Дәуіт Қара батырдың сауыты табылды

3625
Adyrna.kz Telegram

Кіші жүздегі Байбақты руының ұранына айналған атақты Дәуқара батырдың жауға киген сауыты табылды. 

Дәуқараның ұрпағы Әбітұлы Қуаныштың балалары Серік пен Сәуленің игілікті ісінің арқасында көп жылдан бері атадан балаға қасиетті мұра болып келе жатқан Дәуқара батырдың сауытын 2015 жылдың күзінде бірінші болып көрудің сәті маған түсті.

Серік Қуанышұлының айтуынша, Әбіт атасының бәйбішесі Қаналықызы Ұмсындық әжесі асыра сілтеу жылдарында Дәуқара батырдың сауыты мен қылышын жұрт көзінен жасырып, көміп тастаған. Өйтпегенде ше?..

Әлінің баласы Әбіт 1903 жылы Тайпақ ауданының Өлеңті елді мекенінде дүниеге келген. Әбіттің бәйбішесі Ұмсындық Қаналықызы Әлиева 1912 жылы Тайпақ ауданының Жыланды елді мекенінде дүниеге келген. Руы – Тана.

Әбіт 1942 жылы соғысқа кетер алдында әйелі Ұмсындыққа «Батыр бабамыздың сауыты саған аманат. Ел мен жерді жаудан қорғап ат үстінен түспей өткен батыр бабамыздың атын ардақтаңдар. Қаратөбедегі Дәуқара атамыздың зиратына барып тұрыңдар. Сен сауытты шаңырақ иесі балаңа аманатта» деген екен. Әбіт 1943 жылы Сталинград майданында ерлікпен қаза тапқан. Аманатқа қиянат жоқ. Ұмсындық батыр бабасының құралдарын жұрт көзінен жасырып, бір түнде көміп тастаған.

Ел тынышталғасын, Ұмсындық әже қарулар тыққан жерді ашса, шіріген қылыш қолға ұстауға келмей, ортасынан қақ бөлініпті. Сауыт аздап тоттанғаны болмаса, баяғы күйін жоғалтпай сақталыпты.

Сол күннен бастап Ұмсындық әже батыр бабасының сауытын жұрт көзіне көрсетпей, өзінің үлкен сандығында сақтап, үй ішіндегілерге ол жайында айтуға тыйым салыпты.

1986 жылы өмірден өтер соңғы сағатта 74 жастағы Ұмсындық әже сауытты баласы Қуанышқа аманаттаған. Қуаныш баласының үлкені Серікке тапсырған. Серік Орал қаласында тұрады.

…Серік келесі бөлмеден ақ шүберекке оралған көлемді нәрсені әкеліп, «Дәуқара атамыздың сауыты мынау» деп орамал байламын шешті. Дәуқара батырдың сауытын үлкен толғаныс үстінде қолыма ұстап, қарап отырмын. Аздап тот басқаны болмаса, сауыт жақсы сақталған екен. Торланған, кішкене шынжыр көз сауытты қолыма ұстадым. Сәл жоғары шамасында (сірә, Бармақ батырдың найзасының ұшы тескен шығар деп ойладым) тесікті көрдім (суретте). Сауыттың басқа жерлері бүтін.


Қайыржан ХАСАНОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Орал қаласы, 

KAZMUSEUM.KZ

 

Пікірлер