Қазақ хандығы дипломатиясының мета тілі жөнінде

2829
Adyrna.kz Telegram

Қазақ хандығы дипломатиясын зерттеу барысында бiз, билер институтының атқарған қызметi мен олардың дипломатиялық қатынастарды орнатудағы рөлiне тоқталмай өте алмаймыз. Мұның iшiндегi ең маңыздысы – тiл мәселесi, яғни дипломатиялық қатынастарды орнатудағы даналық тiлдiң, тапқыр тiлдiң қызметi. Осыдан келiп дипломатиялық қызметтегi метатiлдiң орны анықтала бастайды. «Метатiл» деген термин ненi бiлдiредi?

Металингвистика, метатiл атаулары ғылыми айналымға ХХ ғасырдың екiншi жартысынан бастап ене бастады. Тiл бiлiмi бойынша үлкен энциклопедиялық сөздiк­те және «Тiл бiлiмi сөздiгiнде» металингвистикаға «метатiлдi объект – тiлдi сипаттау құралы ретiнде зерттейтiн лингвис­тиканың саласы» деп түсiнiк берiледi. Металингвистика терминiне О.С.Ахманова сөздiгiнде: «1. психолингвистика, экзолингвистика; 2. «Екiншi қатарлы» тiлдер (метатiлдi) туралы ғылым» деген анықтама бередi.
Металингвистика және метатiл терминдерi қазақ тiл бiлiмiнде соңғы кезде жарық көрген Б.Қалиевтiң «Тiл бiлiмi терминдерiнiң түсiндiрме сөздiгi» атты еңбегiнде де қамтылады. Бұл еңбекте металингвистикаға «тiлдi қолданушы адамдардың санасымен, қоғамдық өмiрiмен байланысты тiлдiң iшкi мағыналық ерекшелiктерiн зерттейтiн тiл бiлiмiнiң саласы» деген түсiнiк берiледi. Сөздiкте терминнiң екiншi мағынасы да (адамзат тiлiн нысан етiп зерттейтiн «екiншi қатардағы» тiл туралы ғылым) айқындалады. Осы мақалада автор: «Тiл бiлiмiндегi метатiл көбiнесе объект-тiлдегiдей тiл бiрлiктерi негiзiнде жасалады. Сөйтiп, ол табиғи тiлдi сипаттай отырып, әрi өзi де табиғи тiлдiң бiр бөлiгi ретiнде көрiнедi. Тiл бiлiмiндегi метатiл – өте күрделi құбылыс , оның негiзiнде, бiр жағынан терминаралық жүйелi қатынастар, екiншi жағынан, тiлдi зерттеуде қолданылатын сөздер мен сөз тiркестерiнен тұратын жалпы ғылыми лексика жатыр» деген тұжырым жасайды. Ғалым, бiрiншiден, метатiлдiң терминаралық жүйелi қатынастарға қатысын дәл байқаса, екiншiден, метатiлдiң негiзiнде ғылыми лексиканың жататындығын да айқын бiлдiредi. Автор «ғылыми қатынас құралы ретiнде терминнiң метасөйлеуде нақты байқалатынын, олардың қатынасының лексикографиялық құралдарды жасауда, бергiлi бiр терминдердi түсiндiруде көрiнетiнiн» жазады. Осы жерде термин­нiң мазмұны метатiл жүйесiндегi тiл бiрлiгi ретiнде нақты ашылатындығы да сөз болады. Бұдан әрi автор: «Метатiлде қабылданған тiл бiлiмiндегi ұғымдар жүйесi методологиялық бағыттарға қатыс­ты болып келедi. Белгiлi бiр бағыттың философиялық (методологиялық) негiздерiне байланысты бiр термин әр түрлi түсiндiрiлуi мүмкiн» деген түсi­нiктеме бередi.
Қазақтың билер институтының қызмет барысы барлық жағдайда даналық тiлдiң көмегiмен iске асқан болатын. Билер өткiр тiлдiң арқасында елдi де тыныштықта, басқа елдермен қатынасты да тұрақтылықта ұстап отырған. Сондықтан дипломатиялық қызметтiң iске асыры­луында даналық тiлдiң (яғни, метатiлдiң) атқарған маңызы өте зор. Шешендiк өнердi зерттеген ғалымдар шешендiк өнердi билер сөзiмен байланыстырып, шешен-билердiң ұтымды, тапқыр сөздерiн көркем сөз ретiнде қарастырып келдi. Шешен-билер көркем де ойлы сөздiң иелерi болған. Олар – мемлекет тағдырына араласып, ұлтының болашағы мен бiрлiгi жолында, халқының тәуелсiз­дiгi мен намысы үшiн ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген, сөйтiп қазақ даласында, әрiрек барсақ, көшпендiлер сахарасында темiрдей тәртiп пен iзгiлiктiң қанат жаюына, демократияның жанда­нуына ат салысқан тарихи тұлғалар, қоғам қайраткерлерi. Халқымыздың тарихында билер халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушы, ұлтты ұйыстырушы, елiнiң еркiндiгiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк мәмлегер, ру-тайпалардың басын қосып бiрiктiрушi, халқының салт-дәстүрiн берiк ұстанушы, бабалардың кемеңгерлiк саясатын алға апарушы, кемел ойдың, ұлы даналықтың қайнар көзi, ұрпақ тәрбиесiн ұлы мұрат еткен парасатты тәрбиешi, киелi сөз өнерiн жандандырушы саңлақ өнерпаз қызметiн атқар­ған. Мұндағы ең басты мәселе – осы дипломатиялық қызмет түрлерiнiң барлығы да дана, тапқыр тiлдiң көмегiмен iске асырылып жатты. Қазақ халқының тарихында даналық тiлдiң алатын орны ерекше. Хандар да, билер де, шешендер де айтысқа, тартысқа мұқият дайындалып шығатын болған. Шешендiк өнердiң әлеуметтiк, саяси мәнi оны билер қызме­тiмен байланыстырғанда өте-мөте анық байқалады. Қазақ би-шешендерiнiң қызыл тiлдiң көмегiмен шешпеген мәселесi кемде-кем. Даналық сөздi қолдану арқылы жан-жағындағы мемлекеттермен де қарым-қатынасты реттеп отырған. Тек қана бұл емес, сонымен қатар мемлекеттiң iшкi саяси жағдайында да билер сөзi, яғни даналық сөз үлкен рөл атқарған.
Қазақ дипломатиясының метатiлi – даналықты паш ететiн, өткiр әрi көркем, шынайы тiлдiң жиынтығы. Қазақ билер институтының метатiлi, тiлге қатысты ерекшелiктерi бiздiң тәуелсiз, жас мемлекетiмiзге де үлгi-өнеге бола алады.


 
Әйгерiм ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ,
Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-дiң халықаралық қатынастар магистрi

 

Пікірлер