«Авестадағы» ортаазиялық атаулар

4058
Adyrna.kz Telegram

Өткен басылымдарда «Арийлер. Олар кімдер?» деген мақалада зороастризм дінінің қасиетті кітабы «Авестаға» негізделіп, Арийлер этносының пайда болып, дамыған орталығы Орталық Азия болғанын дәлелдейтін деректер келтірген болатынбыз. Енді сол ойымызды жалғастырып, «Авестада» кездесетін Орталық Азиядағы кейбір географиялық атамаларға тоқталайық.Видевдаттың бірінші бөлімінде Спитама Заратуштра пайғамбарға Ахура-Мазда тәңірі өзі жаратқан үлкенді-кішілі 16 ел туралы әңгімелейді. Олардың біріншісі: «Арианам-Байда (Арианам Вайджа) – «арийлықтар елі», «арийлықтар аймағы» деп айтылатын жер аты. Ол елде Бақбіи-Датіитә (Вахви-Дария) деген өзен болған. Бұл атаудан да «алтай» деген түркі кезеңіндегі сөздердің «иісі аңқып тұрғандай» (Көктәнді Хамза. Аспан мен даланың төрт ұмытылған тарихы. Бірінші кітап. «Қасиет», Мәскеу, 2001. Екінші ұмытылған тарих кітабы, Заратуштра пайғамбардың ұмытылған тарихы).

Келтірілген үзіндідегі автордың тұжы­рымдамасын түгел қол­даймыз. Себебі арийлердің пайда болған орталықтарының бірі Орталық Азияның ортасындағы Алтай өңірі дегені шындыққа келеді.
«Авеста» кітабында жазылған мәліметтерге қарағанда, арийлерде 16 мемлекет болған. Олардың географиялық орталықтары елдер (мемлекеттер) деп көрсеткен. Бірінші Айрианам-Вайджа елі Датья (Дайтия) қазіргі Әмудария өзенінің алқабына орналасқан. («Қайырымды, берекелі Датия») ертедегі арийлердің аңыз отаны деп есептеледі. Шамасы, тікелей мағынасы «арийлер жазығы» немесе «арийлік қарқын», өріс (арийский размах) дегенді білдіреді.
Кейбір еуроцентристер Рахны Еділ (Волга) өзенінің ескі парсы тіліндегі атауы деп жазып келеді. Шындығында, Рахны өзені – Сырдарияның көне төл атауы. Тек көптеген еуроцентристердің Еділ өзенін Орталық Азияның оңтүстігіндегі Ранхан өзенімен шатастырып жүрулері жергілікті географияны білмегендіктен ғана емес, олар әдейі бұл аймақты Арийлердің ежелгі қонысы, олардың «нәсілі еуропалық этнос­тар» деген қисынсыз пікірді дәлелдемекші тарихшылардың ықпалымен жазылған болуы керек. Әйтпесе үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Шығыс Еуразияның түйіскен жеріндегі ең үлкен өзен парсы тілімен қалай Ранхан деп аталады? Бұндай қияли пікірдің ғылымға қатысы жоқ. Бұл аймақтардың қысы ұзақ әрі қатты аяз болса, жазы қысқа болып келетіні айтылған. Еділ өзенінен шығысқа қарай Сібір, Алтай өңірлеріне дейінгі кең-байтақ жерлердің табиғаты «Авестадағы» жазылғанға тура келеді. Қазірдің өзінде де бұл өлке Еуропаның шығыс бөлігінен шығысқа қарай созылып жатқандығы, Орталық Азияның осы бөлігіндегі табиғаттың қатал екені баршаға мәлім. Бұл географиялық аймақ Қазақстанның да барлық орталық, солтүстік, шығыс аймақтарын қамтиды.
Белгілі «Авестаны» зерттеуші Х.Көктәнді Бірінші елге Әмудария (Окс) және Сырдария (Яксарт) аймақтарын кіргізіп, мына пікірлерді алға тартады: «Ахура-Мазданың бұл бірінші мемлекеті Окс пен Яксарт өзендерінің жағасында жайласқан болса, кейінірек ол аңыздық мемлекеттің көне аты болып қалған… Бірақ, бәрінен қызығы, Герцфельдтің пікірі, ол Эранвез бен Тұран – бір мемлекет, Түркістанда жайласқан, бұл жерде Иранға көшіп кетуден бұрын медиялықтар мен парсылар өмір сүрген. Бұл ежелгі замандарда жер жаннаты болып, кейіннен ауа райы өзгерген және табиғаттың осы құбылысы елдердің ұлы қоныс аударуына, көшіп кетуіне себеп болған. Эранвез солайша арийлер мемлекеті Тұран мемлекетіне айналған деген дәйектеме ұсынады. Шындығында, «Авестада» Тұран атауы кездеседі. Сонымен бірге арийлықтар осы өңірден өздерімен тотем-тәңірлерді Еуропаға алып келіп, кейіннен грек мифологиясының тұтас дастандарын тудырады… Біздің ұйғарымымызда Ахура-Мазду иеленген бірінші мемлекет – Түркістан өлкесі. Сондай-ақ бұл бірінші мемлекет осынау елдердің ең шеткі солтүстік нүктесіне орналасқанын байқаймыз. Қаратау, Тарса – тәңірліктер жайлаған Тараз, Түркістан – бұл күні де аталып отырған елдердің солтүстік шекарасы. Осы күнде де Түркістан өлкесінің Орта Азия халықтарында қасиетті мекен саналуы осындай өте көне дәуірлерден тамыр тартады».
Келтірілген автордың пікірін сол күйінде қабылдаймыз. Оны ойдың елегінен өткеріп, оны шындыққа сай демекшіміз. Окс (Әмудария) пен Яксарт (Сырдария) өзендерінің алқаптарына кіретін Тұран ойпаты бірінші елге жатады деуіне қосыламыз. Тұран ойпатының солтүстігі Еділмен жалғасып жатыр. Оның үстіне бұл өлкенің солтүстік бөлігінің табиғаты да Еділ өзенінің өңіріне біршама сәйкес келеді. Сондықтан Әмудария мен Сырдарияның алқаптары болған Тұран ойпаты арийлердің жайласқан ежелгі Отаны екенін мойындау керек. Қос өзеннің аймағында орналасқан Тұран ойпаты ежелден жер жаннаты болып, онда алғашқы түркітілдес этностар пайда болып, алғашқы өркениеттің негізін салған. Ежелден парсылар тұрандықтармен көрші жатып, талай рет Әмудария мен Сырдария өңірлерін отарластыру үшін жойқын соғыстар ашқанына тарих куәгер. Мысалы, Кир мен Дарий жорықтары. Сөйтіп, Ахура-Мазда жаратқан бірінші мемлекет Еділ өзенінің алқаптарынан Әмудария мен Сырдария алқаптарындағы Тұран ойпатын түгелімен қамтыған. Кейін бұл аймақ қасиетті Түркістан жері болып тарихқа кірген. Сондықтан да «Авестада» Тұран елін бірінші орынға қоюын кездейсоқ деп атауға болмайды. Бұл тұста Әмудария мен Сырдария жер жаннаты аталып, алғашқы адамдардың өрбіген аймақтарының бірі болған. Жергілікті этностар, арийлердің осы аймақта алғашқы өркениеттері пайда болған. Міне, осындай шындыққа негізделіп, Түркістанды бірінші сатыға көтерген. Арийлер байырғы Алтайдан тараған сақ, иран, тұран, үнді, үнді-еуропа халықтарының аталық тегі болған ең ескі этностық атау деген тұжырымды қазіргі кездегі тарихшылардың көпшілігі қолдайды. Бұл тұжырымға біз де қосыламыз. Бірақ арийлердің арасына үндіеуропалық этностарды араластыруды орынсыз деп қараймыз. Олардың ежелгі мекендері – Алдыңғы Азия мен Еуропа құрлығы. Сондықтан Тұран өлкесін ежелден мекендеген түркітілдес этностар: арийлер, оның құрамында – дақтар, тұрандар, набиандар, панксандар, сирақтар, аорстар, скифтер, сақтар, хорезмдіктер, массагеттер және бізге әлі белгісіз тайпалар болған. Автохтонды этностардың жалпы атамалары Ария өзенінің атымен аталған.
«Авеста» кітабында Тұран сөзі бірнеше жерде кездеседі:
Сарбаздарын Тұранның,
Жүз соққанда – бір мыңын,
Мыңда – қисусанын,
Қисусанда – шексізін
Жеңуіме қуат бер.
Оған берді соншалық…( Оспанов С.И. Абаста (Авеста) //Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы. Ежелгі Шығыс. Т. 1. Астана, 2005, б.353).
Тұран сарбаздарының күштілігін, қайраттылығын суреттейді. Олардың күштілігі сондай, жүз сілтегенде мыңдаған, қисапсыз (қисусани) жауларын қирата алатын күшке ие екен және оларға жаратушы осынша күш-қуат бергенін баяндайды.
… Жеңуге үш тұрандық – дануды –
Шешендер Қара менен Бараны,
Туылған Асабанада,
Шапшаң Дұраәқайтуды-
Жақсылық үшін шайқаста.
Оларға берді соншалық…
Осы келтірілген үзіндінің мәнін, «Авестаны» қазақшалаған аудармашылар былайша түсіндірген: «Қара (Қара) – Асабана руынан шыққан Тұран батыры. Бара (Вара) – Асабана руынан шыққан Тұран батыры. Асабана – Қара мен Бара сияқты батырлар шыққан тұрандық тайпаның аты. Дұраәқайту (Дураэкайту) – тұрандық Траты мен екі Ашабазда атты ирандық батырлардың жауы, өзге дінге сенушілер» (Мургабаев С.С. Үлкен Қаратау петроглифтері (Кандидаттық диссертация). Алматы, 2010, б. 42-97). Біздің бұл жолдарға қосып-аларымыз жоқ.
«Авестада» арийлер мен тұрандық­тар­дың арасындағы шиеленістер кезінде Ашидің жасырынған жерінен тауып берген жастар туралы әңгімелейді. Бұл жерде жастардың малдың қасиеттілігі оның санында емес, тұқымының асылдығында екендігін түсінбегендігі былайша айтылады:
Тұрандықтар Нотаридтармен,
Желғабыз мінген аттары,
Мойынының астына
Тығылдым мен қошқардың,
Қашыратын жүз қойды;
Сонда мені ашып алған
Катиаған бойы бозбалалар
Һәм балауса жас қыздар,
Еркекті ешбір білмеген.
(Көктәнді Хамза. Аспан мен даланың төрт ұмытылған тарихы. Бірінші кітап. «Қасиет». Мәскеу, 2001. Екінші ұмытылған тарих кітабы Заратуштра пайғамбардың ұмытылған тарихы, б. 83)
«Авестаның» 440-бетінде: «Тұрандықтардан ең алғыр, Барықаша теңізінен» деп үш мәрте қайталанып жазылған. Сөйтіп, Тұран атамасы «Авеста» кітабында аталғанынан үзінділер келтірдік. Соған қарағанда, Тұран ойпаты арийлер заманында олардың белгілі географиялық шоғырланған отаны болған. Тұран аймағы – Орталық Азияның солтүстік-батысынан Қазақстанның оңтүстік-батысындағы көпшілік бөлігі құмды және сазды, шөлді жазық, ойпаң өңір. Оңтүстігінде Копетдаг және Паропамиз тау етегімен, батысында Каспий жағалауы, Мұғалжар және Оңтүстік Оралмен, солтүстігінде Сарыарқамен, шығысында Тянь-Шань және Памир-Алтай тауларының етегімен қоршалған. Солтүстік-батыс бағытта Торғай қолаты арқылы Батыс Сібір жазығымен жалғасады. Оның жалпы алып жатқан аймағы – 2 млн. км2. Міне, осындай кең көлемді алып жатқан Тұран ойпаты ертедегі арийлердің кір жуып, кіндік кескен жері екенін дәлелдейтін деректердің бірегейі.
Жоғарыда келтірілген зерттеушінің жазғанында «Ахура-Мазуда иелеген бірінші мемлекет – Түркістан өлкесі» делінген. Бұл өлке ежелден түркітілдес тайпалар мен халықтардың мекені екені тарихтан белгілі. Сондықтан Түркістан – тарихи-географиялық атау. Түркістанға кіретін жердің көлемі – 3 млн. км2. Оған Оралдан Алтайға, Каспийден Қытайға дейін, Оңтүстік Иран мен Ауғанстаннан Томск пен Тобылға дейінгі аралықты алып жатқан өлке кіреді. Осынша ұлан-ғайыр жерде арийлер өрбіп, оны өзінің Отанына айналдырған.
«Авестадағы» мемлекеттердің орналасуы солтүстік-батыстан оңтүстікке қарай жайласқаны байқалады. Екінші Соғдар мемлекеті Гава деп аталады, оның орналасқан жері – Алдыңғы Азия. Үшінші мемлекетті Мары-тын деп атаған.
Орталық Азия арийлері туралы бізге көбірек мәлімет беретін төртінші мемлекет – сұлу Бакуди (Бактрия, Балқ), Балх (Бактрия). Бұл аймақ «Авестада» бір ғана жерде кездеседі. Тарихқа үңілсек, Бактрия – Орталық Азияның оңтүстігіндегі ежелгі аймақ. Оған төмендегі жерлер кірген: Әмударияның жоғарғы және орта ағысы бойындағы, қазіргі Өзбекстан Республикасы, Тәжікстан Республикасының оңтүстігі мен Ауғанстанның солтүстігіндегі облыстардың жерін қамтиды. Б.з.б. І мыңыншы жылдардың алғашқы жартысында құл иеленушілік мемлекет болып, оның орталығы Үнді өзенінің жағалауындағы Балх қаласы болған. Балх – Солтүстік Ауғанстандағы қазіргі Вазирабад (Балх) қаласының жанындағы көне қаланың орны. Бактрияның астанасы болған ежелгі Бактра қаласының және орта ғасырлардағы Балх қаласының қираған қалдығы. Б.з.б. ІІІ-ІІ ғасырларда Грек-Бактрия патшалығының, одан кейін Кушан патшалығының астанасы. Балх – Үнді өзенінің жағасына салынған түріктердің көне қаласы. Ертеде түріктер қаланы «Балық» деп атаған. Сондықтан бұл қаланың аты «Балық» (қала) болуы тиіс. Оның пайда болуы Арийлер заманына жатады. Балық ірі мәдени орталық болған. Бактрия мемлекеті б.з.б. VІ-ІV ғасырларда Ахемен әулетінің, кейін Александр Македонскийдің империясының, Грек-Бактрия патшалығының, Кушан патшалықтарының қоластында болған. Аттары аталған мемлекеттердің этникалық құрамы түріктер мен ирандықтардан құралған. Астанасы Балх – түрік тілінде «қала, шаһар» деген мәнді білдіреді. Бұл қала осы күнге дейін сол атын сақтап келе жатыр.
«Видевдаттың бесінші мемлекеті Нисая (Парфаз) болған. Оның астанасы Ниса (грекше Александрополь) қаласы еді. Бұл жерде бірінші аршакидтердің қабірлері болған. Бұл елде Зороастризм өктемдігі күшті болғандықтан Ахриман тұрғындарға сенбестік рухын сіңіріп, құдайсыздықты үйретеді. Дармстеттердің айтуынша, Нисая (Насаим) атты бірнеше қала болған. Солардың бірі Мары мен Бактрия аралығында орналасқан».
Аттары аталған қалалар осы күнгі Түрікменстан Республикасы жерінде, сондағы Ниса (Нисая) қаласын археологиялық жақтан ұзақ жылдардан бері зерттеуде. Осы географиялық атауларды жалғастырып, «Түркістан – мифтік Ариана-Вайджа. Ежелгі бабалар сенімі болған «Авестада» бұдан басқа да Орталық Азияның сәбилік дәуіріне тән көптеген айғақтар кездесуі мүмкін. Тағы да бір құнды дерек – Ахура-Мазда бірінші болып Даития өзенін жаратқаны. Екінші кезекте Гава (Соғдыны) жаратылады, содан соң Бактрия, Хират, Кабул, Маргиена, Гиркаияны және Орта Азияны Азияда жайғасқан көптеген пәк мекендерді жаратады. Әрине, бұл жаратылу – аңыз, бірақ не үшін Ахура-Мазда бірінші кезекте Даитиді жаратады? Көптеген ғалымдар «Авестаны» иран халқы ауыз әдебиеті үлгісі деседі. Бірақ «Авеста» тек Иран патшалығы тарихына тән шығарма ғана емес, Орта Азияның да, тіпті Түркістанның да ежелгі дәуірлеріне жататын қымбат мәліметтер берген ғой… «Авестаның» жазылу мәнері, халықтар санасына сіңген наным-сенімдері мен аңыздар, жайлар негізінде жазылатын Гара тауы (Қаратау – У.Ш.), Гара мемлекетіндегі суы кері ағатын (Теріс) өзен, Ардви-Сурға құятын Ранха, Ардви-Суранның өзгеше жаратылғаны туралы мәліметтер мен пікірлерімізді нақтылай түседі.
Видевдатта жер мен жаннат ғарыш кеңістігіндегі денелерден пайда болған делінеді, жер – домалақ, мұхиттармен оралған деп суреттеледі… Жер шары алты уық-мабақты доңғалаққа ұқсатылады. Жердің шекаралары туралы да дерек бар. Оның хабарлауынша, Үнді, Мары, Тигр және Яксарт жердің ең шеті болып шектелген. Ал жердің орталығы «Авестада Күн құт-береке баламасы ретінде беріледі. Күн пірі Митра көбінесе Яксарт (Сырдария) жағалауында жасырынып жүреді. Қара тау атауы «Авестада» кездеседі.
«Табын оған, о, Іспінтама…
Келтіріп оған құрбандық
Каошыәнқа Парадата
Қара таудың етегінде
Жүз сәурікті, һәм мың
Сиыр, һәм кисусан қой (Толстов С.П. Древний Хорезм. М., 1948, б. 16).
«Авестаны» аударушылардың түсінік­теме­сі бойынша, «Авестада» Әму мен Сырдариялардың ескі атаулары болғанын ескерсек, онда бұл атаған таулардың қазіргі «Қара» таумен де байланысы болуы мүмкін деген жорамалды да бекер дей алмаймыз. Себебі «Қара» деген сөз ескі түркі тілдерінде де кездеседі. Бұл пікірді «Авестадан» келтірілген үзінді де дәлелдеп тұр ғой. «Қаратаудың етегінде жүздеген, мыңдаған малдар өседі. Олардың ішінде сиыр мен қойдың саны есепсіз» (Кисусан) делінген. Ежелден Қаратаудың өңірі – төрт түлік мал мен диқаншылықтың орталығы. Қазір де солай. Сондықтан «Авестадағы» аталған Қаратау – қазіргі Тараз-Шымкент қалаларының арасынан шығыстан солтүстікке қарай созылып жатқан тау жотасы. Қаратау Талас Алатауының батысымен ұштасып, солтүстік-батысқа 420 шақырымға созылып, біртіндеп аласарып, Сарысу мен Шу өзендерінің атырауына жетіп бітеді. Биік жері – Бессаз тауы (2176 м). Қаратау қатарласа жатқан екі жотадан тұрады: Кіші және Үлкен Қаратау. Бұл екі жота тау аралық ойыстармен бөлінген.
Қаратау шығыстан батысқа қарай жайласқандықтан, оны күнгей және теріскей деп екі бөлек айтылады. Күнгейі – таудың оңтүстігі, теріскейі – солтүстігі. Қаратаудың екі жағы да – адам баласының жайласып, өмір сүруіне қолайлы аймақ. Қаратау массиві алғашқы адамдардың өрбіген аймақтарының бірі екенін археологиялық зерттеулер дәлелдейді. 1958-1963 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданының жерінен Қараүңгір қонысын археологтар ашып, оны мезолит пен неолит дәуірлеріне жататын ескерткіш екенін анықтады. Осындай тас дәуірінде өмір сүрген алғашқы адамдардың қоныстарының орындары Қаратаудың төңірегінен көптеп табылды: Бөріқазған, Тәңірқазған, Косқорған (Қошқорған – 1-2), Шоқтас – 1-3, Қараүңгір, Бөген, Арыс – 1-2 және көптеген тас дәуірінің қоныстарын археологтар бірінен кейін бірі тауып зерттеп келе жатыр (Советская историческая энциклопедия (СИЭ). Т.1. М., 1961, б. 886). Осындай қола және темір дәуірлерінің қоныстары Қаратау өлкесінен көп табылды: Тагискен, Таутары (49, б. 69). ХХІ ғасырдың басында Қаратау аймағында қола және темір ескерткіштері мол көлемде ашылды. Олар қоныстар мен петроглифтер: Сауысқандық, Кәрібұлақ, Сатайбұлақ, Шалабай, Арыстанды, Арқабұлақ, Қарныжарық, Майдантал, Қызылшың Тасбұлақ, Боралдай, Қойбағар және т.б. жартасқа салынған суреттер, бейнелер (Қашқари М. Түрік сөздігі. Алматы, 1998, б. 208-210). Бұл келтірілген деректер – Қаратауда алғашқы адамдардың мекен еткен аймақтарының бірі екенін баяндайтын мағлұматтар. Міне, ертедегі дүниеге келген Қаратау мәдениеті – үздіксіз дамып, бұл жерде арийлердің өркениеттің ірге тасын қалаған Қаратау өңірі.
Бұл пікіріміз «Авестада» жазылған жолдарда байқалады.
Оған құрбандыққа әкелді,
Хаошьянх Парадатта да
Харой тауының етегінде (жасаушы)
Жүз айғыр және мың
Сиыр және сансыз қой
Құрбандыққа шалды да (Толстов С.П. Древний Хорезм. М., 1948, б. 16).
Келтірілген үзіндіге «Харой тау – Қаратаудың аты. Сол заманда Харой тауы деп те, Хукарья тауы деп те аталған. Харой тауы мен Хукарья тауын жайлағандар Ахура-Мазда дінінде болған. Оны мұнан соң келетін оят – ұрандарында байқаймыз. Хара – жерді қоршап жатқан мифтік таулар, Хара – Бэрэзайни аты сөзбе-сөз түрде «Биік Хара», кейіннен иранның солтүстігіндегі Эльбрусқа және Кавказдағы Эльбрусқа ауысқан (екі ат та Авестадан шыққан). Биік Хара немесе Харайтидан туындаған түсінік, бәлкім, Памир- Тиндукше жайында еске алу негізінде жатса керек. Дегенмен бүкіл түрік әлемінде, бұрынғы тұрандықтарға киелі болып саналған Түркістан өлкесін Авеста зерттеушілері ұмытып кетеді. Шындығында, Харайти – Харатау болатын. Қараның (Гара) ішінде теріс ағып жатқан өзен суреттелген. Ол Тараз қаласы мен Шымкент қаласы арасындағы таудың ішіндегі Теріс өзені еді. Бұл жерлер Түркістан өлкесі – пантеон. Хукариья – Хара мен Харати тауларының ең биік шыңдары».
Қаратау туралы Х.Көктәндінің пікірін толығымен келтірдік. Өйткені ол бұл мәселеге кешенді мән беріп, оны жан-жақты ойдың елегінен өткеріп, өзінің тұжырымдамасын берген. Біз автордың пікірін ғылыми тұрғыдан қабылдаймыз, себебі Қаратаудың жайласқан кеңістігін дұрыс көрсете білген. Бұны кейінгі жылдардағы жүргізілген ғылыми зерттеулер де дәлелдейді. Қасиетті «Авеста» кітабына енген Қаратау – зороастризмнің экономикалық және рухани орталығы болған аймақтың бірі.
«Авестада» орын алған қасиетті аймақтың бірі – Атырау. Мәтінде былай берілген:
Атыраудан Арідби
Мың салалы тараммен,
Һәм мыңдайын көлдермен,
Әрқайсысын олардың
Қырық күнде оралап
Үлгереді зорға деп,
Желғабызға салт мінген (14).
Келтірілген үзіндіде Атырау – Арідби су және құнарлық құдайының қарамағындағы ғажайып өлке. Ол көпсалалы өзендер мен көлдерден құрылған. Осы су жүйелерін баспа-бас аралағанда, көз ілестірмейтін салт жүйрік атпен қырық күнде зорға аралап шығасың деген ұғымды білдіреді. Авес­таны аударушылар: «Бұл суреттегі ХІХғ. Әмударияның атырауына ұқсас екендігі байқалған, бұрынғы Окса» (Көктәнді Хамза. Аспан мен даланың төрт ұмытылған тарихы. Бірінші кітап. «Қасиет». Москва, 2001. Екінші ұмытылған тарих кітабы, Заратуштра пайғамбардың ұмытылған тарихы, б. 69).
Атырау – саға, грекше «дельта», көбінесе судың тасқындары көп өзендер құятын, теңіз бен көлдің таяз жерлерінде пайда болатын өзен сағасының ерекше формасы. Атыраудың беті негізінен тегіс, өзен тарамдары мен тармақтары оны тілімдеп жатады. Барлық үлкенді-кішілі өзендердің атыраулары бар. Соған қарай Орталық Азиядағы ең үлкен өзендердің бірі Әмудария болғандықтан, «Авестаны» тәржімелеушілер осы үлкен өзеннің атырауы болса керек деген пікір білдірген. Әмударияның Арал теңізіне құятын сағасында орналасқан Қарақалпақстанда көп жылдар мен жұмыс істеп, осы аймақты араладым. Бұл өзеннің сағасында «Атырау» деген ономастикалық атауды кездестірмедім. Тек Атырау деген кішкене аралды ғана көрдім. Біздің топшылауымыз бойынша, «Авестадағы» айтылған Атырау Жайық (Орал) өзенінің Каспий теңізіне құятын жеріндегі Атырау деп аталатын жер атауы демекшіміз. Тарихи деректерде халық аузында ежелден осы аймаққа «Атырау» деген атау берілген. Оған қосымша Атыраудың алып жатқан аймағы Әмударияның атырауынан анағұрлым үлкен. Жайық өзені Кас­пий сияқты үлкен теңізге құятын болса, Әмудария Арал теңізіне құлайды. Каспий теңізінің шығысын мекендеген арийлердің дақтар, тұрандар, набиандар, панксандар, сирақтар, аорстар жайлап, оны скифтер мен сарматтарға мұра етіп қалдырған.
