Оймақ ауыз, күлім көз Құндызша

3186
Adyrna.kz Telegram

Халық арасында кең тараған «Қарқабат» дастанының оншақты нұсқасы белгілі. Дастанның ең көне қолжазба нұсқалары Батыс Қазақстанда табылған. Олар, негізінен, «Шеризат-Күлшат» деп аталады. 1870-1880 жылдары қағазға түсірілген қолжазба Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақтаулы, 309-папка, жинаушысы – З.Сейітғаппарова. «Қарқабат» дастаны Қарқабат және Зұлмат есімді адамдардың балаларының арасындағы шынайы махаббат жырымен көпшілікке ұнамды. Ал жастар әкелерінің арасындағы түсініспеушіліктің нәтижесінде өмірде бірталай қиындықтар белең алғандығы анық. 

Аталмыш дастан Қарқабат патшаның түс көруімен басталады. Түсін жорыған екі уәзірінің пиғыл-ниеттері де екі түрлі екен.
– Мәуе байласа шынар ағашы, қатыныңыз ұл туады. Алайда жемісті алып жеуге қолыңыз жетпегені, өміріңіз қысқа болады, – дейді Зұлмат деген уәзірі. Дана есімді уәзірі патшаның көңілін аулап, ол кісіні жақсы сөздермен жұбатады. Айтқандай, патшаның әйелінің аяғы ауырлайды. Сол кезде патша дертке шалдығады.
– Данажан, саған тапсырдым,
Жетімнен болсын хабарың.
Көзтүрткі болып жүрмесін,
Шешесі менен қарағым, – деп Қарқабат патша оң жағындағы уәзірі Данаға мұңын шағады. Қаншама жылдар бойы күткен ұлын көре алмай кетіп бара жатқанына налиды. Сосын: – Әйелім ұл тапса, мұны мойнына тағарсың, – деп бес мысқал гауһар береді. Дана мен патша Үрімге басқа жақтан ауып келгендіктен, ағайын-туыстары жоқ еді. Қарқабат қайтыс болғаннан кейін Зұлмат туысқандарының көптігіне малданып, патша болады.
Өлген патша әйелі,
Ұл бала туып жүрмесін.
Баласы өсіп бір күні,
Жүрмесін істеп егесін.
Ата-мирас тағымды,
Өзіме берсін демесін.
Жиналғандарға жар салып, Зұлмат өзінің арам ойынан хабар береді. Зәңгілерге бұйрық беріп, аяғы ауыр әйелді ұрып-соққызады. Дана түк істей алмайды. Әйелдің ішін жарып, айдалаға тастатады. Патшаның қаһарынан қорқып, әйелді көме де алмайды. Сол түні бейшара Дананың түсіне патшаның әйелі кіріп: – Жақсы жолдас болып едің, алайда жүзіңді топырақпен жасыруға шамаң жетпеді ғой, – деп ренжиді. Содан Дана ұйқысынан шошып оянып, түн ортасында әйелді көмейін деп барса, өліп қалған әйелдің емшегін бір нәресте еміп жатыр екен. Зәңгілер әйелдің ішін жарып тастағанда баланың денесіне пышақ дарымастан анасынан туғандай болып сау-саламат дүниеге келуінің өзі жырдың халықтық сипатын анықтап бергендей екен.
Сол түні Зұлмат та түс көреді. Түсінде қалаға бала жолбарыс келіп кіреді. Соның айбатынан қорқып, ұрысуға әскері жарамай, тұра қашады. Сол кезде Зұлматтың қолындағы мада жолбарыс бала жолбарысқа талпынып, соны аймалап сүйеді.
Жолбарыс көрсең түсіңде,
Болмайды жақсы түбіңіз.
Бір бала сізбен соғысар,
Жолбарыс мада гүліңіз,
Аузын сүйсе аймалап,
Қосылар соған қызыңыз,
Өлімнен қызың ап қалар,
Ойланып мұны жүріңіз, – дейді Дана жағдайды ақылмен пайымдап, түсті осылайша жорып береді. Кейін, айтқандай-ақ, түс шындыққа айналады.
Қарқабаттың маң далада өмірге келген ұлына екі жолбарыс келіп, бірі емізіп, бірі арқалап, екеуі адамша сөйлеп, мәпелеп өсіреді. Мысырдың Мүшқұлат деген адамы жол бойында жүрген ұл баланы көріп, асырап алады. Оған Шерқуат деп ат қояды. Сол Шерқуат тоғыз жасқа келген кезде Зұлмат патшаның қиянаты туралы ел аузындағы әңгімелерге қанығады. Бір күні қастарынан өткен керуеншілерден Құндызша есімді қыз жайлы естиді.
Артық туған жан екен,
Оймақ ауыз, күлім көз.
Нәзік белді, шырын сөз,
Жұрт мақтаудай бар екен,
Алтындай, жақұт, гауһардай.
Жалтылдап отыр жұлдызша,
Жазық маңдай, ай қабақ,
Толықсып отыр үр қызша.
Көңіліңде титтей шер қалмас,
