Қазақстандағы өзбек студенттері неге жаппай елдеріне қайтып жатыр?

4056
Adyrna.kz Telegram

Өзбекстан билігі Қазақстан мен Тәжікстанның жоғары оқу орындарындағы студенттерін үйлеріне қайтарып жатыр.  «Бұл тек жекелеген елдер ғана емес,   Орталық Азия  елдері туралы айтып отырмыз» деп хабарлайды өзбекстандық «Centralasian.org»  порталы.

Өзбек елінен тарап жатқан ресми дерек  Өзбекстан президенті Шавкат Мирзеевтің жарлығымен осы елдің Тәжікстан педагогикалық университетінде оқып жатқан студенттері құжаттарын қайтып алып, Өзбекстанда білімдерін жалғастыра алатынын айтып жатыр.

Өзбекстанның Тәжікстан педагогикалық университетінде білім алып жатқан студенттерін елге қайтаруды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Осы дереккөзінің мәліметі бойынша Өзбекстанның екі мың бес жүз студенті өз елінің университеттеріне ауысу үшін қажет барлық құжатты ала алатынын мәлім етті.
Өзбекстанның аталмыш министрлігі сонымен қатар Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Түркіменстанда оқып жатқан студенттеріне ешбір емтихансыз Өзбекстан университеттеріне ауыса алатыны туралы ұсыныс жасаған.
Мәліметте бұл шешімнің корона вирусының таралу қаупіне қатысы жоқтығы баса айтылған. Себебі Өзбекстан үкіметінің шешімі өз азаматтарын халықаралық стандарттарға сай, беделді рейтингтерден орын алатын университеттерде оқыту бағдарламалары негізінде қабылданған.

Осы басылымның хабарлауынша, Шымкентте 15 мыңнан астам өзбек студенттері оқиды. Қазір жүздеген студенттер құжаттар алып жатыр. Өзбек билігі оларды ешбір емтихансыз өз отанындағы университеттерге ауыстыруға уәде беріпті.

ҚР Сыртқы істер министрлігі өзбек студенттерінің елден жаппай кетуінің себебін атады.  ҚР СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, бұл - білім беру жүйесіндегі реформамен байланысты қабылданған шешім. «Бізге өзбек тарапынан ресми хабарлама келіп түсті. Өзбек студенттерін қайта еліне шақырту көрші республикадағы білім беру жүйесінде жүзеге асырылып жатқан реформаға байланысты. Қазір Өзбекстан шетелде, негізінен Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанда оқып жатқан барлық жастары үшін өз елінде білімін жалғастыруға жағдай жасап, оларды кері шақырып жатыр. Өзбекстан жоғары оқу орындарында өз азаматтары үшін квота мен гранттардың санын көбейтті»  деді ол.

Осыған дейін өзбек басылымдары Ресейдің жоғары оқуы орындары Ташкенттен филиалдарын ашуға ниеттті болып отырғанын жазған болатын. 2019 жылдың 9 желтоқсан күні   Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар университеті өзінің тарихында алғаш рет  ташкенттен филиалын ашқан. Оған  Өзбекстан Президентінің кеңесшісі, Дүниежүзілік экономика және дипломатия университетінің ректоры А.А. Абдувахитов, Өзбекстанның Сыртқы істер министрі А.Х.Камилов және Мәскеу мемлекеттік халықаралық университетінің  А.В. Торкунов қатысқан.

Ал кеше түс ауа Ресей Федерациясының ғылым және жоғары білім министрлігі 2024 жылға дейін шетелдік студенттерді қабылдауға үкіметтік квота екі есе  көбейткісі келетіні белгілі болды. Бұл туралы  РФ Білім және ғылым министрінің орынбасары Алексей Медведев хабарлады. Сонымен қатар ол бірқатар студенттер тобына квота бөлуді кеңейту қажет болатындығын айтты. Біріншіден, басқа мемлекеттердің ұлттық кадрлары ретінде дайындалатын студенттерге арналған квотаны кеңейту ұсынылады. Екінші топ - білім алғаннан кейін Ресей Федерациясының азаматтығын алуға мүдделі отандастарын да ескеріп отыр. Сонымен қатар, көрші ел халықаралық конференцияларда жүлделі орын алған шетелдік түлектерді өздеріне шақыруға ниетті.

Сонымен, бас аяғы бір күннің ішінде өзбек  ағайындарымыз  алыс-жақын шетелдерде  білім алып жүрген отандастарын елдеріне шақырса, орыстар шетелдік интелектуралдарға тегін гран беріп, қатарына қосуға мүдделі болып отыр.

Шетелдегі Қазақстан елшіліктерінің және білім министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Ресейдің жоғары оқу орындарында 26 600 қазақстандық азамат білім алуда. Оның 19 100-і – күндізгі оқу бөлімінде, 1700-і – халықаралық келісімшарт аясында оқуда. ҚХР-да 9 670 отандасымыз оқып жүр. Ұлыбританияда шамамен 4000, АҚШ пен Чехияда шамамен 1000, Малайзияда шамамен 1500 (Малайзияның көші-қон қызметінің мәліметі бойынша – 611), БАӘ-де – 715; Түркияда – 783; Польшада – 300 қазақстандық білім алуда.

Қытай халықтық республикасының білім министрлігіне сілтеме жасаған ағылшын тілді «China Daily» басылымы жақында Қазақстан аспанасты елінде білім алатын шетелдік студенттер саны бойынша 9 орында екенін жазыпты. Бұл ретте біздің ел Франция, Вьетнам, Германия, Моңғолия, Ұлыбританияны басып озыпты. «Қытайда білім алу Жібек жолы экономикалық белдеуінде орналасқан елдер үшін сәнге айналуда. Оған Қазақстанды мысалға келтіруге болады. 2005 жылы Қытайда 781 бала білім алса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 11 764 балаға жеткен» деп жазыпты «China Daily». Басылымның жазуынша, ҚХР мемлекеттік кеңесі 2025  жылға қарай Қытайда білім алатын шетелдік студенттер санын 500 мыңга дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
11 сыныпты бітірген қазақстандық  түлектер Ресейге  ғана емес, Қырғызстанға кетіп жатыр деген сөз бар.   Мәселе оқу бағасында ғана емес екені айтпаса да түсінікті.  Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде әлемдік рейтингте жоғары оқу орындарының тартымдылығын арттыруға басымдық беріп,  алыс-жақын елдерге білім экспансиясын бізден бұрын бастап кетті. Шетелдердегі дипломатиялық корпустары арқылы оқу орындары жарнамасын дұрыс жүргізетінін көріп жүрміз. Шетелдердіктер үшін қосымша білім грантын көбірек бөледі.

«Мемлекет есебінен қаржыландыратын білім гранттарын көбейту  мәселені шешпейді. Жоғары оқу орындары әлемдік деңгейдегі тартымдылығын арттыру үшін шетелдік түлектерге бөлінетін білім гранттарын көбейту керек. Қазақстандық түлектер шетелдердегі білім ордаларына басымдық берсе, онда бос орындарды шетелдіктермен толықтыруға тура келер. Бұл оқу орындарымыздын танымалдылығын арттырады. Біздің елде шетелдік компаниялар көп. Бұл жүйені бір ізге келтірсек, оларға қажетті мамандар өз елімізде-ақ дайындалар еді, – дейді  сарапшы Тоғжан Қожалиева.

Рауан ІЛИЯСОВ, 

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер