның мөлдір жасқа шыланады.

Қынай бел, тал шыбықтай бұраң бойлы,
Еткендей құндыз шашы құмар бойды.
Жас Сусар сұлу қызға: – Атың кім? – деп,
Ақырын әдеппенен сұрау қойды.

Көңілсіз, – Бұлғын – деді қыз мұңайып,
Тоқтатқан жолыңыздан біздің айып.
Сақылдап күліп кетті Сусар сонда,
– Елікпен кетер дейсің кімді байып.

Қараса, Бұлғын сұлу мына жігіт,
Аспаннан түскен бейне қыран жігіт.
Тұлғасы тұтас болат секілді екен,
Бірақ та үндеген жоқ сыр алдырып.

Өрт жүзді, өткір көзді, биік қабақ,
Қойғандай қою қасын керіп қадап.
Екі кез екі иығы – екі жақта,
Ұшардай осы бүркіт шүйіп қанат.

Сөйлесіп тұр жасқанбай шын ашылып,
Қиуада қыз сырына құлаш ұрып.
Ырғайдан аша басты сирағы бар,
Мылтығы иығында тұр асылып.

Шығады адамшылық қылығынан,
Көз алмай тұрды Бұлғын қыбырынан.
Жасынан құрбы-құрдас секілденді,
Қолына тарағын ап бұрымынан.

– Атыңыз өзіңіздің кім болады? –
Деді қыз қаны беттің тулап әрі.
Бөгелмей айтты жігіт: – атым – Сусар,
Мен керей руының керме адамы.

Келдіңіз осы жерге неге налып?
Білдім мен орамалды көре қалып.
Өмірдің саған мәні болмады ма,
Келді ме әлде сайтан жебеп алып?

Төгілді Бұлғын жасы қайта бастан:
– Өмірмен мен ерке едім тайталасқан.
Басымды сол байға әкем малға сатты,
Аранын қанағатсыз шайтан ашқан.

Пенде боп Суырбайдың сыртығына,
Құрбыңның басына сұм күн туды да.
Шыдамай бұл қорлыққа өлмек едім,
Сіз жаңа кезіктіңіз қырсығыма.

Сіз шығып қалдыңыз кеп қапелімде,
Бұл менің бақытым ба, қатерім бе?
Бай қызы, қажы әулеті боп жүргенмен,
Жан екем пайдасы жоқ жат еліме.

Ім, – деді Сусар ойға шомып терең,
Малға бай, ісі бар ма ерікпенен.
Жүрегін шайып оның бұл бір күйік,
Барлығын тыңдап тағы тұрды да үйіп.

Қынапта өткір шолақ кездігімен
Қурайды анадайдан алды қиып.
Сыңсыған шықты ғажап сыбызғы үні,
Ақтарды ақ сұлуға сырын күллі.

Жел желпіп, орман толқып екеуінің
Үкілі сияқтанды шымылдығы.
Қайыңдар келіншектей би биледі,
Махаббат әуені ынтық күйдің лебі.
Кеудеде тілсіз жүрек діріл қағып,
Біреуін біреуі алғаш “сүйдім” деді.

Көз қысып алтын кірпік күн де күлді,
Жер балқып, жер құшақтап, гүл де білді.
Қайран қап бейне өзіне еріктен тыс,
Бұлғынның қаны қашып тұрды ерні.

Бұлақтың шықты шат боп сарылды үні,
Саялы сайға түскен сағым күлді.
Тұрған жан көз алдында, ау, халайық,
Күткендей суға батып сағындырды.

Шыққандай бір тереңнен шолпылдатып,
Сұлуға бақ тыңдатып, сор тыңдатып.
Кез қылды кереметтей осы қазір,
Тұр осы жалпақ жерді солқылдатып.

– Мен қайтем, – деді
Бұлғын жайдары аппақ,
Артымнан жүрмесін ел, бай далақтап.
Қолыңыз тисе, егер, осы кеште
Кетіңіз, біздің үйге жай қонақтап.