Башқұртстан, Челябинск, Орынбор және Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының үстімен Каспий теңізіне құятын үлкен өзен – Жайық. Оның жалпы ұзындығы – 1084 шақырым, су жиналатын алқабы – 220 мың шаршы шақырым. Жайық өзені жазық даламен ағатын тұсында оған сол жағынан Елек өзені құяды. Жайыққа оң жағынан Кіші Қызыл, Үлкен Қызыл, Сякмяра, Таналық, Шаған; сол жағынан Гумбейка, Үлкен Қараған, Сүйіндік, Комақ, Ор, Елек, Барбастау салалары құяды. Міне, осындай көп салалы, көлді мекен болған соң, ежелден бұл аймаққа «Атырау» деген атты арийлер дәуірінде бергендіктен, «Авестада» бұл атау орын алған. Атырау өңірі – ертедегі түркілер бабаларының ірі мекендері болған тарихи атау.
Ғұламаның «Авестадан» келтірген сөздері Даития өзенінің баламасы Әмудария екенін меңзеп тұр. Ежелден бұл өзен ер жүректі, батыр этностардың мекені Хорезм (Хвайриезм) екені айтылған.
Хорезм – Әмудария өзенінің төменгі ағымында орналасқан ойпат. Жері ойпатты жазық. Батысында Қарақұм шөлімен, шығысы Қызылқұммен шектеседі. Климаты тым континеттік болып келеді. Осы ойпаттың атымен ертеде Хорезм мемлекеті құрылған. Бұл мемлекет туралы алғашқы Дарийдің Бехистун жазбасы мен «Авестада» жазылған. Хорезмнің тарихын XIX-XX ғасырларда шығыстанушы ғалымдар зерттеген. Солардың ішінде өткен ғасырда белгілі ғұлама С.П.Толстов басқарған Хорезм археологиялық және этнологиялық кешенді экспедициясы зерттеу жұмыстарын 50 жылдан астам уақыттай жүргізді. Осы ұзақ мерзімде бұл экспедиция Әмударияның орталық ағысынан, оның төменгі Арал теңізіне құятын жеріне дейінгі және оның кең атыраптарында кешенді археологиялық зерттеулер жүргізіліп, палеолит, қола, темір және ортағасырлық тарих дәуірлердің ескерткіштерін ашып, Әмудария өңірі адамдардың алғашқы өркениетке жеткен Орталық Азияның ажырамас бөлігі екенін дәлелдеді. Археологтар Хорезмнің көне тарихын қайта қарайтын жаңалықтарды тапты: Тазабагяб және Амирабад және орта ғасыр мәдениеттерін. Экспедицияның тарихқа әкелген жаңалықтары оның ғылыми еңбектерінде және көптеген мо­нографиялық туындыларда баяндалған.
Әмудария Орталық Азиядағы ең аса ірі суы мол және кемелер жүретін өзен болған. Памир таулы өлкесінен алып, Пяндж (бес) өзендердің қосылуынан құрылып, Әмудария болып Хорезм жеріндегі Қарақұм мен Қызылқұмды қақ жарып, ертеде Кас­пий, кейін Арал теңіздеріне құйған. Оның ұзындығы – 1415 шақырым, ал басталған жерінен есептегенде 2540 шақырым, алабы – 309000 шаршы шақырым. Әмударияның алқаптары таулы және жазықтық болып келеді. Антикалық дәуірде ол Сарықамыс пен Ұзбай арқылы Каспий теңізіне құйған, кейін Арал теңізіне ауысқан. Осындай үлкен өзен ежелден адамдардың өрбіген және қалың тұрақты мекендер мен қалалардың сол кездегі аттары аталған.
Бұл деректерді дәлелдейтін «Авеста» кітабында мынадай мәлімет бар: «Ахура-Мазда иемденген жерлердің ең біріншісі бұл Даитья (Даийтия) жағасындағы Арианам – Вайджа жері еді. Бұл жерге бірінші адам Иима келген. Сасанидтер дәуірінде Арианам-Вайджа Эранвез аталған. Авестада бұл өлке «Ранха мен Вахви өзендері аралығына жайғасқан тегістік ұғындырылды» (Оспанов С.И. Абаста (Авеста) //Тарих адамзат ақыл-ойының қазынасы. Ежелгі Шығыс. Т. 1. Астана, 2005, б. 451). Хорезм алғашқы адамдардың өрбіген аймағының бірі болғанын кейінгі ғасырдағы бұл өңірде жүргізген археологиялық зерттеулер көптеген тас дәуірінің жәдігерлерін тапты. Бұл аймақта тас дәуірінің барлық тарихи сатыларын сәулелендіретін деректер жиналды.