Жалғанда соны кім құшса…
Сөйтіп, жұрт мақтаған Құндыз­шаны көруге Шерқуат ынтығып, Үрімге баруға жиналады. Қаншама жол жүріп келіп, ақыры бау ішінде қырық нөкер қыздармен бірге серуендеп жүрген Құндызшаны бірден таниды. Бір-бірін бір көргеннен-ақ ессіз ғашық болады.
Шулама, сіздер, саңқылдап,
Қасына таман барайық.
Сәулеті бар бала екен,
Аңғарып сөзін қарайық.
Тасаға атын байлаңдар,
Көрмесін ешбір халайық.
Құндызша да сырттан келген бозбалаға ерекше назар аударады. Ерекше бет-пішіні, жүріс-тұрысы бірден жүрегін елеңдетіп, бейтаныс жасқа бүйрегі бұрады.
Бекзадам, болсын жолыңыз,
Ордаға кірдің сұрамай.
Көрмелік айып оны біз,
Сіз секілді жұлдызға,
Жетер ме, созсақ қолымыз.
Сауыт-сайман, жарағың,
Қалайша келген порымың.
Сұраймыз, айып көрмеңіз,
Қай шаһардан келдіңіз?
Сүйегің таза баласыз,
Патшаға ұқсас белгіңіз, – деп Шерқуатқа наздана жақындайды. Құндызша қыз адам тани білетіндігін анық көрсетеді.
Сөйтіп, екеуі өзара танысып, біліседі, сырласады, әңгімелері жарасады.
Ақкекіл атты көрсетпей,
Сарайға таса қамады.
Жем ілді кілем дорбамен,
Жоңышқа таза салады.
Ертіп жүрді ордаға,
Шерқуат сынды баланы.
Бір ілгері, бір кейін,
Қылымсып басып қадамы.
Біреуді біреу көрмейтін,
Боп еді құптан қараңғы.
Жібек кілем атлас,
Шәйі көрпелер салады.
Аспазы ауқат дайындап,
Алдына әкеп қояды.
Осылайша Құндызша мен Шерқуат сыпайы сөзбен әзілдесіп, сырласып отыра береді. Екеуінің тез тіл табысып кеткенін қызғанған Мәпия деген сақау қыз болған жайды қыздың әкесіне барып айтады. Зұлмат патша ашуланып, ғашықтарды ұстап әкелуге зәңгілерін жібереді. Зәңгілермен шайқасқан тұста Шерқуаттың ептілігі, күштілігі ерекше сипатталады. Оған себеп, дүниеге келген кезде жолбарыстың сүтін емгендігі болса керек. Алты зәңгіні жер құштырады. Осы жайды Мәпия патшаға және жеткізе хабарлайды. Патша төрт дәуді жұмсайды. Құндызша ешкімді ішке кіргізгісі келмей, орданың есігін бекітіп қояды. Қара күштің иелері әй-шайға қарамастан дарбазаны талқандап тас­тайды. – Жас балаға төрт төбет бой беретін болмады, жабылып төрт ит талады, – дейтін жыр жолдарынан-ақ дәулердің қуаттылығын, Шерқуаттың жағдайының қандай екенін білуге болады емес пе?!
Құндызша сұлу сол уақытта
Бір ақыл тапты ойланып.
Киінді асыл киімін,
Хор қызындай сайланып.
Өтірік жылап зарланып.
Сөйтіп, Құндызша қалайда Шерқуаттың тірі қалуы үшін айлаға көшеді. Алдымен, қулана отырып, Қапал, Сапал, Айпар, Жаппар дейтін палуандарға мұңын шағады.
Құндызшаның көздегені Шер­қуаттың амандығы екендігінен олардың хабары да болмайды. Құн­дызша дәулердің айрықша жаратылған құбылыс екендіктерін айтып мақтайды. Сұлу қыздың әрбір қошаметі, ауызынан шыққан жылы лебізі дәулерді ақылынан адастырады.
Құндызшаның айла-тәсілімен дәулер Шерқуатты байлап-матап, зынданға салады. Маң далада жүрген жолбарыстар, Дана мен Мүшқұлат та Шерқуаттың қиын жағдайға тап болғанын күнілгері сезіп, оны іздеп жолға шығады. Барлығының бастары Үрімде тоғысады. Нә­тижесінде Зұлмат патшаның бір кездерде жасаған зұлымдық істері әшкереленеді. Қайырлы Қарқабаттың ұлы жетістікке жетеді. Құндызшаның ессіз ғашықтығы әкесінің амалын тауысады. Шерқуат Құндызшаның кереметтей парасат пен сұлулықтың иесі болғандығы үшін Зұлматтың ата-анасына жасаған қиянатын кешіреді. Сүйген жандар бақытты өмір сүреді. Демек, жер бетінде қандай озбырлық, зорлық-зомбылыққа толы қиянат жасалса да, оларды мейірімділік, махаббат жеңіп шығады деген ойды «Қарқабат» дастаны толық жеткізе білді. Өйткені екі жастың шынайы махаббаты қашан да жаман пиғылды істердің барлығынан да биік тұрады.


Нұрлан ҚҰМАР, «Ана тілі».

 

Пікірлер