Қуанып мұны Сусар көрді мақұл,
Сөйлесу шын ниетпен бұл да ақыл.
Бұлғынға берді уәде бармақ болып,
Жібермек емес осы жерді қапыл.
***
Көк тәулік, көк өзеннің жағасында,
Ақ үйлер, жыртық қос бар арасында.
Адамға шыпылдаған тола түсті,
Байланды аты сайдың саласына.

Суырбай ұлы келіп құданың да,
Шай құйып, табақ тартып қол ағуда.
Ұзату байдың қызын жол бойынша,
Торқалы той боп жатты бұл ауылда.

Тай мен қой сойылуда қоралап кеп,
Ақ бата жасалған соң қораға ап кеп.
Келіпті жасау-жақпыт бай үйіне
Әр елден, әр рудан тоғанақ боп.

Бай отыр еш қабылдап бармай жанды,
“Тойыңыз құтты болсын!” қардай жауды.
Күтуші отырғызып әрбір үйге,
Сақалдың қысқа-ұзынын талдап әрі.

Осы ма байдың бізді қош алғаны,
Бір жуан кергиді әдей өш алғалы.
Қымызға қыңырайып кейбір жеке,
Кейбірі етке өкпелеп шошаңдайды.

Әрекет жасауға тез енді бекіп,
Жөн-жоба ой-толғамнан дерлік өтіп.
Жолшыбай бұрылғандай той үстіне,
Сусар да күрең атпен келді жетіп.

Оны ешкім атын ұстап сыйламады,
Ауылдың адамындай бір баяғы.
Еленбей ел ішіне кетті кіріп,
Бұлғынға көрінді әдей ең аяулы.

Шыланған мөлдір жаспен көз кірпігі,
Күткен жан көрінген жоқ күндіз-түні.
Аңырған ақ сұлуға Сусар ымдап,
Белгіні берді “шық” деп білдіреді.

Отаудың көп ойланбай өтті алдынан,
Өзеннің өтті оңаша соқпағынан.
Атымен ақ қайыңның арасында
Бұлғынды тұрды тосып артқы ауылдан.

Шапанын бос жамылып үш қыз шықты,
Адамдар мұны сезбей тұрды сыртқы.
Айылын тартты Сусар күреңінің,
Тоғайдың төтесімен өстіп шықты.
Берді қол дереу – шапшаң Бұлғын жетіп,
Ана екеуі шорт тұрды шошып кетіп.
«Қош» деді қолын сермеп қыз оларға,
Барады ауылынан зулап өтіп.

Дауысын шығарды да, бір-ақ ашты,
Екі қыз енді артына тұра қашты.
Тал түсте Бұлғынды алып кеткен хабар
Сай-сала, тау менен тас, қырға ұласты.

“Аттан!” деп ақырды бай айналаға,
Бұл қорлық той үстінде жай ғана ма?
Дүние күл-көмірен болып кетті,
Қыз қайда, аттар қайда, қайда бала?

Біреуді біреу білмей, у-шу болды,
Біреуге-біреу неғып тұрсың дейді.
Бай қолы атқа мініп, “а” дегенше,
Қара жер дүмпуімен дүрсілдеді.
Мінгескен қыз-жігітті кетті қуып,
Кей жанның жүр қолында етті жілік.
Жатқандай біреу күліп, біреу жылап,
Мынау іс десіп жатты кекті қылық.

Тас жолда ирек-ирек бастап өрге,
Күрең де жорға шабыс басты өнерге.
Шоқы, орман қалып жатыр қас қағымда,
Келеді мол аралық тастап елге.

Келеді қуғыншылар жан-жақтағы,
Етектеп тауға өрмелеп жалдап бері.
Күреңнің қалды артында “тезек теріп”,
Әрі тоқ, тойдың шабан шардақтары.