Бактриямен бір қатарда дүниеге келген Ауғанстанның астанасы – Кабул шаһары. Ол Алдыңғы Азияның шығысындағы Кабул өзенінің жағасына орналасқан. Кабул туралы алғашқы деректер Птоломейдің (б.з.б. 2 ғасыр) еңбегінде кездеседі. Бірақ Кабул қаласы одан бұрын «Авестада» айтылғанын естен шығаруға болмайды. Соған қарағанда бұл қаланың аты ма, әлде Кабул өзенінің аты ма? Оны анықтау қажет. Біздіңше, «Авестадағы» «Кабул» термині өзеннің аты болса керек. Солай болса да ол өзеннің жағалауларында сол кезде тұрақты қоныстардың болмауы мүмкін емес. Кейін олар қалаға айналған. Солардың бірі – Кабул қаласы. Кабул өзені – Үнді өзенінің ең үлкен саласы. Ұзындығы – 460 шақырым. Баба жотасынан басталады. Міне, осы өзеннің жағасына орналасқан ірі қалалардың бірі – Кабул. Көне замандарда дүниеге келген Кабул қаласы – Орталық Азияның оңтүстігіне жақын жерде орналасып, солтүстігіндегі Тұран елімен мидай араласып келе жатқан мәдени орталық. Ауғанстан мен Орталық Азияның тарихи тағдыры бір-біріне жақын. 6-ғасырға дейін Кабул Кушан патшалығына қараған. Одан кейін Кабулды Саман, Темір әулетінің әмірлері кезектесіп биледі. Соған қарағанда, Кабул шаһары Орталық Азияның ықпалында болғаны байқалады. Ертедегі халықтардың салты бойынша ол Кабул өзенінің атымен аталған.
Бұл орайда Герат қаласын да еске алуы­мыз қажет. Оның көне аты – «Ариана». Ол Ауғанстанның батысында орналасқан, яғни жоғарыдағы біз тоқталған Бактрияға кірген. Кейбір деректерде Гератты А.Македонский салдыртыпты-мыс деген сөздер кездеседі. Бұл сөздің қисыны жоқ. Бұл жауынгер қала салатындай жаулап алған жерлерінде ұзақ тұрмаған. Біздіңше, Герат (Ариана) қаласы арийлердің заманында дүниеге келген қала екенін өзінің аты айтып тұр. «Авестада» жиі-жиі кездесетін «арий, ариана» деген сөздерге сүйенсек, «Арианам-Вайджа» – «арийлер елі», «Арианам-Байдж» – «арийлер жазығы». Бүгінгі Герат (Ариана) ертедегі қола дәуірінде түркілердің бабалары арийлер этносы салдырған қаласы болып шығады. Бұл Бактрия мемлекетінің батыс шекарасына жақын жерде орналасқан. Орталық Азия арийлері батысқа қарай жылжып, осы Ариана қаласының төңірегінен әрі қарай, Алдыңғы Азияның жеріне терең тарай алмаған. Ол аймақтың автохтонды этностары парсылар, арабтар және кемерицтер арийлердің өз елдерінің ішіне таралуына кедергі келтірген. Сөйтіп, кейінгі ғасырларда Ариана (Герат) батыс пен шығысты жалғастырушы ірі мәдени орталық болған. Бұл қаладан көптеген ғұламалар шыққан, солардың ірі өкілдерінің бірі – Әлішер Науаи, Низамаддин Мир Әлішер (9.2. 1441-3.1. 1501 жж.) Гератта дүниеге келіп, сол қалада қайтыс болған. Ол – өзбек халқының ұлы ақыны, ойшылы, мемлекеттік қайраткері. Әлішер Науаи жас кезінен бастап Гератта, Мешхедте, Самарқандта оқып, логика, философия, математика пәндерінен мағлұмат алған. Өзінен бұрынғы Фирдоуси, Низами, Дихлауи, Хорезми, Сайф Сараи, замандастары Атай, Саккаки, Лутфи, Жәми шығармашылығымен таныс болған. Әлішер Науаи 15 жасынан бастап шығармаларын түркі және парсы тілдерінде жазған. Ол өзінің өмірінде көптеген ғы­лыми және көркем шығармалар жазды. Ариана (Герат) ертеден арийлердің қа­ласы болып, ол Батыс пен Шығыстың мәде­ниет­терінің ірі орталығы болғандығы ұлы ғұлама Науаидің өмірінен-ақ байқалып тұр.
Жоғарыда тоқталған деректерге қарағанда, «Авеста» кітабында жазыл­ған географиялық, топонимикалық атау­лардың барлығы түгелімен Орталық Азиядан, оның батыс, оңтүстік, Алдыңғы және Оңтүстік Азия елдерімен шекаралас жерлеріне орналасқан. Ежелден бұл географиялық аймақтарды мекендеген этностар барлық жақтан қарым-қатынасты жасаған. Көпшілік жағдайда олардың тағдырлары да бір болған. Міне, осы аймақтарды ежелден мекендеген этностардың арасында «Авеста» кітабы дүниеге келген. Шығармада Ахура-Мазда бірінші Даитияны, Гаваны (Соғдыны), Бактрияны, Хират, Кабул, Маргиенаны, Гирканияны және Орталық Азияны және көптеген мекендерді жаратты деудің тек аңыздық қана емес, ғылыми негізі де бар екенін байқауға болады. Өйткені Орталық Азия алғашқы адамдардың өрбіген орталықтарының бірі болғанын археологиялық зерттеулер ғылыми тұрғыдан дәлелдеп отыр. Мұндай мәліметтерді арийлердің шыққан жері деп жүрген Алдыңғы Азиядан кездестіре алмаймыз.
«Авеста» кітабының Видевдат (Бендидат) – «географиялық жыр». Оның басталуы: 1. Акура – Мазда Іспитама – Заратуштраға деді былай: «О, Спитама – Заратуштра, жараттым мен жерлерді жанға тыным беретін, қаншама аз қуаныш (онда) болса да. Егер де мен, о, Іспитама – Заратуштра, жаратпасам жерлерді жанға тыным беретін, қаншама аз қуаныш (онда) болса да, барлық тәндік дүние ағылар ед Арианам – Байджаға».
Бұдан кейін «географиялық жырда» жаратқан жерлердің орындары баянданған. Солардың ішінде: «Ол жақта он ай қыс пен екі ай жаз, міне, осы қыс айларында сулар суық, жерлер суық, өсімдіктер суық, онда қыс ортасы болғанда; қыстың соңы келгенде үлкен тасқын басталады».
Осы суреттелген аймақтарды «Авестаны» тәржімелеуші С.И.Оспанов былайша жорамалдайды: «Моуру – орта парсыда Мера, грекше Маргиана, қазіргі Түрікменстандағы Мары көгал алқап (оазис). Бакдій (Бахди) – Бактрия – қазіргі Тәжікстанның оңтүстігі мен Ауғанстанның солтүстігінің арасындағы аймақ». С.И.Оспанов өзінің бұл пікірін жалғастырып: «Видевдаттың» екінші бөлімінде Ійема өркениеттілікті дамытушы кейіпкер, бірінші болып өліп, адамдарға ол дүниеге қарай жол салушы және сол арқылы ол дүниенің басты құдайы болғандығы; сонымен бірге такуалардың ол дүниедегі өлілер патшасының тұрағындағы масатты, шадыман ғұмыры туралы және алғашқы эсхотологиялық ұлы қыс түсіп, онан соң еріген қар-мұздан топан су көтеріліп, дүниенің ақыры болатындығы туралы аңыздардың ырғақ-нұсқалары байқалады.
Осы географиялық аймақты С.И.Ос­панов былайша жорамалдайды: «Капта – Кинду (Хапта – Хинду) – сөзбе-сөз: «Жеті Үндістандық (облысы)» ескіше түсіндірме бойынша «Жетісу» («Семиречье») – Үнді өзені саласындағы облыс, мүмкін Пенджап».
«Авестаны» аударушы С.И.Оспанов­тың «географиялық жырдан» келтірілген жерлердің баламасы туралы жазған жорамалдарында шындықтың нышаны бар сияқты. Аттары аталған географиялық облыстар Орталық Азияның батыс-оңтүстігіндегі Алдыңғы Азия мен Солтүстік Үндістанмен шекаралас аймақтар Жетісу өлкесімен жалғасып жатқаны тарихи шындық. Жетісудың климаты Орталық Азияның оңтүстігі мен батысына қарағанда суық болып келгенмен, бұл аймақта 10 ай қыс болмайды. Адамдардың тұрмысына өте қолайлы аймақ. Соған қарағанда, салқын климат Жетісудан шығыс-солтүстікке қарай барған сайын суық климат күшейе түсіп, Солтүстік мұзды мұхитқа барған сайын қыстың ұзара беретіні баршаға мәлім. Солай болса, Авестаның осы бөліміндегі аттары аталған аймақтар Орталық Азияның орталық, шығыс, және солтүстік аймақтарына тура келеді деген пікірдеміз.
Жоғарыда тілге тиек еткен «Авеста» кітабында кездесетін географиялық атаулар, арийлердің өрбіген жері Орталық Азияның солтүстігі мен оңтүстігіндегі Үндістан мен Иран жерлерімен шекаралас аймақтар болған. Анығырақ айтқанда, Әмудария, Сырдария, Ария және Мұрғаб өзендерінің алқаптары. Ауғанстанның солтүстігін алып жатқан Паропамиз, Бандо және Түркістан тау жоталарынан сағасын Ария мен Мұрғаб өзендері алады. Олай болса, Түркістан атауы арийлер заманында болғанын меңзейді. Бұл географиялық аймақтар «Авестада» кездесіп жүр, яғни Тұран ойпаты болып ежелден аталып келе жатқанына тарих куә. Аттары аталған аймақтар – ежелден арийлердің мекені. Осы өңірдегі ірі су жүйелерінің бірі – Ария өзені. Оның алқабын мекендеушілер сол су жүйесінің атымен өздерін ариялықтармыз деп атаған. Үнділер мен парсылар өздерінің ежелгі көршілерін арийлер деп атап, олардың басқа да қандастарын жалпылама арийлер деп атап кеткен. Кейін бұл арий атамасы бүкіл Орталық Азия этностарының жалпы атауына айналған. Авестадағы кездесетін географиялық атаулар Орталық Азияда жиі-жиі кездесіп отыратынына жоғарыда тоқталдық. Бұндай ұқсастықты кездейсоқ көрініс деуге болмайды. Міне, осы келтірілген географиялық атаулар арийлердің ежелгі мекені Орталық Азия екенін айқындайды.


Уахит ШӘЛЕКЕНОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры

 

Пікірлер