Айналды болдыруға бар ат бітіп,
Кейбіреу байырқалап қарап күтіп.
Күн көзін қолдарымен көлеңкелеп,
Қарасаң, күрең атқа қанат бітіп.

Барады құздан әрі оқша зулап,
Ұйлығып тұрып қалды топ сауылдап.
Жыртысын жыртқан Бектас албастының
Бірнешеу қумақ болды тосқауылдап.

Қалың ел қайта ауылға ошарылды,
Бай бетін тырнап өзі жоса қылды.
– Сусарды өлтіріңдер, – деді молда,
Бұзықтық болғаны үшін осы айыбы.

Шыққанда тас қияға тез ұшыртып,
Күреңнің Сусар шытпен көзін сүртіп,
“Көтеріп алайық”, – деп – белін аттың,
Тоқтатты әрең ғана жасын іркіп.
Ақ көбік ат денесін сабын жапқан,
Қара су омыраудан сауылдатқан.
Ерін ап, жас терекке қойды байлап,
Жаны ашып, жануарын дамылдатқан.

Екеуі отыр енді сәл ғана жай,
Тұр екен бір топ өскен қара қурай.
Сыбызғы жасап алып Сусар содан,
Бір күйді тартты жаңа талабындай.

Ойда жоқ бұл ерекше жаңа іс еді.
Қол жетпес өмірінің табысы еді.
Құтқарған ғашықтарды күрең аттың
Жаңағы жорғасы еді, шабысы еді.

Нақыштап тартып отыр елең қылмай,
Шабытың осындайда келеді ыңғай.
Түсіріп күйге осы оқиғаны,
Қайырып қайта-қайта шертеді ұдай.

Көңілі кеңи түсті, ап тынысын,
Ішкендей бал шәрбатын шаттық үшін.
Желі қып тартты күйге сондай әсем,
Атақты астындағы ат жүрісін.

Арынды, құбылмалы, сырлы, мұңлы,
Үш буын үшеуі де болды ұғымды.
Қойды атын “Бұлғын – Сусар” осы күйдің.
Құтылған қашып атпен сол бір күні.

Қабаққа, қараса қыз, шығып енді,
Кеп қапты оншақты жау қуып оны.
– Кетейік, кеп қалды, – деп безек қақты,
Сусаржан, ертте атыңды, жүгір енді.

Жоқтай-ақ дүниеде өзге арманы,
Ал, Сусар күйін тартып қозғалмады.
Шырылдап Бұлғын байғұс жылап кетті,
Айтарға енді әйтеуір сөз болмады.

– Түстің, – деп, – қолға тірі, –
жұлқылады,
Ал, Сусар, тоқтамады, шіркін әлі.
Деді ол: – Әбден жаттап алмасам, бұл,
Ертең-ақ ойдан шығып ұмытылады.

Қатерді тас жаңғырып, тау да ұқтырды,
Орнынан Сусар сонда салғырт тұрды.
Қалыпты жүз метрдей қуғыншылар,
Ер салып күрең атқа қарғып мінді.

Жөнелді тағы екеуі құлаш жайып,
Көп-көрім қалған екен ат тыңайып.
Тағы да желдей есіп, құстай ұшты,
Бір демде көз ұшынан болды ғайып.

Шошынған қыз жүрегі түсті орнына,
Құтылып кетті қалай, құс болды ма?
Асады арасынан ақ білегін.
Орнына әлсіздіктің күш толды да.

Құшады қуанышпен бірін-бірі,
Ақ алма, бал-бұл жанып сұлу нұры.
Сусардың күй шығарғыш осы өнері,
Ол алғаш таңғажайып сырын білді.

Екеуі екі күнде кетті алысқа,
Жолшыбай күй тартылды көп танысқа.
Осыдан “Бұлғын – Сусар” күйі тарап,
Біреуден-біреу алып кетті алысқа.

«Ана тілі».

 

Пікірлер